"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 желтоқсандағы № 1564 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсiмов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және
терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық
топ туралы келісімді ратификациялау туралы

      2011 жылғы 4 шілдеде Мәскеуде қол қойылған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
              Президенті

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және
терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар немесе мүше мемлекеттер деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қытай Халық Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстан Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі,
      2004 жылғы 6 қазандағы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топты құру туралы декларация ережелерін және 2004 жылғы 6 қазандағы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың құзыреті мәселелерін назарға ала отырып,
      өздерінің арасында тарихи қалыптасқан стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық қатынастарын негізге ала отырып,
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру жөнінде іс-қимыл төндіретін қауіпті ескере отырып,
      өңірде экономикалық қауіпсіздікті қолдауға өзінің адалдығын және ұлттық қаржы жүйелерін қылмыстық элементтердің пайдалануынан қорғаудағы мүдделігін растай отырып,
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ауқымды халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,
      Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шаралар тобының (бұдан әрі - ФАТФ) ұсынымдарының негізінде және өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін құруға мүдделігін білдіре отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Халықаралық ұйым құру

      Осымен Тараптар «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ» өңірлік үкіметаралық ұйымын (бұдан әрі - EAT) құрады.

2-бап
Мақсаттары мен міндеттері

      ЕАТ-тың негізгі мақсаты өңірлік деңгейде тиімді өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты және ФАТФ ұсынымдарына және ЕАТ-тың мүше мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық ұйымдардың қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл стандарттарына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық жүйесіне ЕАТ-қа мүше мемлекеттердің ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады.
      ЕАТ-тың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
      Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл саласындағы ФАТФ-тың 40 ұсынымын және Терроризмді қаржыландыруға қарсы ФАТФ-тың 9 арнайы ұсынымын (ФАТФ 40+9 ұсынымдары) мүше мемлекеттердің енгізуіне жәрдемдесу;
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға бағытталған бірлескен іс-шараларды әзірлеу және өткізу;
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында қолданатын заңнамалық және өзге шаралардың тиімділігін зерделеуді қоса алғанда, ФАТФ 40+9 ұсынымдарының негізінде мүше мемлекеттердің өзара бағалау бағдарламасын жүзеге асыру;
      мамандандырылған халықаралық ұйымдармен, құрылымдармен және мүдделі мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастық және техникалық жәрдемдесу бағдарламаларын үйлестіру;
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру саласындағы типологияларды талдау және өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, мұндай қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасу.

3-бап
Органдар

      Осы Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін EAT шеңберінде мыналар әрекет етеді:
      ЕАТ-тың пленарлық отырысы (бұдан әрі - Пленарлық отырыс);
      EAT хатшылығы (бұдан әрі - Хатшылық).

4-бап
ЕАТ-тың пленарлық отырысы

      ЕАТ-тың жоғары органы Пленарлық отырыс болып табылады, ол әдетте жылына екі рет, бірақ кемінде жылына бір рет өткізіледі. Пленарлық отырыс жұмысына мүше мемлекеттердің делегациялары қатысады.
      Пленарлық отырыс ЕАТ-қа мүше мемлекеттердің жалпы мүдделеріне байланысты қағидатты мәселелерді қарайды, стратегияны, бағыттарды айқындайды және ЕАТ-тың мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға бағытталған ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылдайды.
      Пленарлық отырыс рәсімдер ережелеріне сәйкес осы Келісімде көзделген ЕАТ-ның жұмыс істеу мәселелері жөнінде шешімдер қабылдайды.
      Пленарлық отырыстың шешімі бойынша EAT қызметінің жекелеген бағыттары бойынша Жұмыс топтары құрылуы мүмкін, олар құзыреттің белгіленген саласына сәйкес Пленарлық отырысқа есептер тапсырады. ЕАТ-тың Жұмыс топтарын қалыптастыру тәртібін және олардың өкілеттіктерін Пленарлық отырыс айқындайды.
      Пленарлық отырыстың шешімдерін ЕАТ-қа мүше мемлекеттер консенсуспен қабылдайды.

5-бап
Төрағалық

      EAT төрағасы (бұдан әрі - Төраға) Пленарлық отырыстың шешімімен екі жылдық кезеңге бекітіледі. Төрағаның лауазымына кандидатураларды мүше мемлекеттердің делегациялары ұсынады, бұл ретте бір, сондай-ақ бірнеше кандидатуралар ұсынылуына жол беріледі.
      Төраға Пленарлық отырыстардың жұмысын басқарады және сыртқы байланыстарда ЕАТ-тың мүддесін білдіреді. Төрағалық етудің әрбір кезеңінің басында Төраға Пленарлық отырыстың бекітуі үшін Іс-қимылдар жоспарын ұсынады. Осы Жоспар оның төрағалық ету кезеңіндегі ЕАТ-тың міндеттері мен жұмыс жоспарларын көрсетеді.
      Пленарлық отырыстың шешімімен Төраға болмаған кезеңде оны алмастыру және оған Төраға жүктеген өзге міндеттерді орындау үшін EAT Төрағасының орынбасары бекітіледі. Төрағаның орынбасары мүше мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібінде ауысу негізінде төрағалық етудің әрбір кезеңіне бекітіледі.
      ЕАТ-қа бір мүше мемлекеттердің өкілдері бір уақытта ЕАТ-тың Төрағасы мен Төраға орынбасары бола алмайды.

6-бап
EAT хатшылығы

      Хатшылық Пленарлық отырыс шешімдерін және Төрағаның тапсырмаларын іске асыру мақсатында тұрақты негізде әкімшілік-техникалық функцияларды орындайды.
      Хатшылықты Пленарлық отырыстың шешімімен тағайындалатын Атқарушы хатшы басқарады.
      Хатшылықты және оның қызметкерлерін қалыптастыру тәртібі, мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері Пленарлық отырыс бекітетін Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ Хатшылығы туралы ережеде реттеледі.
      Хатшылық ЕАТ-қа мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан қалыптастырылады. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде Атқарушы хатшы және Хатшылықтың персоналы қандай да бір Тараптан нұсқау сұратпауы немесе алмауы тиіс.
      Хатшылық қызметкерлерінің іс-әрекеттері ЕАТ-қа мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмеуі тиіс.
      Тараптар Атқарушы хатшының және Хатшылық персоналының халықаралық сипаттағы міндеттерін құрметтеуге және қызметтік міндеттерін атқару кезінде оларға ықпал етуге әрекет жасамауға міндеттенеді. Хатшылықтың орналасқан жері Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы болып табылады. Хатшылықтың Ресей Федерациясының аумағында болу талаптары тиісті халықаралық шарт негізінде реттеледі.

7-бап
Мүшелік

      Мемлекет осы Келісімге қосылу жөніндегі мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы оның хабарламасын депозитарий алған күннен бастап EAT мүшесі болады.
      ЕАТ-қа мүшелік:
      ФАТФ-тың 40+9 ұсынымдарына сәйкес келетін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы әзірлеу және қолдану бойынша белсенді қадамдар жасайтын;
      өзіне ЕАТ-ның өзара бағалау бағдарламаларына қатысу міндеттемесін қабылдайтын;
      өзіне осы Келісім бойынша міндеттемелер қабылдайтын Еуразия өңірінің басқа мемлекеттері үшін ашық.
      EAT мүшесі болуға ниет білдірген мемлекет Хатшылық арқылы Пленарлық отырысқа тиісті өтініш жасауы тиіс, ол осы мемлекетті EAT мүшелігіне қабылдау туралы шешім қабылдайды.
      Мүше мәртебесіне ие болған мемлекет Пленарлық отырыстарда шешімдер қабылдау кезінде дауыс беру құқығын алады, сондай-ақ өзіне ЕАТ-тың бюджетіне жыл сайын мүшелік жарна енгізуге міндеттеме алады.
      Осы Келісімнің және/немесе EAT шеңберінде қолданылатын келісімдердің ережелерін бұзатын Тараптың EAT органдарының жұмысына қатысуы Пленарлық отырыстың шешімімен тоқтатыла тұруы мүмкін. Бұл ретте Тарап өзінің мүшелігін тоқтата тұру туралы мәселенің қаралуы кезінде дауыс беру құқығынан айырылады. Егер бұл Тарап өз міндеттемелерін бұзуды жалғастырса, Пленарлық отырыс оны Пленарлық отырыстың өзі айқындайтын күннен бастап ЕАТ-тан шығару туралы шешім қабылдай алады.

8-бап
Байқаушылар

      EAT жанында байқаушы мәртебесін (бұдан әрі - байқаушы мәртебесі) алуға ниет білдірген мемлекет немесе ұйым Хатшылық арқылы Пленарлық отырысқа тиісті өтініш беруі қажет.
      Хатшылық осы сұрауды байқаушы мәртебесін алуға ниет білдірген мемлекеттің немесе ұйымның өтінішін зерделеу үшін мүше мемлекеттерге жібереді. Қажет болған жағдайда, мүше мемлекеттердің олардан құпия болып табылмайтын құжаттарды қосымша сұратуға құқығы бар. EAT жанындағы байқаушы мәртебесін беру (тоқтата тұру, жою) туралы шешімді Пленарлық отырыс, өтініш белгіленген тәртіпте қаралғаннан кейін қабылдайды.
      Байқаушы мәртебесін беру туралы өтінішті қарау кезінде Пленарлық отырысқа тиісті өтініш жасаған мемлекеттің немесе ұйымның өкілдері шақырылуы мүмкін. Байқаушы мәртебесін беру туралы шешім консенсус негізінде қабылданады. Қабылданған шешімді бір апта мерзімде Хатшылық тиісті мемлекетке немесе ұйымға жібереді.
      Байқаушы мәртебесі Пленарлық отырыста шешімдер қабылдау кезінде дауыс беру құқығы мен ЕАТ-тың құжаттарына қол қою құқығын бермейді.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекеттің немесе ұйымның:
      Жұмыс топтарының отырыстары мен Пленарлық отырысқа қатысуға;
      Хатшылық арқылы EAT құзыретіне кіретін, өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша ЕАТ-тың жұмыс тілдерінде жазбаша өтініштерді таратуға;
      қажетіне қарай EAT қабылдайтын ашық құжаттар мен шешімдерді алуға құқығы бар.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым Хатшылықтың сұрауы бойынша ЕАТ-тың жұмысына байқаушы ретінде олардың қатысуына байланысты құпия болып табылмайтын қажетті құжаттарды ұсынады.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым жыл сайын қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы өз қызметі және EAT жұмысы, оның ішінде ЕАТ-қа мүше мемлекеттермен жұмыс туралы жазбаша есептер тапсыруға міндетті.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым Жұмыс топтарының отырыстарына және Пленарлық отырысқа қатысуға өзінің ниеті туралы отырыс басталғанға дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей Хатшылықты хабардар етеді.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым осы Келісімнің 2-бабында белгіленген өзінің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруда ЕАТ-тың немесе осы Келісімнің 7-бабында белгіленген өздерінің міндеттерін іске асыруда оған мүше мемлекеттердің мүдделеріне қарсы бағытталған іс-әрекеттерден және мәлімдеме жасаудан бас тарта тұрады.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым осы Келісімге сәйкес өзінің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруда EAT мүдделеріне қарсы іс-әрекеттер және мәлімдеме жасаған жағдайда, мүше мемлекеттердің кезекті Пленарлық отырысқа байқаушы мәртебесін тоқтата тұру немесе жою туралы мәселені енгізуге құқығы бар. Егер байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым ЕАТ-тың қызметіне екі жыл бойы қатыспаған жағдайда, мүше мемлекеттердің кезекті Пленарлық отырысқа байқаушы мәртебесін тоқтата тұру немесе жою туралы мәселені енгізуге құқығы бар.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекеттің немесе ұйымның Хатшылыққа байқаушы мәртебесінен бас тартуы туралы өтініш жіберуге құқығы бар, ол бойынша кезекті Пленарлық отырыста тиісті шешім қабылданады.
      Байқаушы мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдіктері ЕАТ-тың жұмысына өздерінің байқаушы ретінде қатысуына байланысты мәселелер бойынша Хатшылықпен тұрақты байланыста болуға құқылы.
      Хатшылықты тиісінше хабардар еткен кезде байқаушы мемлекеттер мен ұйымдар мүше мемлекеттерге кадрларды даярлауда және олардың біліктілігін арттыруда, тәжірибе және мамандар алмасуда, материалдық-техникалық қамтамасыз етуде жәрдемдесуі, сондай-ақ ЕАТ-тың алдына қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін қаржылай көмек көрсетуі мүмкін.

9-бап
Қаржыландыру

      ЕАТ-тың өз бюджеті бар, ол осы Келісімге қосымша болып табылатын және оның ажырамас бөлігін құрайтын Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережеге сәйкес қалыптастырылады және атқарылады. Үлестік қатысу қағидаттарымен EAT бюджетіне мүше мемлекеттер жыл сайын енгізетін жарналарды анықтау тәртібі аталған Ережеде белгіленеді.

10-бап
Жұмыс тілі

      Орыс, ағылшын және қытай тілдері ЕАТ-тың жұмыс тілдері болып табылады.

11-бап
Даулы мәселелерді шешу тәртібі

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.

12-бап
Қолданылу мерзімі және күшіне енуі

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Келісім депозитарий болып табылатын Хатшылыққа Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарлама берілген күнінен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
      Осы Келісімге қол қойған, бірақ осы Келісім күшіне енгенге дейін мемлекетішілік рәсімдерді орындамаған Тарап үшін ол осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді осы Тараптың орындағаны туралы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

13-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 12-бабында айқындалатын тәртіпке сәйкес күшіне енетін жеке хаттамамен ресімделеді.

14-бап
Шығу тәртібі

      Кез келген Тараптың ЕАТ-тың және оның мүшелерінің алдындағы өз міндеттемелерін алдын ала реттеп, осы Келісімнен шығуы туралы ресми хабарламаны шығатын күніне дейін он екі айдан кешіктірмей Хатшылыққа жібере отырып, ЕАТ-тың құрамынан шығуға құқығы бар.
      2011 жылғы 16 маусымда Мәскеу қаласында орыс, ағылшын және қытай тілдерінде бір данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар. Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь                                        Тәжікстан
      Республикасының                                 Республикасының
      Үкіметі үшін                                    Үкіметі үшін

      Қытай Халық                                     Түрікменстан
      Республикасының                                 Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін

      Қырғыз                                          Өзбекстан
      Республикасының                                 Республикасының
      Үкіметі үшін                                    Үкіметі үшін

      Ресей
      Федерациясының
      Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан 2011 жылғы 4 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылды.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және
терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық
топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ереже I. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереженің мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      а) EAT - Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ (бұдан әрі - EAT);
      б) бюджет (тұрақты) - EAT міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге арналған ақша қаражатын қалыптастыру және пайдалану нысаны;
      в) қаржы жылы - күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанын қоса алғандағы кезең;
      г) үлестік жарналар - осы қаржы жылында EAT қызметіне байланысты шығыстарды қаржыландыруға арналған ЕАТ-қа мүше мемлекеттер үшін белгіленген сома;
      д) ішкі аудит - шығыстардың қалыптастырылуын бақылау, жоспарлы көрсеткіштерден және нормативтерден ауытқуды анықтау, ауытқу себебін талдау, қаржы-шаруашылық қызметінің резервтерін іздестіру және ЕАТ-тың Атқарушы хатшысын (бұдан әрі - Атқарушы хатшы) қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;
      е) сыртқы аудит - Пленарлық отырыста тағайындалған тұлға (тұлғалар) немесе институт жүзеге асыратын ЕАТ-тың қаржы-шаруашылық қызметін тексеру;
      ж) міндеттеме - шарттық қатынастарға немесе EAT қаржылық жауапкершілігіне әкеп соғатын, тиісті рұқсат алынған басқа да мәмілелер түрлеріне енуі;
      з) түсімдер - EAT бюджетіне белгіленген (есептелген) үлестік жарналар мен өзге де түсімдер, яғни нысаналы ерікті жарналар мен ақша түріндегі сыйлар (оның ішінде гранттар) түрінде түскен қаражат;
      и) қаржылық бақылау - бюджеттің жасалу, қаралу және оның атқарылу тәртібін, сондай-ақ бюджет қаражатының орындалуын, бөлінуін және пайдаланылуын ішкі, сондай-ақ сыртқы тексеру мен бақылау;
      к) жалпы қор - ЕАТ-тың тұрақты бюджеті бойынша түсімдер мен шығыстарды есепке алу үшін ашылған шот;
      л) резервтік қор - EAT қызметіне байланысты күтпеген және төтенше шығындарды қаржыландыру мақсатында ақша қаражаты қозғалысын есепке алу үшін ашылған шот.

II. EAT бюджеті

      2. EAT бюджеті мүше мемлекеттердің үлестік жарналарынан, сондай-ақ өзге де түсімдерден, яғни нысаналы ерікті жарналар мен ақша түріндегі сыйлардан (гранттардан) қалыптасады.
      3. EAT бюджеті бір күнтізбелік жыл мерзімге жасалады, сондай-ақ ол қаржы жылы болып табылады және Пленарлық отырыста бекітіледі.
      4. EAT бюджеті олар тиесілі қаржы жылына арналған барлық болжанатын түсімдер мен жоспарланатын шығыстарды қамтиды және ресейлік рубльмен қалыптастырылады. Жыл сайынғы жарналар ресейлік рубльмен есептеледі және төленеді. EAT мүше мемлекеттерінің жыл сайынғы жарналары төлем күніндегі МБВБ бағамы бойынша АҚШ долларымен төленуі мүмкін.

III. Жарналар

      5. Мүше мемлекеттер EAT бюджетіне осы Ереженің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшаға сәйкес үлестік жарналарды енгізеді.
      6. Үлестік жарналардың мөлшері бір немесе бірнеше мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша және басқа да мүше мемлекеттердің келісімімен Пленарлық отырыстың шешімімен өзгертілуі мүмкін.
      7. ЕАТ-тан мүше мемлекет шыққан немесе мүше ретінде ЕАТ-қа жаңа мемлекет енген жағдайда, Пленарлық отырыс үлестік жарналардың өзгертілген өлшемдерін бекітеді.
      8. Үлестік (есептелген) жарналардың есебіне төлеуге жататын сомалар Пленарлық отырыстың келісімі бойынша Атқарушы хатшы белгілеген банкке аударылады.
      9. Есептелген жарналар Атқарушы хатшыдан тиесілі жарналар туралы хабарлама алған сәттен бастап отыз күн ішінде немесе күнтізбелік жылдың бірінші айы ішінде толық көлемде төленуге жатады.
      10. Егер мүше мемлекет осы мерзімде тиесілі үлестік жарналарды толық көлемде енгізетіндей жағдайда болмаса, олар кезең-кезеңімен аударылуы мүмкін, ол туралы Атқарушы хатшыны алдын ала хабардар етеді.
      11. Қаржы жылының басына дейін EAT бюджеті бекітілмеген жағдайда, мүше мемлекеттер EAT бюджеті бекітілгенге дейін ай сайын алдағы бюджет жылының тұрақты бюджеті атқарылуының 1/12 мөлшеріндегі жарналарды аударады.

IV. Бюджетті қалыптастыру және атқару

      12. Атқарушы хатшы ЕАТ-қа мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде келесі қаржы жылына арналған бюджет жобасын қалыптастырады, кезекті қаржы жылы басталғанға дейін сегіз айдан кешіктірмей барлық мүше мемлекеттерге бюджет жобасын береді, оны Пленарлық отырыстың бекітуіне ұсынады.
      13. Пленарлық отырыс EAT бюджетін бекіткеннен немесе қайта қарағаннан кейін Атқарушы хатшы төленуге тиесілі үлестік жарналар туралы мүше мемлекеттерді хабардар етеді.
      14. Атқарушы хатшы үлестік жарналардың түсімі туралы мәліметтерді мүше мемлекеттерге тұрақты ұсынып отырады.
      15. Атқарушы хатшы осы Ереженің негізінде EAT қызметін қаржыландырудың жекелеген мәселелерін реттейтін ережелер мен қағидалардың жобаларын, ал қажет болған жағдайда, оларға түзетулер жобаларын әзірлейді. Қаржылық ережелер мен қағидалардың жобалары, сондай-ақ қолданыстағы қаржылық ережелер мен қағидаларға түзетулердің жобаларын Пленарлық отырыстың бекітуіне Атқарушы хатшы енгізеді.
      16. EAT бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті Атқарушы хатшы жасайды және мүше мемлекеттердің мақұлдауымен Пленарлық отырыстың бекітуіне жібереді.
      17. Атқарушы хатшы қаржы жылы аяқталғаннан кейін 12 ай ішінде сол қаржы жылы ішінде жеткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер бойынша міндеттемелерді, сондай-ақ басқа да қалған қаржылық міндеттемелерді толық өтейді.
      18. Қаржы жылы басталғанға дейін Пленарлық отырыс бюджетті бекітпеген жағдайда, Атқарушы хатшы ағымдағы қаржы жылына арналған бюджетті бекіткенге дейін міндеттемелерді қабылдауға және алдағы тұрақты бюджетті атқарудың 1/12 сомасы шегінде ай сайын төлемдер жүргізуге уәкілетті.

V. Қорлар құру

      19. Бюджет бойынша түсімдермен шығыстарды есепке алу үшін Жалпы қор құрылады. Оның ақшалай қаражат көзі ағымдағы қаржы жылының есебіне мүше мемлекеттер төлейтін үлестік жарналар, өзге де түсімдер болып табылады.
      20. EAT қызметіне байланысты күтпеген және төтенше шығыстарды өтеу үшін Резервтік қор құрылуы мүмкін. Резервтік қорды құруға, сондай-ақ ондағы қаражат мөлшеріне қатысты шешім мен оны пайдалану тәртібін Атқарушы хатшының ұсынысы бойынша Пленарлық отырыс қабылдайды.
      21. EAT бюджетіне ерікті жарналарды, EAT бюджетіне ақшалай түріндегі сыйларды осы қаражаттың арналуы EAT мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмейтін жағдайда, Пленарлық отырыстың мақұлдауымен Атқарушы хатшы қабылдауы мүмкін.
      22. Атқарушы хатшы Резервтік қор шеңберінде Пленарлық отырыстың келісімімен нысаналы қорлар мен арнайы шоттар құруы мүмкін.
      23. Жоғарыда аталған қорлар мен шоттарды басқару осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген қаржылық ережелер мен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

VI. Бақылау және аудит

      24. ЕАТ-тың бас әкімші тұлғасы болып табылатын Атқарушы хатшы ЕАТ қызметінің барлық қаржы аспектілеріне жауап береді және осы Ережеге сәйкес EAT қаржы ресурстарын тиісті және тиімді басқару үшін Пленарлық отырыстың алдында есеп береді.
      25. ЕАТ-та қаржылық бақылаудың қажетті тетігі - ішкі және сыртқы аудит қамтамасыз етіледі. Сыртқы аудитті EAT мүше мемлекеттерінің өкілдері жүзеге асырады.

VII. Өзге ережелер

      26. Мүше мемлекет төлемеген, есептелген жыл сайынғы үлестік жарналардың сомасы осы мемлекеттің EAT алдындағы міндетті түрде өтеуге жататын берешегі болып табылады.
      27. Ағымдағы қаржы жылының 1 қазанынан бастап ағымдағы қаржы жылына жататын үлестік жарнаны толық көлемде төлемеген мүше мемлекеттер, егер Пленарлық отырыс өзгеше шешпесе, оны толығымен өтеген күнге дейін берешек сомасына айына 0,1 пайыз мөлшерінде төлеуі тиіс.
      28. Берешек сомасы өткен бюджеттік жылға одан алынуға тиесілі жарнаның сомасынан асатын мүше мемлекетке қатысты Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімнің 7-бабында көзделген тәртіпте ЕАТ-қа оның мүшелігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдануы мүмкін.
      29. EAT алдындағы мүше мемлекеттің қаржылық міндеттемелері осы мемлекеттің ЕАТ-қа мүшелігін тоқтатуына не тоқтата тұруына қарамастан толығымен орындалуға жатады.
      30. Осы бөлімді орындауға байланысты нақты мәселелерді реттеу тәртібі осы Ереженің 15-тармағында айтылған қаржылық қағидаларда және ережелерде белгіленеді.
      31. EAT қызметін тоқтатқан жағдайда, осыған байланысты қаржы және мүліктік мәселелерді, EAT мүлігін сату мәселесін қоса алғанда, реттеу тәртібін осы Ереженің талаптарын ескере отырып, Пленарлық отырыс айқындайды.
      32. Жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражат, бар міндеттемелер орындалғаннан кейін мүше мемлекеттер арасында ағымдағы бюджеттік жылға белгіленген жарналар мөлшеріне тең бөлінеді.
      33. EAT қызметінің тоқтатылуына байланысты міндеттемелерді орындау үшін ақшалай қаражат сомасы жетіспеген жағдайда, ол ағымдағы бюджеттік жылға белгіленген үлестік жарналар мөлшеріне тең үлестерде мүше мемлекеттер аударған ақшалай қаражатпен өтеледі.
      34. ЕАТ-тан мүше мемлекет шыққан немесе шығарылған жағдайда, егер осы мемлекетте міндетті жарна төлеу бойынша берешегі бар болса, қайтарылатын қаражат сомасы осы берешек сомасына қысқартылады. Берешек осы мемлекеттің қаражаты есебінен өтеледі.

EAT бюджетін қалыптастыру және атқару
тәртібі туралы ережеге қосымша   

EAT бюджетіне Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға
және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі
Еуразиялық топқа мүше мемлекеттердің жыл сайынғы жарналарын есептеу
формуласы

Формула:

                                       мемлекеттің_ЖІӨ
мемлекет_жарнасының_сомасы =----------------------------------- *
                                   барлық_мүшелердің ЖІӨ

* ЕАТ_жалпы_бюджеті * 0,275+

              мемлекеттің_жан_басына_шаққандағы_ЖІӨ
+ -------------------------------------------------------- *
        барлық_мүшелердің_ жан_басына_шаққандағы_ЖІӨ

ЕАТ_жалпы_бюджеті * 0,725

Қолданылатын ұғымдар:

мемлекет жарнасының сомасы - EAT бюджетіне мүше мемлекеттер аударатын жарна сомасы;
мүше мемлекеттің ЖІӨ - соңғы 5 жылға мүше мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің орташа көрсеткіші БҰҰ статистикалық деректеріне сәйкес есептеледі;
мүше мемлекеттердің ЖІӨ сомасы - ЕАТ-ға барлық мүше мемлекеттердің жалпы ішкі енімі көрсеткішінің жалпы сомасы;
жалпы бюджет - ЕАТ-ның міндеттері мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге арналған ақшалай қаражат.
мүше мемлекеттің жан басына шаққандағы ЖІӨ - соңғы 5 жылға жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің орташа көрсеткіші БҰҰ-ның статистикалық деректеріне сәйкес есептеледі.
мүше мемлекеттердің жан басына шаққандағы ЖІӨ сомасы - ЕАТ-ға барлық мүше мемлекеттердің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі көрсеткішінің жалпы сомасы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады