"Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 наурыздағы № 306 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы

      Осы Заң Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiнiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi және осы жүйенiң жұмыс iстеуiне байланысты оның қатысушылары арасындағы қатынастарды, сондай-ақ оның мемлекеттік ынталандыру шарттарын, нысандарын және мазмұнын реттейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) білім беру жинақтау салымы – енгізуші (салымшы) немесе үшінші тұлғалардың жарналарын, қатысушы банктің капиталдандырылған сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысын қамтитын қатысушы банктегі салымшының шотындағы ақшалай қаражат;
      2) білім беру жинақтау салымы туралы шарт – енгізуші (салымшы) қатысушы банкпен жасасқан білім беру қызметтерінің ақысын төлеу үшін қаражат жинақтауға арналған банк салымы туралы шарт;
      3) білім беру қызметтері – білім беру ұйымының білім алушыларға жеке тұлғаның білім алу қажеттіліктерін іске асыруға және білім бағдарламаларын игеруге бағытталған қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметі;
      4) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
      5) білім беру ұйымы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
      6) енгізуші – салымшының пайдасына жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарттың тарапы болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті немесе резиденті емес;
      7) кредитор – банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензиясы бар және мемлекет уәкілеттік еткен ұйымның кепілдігіне білім беру кредиттерін ұсыну туралы Бас келісімді жасаған Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;
      8) кредиттік желі – қарыз алушыға кредитордың оған банк қарызы шартымен белгіленген уақыт ішінде келісілген лимит шегінде ақшалай қаражатты беру жөніндегі заңды түрде рәсімделген міндеттемесін ұсыну;
      9) қайтадан оқу – білім алушының «қанағаттанарлықсыз» деген қорытынды баға алған пәнін қайтадан оқуы немесе Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда білім алушының алдыңғы курста қайта қалдырылуы;
      10) қарыз алушы – кредитормен білім беру қызметтерінің ақысын төлеу үшін жетіспейтін сомаға банк қарызы шартын жасаған салымшы;
      11) қатысушы банк – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңнамада белгіленген талаптарға жауап беретін және оператормен ынтымақтастық туралы келісім жасаған Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;
      12) білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы (бұдан әрі – мемлекет сыйлықақысы) – жыл сайын белгіленген мерзімде білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығына бюджет қаражаты есебінен төленетін ақшалай қаражат;
      13) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі – Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін және екінші деңгейдегі банктердің халықтың салымдарын тартуына және оларға екінші деңгейдегі банктің сыйақысын және мемлекет сыйлықақысын есептеуге негізделген білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған ақшалай жинақтар жүйесі;
      14) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператор (бұдан әрі - оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен белгіленетін, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушыларының қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым;
      15) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі – ынтымақтастық туралы келісім) – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін іске асыру шеңберінде оператор мен қатысушы банк немесе білім беру ұйымы арасындағы өзара іс-әрекеттердің шарттары мен тәртібін белгілейтін келісім;
      16) салымшы – оның пайдасына білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасалған Қазақстан Республикасының азаматы.

      2-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс
              істеуінің құқықтық негіздері

      1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстандағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, сондай – ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білімге (магистратура, резидентура), сондай – ақ шетелдегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге (магистратура, резидентура) қолданылады.
      Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қайтадан оқуға және кез келген деңгейдегі екінші білімді алуға қолданылмайды.
      3. Енгізуші, салымшы, оператор, қатысушы банк, білім беру ұйымы, білім беру саласындағы уәкілетті орган Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушылары болып табылады.
      4. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мынадай қағидаттардың негізінде жұмыс істейді:
      1) заңдылық;
      2) жариялылық;
      3) білім беру жинақтау салымының нысаналы мақсаты;
      4) азаматтар мен қатысушы банктердің Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуға ерікті қосылуы;
      5) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушыларының тең құқылылығы;
      6) халықты Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуға мемлекеттік ынталандыру.
      5. Қатысушы банкпен жасалатын Ынтымақтастық туралы үлгі келісімнің және Білім беру жинақтау салымы туралы үлгі шарттың нысандарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      3-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушысы ретінде білім беру саласындағы уәкілетті орган:
      1) жыл сайын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарының түрлері бойынша орташа оқу құнының ұзақ мерзімді болжамдарын әзірлейді;
      2) білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы Үлгі келісімнің нысанын бекітеді;
      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4-бап. Оператордың негізгі функциялары

      Оператор Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында:
      1) қатысушы банкпен және білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім жасайды;
      2) қатысушы банктен, білім беру ұйымынан, енгізуші мен салымшыдан білім беру жинақтау салымы туралы шартты жасасуға, оның қолданысына, мемлекет сыйлықақысын есептеуге, білім беру қызметтерінің құны және оны төлеуге, білім алушының мәртебесіне қатысты қажетті мәліметтерді сұратады;
      3) білім беру жинақтау салымы туралы жасалған шарттардың есебін жүргізеді;
      4) бұқаралық ақпарат құралдарында қатысушы банктің Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу үшін осы Заңда қойылатын талаптарды орындауы туралы мәліметтерді жариялайды;
      5) мемлекет сыйлықақысы сомаларының болжамды және түпкілікті есептеуін жүзеге асырады;
      6) білім беру жинақтау салымына енгізілуге тиісті мемлекет сыйлықақысының сомаларын есептеуді жүзеге асырады және оны қатысушы банкке ұсынады;
      7) қатысушы банктің білім беру жинақтау салымдарына мемлекет сыйлықақысының сомасын енгізу мерзімдерін сақтауын және енгізілген сомалардың есептеулерге сәйкестігін тексереді;
      8) осы Заңның 11 – бабында көзделген жағдайларда мемлекет сыйлықақысының есептелуін қайта есептеуді жүргізеді;
      9) бюджетке қайтарылуға тиіс мемлекет сыйлықақысы сомасының мөлшері туралы анықтама – үзіндіні дайындайды және оны қатысушы банкке немесе білім беру ұйымына жібереді;
      10) қатысушы банк немесе білім беру ұйымының бюджетке мемлекет сыйлықақысының сомасын толық және уақтылы қайтаруын қамтамасыз етеді;
      11) енгізуші (салымшы), қатысушы банк, білім беру ұйымы осы Заңда және (немесе) ынтымақтастық туралы келісімде қойылған талаптарды бұзғаны анықталған жағдайда оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жауапкершілікке тарту үшін шаралар қабылдайды.

2-тарау. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт

      5-бап. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт

      1. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт қатысушы банк пен салымшы немесе кәмелетке толмаған салымшының пайдасына кәмелетке толған енгізуші арасында жай жазбаша нысанда шарттың бекітілген үлгісі негізінде жасалады.
      2. Бір салымшының атынан немесе оның пайдасына тек бір ғана білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасалады.
      3. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт ұзарту мүмкіндігімен кемінде үш жыл мерзімге жасалады.

      6-бап. Білім беру жинақтау салымы туралы шарттың талаптары

      1. Білім беру жинақтау салымы туралы шартта мынадай мәліметтер болуға тиіс:
      1) шарттың мәні;
      2) бастапқы бір жолғы жарна мөлшері;
      3) шарттың мерзімі;
      4) қатысушы банк сыйақысы мөлшерлемесінің мөлшері;
      5) мемлекет сыйлықақысының мөлшері;
      6) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
      7) енгізушінің (салымшының) операторға банк құпиясын ашуға жазбаша рұқсаты;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де баптар.
      2. Білім беру жинақтау салымы тек ұлттық валютада ашылады.
      3. Білім беру жинақтау салымын ашуға арналған бастапқы ең төменгі бір жолғы жарна республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржылық жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің үш есе мөлшерін құрайды.
      4. Қатысушы банк білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасасқан кезде білім беру жинақтау салымына жарна енгізудің ұсынылатын кезеңділігін және қосымша жарналар мөлшерін есептейді.

      7-бап. Қатысушы банктің сыйақысы

      1. Қатысушы банк салымшыға білім беру жинақтау салымы туралы шартта белгіленген мөлшерде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым ұсынған номиналдық мөлшерлеме шегінде салым сомасына сыйақы төлейді.
      2. Қатысушы банктің сыйақысы білім беру жинақтау салымы туралы шарт қолданыста болған мерзім ішінде есептеледі және білім беру жинақтау салымының негізгі сомасына қосылады (капиталдандырылады).

      8-бап. Білім беру жинақтау салымына билік ету

      1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде он төрт жасқа толмаған салымшының заңды өкіліне немесе он төрт жасқа толған салымшыға білім беру жинақтау салымының ақшалай қаражатын толық көлемде бір қатысушы банктен басқа қатысушы банкке жылына бір рет ауыстыруға рұқсат етіледі.
      2. Салымшыға білім беру гранты тағайындалған жағдайда салымшы:
      1) білім беру жинақтау салымында қаражат жинақтауды жалғастыруға;
      2) білім беру жинақтау салымының қаражатын кез келген үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылып жатқан) білім беру жинақтау салымына жіберуге (қайта ресімдеуге);
      3) білімнің басқа деңгейлерін алу мақсатында білім беру жинақтау салымының қаражатын білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жұмсауға;
      4) мемлекет сыйлықақысын сақтай отырып, білім беру жинақтау салымының қаражатын алуға құқылы.
      3. Білім беру ұйымына шарттық негізде түскен жағдайда білім беру қызметінің ақысы енгізушінің немесе кәмелетке толған салымшының өтініші бойынша үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір мезгілде толық көлемде (оқытудың барлық мерзімі үшін) төленеді.
      4. Салымшы қайтыс болған немесе денсаулық жағдайына байланысты оқуды жалғастыра алмаған жағдайда, білім беру жинақтау салымын:
      1) салымшы немесе оның мұрагерлері кез келген үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылып жатқан) білім беру жинақтау салымына жібереді (қайта ресімдеу);
      2) білім беру жинақтау салымы туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу шарттары бойынша салымшыға немесе оның мұрагерлеріне төленеді.
      5. Оқытудың барлық кезеңі үшін білім беру қызметтерінің ақысын төлеген соң білім беру жинақтау салымында қаражат қалдығы болған жағдайда салымшы бұл соманы мемлекет сыйлықақысын сақтай отырып алуға құқылы.

3-тарау. Мемлекет сыйлықақысын есептеу және төлеу

      9-бап. Мемлекет сыйлықақысы

      1. Білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша мемлекет сыйлықақысы жиырма жыл есептеледі.
      2. Мемлекет сыйлықақысын есептеу білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасалған күннен басталады, жинақтаудың ең қысқа мерзімі бір жыл болған жағдайда оператор 1 қаңтардағы жағдай бойынша жыл сайын салым сомасының нақты жинақталған қалдығына жүзеге асырады. Мемлекет сыйлықақысы есептеу мерзімі аяқталғанға дейін немесе білім беру жинақтау салымы туралы шарттың мерзімі аяқталғанға дейін немесе салымшыға білім беру гранты тағайындалған күнге дейін не білім беру қызметтерінің ақысы толық көлемде төленгенге дейін есептеледі.
      3. Мемлекет сыйлықақысы салымның негізгі сомасына қосылады (капиталдандырылады).

      10-бап. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері

      1. Мемлекет сыйлықақысы білім беру жинақтау салымы сомасына жылдық бес пайыз, бірақ жүз айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде есептеледі.
      2. Мемлекет сыйлықақысы басым санатқа жатқызылған салымшылардың пайдасына ашылған білім беру жинақтау салымы бойынша жылдық жеті пайыз, бірақ жүз айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде:
      1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
      2) даму мүмкіндігі шектеулі балаларға, мүгедектер мен бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балаларға;
      3) көп балалы отбасынан шыққан балаларға;
      4) жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасынан шыққан балаларға есептеледі.
      3. Білім беру және бюджеттік жоспарлау салаларындағы уәкілетті органдар инфляция деңгейінің өзгеруін ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әрбір үш жыл сайын мемлекет сыйлықақысының мөлшерін ұлғаю жағына қарай қайта қарау туралы ұсыныс енгізеді.

      11-бап. Мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтару негіздері

      Есептелген мемлекет сыйлықақысы мына жағдайларда бюджетке қайтарылуға тиіс:
      1) нысаналы мақсаты сақталмай білім беру жинақтау салымы туралы шарт енгізушінің (салымшының) бастамасы бойынша мерзімінен бұрын бұзылса немесе шартты қолдану мерзімі аяқталуына байланысты бұзылса;
      2) студент өз еркімен немесе жағымсыз себептер бойынша білім беру ұйымынан шығарылса;
      3) бір немесе бірнеше қатысушы банктердегі білім беру жинақтау салымы туралы шарттар бойынша бір салымшыға екі және одан да көп есепшоттар бойынша мемлекет сыйлықақысының төленгені анықталған жағдайда. Бұл орайда салымшының таңдауы бойынша білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірі бойынша есептелген сыйлықақыны қоспағанда, алдыңғы жылдары есептелген мемлекет сыйлықақысы бюджетке қайтарылуға тиіс;
      4) білім беру жинақтау салымы бойынша жинақтау мерзімі осы Заңда белгіленген мерзімнен аз болған білім беру жинақтау салымына мемлекет сыйлықақысының төленгені анықталған жағдайда;
      5) салымшылардың басым санатына жатпайтын тұлғаның білім беру жинақтау салымына жоғарылатылған мөлшерде мемлекет сыйлықақысының төленгені анықталған жағдайда. Бұл ретте артық есептелген мемлекет сыйлықақысының сомасы бюджетке қайтарылуға тиіс.

4-тарау. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi қатысушыларының өзара іс-қимылы

      12-бап. Ынтымақтастық туралы келісім

      1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысу үшін екінші деңгейдегі банк бекітілген ынтымақтастық туралы үлгі келісімнің негізінде оператормен ынтымақтастық туралы келісім жасайды.
      2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысу үшін екінші деңгейдегі банктерге мынадай талаптар қойылады:
      1) депозиттерді қабылдауға, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге, банк қарызы операцияларын, кассалық операцияларды жүргізуге берілген қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясының болуы;
      2) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуы;
      3) Қазақстан Республикасының кем дегенде он облыс орталығында филиал желісінің болуы;
      4) ынтымақтастық туралы келісім жасалған (қайта жасалған) сәтте қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган қолданған күші бар ықпал етудің шектеулі шарасының және (немесе) санкциясының болмауы.
      3. Оператор білім беру қызметтерінің ақысы білім беру жинақтау салымының қаражаты есебінен бекітілген ынтымақтастық туралы үлгі келісімнің негізінде жүзеге асырылатын білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім жасайды.
      4. Ынтымақтастық туралы келісімде оның мәні, тараптардың құқықтары мен міндеттері, олардың өзара іс – қимылдарының шарттары, тәртібі және жауапкершілігі көрсетілуге тиіс.

      13-бап. Білім беру жинақтау салымы шартын жасау және оның
               қолданылуы кезіндегі Мемлекеттік білім беру
               жинақтау жүйесi қатысушыларының өзара іс–қимылы

      1. Білім беру жинақтау салымы шартын жасаған кезде қатысушы банк енгізуші мен салымшының осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін, сондай-ақ салымшының атына ашылған қолданыстағы білім беру жинақтау салымы шартының жоқтығын тексереді.
      2. Әрбір білім беру жинақтау салымы шарты бойынша қатысушы банк ынтымақтастық туралы келісімде белгіленген мерзімдер мен тәртіпте операторға салымшы, шоттың жағдайы, салымшылар ақшаларының қозғалысы, мемлекет сыйлықақысының есептелуі және сомасы туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзге де қажетті мәліметтерді ұсынады.

      14-бап. Мемлекет сыйлықақысын есептеу кезіндегі
               Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi
               қатысушыларының өзара іс–қимылы

      1. Оператор жыл сайын ағымдағы жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде қатысушы банктер білім беру жинақтау салымы туралы шарттар бойынша ұсынған мәліметтердің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органға алдағы қаржы жылына арналған мемлекет сыйлықақысын есептеудің болжамды есептеулерін ұсынады.
      2. Есепті жылдың қорытындысы бойынша оператор есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қаңтарына дейін білім беру саласындағы уәкілетті органға мемлекет сыйлықақысының түпкілікті есептеулерін ұсынады.
      3. Білім беру саласындағы уәкілетті орган оператордан мемлекет сыйлықақысы сомасының түпкілікті есептеулерін алған соң есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін оператордың шотына мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аударады.
      4. Оператор білім беру саласындағы уәкілетті органнан мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жасалған әрбір білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша мемлекет сыйлықақысының мөлшері туралы мәліметті ұсыну арқылы қатысушы банкке мемлекет сыйлықақысын есептеуді жүргізеді.
      5. Қатысушы банк оператордан сыйлықақының жалпы сомасын алған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде салымшылардың шоттарына мемлекет сыйлықақысын енгізеді.

      15-бап. Білім беру қызметтерінің ақысын төлеу кезіндегі
               Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi
               қатысушыларының өзара іс-қимылы

      1. Білім беру жинақтау салымымен білім беру қызметтерінің ақысын төлеу енгізушінің немесе салымшының өтініші бойынша жүзеге асырылады. Білім беру қызметтерін көрсету шартының көшірмесі ұсынылған кезде қатысушы банк бір жұмыс күні ішінде білім беру жинақтау салымынан қаражатты білім беру ұйымының банк шотына аударады.
      2. Білім беру ұйымының ішінде ауысқан, бір білім беру ұйымынан басқасына ауысқан, академиялық демалыс ресімдеген, академиялық демалыстан оралған, білім беру ұйымына қайта қабылданған немесе одан шығарылған, соның ішінде оқуды аяқтауына байланысты шығарылған жағдайда салымшы үш жұмыс күнінен кем емес мерзімде банкке және операторға растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
      3. Білім беру ұйымы:
      1) қатысушы банкті және операторды құжат қабылданған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті құжаттардың көшірмелерін жіберу арқылы салымшыны оқуға қабылдау, ауыстыру, академиялық демалыс беру, оқудан шығару, соның ішінде оқуды аяқтауына байланысты оқудан шығару туралы ескертеді;
      2) салымшының немесе қатысушы банктің сұрауы бойынша анықтама берілген күндегі талап етілетін академиялық кезеңдегі оқу құны немесе оқудың толық құны туралы анықтама береді;
      3) оператордың сұрауы бойынша білім беру ұйымында білім алатын салымшы туралы қажетті мәліметтерді ұсынады;
      4) салымшы басқа білім беру ұйымына ауысқан кезде қабылдаушы білім беру ұйымының шотына төленген білім беру қызметтерінің ақысының артығын аударады, ол туралы үш жұмыс күнінен кешіктірмей операторды ескертеді;
      5) салымшы осы Заңның 11 – бабы 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша оқудан шығарылған жағдайда оператор арқылы мемлекет сыйлықақысының сомасын бюджетке қайтарады.

      16-бап. Мемлекет сыйлықақысының сомасын бюджетке қайтару
               кезіндегі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi
               қатысушыларының өзара іс-қимылдары

      Мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтаруды қатысушы банк немесе білім беру ұйымы оператор арқылы оның бюджетке қайтарылуға тиісті мемлекет сыйлықақысы сомасының мөлшері туралы анықтама – үзіндісі бойынша салымшыдан мемлекет сыйлықақысының сомасы қайтарылған күннен кейін келетін бір жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      17-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiн
               мемлекеттік қолдау

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру жинақтау салымы жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті кепілдік беру объектісі болып табылады.
      2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi шеңберінде салымшы жеңілдетілген шарттармен білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған банк қарызын (білім беру кредитін) алуға құқылы. Білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған банк қарызы жинақтаған соманың мөлшері оқу ақысын толық көлемде төлеу үшін қажетті соманың кем дегенде елу пайызын құраған жағдайда білім беру ұйымында оқу құнының су сомасына қарап оны түзету мүмкіндігімен қалған сомаға кредиттік желі ашу арқылы мемлекет уәкілеттік еткен ұйымның жүз пайыз кепілдігіне ұсынылады.
      3. Қарыз алушыға Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде үлгерімнің тиісті деңгейі және кепілзат түрінде міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету талаптары қойылмайды.

      18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады