Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметіне қатысты келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметіне қатысты келісімге қол қою туралы
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметіне қатысты келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Болат Бидахметұлы Жәмішевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметіне қатысты келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы « »
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiнің Қазақстан Республикасындағы қызметіне қатысты келісім
Осы Келісім («Келісім») бұдан әрі бірлесіп «Тараптар», ал жеке-жеке – «Тарап» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкi («Банк» немесе «ЕҚДБ») арасында жасалады;
Банк 1990 жылғы 29 мамырдағы Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiн құру туралы келiсiм («Банк құру туралы келiсiм») негізінде құрылған және әрекет ететін халықаралық қаржы ұйымы болып табылатындықтан;
Қазақстан Республикасы 1992 жылы Банк құру туралы келiсiмге қосылуына және сол арқылы оның ережелерімен байланысты болуға келісуіне орай Банктің мүшесі болып табылатындықтан;
Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне мүшелiгi туралы Заңды, сондай-ақ 2004 жылғы 9 шiлдеде – Кейбір халықаралық ұйымдардың жарғылық құжаттарын ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының Заңын қабылдағандықтан;
Тараптар 2004 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы Техникалық жәрдемдесу мен ынтымақтастық туралы негiздемелiк келiсiмді («Техникалық жәрдемдесу мен ынтымақтастық туралы негiздемелiк келiсiм») жасасқандықтан, оны Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 22 қазанда ратификациялағандықтан;
осы Келісімнің мақсаты Банкке Қазақстан Республикасы берген мәртебені, иммунитеттерді, артықшылықтар мен алып қоюды растау және айқындау болып табылатындықтан;
Тараптар төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Терминдерді қолдану
Осы Келісімде айқындалған өзге де терминдер мен ұғымдардан басқа, егер түпмәтінде өзгеше болмаса, осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде көрсетілген терминдер мен ұғымдар оларға берілген мынадай мағыналарға ие болады:
(a) «асырауындағы адамдар» Банк қызметкерінің асырауындағы жұбайын (зайыбын), некеге тұрмаған 18 жасқа дейінгі немесе күндізгі бөлімде оқитын 21 жасқа дейінгі балаларын және әл-ауқаты негізінен Банк қызметкері тарапынан қаржылық қолдауға тәуелді ата-аналарын білдіреді;
(b) «Өкілдік Басшысының орынбасары» Банктің Қазақстан Республикасын тиісінше хабардар ете отырып, директордың орынбасары немесе Өкілдік Басшысының орынбасары ретінде тағайындаған қызметкерін білдіреді;
(c) «Өкілдік Басшысы» Банктің Қазақстан Республикасын тиісінше хабардар ете отырып, Өкілдіктің директоры немесе басшысы ретінде тағайындаған Банктің Тұрақты өкілдігінің басты лауазымды тұлғасын білдіреді;
(d) «үйде қызмет көрсететін персонал мүшелері» Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, Банк қызметкерлерінің үй қызметшілері ретінде жалдаған адамдарды білдіреді;
(e) «қызметкерлер» Банктің барлық лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін, оның ішінде Банктің Директорлар кеңесінің мүшелерін, олардың орынбасарларын, Банктің тапсырмаларын орындайтын сарапшыларды білдіреді;
(f) «Банктің Тұрақты өкілдігінің үй-жайлары» Банктің Тұрақты өкілдігінің ресми мақсаттары үшін пайдаланылатын ғимаратты (ғимараттарды) және/немесе ғимараттардың бөліктерін (жабдықты, жиһаздауды, аспаптарды, қосалқы үй-жайларын, автотұрақты, ғимараттағы (ғимараттардағы) немесе оған (оларға) жапсарлас қойманы, жертөлені және/немесе өзге де үй-жайларды қоса алғанда) және ғимарат (ғимараттар) орналасқан және ол тиесілі болатын жер учаскелерін, сондай-ақ Банк Өкілдігі Басшысының резиденциясы (жабдықты, жиһаздауды, аспаптарды, қосалқы үй-жайларын, автотұрақты, резиденциядағы немесе оған (оларға) жапсарлас қойманы, жертөлені және/немесе өзге де үй-жайларды қоса алғанда), сондай-ақ резиденция орналасқан және резиденция тиесілі болатын жер учаскелерін білдіреді;
(j) «Банктің меншігі мен мүлкі» Банктің және Өкілдік Басшысының көлік құралдарын қоса алғанда, Банктің бүкіл меншігі мен мүлкін білдіреді, және
(h) «Банктің Тұрақты өкілдігі» Банктің, ешқайсысын қалдырмай, белгілі бір уақытта Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын Банктің барлық Тұрақты өкілдіктерін немесе түпмәтінге байланысты осындай бір өкілдігін білдіреді. «Банктің Тұрақты өкілдіктері» барлық осындай тұрақты өкілдіктерінің жиынтығын білдіреді.
2-бап. Құқық субъектілігі
2.01-бөлім. Банк толық құқық субъектілігіне ие және атап айтқанда:
a) шарттар жасасуға;
b)жылжымайтын және жылжымалы мүлікті иемденуге және оған билік етуге; және
іс жүргізу әрекеттерін қозғауға толық құқық қабілеттілігіне ие.
2.02-бөлім. Тұрақты өкілдіктің Банктен бөлек құқық субъектілігі жоқ.
3-бап. Банктің артықшылықтары мен иммунитеттері
Банк Қазақстан Республикасының аумағында Банк құру туралы келісімде көзделген және төменде баяндалған мәртебені, иммунитеттерді, артықшылықтарды және алып қоюды пайдаланады.
4-бап. Мұрағаттарға қол сұқпаушылық
Банк мұрағаттарына және оған тиесілі барлық құжаттарға немесе тұрған жеріне немесе нысанына қарамастан ол ұстаушы болып табылатын құжаттарға қол сұғылмайды. Банк мұрағаттары одан өзге барлық мұрағат материалдарын, құжаттарды, хат-хабарды, жазбаларды, кітаптарды, пленкаларды, бейнелерді, фотосуреттерді, дыбыс жазбаларын, файлдарды, дискілерді, журналдарды және/немесе басқа да материалдарды, сондай-ақ шифрлар және/немесе кодтар мен Банкке тиесілі немесе онда сақталған деректер және/немесе ақпарат қамтылған немесе сақтаулы жеткізгіштерді білдіреді.
5-бап. Банктің сот ісін жүргізуден иммунитеті
Банк өзінің ресми қызметі шегінде, осы иммунитет қолданылмайтын:
a) Банк әрбір нақты жағдайға қатысты мұндай иммунитеттен жазбаша нысанда тікелей бас тартқан;
b) қарыз ақша алуға, міндеттемелердің кепілдігіне және өзінің қандай да бір бағалы қағаздарын сатып алуға немесе сатуға не орналастыруға кепілдік беруге қатысты өкілеттіктерін жүзеге асыруға байланысты туындайтын азаматтық талап-арызға қатысты;
c) өзінің лауазымдық міндеттерін орындап жүрген Банк қызметкерінің кінәсінен болған жол-көлік оқиғасынан шеккен залалды өтеуге байланысты үшінші тараптың азаматтық талап-арызына қатысты;
d) дауды Банктің өзі немесе оның тапсырмасы бойынша аралық соттың қарауына тікелей беру нәтижесінде Банкке қарсы шығарылған төрелік шешімді орындауға қатысты;
e) Банк қозғаған сот талқылауларына тікелей байланысты кез келген қарсы талап-арызға қатысты; не
f) Банк қызметкерінің Банкпен еңбек қатынастары нәтижесінде немесе оларға байланысты оның өзі немесе ол арқылы қозғалған кез келген талап-арызды қоспағанда, Банктің Қазақстан Республикасындағы іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан өлімге немесе жеке зиян келтіруге қатысты азаматтық талап-арызға байланысты жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында сот ісін жүргізудің кез келген нысанынан иммунитетке ие.
6-бап. Банктің меншік және мүлік иммунитеті
Банктің меншігі мен мүлкі, олардың қай жерде орналасқанына және ұстаушысы кім болғанына қарамастан, осы Келісімнің 5-бабының
a) – f) тармақтарында санамаланған жағдайларға қатысты құзыретті соттың Банкке қарсы түпкілікті сот шешімі шығарылуын қоспағанда, тінту, реквизициялау, тәркілеу, экспроприациялау немесе атқарушылық немесе заңнамалық іс-әрекеттер арқылы алып қоюдың немесе иеліктен айырудың кез келген өзге нысанынан иммунитетке ие. Күмән туғызбау үшін атқарушы биліктің іс-әрекеттеріне әкімшілік, әскери органның және/немесе полицияның кез келген іс-әрекеттері қамтылады.
7-бап. Банк Өкілдігі
7.01-бөлім. Банктің Астанадағы және Алматыдағы Тұрақты өкілдіктерінен басқа, Банк Қазақстан Республикасының басқа да аудандарында қосымша бөлімшелер құруы мүмкін. Қазақстан Республикасы тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, Банктің Тұрақты өкілдіктерінің қызметіне қажетті қолайлы үй-жайлар, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар мен жабдықтар алуда Банкке жәрдемдеседі.
7.02-бөлім. Банктің әрбір Тұрақты өкілдігін Өкілдік Басшысы мен Өкілдік Басшысының орынбасары басқарады және ол Банк қызметкерлерімен жасақталады.
7.03-бөлім. Банктің әрбір Тұрақты өкілдігі Банктің Тұрақты өкілдігінің аумағында және Өкілдік Басшысының көлік құралдарында Банктің туы мен эмблемасын ілуге құқығы бар.
8-бап. Банктің Тұрақты өкілдігінің үй-жайларына қол сұқпаушылық
8.01-бөлім. Банктің Тұрақты өкілдігінің үй-жайлары және Банкке және/немесе Өкілдік Басшысына тиесілі не олар Қазақстан Республикасы аумағының қай жерінде болмасын пайдаланатын кез келген көлік құралдары қол сұғылмайтын болып табылады және тиісінше Банктің және/немесе Өкілдік Басшысының бақылауында және билігінде болады.
8.02-бөлім. Қазақстан Республикасының бір де бір лауазымды тұлғасы немесе мемлекеттік биліктің кез келген – әкімшілік, сот, әскери немесе құқық қорғау нысанына ие тұлғасы – Банк Президентінің келісімінен және ол мақұлдаған шарттардан өзге жағдайларда Банктің Тұрақты өкілдіктерінің үй-жайларына кіре алмайды. Мұндай келісімнің болуы өрт жағдайында немесе шұғыл қорғау шараларын қолдануды талап ететін басқа да төтенше жағдайларда көзделуі мүмкін.
8.03-бөлім. Банк осы Келісімнің шарттарына нұқсан келтірмей, Банктің Тұрақты өкілдігінің үй-жайлары Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес сот төрелігінен жасырынып жүрген, экстрадициялауға немесе депортациялауға жататын не қамауға алудан немесе сот ісін жүргізу әрекеттерінің орындалуынан қашуға әрекеттенуші адамдарға баспана болмауы үшін негізделген шараларды қолданады.
9-бап. Банктің Тұрақты өкілдігін қорғау
Қазақстан Республикасы қажет болған жағдайларда Банктің Тұрақты өкілдігінің қауіпсіздігін және үй-жайлары мен оның қызметкерлерінің зияннан, шығындардан, басып кіруден немесе залалдан қорғалуын қамтамасыз ету және Банктің Тұрақты өкілдігінің ішіндегі құқықтық тәртіптің кез келген бұзылуын немесе Банктің беделін түсіруді болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қолданады. Кез келген жағдайда Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерге ұсынылатын қорғау мен қауіпсіздік шаралары Банктің Тұрақты өкілдігіне де ұсынылатын болады. Өкілдік Басшысының өтінішімен Қазақстан Республикасы Банктің Тұрақты өкілдігінде немесе оған іргелес аумақтарда құқықтық тәртіпті қалпына келтіру үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жеткілікті санын береді.
10-бап. Көрсетілетін қызметтер
10.01-бөлім. Қазақстан Республикасы Банктің Тұрақты өкілдігі басқалармен қатар, электрмен жабдықтауды және байланысты, сумен жабдықтау мен су бұруды (кәрізді), газбен жабдықтауды, тұрмыстық қалдықтарды шығару мен өрт қауіпсіздігі жүйесін қоса алғанда, қажетті коммуналдық қолайлы жағдайлармен және қызмет көрсетумен қамтамасыз етілуіне кепілдік береді, бұл ретте мұндай коммуналдық қолайлы жағдайлардың және қызмет көрсетудің сапасы кез келген басқа халықаралық ұйымға немесе дипломатиялық өкілдікке ұсынылатын қызмет көрсетудің сапасынан төмен болмауға тиіс және олар қолайлы шарттармен ұсынылуы тиіс. Қандай да бір коммуналдық қолайлылықтардың және қызмет көрсетудің ұсынылуын кез келген тоқтату немесе тоқтап қалу қаупі болған жағдайда Қазақстан Республикасы Банктің Тұрақты өкілдігінің қажеттіліктерін Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың немесе дипломатиялық өкілдіктердің қажеттіліктері сияқты маңызды деп қарайтын болады және Банктің қызметі мен операцияларына залал келмеуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолданады.
10.02-бөлім. Электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және байланыс жөніндегі қызмет көрсетуді және өзге де коммуналдық қолайлы жағдайларды және/немесе мемлекеттік қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасы бақылайтын органдар ұсынатын жағдайларда мұндай коммуналдық қолайлы жағдайлардың және/немесе мемлекеттік қызмет көрсетудің ақысы Банктен Қазақстан Республикасындағы басқа халықаралық ұйымдарға немесе дипломатиялық өкілдіктерге қатысты қолданылатын мөлшерлемелерден кем болмайтын мөлшерлемелер бойынша алынады.
10.03-бөлім. Қазақстан Республикасы немесе тиісті уәкілетті орган Банктің Тұрақты өкілдігіне Банкке қызметтік пайдалану үшін (оның ішінде Банк қызметкерлерінің пайдалануы үшін) талап етілетін автомашиналар мен көліктің басқа да түрлері үшін бензин немесе отын мен майдың басқа да түрлерін Қазақстан Республикасындағы басқа халықаралық ұйымдарға немесе дипломатиялық өкілдіктерге қатысты жалпы қолданылатын көлемде және бағамен сатып алуға жәрдемдеседі.
10.04-бөлім. Қазақстан Республикасы Банктің Тұрақты өкілдігінің үй-жайларын Банктің Тұрақты өкілдігінің функцияларын тиімді орындауға жарамды жағдайда ұстауға қажетті қызмет көрсетуді Банктің алуына жәрдемдеседі. Банк мұндай қызмет көрсетуге жататын барлық шығыстарды төлейді.
11-бап. Салық салудан босату
11.01-бөлім. Банк, оның активтері мен мүлкі, табысы, мәмілелері, операциялары мен пайдасы тікелей салық салудан (бұлардың бәрінен басқа табыс салығын, пайдаға салынатын салықты/корпорациядан алынатын салықты, капиталдың өсіміне салынатын салықты және/немесе пайыздар немесе дивидендтер түріндегі табысқа салынатын салықты қоса алғанда) және/немесе кез келген өзге де алымдар мен аударымдардан босатылады.
11.02-бөлім. Банк өзінің ресми қызметін жүзеге асыруы үшін немесе жүзеге асыру барысында тауарларды және/немесе қызмет көрсетуді иемденіп алған немесе оларды пайдаланған жағдайда Банк салықтар мен баждарды төлеуден босатылады. Егер мұндай иемденіп алудың және/немесе қызмет көрсетудің құны оларды бөлуге болатын салықтарды және/немесе баждарды қамтитын болса, Қазақстан Республикасы мұндай салықтарды және/немесе баждарды төлеуден босату үшін тиісті шараларды қолданады немесе олардың дереу қайтарылуын қамтамасыз етеді.
11.03-бөлім. Банктің Қазақстан Республикасына әкелетін және оның ресми қызметін жүзеге асыру үшін қажетті тауарлар Банктің атынан әкелінеді және барлық импорттық баждардан, салықтардан және алымдардан, сондай-ақ импортқа барлық тыйым салу мен шектеулердің қолданылуынан босатылады. Қазақстан Республикасынан Банк әкететін және оның ресми қызметін жүзеге асыру үшін қажетті тауарлар барлық экспорттық баждардан, салықтар мен алымдардан, сондай-ақ экспортқа барлық тыйым салу мен шектеулердің қолданылуынан босатылады.
11.04-бөлім. Банк Қазақстан Республикасында ресми қызметін жүзеге асыру кезінде ұсынатын тауарлар мен қызмет көрсетуге салықтардың (қосылған құн салығын қоса алғанда), баждардың және/немесе алымдардың ешқандай түрі салынбайды.
11.05-бөлім. Күмән туғызбау үшін, осы Келісімнің 11-бабы мен Банк құру туралы келісімнің 53-бабының ережелеріне сәйкес салықтардан, баждардан және/немесе алымдардан босату Банктің 1992 жылғы 15 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырып келе жатқан барлық операцияларын қоса алғанда, Банктің бүкіл ресми қызметіне қолданылады.
12-бап. Қаржылық қызмет
Орын алуы немесе қандай да бір уақытта енгізілуі мүмкін болатын кез келген түрдегі қаржылық бақылау, қағидалар немесе мораторий шараларына қарамастан, Банк Қазақстан Республикасында Банк құру туралы келісімнің ережелеріне сәйкес еркін түрде:
(a) кез келген қаражатты, валютаны, қаржы құралдары мен бағалы қағаздарды сатып алу, оларға иелік ету және оны иеліктен айыру, шоттарын кез келген валютада жүргізу, қаржылық мәмілелерге қатысу және қаржылық шарттар жасасу;
(b) өз қаражатын, валютаны, қаржы құралдары мен бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына немесе одан, кез келген басқа елден немесе кез келген басқа елге не Қазақстан Республикасының шегінде аудару және ондағы бар кез келген валютаны кез келген басқа валютаға айырбастау; және/немесе
(c) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында қарыз алуға және несие түрінде ақша беру және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында деноминацияланған облигациялар мен өзге де бағалы қағаздар шығару құқығына ие.
13-бап. Кездесулер мен талқылаулар өткізу еркіндігі
13.01-бөлім. Банк кез келген комиссияның, комитеттің немесе кіші топтың кеңестерін (оның ішінде Банк ұйымдастыратын және/немесе шақыратын кез келген халықаралық конференцияларды немесе басқа кездесулерді) және отырыстарын кез келген осындай кеңестің шеңберінде Банктің Тұрақты өкілдігінің үй-жайларында және Қазақстан Республикасы аумағының басқа жерлерінде де шақыруға құқығы бар.
13.02-бөлім. Қазақстан Республикасы немесе тиісті уәкілетті орган Банк шақыратын кеңестер барысында пікірталастардың толық еркіндігіне және шешімдердің қабылдануына ешқандай кедергі болмайтынына кепілдік береді.
14-бап. Көлік және байланыс
14.01-бөлім. Банктің Тұрақты өкілдігінің барлық кіріс және шығыс ресми хабарлары, олар қандай тәсілмен және қандай нысанда берілген болса да цензурадан және ұстап қалудың немесе араласудың кез келген нысанынан иммунитетке ие болады.
14.02-бөлім. Банк Қазақстан Республикасында кодтарды пайдалануға, хат-хабар және басқа хабарларды дипломатиялық курьерлер мен дипломатиялық поштаға берілетіні сияқты артықшылықтар, ерекшеліктер және иммунитеттер қолданылатын курьер арқылы не мөрленген сөмкелерде жөнелту және алу құқығына ие.
14.03-бөлім. Банк және оның қызметкерлері Қазақстан Республикасы коммуникациясының тиісті желілері мен жабдықтарына қол жеткізуге рұқсат алады, сондай-ақ жерсеріктік, мобильдік және/немесе өзге де байланысты қоса алғанда, Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен өздерінің байланыс жабдықтарын пайдалануға құқылы.
14.04-бөлім. Банк Қазақстан Республикасының шегіндегі, сол сияқты оның шегінен тыс жерлердегі Банктің Тұрақты өкілдігімен байланысты қамтамасыз ету үшін қажет болуы мүмкін бағытты байланыс құралдарын және басқа да хабар қабылдау және тарату құралдарын Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында орнатуы және пайдалануы мүмкін.
14.05-бөлім. Радиобайланыс құралдарын пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына және Халықаралық электр байланысы одағы ережелерінің, олардың осы Келісімнің ережелеріне қайшы келмейтін және оларға нұқсан келтірмейтін бөлігіне сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін. Банктің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының құзыретті органдары Банктің Тұрақты өкілдігінің радиотаратқыштары жұмыс істейтін жиіліктерді береді.
14.06-бөлім. Банктің Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметтік байланыс құралдарына (оның ішінде, пошта хат-хабарын, электрондық поштаны және электрондық хат жазысуларды, жеделхаттарды, телекстерді, радиограммаларды, телефаксті, телефонды, баспасөз релиздерін, интернет-ресурстары және басқа да байланыс құралдарын қоса алғанда) қатысты Қазақстан Республикасының бақылауымен кез келген құралдарды пайдалану арқылы Қазақстан Республикасы Банкке қатысты Қазақстан Республикасында кез келген басқа халықаралық ұйымдардан немесе дипломатиялық өкілдіктерден алынатын төлемақы мөлшерлемелерінің қолданылуын қамтамасыз етеді.
14.07-бөлім. Қазақстан Республикасы Банкке және/немесе оның қызметкерлеріне, көлік құралдарының пайдаланылуына қолданылатын, Қазақстан Республикасында кез келген басқа халықаралық ұйымдарға немесе дипломатиялық өкілдіктерге берілуі мүмкін мөлшерлемелер мен режимдерді ұсынуды қамтамасыз етеді.
15-бап. Жол жүру және тұру
Қазақстан Республикасы немесе тиісті уәкілетті орган қызметтік істері бойынша Қазақстан Республикасына келетін адамдардың мына санаттарына:
(a) Банктің Басқарушылар кеңесінің мүшелеріне, олардың орынбасарларына, кеңесшілеріне және олардың ресми делегацияларының басқа да мүшелеріне, сондай-ақ олардың жұбайларына (зайыптарына);
(b) Банк қызметкерлеріне және олардың асырауындағы адамдарға Қазақстан Республикасына кедергісіз келуді, онда тұруды және Қазақстан Республикасынан кедергісіз шығуды қамтамасыз етудің барлық қажетті шараларын қолданады.
Егер Банк құру туралы келісімде өзгеше көзделмесе, осы баптың (a) және (b) тармақшаларында көрсетілген адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келу, одан шығу, онда тұру, жүру, транзиттік жүріп өту, болу мерзімдерін ұзарту немесе қысқарту тәртібі, сондай-ақ мұндай адамдарға визалар беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында реттеледі.
16-бап.
16.01-бөлім. Банк құру туралы келісім ережелері сақталған жағдайда Банк Қазақстан Республикасы аумағының шегінде қызметтің барлық түрлерін еркін жүзеге асыра алады.
16.02-бөлім. Банк толық немесе ішінара қаржыландыратын мемлекеттік, оның ішінде өңірлік және/немесе қалалық және/немесе жеке секторлардың ұйымдары үшін тауарлар беруге, жұмыстар орындауға және/немесе қызметтер көрсетуге кез келген шарттар бойынша сатып алу оларға мезгіл-мезгіл енгізілетін өзгерістер ескеріле отырып, қатаң түрде Банктің Тауарлар мен қызмет көрсетуді сатып алу қағидаттары мен қағидаларына сәйкес жүргізілуі тиіс.
16.03-бөлім. ЕҚДБ-ның қызмет көрсетуіне және/немесе қаржыландыруына қол жеткізуге мүмкіндігі бар мемлекеттік (оның ішінде өңірлік және/немесе қалалық) және/немесе жеке секторлардың ұйымдарын іріктеу үшін Банк конкурстық рәсімдерді пайдаланбайды.
17-бап. Банк қызметкерлеріне, олардың асырауындағы адамдар мен олардың үйлерінде қызмет көрсететін персонал мүшелеріне қатысты артықшылықтар мен иммунитеттер
17.01-бөлім. Банк қызметкерлеріне Банк құру туралы келісімнің
VIII тарауына сәйкес берілетін иммунитеттерге, артықшылықтарға және алып қоюға қосымша ретінде Банк қызметкерлері Қазақстан Республикасында мынадай иммунитеттерді, артықшылықтарды және алып қоюды пайдаланады:
(a) Банктің өз қызметкерлері үшін оның Директорлар кеңесі бекіткен қағидаттар мен нормативтерге сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру және медициналық сақтандыру жүйесінің өз жоспарлары бар екені ескеріле отырып, Банк қызметкерлері Қазақстан Республикасында қолданыстағы немесе қандай да бір уақытта енгізілген әлеуметтік қамсыздандырудың кез келген жүйелеріне және/немесе мемлекеттік зейнетақы қорларына қатысудан босатылады. Сонымен бірге, Банк қызметкерлері Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында рұқсат етілген жағдайларда, Қазақстан Республикасында әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне және/немесе мемлекеттік сақтандыру жүйелеріне ерікті негізде және өз есебінен қатысуға шешім қабылдай алады. Кез келген жағдайда Банктің кез келген қызметкеріне қатысты қолданылатын Қазақстан Республикасында әлеуметтік қамсыздандыру бойынша кез келген жарналардың төленуі немесе алымы үшін Банк жауапты болмайды;
(b) Банк қызметкерлері, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын Банк қызметкерлерін қоспағанда, қолайлылығы дипломатиялық өкілдіктердің салыстырмалы дәрежесіне ие лауазымды тұлғаларына берілетіннен кем болмайтындай тәртіппен және бөлігінде валюталық шектеулерден босатылады;
(c) Банк қызметкерлеріне халықаралық дағдарыстар туындаған кезеңде – өздерінің асырауындағы адамдарымен және үйде қызмет көрсететін персонал мүшелерімен репатриациялау үшін – дипломатиялық өкілдерге берілетіндей мүмкіндіктер беріледі. Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын Банктің қызметкерлеріне қолданылмайды;
(d) Банктің Тұрақты өкілдігіне іссапарға жіберілген Банк қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында әкелуге және/немесе әкетуге тыйым салынған заттарды қоспағанда, өздерінің жиһаздарын, аспаптарын, тұрғын үйін жайластыру үшін қажетті заттары мен көлік құралдарын қоса алғанда, жеке заттарын кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды төлемей, сондай-ақ импортқа тыйым салынбай және шектеусіз әкелу құқығы беріледі. Осы Бөлімнің ережелері Қазақстан Республикасының азаматтарына қолданылмайды.
17.02-бөлім. Банктің Тұрақты өкілдігіне іссапармен жіберілген Банк қызметкерлерінің асырауындағы адамдар Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру мүмкіндігін алады, бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы немесе тиісті уәкілетті орган осы мақсат үшін талап етілетін барлық қажетті рұқсаттар мен құжаттарды береді.
17.03-бөлім. Өкілдік Басшысына, Өкілдік Басшысының орынбасарына және олардың асырауындағы адамдарға Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасында аккредиттелген, салыстырмалы дәрежесіне ие дипломатиялық миссиялар мен дипломатиялық агенттерге берілгенмен бірдей, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдарға Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы Вена конвенциясына сәйкес мәртебе, құқықтар, иммунитеттер, артықшылықтар мен жеңілдіктер, осы мәртебе, құқықтар, иммунитеттер, артықшылықтар мен жеңілдіктер Банк құру туралы келісім шеңберінде оларға берілген мәртебені, құқықтарды, иммунитеттерді, артықшылықтар мен жеңілдіктерді кемсітпейтін және заңды күшінен айырмайтын жағдайда беріледі.
Осы бөлімнің ережелері Қазақстан Республикасының азаматтарына қолданылмайды.
17.04-бөлім. Қазақстан Республикасы Өкілдік Басшысы мен Өкілдік Басшысының орынбасарына және олардың жұбайларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары және/немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдар болып табылмайтын Банктің Тұрақты өкілдігіне жіберілген, Банктің барлық қызметкерлеріне тиісті тіркеу карточкаларын береді. Мұндай тіркеу карточкалары Банк құру туралы келісімнің, осы Келісімнің және Тараптар арасындағы өзге де қолданыстағы немесе болашақ келісімнің, кез келген халықаралық конвенцияның және Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамалық актісінің талаптарына сәйкес Банк қызметкерлеріне берілетін иммунитеттерді, артықшылықтар мен жеңілдіктерді растайды және куәландырады. Кез келген жағдайда Қазақстан Республикасы Өкілдіктің Басшысына және Өкілдік Басшысының орынбасарына 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес салыстырмалы дәрежедегі дипломатиялық өкілдерге берілетін жағдайлармен салыстырғанда қолайлығы төмен қандай да болмасын жағдайды қолданбайтын болады.
17.05-бөлім. Осы Келісімде көзделген артықшылықтар, иммунитеттер, алып қою мен жеңілдіктер жекелеген адамдардың жеке басының пайдасы үшін емес, Банктің мүддесі үшін беріледі. Егер Банктің пікірі бойынша, мұндай иммунитет сот төрелігін орындауға кедергі болса және иммунитеттен бас тарту осы иммунитеттер берілген мақсаттарға нұқсан келтірмесе, Банк Банктің кез келген қызметкеріне берілген иммунитеттен айыруға құқылы және одан айыруға міндетті.
18-бап. Мекенжайлар
Осы Келісімге байланысты хат алмасу мақсаттары үшін, егер тиісті Тарап жазбаша нысанда өзгеше көрсетпесе, мынадай мекенжайлар мен байланыс телефондарының нөмірлері пайдаланылады:
[МИНИСТРЛІК]
[МЕКЕНЖАЙ]
Адресат: [ДЕПАРТАМЕНТ]
Телефон: [ ]
Факс: [ ]
Адресат: [ДЕПАРТАМЕНТ]
Телефон: [ ]
Факс: [ ]
Еуропа Қайта құру және Даму Банкі
One Exchange Square
EC2A 2JN London
United Kingdom – Біріккен Корольдік
Адресат: Бас хатшылық
Телефон: [ ]
Факс: [ ]
Адресат: Заң департаменті
Телефон: [ ]
Факс: [ ]
19-бап. Қорытынды ережелер, Келісімнің күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы
19.01-бөлім. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Қазақстан Республикасының орындағаны туралы жазбаша хабарламаны Банк дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
19.02-бөлім. Қазақстан Республикасы немесе тиісті уәкілетті орган осы Келісімнің ережелерін орындауға жәрдемдесу үшін барлық қажетті шараларды қолданады және Қазақстан Республикасындағы Банк пен оның қызметкерлеріне қатысты мәртебені, иммунитеттерді, артықшылықтарды және алып қоюды растау үшін қажет болуы мүмкін барлық куәліктерді береді.
19.03-бөлім. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалар түрінде ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және 19.01-бөлімде көзделген тәртіппен күшіне енеді.
19.04-бөлім. Қазақстан Республикасы және Банк тиісінше министрлікке және Банктің Тұрақты өкілдігіне Банктің мемлекеттік сектордағы бағдарламалары мен жобаларын іріктеу, дайындау және жүзеге асыру жөніндегі қызметтерді үйлестіруге тапсырма береді.
19.05-бөлім. Осы Келісімнің қолданысы:
(i) егер Қазақстан Республикасы бұдан әрі Банкке мүше мемлекет болып табылмаса;
(ii) Тараптардың өзара келісімі бойынша; немесе
(iii) Тараптардың кез келгенінің екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберуі жолымен тоқтатылуы мүмкін. Осы Келісімнің қолданысы мұндай хабарламаны алғаннан кейін 6 (алты) ай ішінде тоқтатылады.
19.06-бөлім. Егер Тараптар өзге туралы жазбаша нысанда уағдаласпаған болса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату Келісімнің қолданысы тоқтаған кезде Банктің Қазақстан Республикасында аяқталмаған жобалары мен бағдарламаларын Тараптардың орындау барысына әсер етпейді. Бұдан басқа, осы Келісімнің қолданысын тоқтату Банк құру туралы келісім шеңберінде Банкке және/немесе оның қызметкерлеріне берілген мәртебеге, иммунитеттерге, артықшылықтар мен алып қоюға әсер етпейді.
19.07-бөлім. Қазақстан Республикасының қабылдаған міндеттемелері осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін осы Келісімге байланысты Қазақстан Республикасының аумағынан Банк қызметкерлерінің ұйымдасып шығуына, Банктің және оның қызметкерлерінің меншігі мен мүлкін әкетуге қажетті шекте күшінде қалады.
20-бап. Дауларды реттеу
20.1-бөлім. Тараптар осы Келісім бойынша немесе оған байланысты өз араларында туындайтын кез келген дауларды немесе келіспеушіліктерді бітімгерлік келісім жасасу жолымен шешуге ұмтылады. Осы мақсатта Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша екінші Тарап даулар мен келіспеушіліктерді талқылау үшін бастамашы Тараппен дереу кездеседі және бастамашы Тарап бұл туралы жазбаша нысанда сұрайтын болса, кез келген осындай даулар мен келіспеушіліктерге қатысты бастамашы Тарап жасаған кез келген жазбаша өтінішке жазбаша нысанда жауап береді.
20.2-бөлім. Егер қандай да бір дауларды, келіспеушіліктерді немесе оларға байланысты талаптарды 20.1-бөлімде көзделгендей бітімгерлік тәртіппен шешу мүмкін болмаса, 20.1-бөлімде көзделгендей кездесу туралы өтініш жіберілген күннен бастап бір жүз жиырма (120) күн ішінде немесе Тараптардың келісуі бойынша неғұрлым ұзағырақ мерзім ішінде мұндай келіспеушіліктер мыналарды:
(a) үш (3) төреші тағайындалатыны;
(b) ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентінің мақсаттары үшін Тұрақты төрелік соттың Бас хатшысы тағайындаушы саты болып табылатыны;
(c) төреші Тұрақты төрелік соттың Бас хатшысы болып тағайындалған жағдайда Бас хатшы ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентінің 7.2 және/немесе 7.3-баптарына сәйкес бұл функцияларды орындау үшін лайықты деп санаған кез келген адамды таңдауға құқылы;
(d) Гаага төрелік іс жүргізу орны болып табылатыны;
(e) төрелік іс жүргізу ағылшын тілінде жүргізілетіні;
(f) төрелік сот қолданатын құқық халықаралық жария құқық болып табылады, оның көздері осы мақсаттарда мыналар:
(A) Банк құру туралы келісімді және Тараптар үшін міндетті күші бар кез келген тиісті шарттық міндеттемелерді,
(B) жағдайларға қарай мемлекеттер мен халықаралық қаржы мекемелеріне қолданылатын әдеттегі құқықтың кодификацияланған міндетті нормалары ретінде жалпыға бірдей танылған немесе сондай нормалар ретінде бекітілген халықаралық конвенциялар мен шарттардың (тараптар үшін тікелей міндетті күші бар немесе жоқ) ережелерін,
(C) мемлекеттер мен халықаралық қаржы мекемелерінің заңдық міндеттемелер жасау үшін қажетті жан-жақтылыққа, дәйектілікке және ұзаққа жалғасатын практикасын қоса алғанда, халықаралық әдет-ғұрыптардың өзге де нысандары, және
(D) құқықтың қолданылатын жалпы қағидаттарын қамтитыны ескеріле отырып, осы Келісім күніне қолданылатын ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентіне сәйкес төрелік тәртіппен шешіледі;
(g) ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентінің ережелеріне қарамастан, төрелік сот Тараптарға қатысты төрелік ұйғарым шығарылғанға дейін Банкке қарсы қандай да бір уақытша қорғау шараларын немесе талап-арызды қамтамасыз ету шараларын қабылдауға уәкілетті емес және Тараптардың бірде біреуінің төрелік ұйғарымы шығарылғанға дейін Банкке қарсы қандай да бір уақытша қорғау шараларын немесе талап-арызды қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы қолдаухатпен сот билігінің қандай да бір органына жүгінуге құқығы жоқ;
(h) төрелік сот кез келген іс жүргізуді, ұйғарымды немесе төрелік шешімді қарауға және оларға Банк немесе Қазақстан Республикасы тиісінше тәртіппен оның қарауына берген дауларды немесе келіспеушіліктерді осы Келісім бойынша мұндай даулардың немесе келіспеушіліктердің туындауына қарай қосуға уәкілетті, алайда төрелік іс жүргізуге ешқандай өзге тараптар немесе даулар енгізілмейді және ол ешқандай басқа тараптармен немесе даулармен біріктірілмейді.
21-бап. Түсіндіру
21.01-бөлім. Осы Келісім негізгі мақсаты – Банкке өз міндеттерін Қазақстан Республикасында толығымен және тиімді атқаруға және өз міндеттері мен функцияларын орындауға мүмкіндік беру аясында түсіндіріледі.
21.02-бөлім. Осы Келісім Банк құру туралы келісім мен Техникалық жәрдемдесу мен ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімнің кейбір ережелерін растайды және толықтырады және Банк құру туралы келісімнің, атап айтқанда осы Келісімнің VIII тарауының және/немесе Техникалық жәрдемдесу мен ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімнің ережелерінен бас тарту, қабылдамау, өзгерту немесе ішінара күшін жою ретінде қарастырыла алмайды.
2012 жылғы « » __________ ____________ Тараптардың әрқайсысы үшін бір данадан, әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі (2) данада жасалды. Осы үш тілдегі мәтіндердің арасында айырмашылықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.
Қазақстан Республикасы үшін Еуропа Қайта құру және Даму
Банкі үшін
РҚАО-ның Ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.