Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының уақытша еңбек қызметі және Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасы азаматтарының уақытша еңбек қызметі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Босымбекқызы Дүйсеноваға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының уақытша еңбек қызметі және Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасы азаматтарының уақытша еңбек қызметі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.10.2013 № 1105 қаулысымен (06.09.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 6 қыркүйектегі
№ 936 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы
азаматтарының Қытай Халық Республикасындағы және Қытай Халық
Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасындағы уақытша
еңбек қызметі туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі,
бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетіндегі уақытша еңбек қызметін Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының перспективалы саласы ретінде қарастыра отырып,
халықтың еңбек көші-қоны процестерін реттеу және көшіп-қонушы еңбекшілерді әлеуметтік қорғау саласында Тараптардың ынтымақтастығы үшін құқықтық негізді қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
Тараптар мемлекеттерінің еңбек нарығындағы ахуалды ескере отырып, жұмыс күшін тарту және пайдалану процестерін реттеудегі өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:
Кету тарапы – аумағында көшіп-қонушы еңбекшілер тұрақты тұратын және ақы төленетін еңбек қызметімен уақытша айналысу үшін Жұмысқа орналастыру тарапына шығатын мемлекет;
Жұмысқа орналастыру тарапы – аумағында Кету тарапынан келген көшіп-қонушы еңбекшілер жұмысқа орналастырушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес және еңбек шартының (келісімшарттың) талаптарымен ақылы еңбек қызметін уақытша жүзеге асыратын мемлекет;
уәкілетті органдар – Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жүктелетін органдары;
жұмыс беруші – Жұмысқа орналастыру тарапында жұмысқа орналастырушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес және еңбек шартының (келісімшарттың) талаптарымен жұмыс беретін заңды немесе жеке тұлға;
еңбек шарты (келісімшарт) – қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім, оған сәйкес қызметкер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесінің қағидаларын сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, қызметкерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді;
көшіп-қонушы еңбекші – Кету тарапының аумағында тұрақты тұратын, Жұмысқа орналастыру тарапының аумағында ақысы төленетін еңбек қызметімен заңды негізде уақытша айналысатын жеке тұлға;
көшіп-қонушы еңбекшілерді тартуға арналған рұқсат – көшіп-қонушы еңбекшінің Жұмысқа орналастыру тарапының аумағында еңбек қызметін уақытша жүзеге асыру құқығын растайтын, Жұмысқа орналастыру тарапы белгілеген нысандағы құжат;
еңбек жағдайлары – еңбекке ақы төлеу, еңбекті нормалау, жұмыс уақыты мен тынығу уақыты режимінің жағдайлары, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару, қызмет көрсету аймақтарын ұлғайту, уақытша жұмыста болмаған қызметкердің міндеттерін атқару, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тәртібі, техникалық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес өзге де еңбек жағдайлары.
2-бап
Осы Келісімнің күші Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасында жұмыс істейтін көшіп-қонушы еңбекшілеріне және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін көшіп-қонушы еңбекшілеріне қолданылады.
3-бап
1. Көшіп-қонушы еңбекшілердің Жұмысқа орналастыру тарапының аумағына келу, онда болу, кету және еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібі Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасымен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері арасында жасалған халықаралық шарттармен реттеледі.
2. Уәкілетті органдар көшіп-қонушы еңбекшілерді тарту және пайдалану саласындағы ұлттық заңнамада болған өзгерістер туралы бірін-бірі уақтылы хабардар ететін болады.
3. Көшіп-қонушы еңбекші Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасын бұзған жағдайларда, Тараптар оның Кету тарапының аумағына мерзімінен бұрын қайтарылуын талап ете алады.
4-бап
Мыналар осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар болып табылады:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
Қытай Халық Республикасы Үкіметінің атынан – Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі және Қытай Халық Республикасының Адам ресурстары және әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар ететін болады.
5-бап
1. Көшіп-қонушы еңбекшілердің Жұмысқа орналастыру тарапы аумағындағы еңбек қызметі Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен және талаптарда берілетін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат құжаттарының негізінде жүзеге асырылады.
2. Тараптар шетелдік қызметкерлерді тартатын, сондай-ақ тартайын деп отырған қызметкерлер санаттары туралы бірін-бірі хабардар етеді.
3. Көшіп-қонушы еңбекшілер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастары Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес еңбек және (немесе) өзге де шарттармен ресімделеді.
6-бап
Тараптар көшіп-қонушы еңбекшілердің еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы және өзара тиімді жағдайлар жасау мақсатында:
өз мемлекеттерінің еңбек көші-қоны саласындағы ұлттық заңнамалары және Тараптардың еңбек нарығындағы жұмыс күшіне деген қажеттіктер туралы бірін-бірі хабардар етеді;
көшіп-қонушы еңбекшілерді Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес біліктігі жоғары жұмыстарға орналастыруға жәрдемдеседі.
7-бап
Тараптардың бірінің аумағында болған уақытта көшіп-қонушы еңбекшілердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
8-бап
1. Еңбек шарты (келісімшарты) жұмыс берушінің таратылуына не қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты, сондай-ақ көшіп-қонушы еңбекшіге тәуелді емес өзге де жағдайларда бұзылған жағдайда, оған Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасында көзделген өтемақылар қолданылады.
Бұл жағдайда көшіп-қонушы еңбекші Кету тарапы аумағындағы тұрақты тұратын жеріне жұмыс берушінің қаражаты есебінен қайтарылуға жатады.
2. Көшіп-қонушы еңбекші еңбек шарты (келісімшарт) бұзылғаннан кейін Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленген мерзімде Жұмысқа орналастыру тарапының аумағынан кетуге міндетті.
9-бап
Көшіп-қонушы еңбекшінің Жұмысқа орналастыру тарапының аумағына келуіне, осы мемлекетте болуына және одан кетуіне байланысты шығыстар еңбек шартының (келісімшартының) ережелеріне сәйкес жабылады.
Егер осы шығыстарды жабу мәселелері еңбек шартының тиісті ережелерінде көзделмесе, олар жұмыс берушінің есебінен жабылады.
10-бап
1. Егер Тараптар мемлекеттері арасында жасалған халықаралық шарттарда (келісімшарттарда) өзгеше көзделмесе, көшіп-қонушы еңбекшілерге медициналық көмек Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
2. Егер бұл еңбек шартында көзделген болса, көшіп-қонушы еңбекшілердің өз меншікті қаражаты және/немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен ерікті сақтандырудың барлық түрлеріне құқығы бар.
11-бап
1. Көшіп-қонушы еңбекші еңбек қызметін жүзеге асыруға байланысты қайтыс болған жағдайда, Жұмысқа орналастыру тарапының жұмыс берушісі қайтыс болған адамның денесі (мәйіті) мен жеке заттарын Кету тарапының аумағына тасымалдауды ұйымдастырады, осыған байланысты барлық шығындарды көтереді, сондай-ақ қайтыс болу фактісі жөніндегі материалдарды ұсына отырып, Кету тарапының дипломатиялық өкілдігін немесе консулдық мекемесін хабардар етеді.
Тиісті өтемақы төлемдері Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Көшіп-қонушы еңбекшінің қайтыс болуы оның еңбек қызметін жүзеге асыруына байланысты болмаған жағдайда, Жұмысқа орналастыру тарапының жұмыс берушісі қайтыс болу фактісі туралы Кету тарапының дипломатиялық өкілдігін немесе консулдық мекемесін хабардар етеді.
12-бап
1. Көшіп-қонушы еңбекшілердің Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес Кету тарапының аумағына шетелдік валютада ақшалай қаражат әкетуге, жіберуге, аударуға, сондай-ақ – тиісінше Кету тарапы мен Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес жеке мүлкін әкелуге және әкетуге құқығы бар.
2. Көшіп-қонушы еңбекшілердің табысына салық салу Жұмысқа орналастыру тарапының ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде жүзеге асырылады.
13-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер жолымен шешетін болады.
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.
14-бап
1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде көшіп-қонушы еңбекшілерді тартуға берілген рұқсат өзінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күшінде болады.
4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның ережелері көшіп-қонушы еңбекшілердің жұмыс берушімен жасасқан еңбек шарттарына қатысты олар жасалған мерзім аяқталғанға дейін күшінде қалады.
20___жылғы «__» ___________ ________________ қаласында
әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін