Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Байқоңыр» кешенінің аумағында радиожиілік спектрін пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан «Байқоңыр» кешенінің аумағында радиожиілік спектрін пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.09.2014 № 1032 қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 18 қазандағы
№ 1113 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
«Байқоңыр» кешенінің аумағында радиожиілік спектрін пайдалану
жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей
Федерациясының Үкіметі арасындағы
КЕЛІСІМ
(2014 жылғы 30 қыркүйекте күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 6, 59-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартын, «Байқоңыр» кешені бойынша басқа да екіжақты халықаралық шарттарды, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын радиожиілік спектрін пайдалану жөніндегі халықаралық шарттарды негізге ала отырып,
«Байқоңыр» кешені аумағында материалдық-техникалық және технологиялық базаларды дамыту үшін «Байқоңыр» кешенінің аумағында радиожиілік спектрін пайдалану қажеттілігін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдардың мынадай мағыналары бар:
«радиожиілік спектрі» – радиоэлектрондық құралдардың немесе жоғары жиілікті құрылғылардың жұмыс істеуі үшін пайдаланылуы мүмкін Халықаралық электр байланысы одағы белгілеген шектердегі радиожиіліктер жиынтығы;
«радиожиілік спектрін пайдалану» – электр байланысы қызметін көрсету үшін радиожиілік арнасын немесе радиожиілікті пайдалануға арналған рұқсатты иелену;
«электромагниттік үйлесімділік» – радиоэлектрондық құралдардың және (немесе) жоғары жиілікті құрылғылардың белгіленген сапада қоршаған электромагниттік жағдайда жұмыс істеу қабілеті және басқа да радиоэлектрондық құралдарға және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларға жол берілмейтін радиобөгеуілдерді келтірмеуі;
«радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету» – радиоэлектрондық құралдардың бірлескен жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін ұйымдық-техникалық іс-шаралар жиынтығы.
2-бап
Осы Келісім Тараптардың «Байқоңыр» кешенінің аумағында оны Ресей Федерациясы жалға алатын жағдайларда радиожиілік спектрін пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындайды.
3-бап
Мыналар:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі;
Ресей Тарапынан – Ресей Федерациясы Байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігі осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар болып табылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 29.07.2014 № 839; 26.09.2014 № 1032 қаулыларымен.
4-бап
Ресей Федерациясының заңды және жеке тұлғаларына «Байқоңыр» кешенінің аумағында радиожиіліктерді немесе радиожиілік арналарын пайдалануға арналған рұқсаттар беру Қазақстан Тарапының уәкілетті органымен келісім бойынша Ресей Федерациясында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларына «Байқоңыр» кешенінің аумағында радиожиіліктерді немесе радиожиілік арналарын пайдалануға арналған рұқсаттар беру Ресей Тарапының уәкілетті органымен келісім бойынша Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
Тараптар пайдаланушылардың радиожиілік спектріне тең қол жеткізу қағидаты негізінде «Байқоңыр» кешені аумағында радиожиілік спектрін пайдаланады, бұл ретте егер:
радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатты Ресей Тарапы берсе, онда оны пайдаланғаны үшін төлемдерді төлеу Ресей Федерациясының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізіледі;
радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатты Қазақстан Тарапы берсе, онда оны пайдаланғаны үшін төлемдерді төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізіледі.
6-бап
Тараптар уәкілетті органдар арқылы «Байқоңыр» кешенінің аумағында және кешенге іргелес аумақта радиожиілік спектрін пайдаланушылар үшін радиожиіліктерді иелікке беруге өзара келісулер жүргізеді, бұл ретте «Байқоңыр» кешенін жалға беру шарттарында зымырандық-ғарыштық техниканы пайдалану кезінде Ресей Тарапының радиоэлектрондық құралдарының кедергісіз жұмысын Қазақстан Тарапы қамтамасыз етуге тиіс.
Осы жердің шегінде пайдаланылатын, олардың электромагниттік үйлесімділігіне есептеулер жүргізу үшін уәкілетті органдардың радиоэлектрондық құралдарға қатысты мәліметтерді өзара беруі Тараптардың уәкілетті органдары келіскен тәртіппен жүзеге асырылады.
7-бап
Тараптар уәкілетті органдардың сұрау салуы бойынша 2009 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешеніне бару тәртібі туралы келісімде көзделген тәртіппен радиожиілік спектрін пайдалануды бақылау саласындағы іс-шараларды өткізу үшін уәкілетті орган өкілдерінің «Байқоңыр» кешенінің аумағы мен «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне кіруін қамтамасыз етеді.
8-бап
«Байқоңыр» кешенінде радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатсыз радиожиілік спектрін пайдалануға жол берілмейді.
«Байқоңыр» кешенінде радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаты жоқ адамдар анықталған кезде Тараптар бірін-бірі уәкілетті органдар арқылы анықталған айғақтар туралы хабардар етуге тиіс.
«Байқоңыр» кешенінде радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаты жоқ Ресей Федерациясының не Қазақстан Республикасының заңды тұлғасының немесе азаматының тиісінше қызметін тоқтату азаматы радиожиілік спектрінің пайдаланушысы болып табылатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
«Байқоңыр» кешенінде радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаты жоқ үшінші мемлекеттің азаматы болып табылатын адамның не азаматтығы жоқ адамның қызметін тоқтату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап
«Байқоңыр» кешенінің аумағында радиожиілік спектрін пайдалануға арналған уақытша шектеулер Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын радиожиілік спектрлерін пайдалану мен радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес енгізіледі.
10-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның қолданысын өзінің ұзартпау ниеті туралы ағымдағы кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмейтін мерзімде жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бесжылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
Тараптар арасында осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
12-бап
Осы Келісім оған қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
201_ жылғы «___» __________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін