Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 9 қарашада Астана қаласында жасалған 2000 жылғы 22 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Салық заңдарын сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 21 қазандағы
№ 1121 қаулысымен
бекітілген
2000 жылғы 22 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Салық заңдарын
сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара көмек туралы
келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
ХАТТАМА
(2013 жылғы 21 қарашада күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 1, 8-құжат)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар)
2000 жылғы 22 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Салық заңдарын сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) 10-бабына сәйкес
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің 1-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап
Терминдердің анықтамасы
Осы Келісімнің мақсаты үшін қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:
«салық заңнамасы» - салықтардың, алымдардың (баждардың) және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлерін, оларды Қазақстан Республикасының немесе Беларусь Республикасының аумағында өндіріп алу тәртібін белгілейтін және салықтық міндеттемелердің туындауына, өзгеруіне және тоқтатылуына байланысты қатынастарды реттейтін заңдық нормалардың жиынтығы;
«салық заңнамасын бұзу» - салық төлеушінің бюджет алдындағы міндеттемелерін орындамауынан не тиісінше орындамауынан көрінетін, ол үшін заңдық жауапкершілік белгіленген құқыққа қарсы әрекет немесе әрекетсіздік;
«құзыретті салық органдары»:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті, облыстар және Астана мен Алматы қалалары бойынша салық органдары;
Беларусь Тарапынан - Беларусь Республикасының Салықтар және алымдар министрлігі, Беларусь Республикасы Салықтар және алымдар министрлігінің облыстар және Минск қаласы бойынша инспекциялары;
«орталық құзыретті салық органдары»:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті;
Беларусь Тарапынан - Беларусь Республикасының Салықтар және алымдар министрлігі;
«құзыретті салық органының уәкілетті адамдары»:
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитетінен - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы; Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары, облыстар және Астана мен Алматы қалалары бойынша салық органдарының бастықтары (бастықтарының орынбасарлары);
Беларусь Республикасының Салықтар және алымдар бойынша министрлігінен - Беларусь Республикасының Салықтар және алымдар министрі, Салықтар және алымдар министрінің орынбасарлары, Салықтар және алымдар министрлігінің облыстар және Минск қаласы бойынша инспекцияларының бастықтары (бастықтарының орынбасарлары);
«салық төлеуші» - Қазақстан Республикасының салық төлеушісі немесе Беларусь Республикасының салықтарды, алымдарды (баждарды) төлеушісі;
«сұрау салушы салық қызметі» - салық мәселелері бойынша жәрдем көрсету туралы сұрату жіберетін Қазақстан Республикасының немесе Беларусь Республикасының құзыретті салық органы (бұдан әрі - жәрдемдесу туралы сұрату);
«сұрау салынатын салық қызметі» - жәрдемдесу туралы сұратуды алатын Қазақстан Республикасы және Беларусь Республикасының құзыретті салық органы.».
2-бап
Келісімнің 2-бабында:
үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«жәрдемдесу туралы немесе бастамашылық тәртіппен салық төлеушілердің кірістері, мүлкі, басқа да салық салу объектілері туралы ақпаратты және салық заңдарын сақтауға қатысты өзге де ақпаратты сұрату бойынша ұсынуда;»;
бесінші абзацта «компьютерлік жүйелерді» деген сөздер «ақпараттық жүйелерді» деген сөздермен ауыстырылсын;
алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«салық төлеушілермен және салық органдарымен жұмысты ұйымдастыруда;».
3-бап
Келісімнің 3-бабында:
бірінші абзацтың екінші сөйлемінде «ауызша нысанда жасалуы мүмкін» деген сөздер «байланыстың электрондық арналары немесе факсимильді байланыс арқылы жіберілуі мүмкін» деген сөздермен ауыстырылсын;
алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«сұрату жасалатын салық төлеушінің атауын (тегі, өзінің аты, әкесінің аты (егер онысы болса)), болатын (тұратын жерінің) мекенжайын және есептік (сәйкестендіру) нөмірін;»;
сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Сұрау салу орыс тілінде жасалады және құзыретті салық органының уәкілетті адамы қол қояды.».
4-бап
Келісімнің 4-бабында:
үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Тараптар ақпарат алмасудың мынадай тәртібін белгілеуге (мемлекеттік құпияға жататын немесе заңнамаға сәйкес салық органы бере алмайтын ақпаратты қоспағанда) келісті:
нақты жағдайларға қатысты сұрау салу бойынша;
осы Келісімнің 4-1-бабында аталған кірістердің жекелеген түрлеріне қатысты бастамашылықпен, сондай-ақ мемлекеттің құзыретті салық органының әдеттегі әкімшілік тәжірибесінің барысында алған және басқа мемлекеттің құзыретті салық органының мүддесін білдіруі мүмкін ақпаратқа қатысты.»;
бап мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші абзацтармен толықтырылсын:
«Осы Келісімнің шарттарына сәйкес бір мемлекеттің құзыретті салық органы басқа мемлекеттің құзыретті салық органына, егер бұл әрекеттер егемендікке, қауіпсіздікке, мемлекеттік құрылымға залал келтіруі мүмкін немесе өз мемлекетінің мемлекеттік саясатына қайшы келетін болса, ақпаратты беруге немесе жәрдем көрсетуге міндетті емес. Бір мемлекеттің құзыретті салық органына жәрдемдесу туралы сұрату салуды орындау басқа мемлекеттің құзыретті салық органы, егер оның орындалуын басқа мемлекетте өтіп жатқан тергеу процесі немесе сот талқылауына байланысты жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, кейінге қалдыруы мүмкін.
Егер жәрдем көрсету туралы сұрау салуды сұрау салынатын салық органы орындай алмайтын болса, ол сұрау салу түскен күннен бастап бір ай ішінде бұл туралы жәрдем көрсетуден бас тарту себебін көрсете отырып, сұрау салушы салық органына жазбаша хабарлайды.».
5-бап
Келісім мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:
«4-1-бап
Бастамашылықпен ақпарат алмасу
Әрбір күнтізбелік жыл аяқталған соң арнайы сұрау салмай-ақ бір мемлекеттің орталық құзыретті салық органы басқа мемлекеттің орталық құзыретті салық органына салық төлеушілерге қатысты осы баптың екінші абзацында көрсетілген ақпаратты мүмкіндігінше қысқа мерзімде береді.
Бастамашылықпен ақпарат алмасу табыстардың мынадай түрлеріне қатысты өтеді:
а) ұйымдар, серіктестіктер, пайлық инвестициялық қорлар бойынша:
дивидендтер;
пайыздар;
роялти;
салық органы ақпарат жіберетін мемлекеттің аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікті иеліктен айырудан түскен табыстар;
салық органы ақпарат жіберетін мемлекеттің салық төлеушісі болып табылатын ұйымның үлестерін (пайларын, акцияларын) иеліктен айырудан түскен табыстар;
б) жеке тұлғалар бойынша:
дивидендтер;
пайыздар;
роялти;
еңбек шарттары (келісімшарттары) бойынша табыстар;
салық органы ақпарат жіберетін мемлекеттің аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікті иеліктен айырудан түскен табыстар;
салық органы ақпарат жіберетін мемлекеттің салық төлеушісі болып табылатын ұйымның үлестерін (пайларын, акцияларын) иеліктен айырудан түскен табыстар.».
6-бап
Келісімнің 5-бабында:
екінші абзацта «заңды тұлғаларды» деген сөздер «салық төлеушілерді» деген сөздермен ауыстырылсын;
үшінші абзацта «заңды және жеке тұлғалардың» деген сөздер «салық төлеушілердің» деген сөздермен ауыстырылсын;
төртінші абзацта «заңды тұлғалардың» деген сөздер «салық төлеушілердің» деген сөздермен ауыстырылсын.
7-бап
Келісімнің 6-бабының бірінші абзацында «салықтық тергеуді орындау» деген сөздер «салықтардың, алымдардың (баждардың) толық және уақтылы төленуін бақылау» деген сөздермен ауыстырылсын.
8-бап
Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарлама күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Хаттама өз қолданысын Келісімнің қолданысының тоқтатылуымен бір мезгілде тоқтатады.
2012 жылғы 9 қарашада Астана қаласында әрқайсысы қазақ, беларусь және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.
Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін