Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы
2012 жылғы 22 қазанда Венада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі,
екі мемлекет арасындағы жүктерді тасымалдауды реттеуге ниет білдіре отырып, атап айтқанда Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасында шуды және көлік құралдарының атмосфераға зиянды шығарындыларын азайту арқылы қоршаған ортаның жағдайын жақсарту мақсатында,
автомобиль көлігімен жүктердің құрамдастырылған тасымалдарын неғұрлым кеңінен пайдалануға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қолданылу саласы
1. Осы Келісім Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы
арасындағы Жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарына (екі жақты
тасымалдар, транзиттік тасымалдар, үшінші елдерге/елдерден тасымалдар) қолданылады.
2. Осы Келісімнің көліктік тасымалдаушылар мен тасымалдар түрлеріне қарай мынадай халықаралық:
а) жүк көлік құралдарымен тасымалдауға;
b) жүк көлік құралдарының бос жүріп өтуін қоса алғанда, жалға және сыйақы үшін тасымалдауға;
с) жүк көлік құралдарының бос жүріп өтуін қоса алғанда, өз есебінен тасымалдауға;
d) құрамдастырылған тасымалдарға қатысы болады.
3. Қазақстандық тасымалдаушылар өз қалауы бойынша
құрамдастырылған тасымалдар қызметтерін пайдалануы мүмкін және
тасымалдардың осы түрі олар үшін Австрия Республикасының аумағында
міндетті болып табылмайды.
Қазақстандық тасымалдаушылар құрамдастырылған тасымалдар қызметтерін пайдаланған жағдайда, олар Австрия Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2-бап
Ұлттық заңнамаларды қолдану
Осы Келісімде, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері жасасқан халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешіледі.
3-бап
Терминдер мен анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мәні бар:
1. «Тасымалдаушы» Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген және жүктердің тасымалдауды жүзеге асыруға құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді.
2. «Жүк көлік құралы» олардың ішінде ең болмағанда автомобиль немесе ершікті тартқыш Тараптардың бірінің мемлекетінде тіркелген, ершікті тартқыштарды, құрамында ершікті тартқыш пен жартылай тіркемесі бар автопоездарды, автопоезды, тіркемелерді және жартылай тіркемелерді қоса алғанда, жүктерді тасымалдауға арналған кез келген автомобильді білдіреді.
3. «Құрамдастырылған тасымалдар» деп осы Келісімнің мәні тұрғысынан мынадай:
а) егер олар ең қысқа, қабылданған және экономикалық тұрғыдан қолайлы маршрут бойынша жүзеге асырылатын болса және егер жүк тиеу станциясы/жүк тиеу өзен порты (терминал) мемлекеттердің бірінде орналасатын болса (тиеу пунктіне дейінгі тасымалдар), жөнелтушіден ең жақын техникалық жарамды терминалға дейін автомобильді жүк көлік құралдарымен;
b) осы баптың 2-тармағына сәйкес немесе ауысымды контейнерлерде немесе ұзындығы кемінде 6 м (контейнерлік тасымалдар) контейнерлерде жүк көлік құралымен темір жолда немесе теңіз кемесінде жүк тиеу станциясынан/жүк тиеу өзен портынан жүк түсіру станциясына/жүк түсіру өзен портына дейін әрі Тараптардың екі мемлекетінің немесе екі Тарап мемлекеттерінің мемлекеттік шекарасын кесіп өту қажет;
с) егер олар ең қысқа, қабылданған және экономикалық тұрғыдан қолайлы маршрут бойынша жүзеге асырылатын болса және жүк түсіру станциясы/жүк түсіру өзен порты (терминал) мемлекеттердің бірінде орналасқан болса, жақын орналасқан техникалық жағынан жарамды терминалдан алушыға дейін көлік құралдарымен (жүк түсіру пунктінен тасымалдар) жүк тасымалдаулар есептеледі.
4. «Жалға және сыйақыға тасымалдау» табыс немесе басқа да
экономикалық пайда алу мақсатында жүзеге асырылатын жүк көлік
құралдарымен тасымалдауды білдіреді.
5. «Өз есебінен тасымалдау», егер мынадай шарттар сақталса, жүк
көлік құралдарымен тасымалдауды білдіреді:
а) тасымалданатын жүк кәсіпорынның меншігі болуы тиіс немесе ол осы кәсіпорын сатқан, сатып алған, жалға алған, лизингке алған, өндірген, алған, қайта өңдеген немесе жетілдірген жүк болуы тиіс;
b) тасымалдар жүкті кәсіпорынға әкелу, оны кәсіпорыннан әкету немесе оны кәсіпорынның ішінде не одан тысқары тек өз мұқтаждары үшін тасымалдау үшін жүзеге асырылуы тиіс;
с) тасымалдау үшін пайдаланылатын жүк көлік құралдарын осы кәсіпорынның қызметкерлері болып табылатын жүргізушілер жүргізуі тиіс;
d) жүкті тасымалдайтын жүк көлік құралдары кәсіпорынның меншігі, олар бөліп өтеуге сатып алынған немесе жалға алынған болуы тиіс;
е) тасымалдар кәсіпорынның жалпы қызметі шеңберінде тек қосалқы қызметті білдіруі тиіс.
6. «Каботаж» бір Тарап мемлекеті тасымалдаушысының екінші Тарап
мемлекетінің аумағында орналасқан екі пункттің арасындағы жүк
тасымалдауын білдіреді.
4-бап
Құзыретті органдар
Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі;
Австрия Тарапынан - Австрия Республикасы Федералдық Көлік, инновациялар және технологиялар министрлігі болып табылады.
Құзыретті органдардың ресми атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін шұғыл хабардар етеді.
5-бап
Рұқсатты талап ететін тасымалдар
1. Осы Келісімнің 1-бабында санамаланған тасымалдарды жүзеге асыру үшін аумағында автомобиль жүк тасымалдары жүзеге асырылатын
мемлекеттің құзыретті органы беретін рұқсаттар талап етіледі.
2. Рұқсаттар осы Келісімнің 10-бабына сәйкес беріледі, атап айтқанда:
а) әмбебап рұқсаттар (екі жақты, транзиттік тасымалдар үшін жарамды);
b) егер маршрут тасымалдаушы болатын сол мемлекеттің аумағы бойынша өтсе, үшінші елдерге/елдерден тасымалдауға арналған рұқсат (үшінші елдің аумағына/аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағынан/аумағына тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жарамды).
6-бап
Рұқсатты талап етпейтін тасымалдар
1. Рұқсаттар:
а) пошта тасымалдау;
b) зақымдалған немесе жөндеуді қажет ететін көлік құралдарын тасымалдау;
с) жануарлардың денелерін кәдеге жаратуға тасымалдау;
d) аралар мен балық шабақтарын тасымалдау;
е) арнайы жерлеу ұйымдарында тіркелген қайтыс болғандардың мәйіттері мен күлін тасымалдау;
f) тіркеменің толық салмағын қоса алғанда, барынша рұқсат етілген толық салмағы 6 тоннадан аспайтын немесе тіркемені қоса алғанда, барынша рұқсат етілетін пайдалы жүктемесі 3,5 тоннадан аспайтын жүк көлік құралдарымен тасымалдау;
g) шұғыл жағдайларда, атап айтқанда зілзалалар жағдайында және гуманитарлық көмек үшін қажетті жүктерді тасымалдау;
h) арнайы көлік құралдарымен бағалы жүктерді (мысалы, бағалы металдарды) тасымалдау;
і) теңіз кемелеріне және ішкі жүзу кемелеріне, сондай-ақ ұшақтарға арналған қосалқы бөлшектерді тасымалдау;
j) олар тіркелген мемлекетінен тыс жерде ауыстыру үшін, сондай-ақ істен шыққан жүк көлік құралына берілген рұқсат негізінде ауыстырылған жүк көлік құралымен тасымалдауды жалғастыру үшін жіберілген жүк көлік құралының бос рейстері;
k) жәрмеңкелер мен көрмелер үшін өнер туындылары мен заттарды тасымалдау;
l) жарнамалық немесе оқыту мақсаттарына арналған жүктерді тұрақты емес тасымалдау;
m) радиохабарларды, фильмдер мен телехабарды жасауға арналған театр, музыка, кинематография, спорт және цирк іс-шараларына жабдықтарды, керек-жарақтарды және жануарларды, сондай-ақ көрмелерге немесе жәрмеңкелерге арналған жабдықтарды, керек-жарақтарды және экспонаттарды тасымалдау үшін талап етілмейді.
2. Тасымалдаушы рұқсатты қажет етпейтін бос жол жүру осы баптың 1-тармағына сәйкес тасымалдауға байланысты жүзеге асырылатынын дәлелдеуі тиіс. Осы баптың 1-тармағына сәйкес рұқсатты қажет етпейтін тасымалдарға байланысты бос жол жүрудің болу дәлелдемесін көліктік жүккұжаттың көмегімен беру қажет.
7-бап
Рұқсаттардың мазмұны
1. Осы Келісімнің 6-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда,
рұқсат әрбір автокөлік құралы үшін берілуі тиіс.
2. Рұқсат мынадай ақпаратты:
а) тасымалдаушының атауы мен мекенжайын;
b) жүк көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірін;
с) жүк көлік құралының пайдалы жүктемесінің рұқсат етілген ең жоғары массасы мен рұқсат етілген ең жоғары толық салмағын;
d) тасымалдау түрін (жалға және сыйақы үшін тасымалдау, өз есебінен тасымалдау, бос жол жүру);
е) егер орын алса, пайдаланудың айрықша талаптары мен шарттарын;
f) қолданылу мерзімін қамтуы тиіс.
3. Рұқсат кімнің атына берілсе, оны сол тасымалдаушы ғана
пайдаланады және оны басқаға беруге болмайды.
4. Рұқсаттар бланкілерін бір Тарап мемлекетінің құзыретті органдары екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына жібереді, олар осы баптың 2-тармағының b), с) және d) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты қоспағанда, оларды толтырады және тиісті тасымалдаушыларға береді. Осы баптың 2-тармағының b), с) және d) тармақшаларына сәйкес ақпаратты тасымалдаушы жол жүру басталғанға дейін толтырады.
5. Толтырылған рұқсат бүкіл жол жүру барысында жүк көлік
құралының бортында болуы тиіс және талап ету бойынша бақылаушы ресми
тұлғаларға ұсынылуы тиіс.
6. Осы Келісімнің 12-бабына сәйкес құрылған Бірлескен комиссия осы баптың 2-тармағының ережелерін назарға ала отырып, рұқсаттар берілетін нысан мен тілдерді белгілейді.
8-бап
Каботажға тыйым салу
Каботаждық тасымалдарға тыйым салынады.
9-бап
Тасымалдаушылардың міндеттері және санкциялар
1. Тараптардың тасымалдаушылары, сондай-ақ жүк көлік
құралдарының экипаждары екінші Тарап мемлекетінің аумағында
қатысушылары осы Келісім Тараптарының мемлекеттері болып табылатын
халықаралық шарттардан және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық
заңнамаларынан туындайтын міндеттемелерді сақтауға міндетті.
2. Тасымалдаушы немесе жүк көлік құралдарының экипаждары басқа
мемлекеттің аумағында осы баптың 1-тармағының ережелерін елеулі және
бірнеше мәрте бұзған жағдайда, аумағында жүк көлік құралы тіркелген
мемлекеттің құзыретті органдары аумағында бұзушылық орын алған
мемлекеттің құзыретті органдарының талап етуі бойынша мынадай
шараларды қабылдауы мүмкін:
а) тасымалдаушыға осы баптың 1-тармағының ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескерту;
b) тасымалдаушыны осы Келісімнің қолданылу аясына түсетін халықаралық жүк тасымалдарынан уақытша шеттету;
с) тасымалдаушыға рұқсаттар беруді тоқтату.
3. Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін
бірнеше мәрте бұзған тасымалдаушыларға берілген рұқсаттардың
мойындалмауы мүмкін екендігімен келіседі.
4. Екі Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімнің
барлық бұзушылықтары туралы және осы баптың 2-тармағына сәйкес
қабылданған шаралар туралы бір-біріне хабарлайды.
10-бап
Рұқсаттарды келісу және қолдану тәртібі
1. 12 айға арналған рұқсаттардың саны Бірлескен комиссияның
отырысы барысында немесе осы Келісімінің кіріспесінде аталған қағидаттар мен критерийлерді есепке ала отырып, хат жазысу арқылы жыл сайын келісіледі.
2. Рұқсаттар бір рет тікелей және кері жол жүру үшін пайдаланылады. Рұқсат тек оның қолданылу мерзіміне және егер Бірлескен комиссия өзге рәсімді белгілемейтін болса, осы кезеңнен кейінгі бір ай ішінде ғана жарамды.
11-бап
Көлік құралдарына қойылатын арнайы талаптар
Қоршаған ортаны қорғау мақсатында қазіргі заманғы экологиялық зиянсыз жүк көлік құралдарын пайдалану қажет. Бірлескен комиссия осындай жүк көлік құралдарын пайдалануға ықпал ететін шаралар бойынша ұсыныстар дайындайды.
12-бап
Бірлескен комиссия
1. Тараптар осы Келісімнің ережелерін тиістінше орындау және оны орындауға байланысты мәселелерді талқылау мақсатында Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының құзыретті органдары мен қауымдастықтары өкілдерінен және Австрия Тарапынан Австрия Республикасының құзыретті органдары мен әлеуметтік әріптестік ұйымдары өкілдерінен тұратын Бірлескен комиссия құрады.
2. Бірлескен комиссия отырыстары Тараптардың бірінің бастамасы бойынша кезекпен Тараптардың әрқайсысының мемлекеті аумағында шақырылады.
3. Басқа әкімшілік мәселелерге жататын істерді шешу кезінде Бірлескен комиссия Тараптар мемлекеттерінің басқа құзыретті органдарының өкілдерімен консультация жүргізуі және қажет болған жағдайда оларды Бірлескен комиссия отырысына қатысу үшін тартуы мүмкін.
13-бап
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі, қолданылуын тоқтату
Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың жазбаша хабарламаларының соңғысы алынған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Осы Келісімнің қолданылуы Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданысын соңғысының тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.
2012 жылғы «22» қазанда Вена қаласында әрқайсысы қазақ, неміс және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Австрия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2012 жылғы 22 қазанда Венада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
Басқарма бастығы Д. Есентаев
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің неміс тіліндегі мәтіні берілген.