Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сумен
жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж., № 17, 141-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 19, 147-құжат; № 24, 180-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; № 23, 114-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 2-3, 15-құжат; № 15-16, 76-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 7-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 11, 102-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 3, 27-құжат; № 14, 92-құжат, № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 79, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 10-құжат; 2014 жылғы 15 сәуірде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2), 2-3), 3-1), 13-2), 13-3), 17-1), 24-1), 31-1), 31-2), 35-1), 58-1) тармақшалармен толықтырылсын:
2-1) ауыз су – табиғи күйдегі немесе өңделгеннен кейін сапасы бойынша нормативтік талаптарға сай келетін және халықтың ауыз су және тұрмыстық мұқтаждығына не тамақ өнімдері өндірісіне арналған су;
2-2) ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау – ауыз суды жинауды, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды және тұтынушыларға беруді қамтамасыз ететін технологиялық процесс;
2-3) елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау жүйесі – тұтынушыларды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су тарту, тазартқыш құрылыстарды, таза су резервуарларын, су құбырының сорғы станцияларын және желілерді біріктіретін өзара байланысқан су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені;
3-1) баланстық тиесілілікті бөлу шекарасы – сумен жабдықтау және су бұру жүйелері элементтерін иеленушілер арасында меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару белгісі бойынша бөлу сызығы;
13-2) зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануы – су бұру жүйелеріне ағызылатын, тұтынушының өнеркәсіптік сарқынды сулардың құрамындағы тұтынатын зиянды заттардың жол берілетін шамасы;
13-3) су құбырын енгізу – қосылу нүктесіндегі тиекті арматурасы бар құдықты қоса алғанда, сумен жабдықтаудың тарату желісінен ғимараттағы бірінші ысырмаға дейінгі құбыр;
17-1) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы – тараптардың келісімімен белгіленетін міндеттер (оларды пайдалану жауапкершілігі) белгісі бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелері элементтерінің бөлу сызығы. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілілігін бөлу шекарасы бойынша белгіленеді;
21-1) сарқынды суларды тазартқыш құрылыстар кешені – елді мекендердің сарқынды суларын химиялық реагенттерді қолданып немесе қолданбай тоған-жинағыштарды, биологиялық тоғандарды, сүзгілеу алаңдарын, буландырғыш алаңдарды, сарқынды сулардың шөгіндісін өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі құрылыстарды қоса алғандағы механикалық және биологиялық тазарту құрылыстары;
24-1) су бұрудың шектелімді тазартқыш құрылыстары – елді мекеннің су бұру жүйесіне немесе су объектісіне сарқынды суды ағызар алдында тұтынушының өзінің сарқынды суын тазартуға арналған құрылыстары мен құрылғыларының жиынтығы;
31-1) суды есепке алу аспабы – нормаланған метрологиялық сипаттамасы бар, белгілі бір уақыт аралығы ішінде физикалық шама бірлігін жаңғыртатын және сақтайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммерциялық есепке алу үшін қолдануға рұқсат етілген, су көлемін (ауыз су, техникалық, сарқынды су және судың басқа да түрлері) өлшеуге арналған техникалық құрал;
31-2) судың коммерциялық есебі – сумен жабдықтау және су бұру жөнінде тараптар арасындағы шарт бойынша өзара есеп айырысу үшін қажетті су көлемінің есебі;
35-1) сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйым – ауыз, шаруашылық-тұрмыстық және техникалық сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлға;
58-1) тұтынушы – ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық, техникалық сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерін шарттық негізде пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
2) 3-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын;
«8) сумен жабдықтау және су бұру саласындағы құқықтық қатынастар қатысушыларының қызығушылықтары балансын қамтамасыз ету.»;
3) 9-бап мынадай мазмұндағы 12), 13), 14), 15), 16) тармақшалармен толықтырылсын:
«12) жобалау және құрылыс кезінде сумен жабдықтаудың және су бұрудың ажырамастығы мен өзара байланыстылығы;
13) сумен жабдықтау және су бұру қызметінің ақылылығы;
14) сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымдардың және тұтынушылардың құқықтары мен қызығушылықтарының теңгерімділігі;
15) энергия және су үнемдеу технологияларын ендіру мен басымдықпен дамыту үшін жағдайлар жасау;
16) ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйелерін және су бұру, ауыз сумен жабдықтау және су бұру саласында ғылыми зерттеулер, жобалаулар жүргізу жүйелерін реконструкциялау және дамыту.»;
4) 36-бап мынадай мазмұндағы 1-3) тармақшамен толықтырылсын:
«1-3) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде коммерциялық есепке алу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларын бекітеді;»
5) 37-1-бап мынадай мазмұндағы 8-2) және 8-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«8-2) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде коммерциялық су есептеу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларын әзірлейді;
8-3) қалаларды сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарын (су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, су желілерінің тазалау құрылыстары) жалға немесе сенімді басқаруға беруді келіседі;»;
6) 39-бап мынадай мазмұндағы 3-1), 3-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«3-1) коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын жалға, сенімді басқаруға немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де басқару нысандарына беруге конкурстарды ұйымдастырады және өткізеді;
3-2) конкурс жеңімпазымен коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын жалға, сенімді басқаруға немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де басқару нысандарына беруге келісімшарттар жасасады, олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;»;
7) 53-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Ауыз судың және тазартылған сарқынды судың сапасын бақылауды сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымдардың зертханалары, шағын елді мекендерде санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау аумақтық органдарының және қоршаған ортаны қорғау аумақтық басқармаларының зертханалары жүзеге асырады»;
8) 16-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«16-тарау. Елді мекендерді ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау, оларға су бұру»;
9) 16-тарау мынадай мазмұндағы 92-1, 92-2, 92-3, 92-4, 92-5, 92-6, 92-7, 92-8, 92-9, 92-10, 92-11, 92-12, 92-13-баптармен толықтырылсын:
«92-1-бап. Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру
жүйелерінің құрамы
1. Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелері елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету объектілеріне жатады.
2. Елді мекендерді сумен жабдықтау жүйелерінің негізгі элементтері:
1) жерүсті және жерасты су көздерінен су тарту құрылыстары;
2) тазартқыш құрылыстар;
3) реттегіш ыдыстар;
4) сорғы станциялары;
5) шектелімді су беру;
6) елді мекеннің тарату желілері;
7) ғимараттарға енгізу;
8) ғимаратарды ішкі сумен жабдықтау жүйелері;
9) суды есепке алу тораптары болып табылады.
3. Елді мекендердің су бұру жүйелерінің негізгі элементтері:
1) ғимараттардың ішкі су бұру жүйелері;
2) ғимараттардан шығару;
3) елді мекеннің орамішілік және көше желілері;
4) коллекторлар;
5) сорғы станциялары;
6) сарқынды сулардың кешенді тазартқыш құрылыстары;
7) су объектілеріне (су шығару) тазартылған сарқынды суларды ағызуға арналған құрылыстар.
92-2-бап. Елді мекендерді ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау жүйелері
1. Елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау жүйелері сумен жабдықтау көзінің типі бойынша және жүйеге кіретін элементтердің құрамы бойынша ерекшеленетін орталықтандырылған, орталықтандырылмаған болып бөлінеді.
2. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері ауыз суды және (немесе) техникалық суды дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және тұтынушыларға беруге арналған бір-бірімен технологиялық байланыспаған кешендер болып табылады.
3. Орталықтандырылмаған сумен жүйелеріне ауыз суды құбырлар арқылы тасымалдамай жинауға және тазартуға арналған су жинау және су тазарту құрылыстары жатады.
4. Шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау жүйелеріне ауыз суды жинауды, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды және шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін тұтынушыларға беруді қамтамасыз ететін құрылыстар жатады.
92-3-бап. Техникалық сумен жабдықтау жүйесі
1. Технологиялық процестері тазартуды талап етпейтін суды пайдаланудан тұратын техникалық сумен жабдықтау жүйесі ұйымдар мен кәсіпорындардың өндірістік қажеттіліктерін сумен қамтамасыз ету үшін құралады.
2. Техникалық сумен жабдықтау схемасын таңдауда айналмалы сумен жабдықтау, суды қайта қолдану қарастырылады.
92-4-бап. Елді мекендердің су бұру жүйесі
1. Елді мекендердің сарқынды суларын үзіліссіз бұруды қамтамасыз ететін су бұру жүйесі өндірістік және атмосфералық, шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды бірлесе және (немесе) бөлек бұруға қызмет етеді.
2. Елді мекендердің су бұру жүйесіне сарқынды суларды қабылдау шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау қағидаларында айқындалады.
3. Елді мекендердің су бұру жүйелеріне қосылмаған тұрғын үйлерден қалған тұрмыстық сұйық қалдықтар, су өткізбейтін науа-ыдысқа құйылып, қоршаған ортаны қорғау аумақтық органдарымен келісілген және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау аумақтық органдары анықтаған арнайы автокөлікпен кейіннен шығарылып және төгетін орындарға жіберілуі қажет. Мұндай жағдайда сұйық тұрмыстық қалдықтардың тазарту деңгейін қамтамасыз ететін, тазаланған сарқынды суларды суаруға пайдалануға мүмкіндік беретін, су объектілеріне не оларды топыраққа ағызып жіберетін шектелімді тазарту құрылыстарын пайдалануға жол беріледі;
4. Ұйымдардың, оның ішінде елді мекендердің су бұру жүйелеріне, тұрғындарға тұрмыстық қызмет көрсетуге шаруашылық-тұрмыстық және өндірістік сарқынды суларын қабылдау төмендегі:
1) елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау ережесіне сәйкес тұтынушының өнеркәсіптік сарқынды суларындағы зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануының құрамы бойынша талаптарға сәйкестігі;
2) су бұру жөніндегі ұйымдардың техникалық жағдайлары талаптарын орындаған.
Басқа жағдайларда сарқынды суларды алдын ала тазарту тұтынушының шектелімді тазарту құрылыстарында жүзеге асырылады.
92-5-бап. Тұрғындарды ауыз сумен және сарқынды суды
бұрумен қамтамасыз етудің кепілі
1. Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке тұлғалар сапа нормативтеріне, сумен жабдықтау және суды бұрудың қосылған желілері болған кезде суды пайдалану және сарқынды суларды бұру нормаларына сәйкес ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
2. Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің иелері тұтынушыларды ауыз сумен және сарқынды суды бұрумен қамтамасыз етудің кепілі болып табылады.
92-6-бап. Ауыз судың сапасын қамтамасыз ету
1. Ауыз судың сапасы, ұлттық стандартқа, санитариялық қағидаларға, гигиеналық нормативтерге сәйкес болуы қажет және:
1) ауыз сумен жабдықтау көзін және ауыз суды тиісті технологиямен дайындауды таңдау;
2) ауыз суды дайындау үшін белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін және пайдалануға қауіпсіз екендігін растайтын сертификаттары бар жабдықтарды, материалдарды, реагенттерді пайдалану;
3) кездейсоқ немесе қасақана ластаудан ауыз сумен жабдықтау жүйелері көздерін қорғау, су қорғау зоналарын және санитариялық қорғау зоналарын ұйымдастыру;
4) сумен жабдықтау көздерін қалпына келтіру бойынша іс шараларды іске асыру;
5) елді мекендердің сумен жабдықтау жүйелерін мамандандырылған техникалық пайдалану;
6) ауыз сумен жабдықтау көздеріндегі судың сапасына және сумен жабдықтау көздеріндегі және ауыз сумен жабдықтау жүйелеріндегі, көлік құралдарын ауыз сумен жабдықтау жүйелеріндегі судың санитариялық қағидаларға, гигиеналық нормативтерге сәйкестігіне бақылау жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.
92-7-бап. Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру саласындағы суды есепке алудың жалпы ережелері
1. Тарату желілеріне және тұтынушыларға берілген, көздерден алынған су көлемін толық есепке алу ұйымдастырылады.
2. Суды есепке алу:
1) бірінші, екінші, үшінші және келесі көтерілімдердің сорғы станцияларында;
2) баланстық бөлу шекараларында немесе тұтынушының сумен жабдықтау жүйелерімен пайдаланушылық жауапкершілігі;
3) үйге ортақ көп пәтерлі тұрғын үйлерде міндетті болып табылады.
3. Суды коммерциялық және техникалық есепке алу аспаптарына, оларды орнату орындары мен схемаларына, суды автоматтандырылған есепке алу жүйелеріне қойылатын талап осы Заңда, техникалық регламенттерде, елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде суды коммерциялық есепке алу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану бойынша қағидаларда, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
4. Берілген суға тұтынушылармен есеп айырысулар тұтынушыда орнатылған және коммерциялық сапада пайдалануға жол берілген суды есепке алу құралдары көрсеткіштерінің негізінде жүзеге асырылады.
Суды коммерциялық есепке алуға сезімталдықтың төменгі мәні мен дәлдіктің жоғары метрологиялық класты, елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде коммерциялық су есептеу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына сәйкес көрсетулерді қашықтан алуды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету жүйесінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген, тексеру туралы қолданыстағы сертификаты бар есепке алу құралдарына жол беріледі.
5. Сумен жабдықтау және су бұруға ұсынылған қызмет көлемі коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган бекіткен, елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұруға ұсынылған қызмет көлемі әдістемесіне сәйкес айқындалады.
6. Сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымдар суды есепке алу жөніндегі деректердің негізінде жыл сайын тарату желілеріндегі су ысырабына және кейіннен автоматтандырылған ақпараттық-өлшеу жүйелерін енгізе отырып, деректерді қашықтықтан берудің өзекті құрылғыларымен жабдықталған, тұтынушыдағы суды есепке алу аспаптары арқылы талдау жүргізеді.
7. Суды есепке алу су-энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс шараларды іске асырудың бөлінбейтін бөлшегі болып табылады.
92-8-бап.Суды коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру
1. Үйге ортақ және жеке (пәтер бойынша) көп пәтерлі тұрғын ғимараттарының жобаларында суды коммерциялық есепке алу аспабын міндетті орнату көзделеді.
2. Жаңадан қосылған және қолданыстағы объектілерде және (немесе) үй-жайларда ауыстыру кезінде:
1) заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге А және В метрологиялық кластарға сәйкес келетін, жеке тұлғалар үшін кез келген қалыпта орнату кезінде А метрологиялық класқа сәйкес келетін суық суды есепке алудың аспаптарын;
2) заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер үшін көрсеткіштерді қашықтықтан алу жоқ суық және ыстық суларды коммерциялық есепке алу аспаптарын, жеке тұлғалар үшін көрсеткіштерді қашықтықтан ары қарай беру құрылғысы жоқ суық және ыстық суларды коммерциялық есепке алу аспаптарын пайдалануға жол берілмейді.
3. Елді мекендерді сумен жабдықтау желілеріне қосылған суды коммерциялық есепке алу аспаптары болмаса, жаңа объектілерді пайдалануға жол берілмейді.
92-9-бап. Тұтынушылардың құқығы.
Тұтынушылар:
1) жасалған келісім шартқа сай шаруашылық-ауыз суды тұтыну үшін санитариялық-эпидемиологиялық қағидаларға сәйкес ауыз сумен жабдықтау жүйелері арқылы сумен үзіліссіз қамтылуға;
2) сумен жабдықтау және су бұру бойынша көрсетілген қызмет үшін ақы төлеуге төлем құжатын алуға;
3) ауыз судың сапасы және оны берудің ықтимал тоқтап қалуы туралы ақпаратты алуға;
4) нормативтік талаптарға сай келмейтін, ауыз сумен қамту нәтижиесінде оларға келтірілген зиянның орнын толтыру жөнінде қуыным беруге;
5) сумен жабдықтау және су бұру қызметіне тарифтер жобасын талқылау жөнінде өткізілетін бұқаралық тыңдауға қатысуға;
6) бір айдан кешіктірмей сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымды осы туралы жазбаша ескерткенде келісім шартты бір жақты бұзуға;
7) егер олардың объектілерін азық-түлік өнімдерін өндіруге, денсаулық сақтау саласына, тұрғын үй үшін пайдаланатын болса, ауыз судың сапасы және ауыз суды тұтыну нормаларына сәйкес бірінші кезектегі тәртіппен ауыз сумен жабдықтау жүйесінен ауыз сумен қамтамасыз етілуге;
8) суды есепке алу аспаптары болмағанда, сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымдармен бірлесіп ұсынылған қызметтің ақысына түзету жүргізуге құқылы.
92-10-бап. Тұтынушылардың міндеттері
1. Тұтынушылар:
1) сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйыммен сумен жабдықтауға және су бұруға арналған шарт жасасуға;
2) меншігіндегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің, олардағы басқару тораптарының, суды коммерциялық есепке алу аспаптарының сақталуын және санитариялық және техникалық жай-күйін тиісті жағдайда ұстауға, олардың санитариялық және техникалық жай-күйі жөніндегі талаптарды орындауға;
3) белгіленген тарифтерге сәйкес сумен жабдықтау және су бұру қызметі көрсетілгені үшін уақытылы және толық көлемде ақы төлеуге;
4) заңды тұлғалар сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымның өкілдерінің суды есепке алу аспаптарын бақылауы, көрсеткіштерді алу және жұмысқа қабілеттігін тексеру, өзінің аумағында орналасқан немесе шаруашылық жүргізуіне қарасты сумен/су бұрумен жабдықтау жүйелерінің барлық элементтерінің техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін бақылау үшін, сарқынды сулардың сынамасын алуы үшін, сондай-ақ берешегі болған жағдайда тұтынушыны желілерден ажыратуы үшін олардың кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
5) көп пәтерлі тұрғын үйлерде тұратын тұрғындардан басқа, жеке салынған үйлерде тұратын тұтынушылар үшін елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосылу үшін техникалық жағдайына, мемлекеттік сәулет органдары жасаған сумен жабдықтаудың және су бұрудың меншікті желілерінің атқарушылық түсіріліміне ие болуға;
6) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын, санитариялық қағидаларды сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген талаптарды орындауға;
7) зияңды заттардың жол берілетін шоғырлануынан асатын ластанған сарқынды сулардың ағызылуына жол бермеуге;
8) шаруашылық-тұрмыстық су бұру жүйесіне жауын және сорғытқыш суларының ағызылуына жол бермеуге;
9) сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымдардың рұқсатынсыз меншігіндегі сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосалқы тұтынушыларды қоспауға;
10) сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйымдардың техникалық талаптарын орындауға;
11) заңды тұлғалар сумен жабдықтау және/немесе су бұру шартында белгіленген көлемнен асатын су тұтыну және (немесе) су бұру көлемдерін ұлғайту кезінде сумен жабдықтау және су бұру ұйымдарының техникалық жағдайларын немесе техникалық талаптарын сұрайды;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
92-11-бап. Тұрғын үй кондоминиумдарының құрамына кіретін
сумен жабдықтау және су бұру жүйелері
1. Тұрғын үй кондоминиумдарының құрамына:
сумен жабдықтау бойынша – тұрғын үйлердің сыртқы қабырғалары шекарасы шегінде ішкі сумен жабдықтау жүйелері, оның ішінде ауыз суды қосымша тазалау жөніндегі топтық қоңдырғылар, сутартқыш сорғы қондырғылары;
су бұру бойынша – елді мекендердің су бұру желілеріне қосылатын жердегі бірінші құдыққа дейінгі шығарылуды қоса алғанда, үй ішіндегі жүйелер кіреді.
2. Тұрғын үйлердің ішкі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануды ұйымдастыруды пәтерлер мен үй-жайлардың меншік иелері немесе кондоминиумды басқару органдары жүргізеді.
92-12-бап. Тұтынушының меншігіндегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелері
1. Тұтынушының баланстық тиесілілік шекарасынан су алу нүктесіне дейінгі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтері тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне жатады және оған өз күшімен қызмет көрсетіледі.
2. Тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылғылары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
92-13-бап. Елді мекендердің иесіз ауыз сумен жабдықтау
және су бұру жүйелері
1. Елді мекендердің меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелері және (немесе) олардың құрамдас элементтері иесіз болып табылады.
2. Жергілікті атқарушы орган елді мекендердің иесіз ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін және (немесе) олардың құрамдас элементтерін анықтаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес оларды иесіз жылжымайтын зат ретінде есепке алу жөніндегі рәсімдерді жүргізеді.
3. Елді мекендердің ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелері және (немесе) олардың құрамдас элементтері иесіз жылжымайтын зат ретінде есепте болған уақытта сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі мемлекеттік ұйымға пайдалануға беріледі.
4. Сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі ұйым оған ппайдалануға берілген иесіз сумен жабдықтау желілері бойынша тұрғындарға берілетін ауыз судың сапасын қамтамасыз етеді.».
2. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 13, 99-құжат; 2005 ж., № 9, 26-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 79, 83-құжаттар; № 16, 97-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 14, 105-құжат; № 15, 106, 109-құжаттар; № 16, 129-құжат; № 17, 139-құжат; № 18, 143-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 180-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; № 15-16, 64-құжат; № 21, 95-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 13-14, 62-құжат; № 15-16, 76-құжат; № 17, 79-құжат; № 18, 84, 86-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 49, 50-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 114-құжат; № 15, 120-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 9, 11-құжаттар; № 3, 27-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 11, 80-құжат; № 14, 95-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 77, 79, 81-құжаттар; 2014 ж., № 2, 10-құжат; 2014 жылғы 19 сәуірде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 44-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Объект салу үшiн, ал қажет болған жағдайларда және оның күзет немесе санитариялық-қорғау аймағын белгiлеу үшiн жер учаскесін таңдау нәтижелерiн тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері жер учаскесiн таңдау туралы актiмен ресімдейді. Таңдау актісінде қолданыстағы инженерлік коммуникациялар көрсетіледі, ал қажет болған жағдайда берілетін жер учаскесінің шекарасынан тыс инженерлік коммуникациялардың шығарылуы көрсетіледі. Осы актiге әрбiр жер учаскесін таңдаудың ықтимал нұсқаларына сәйкес оның шекараларының жобалары қоса беріледi.».
3. 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 1, 1-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 11-12, 55-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3, 7-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 129-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 3, 27-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж. № 1, 4-құжат; № 2, 10-құжат; 2014 жылғы 20 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
225-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Сарқынды сулардың тоған-жинағыштары, тоған-буландырғыштары, биологиялық тоғандары, сүзгілеу алаңдары, буландырғыш алаңдары бар табиғат пайдаланушылар оның қоршаған ортаға әсерiн болғызбайтын қажеттi шаралар қабылдауға, сондай-ақ оларды пайдалану тоқтатылғаннан кейiн осы құрылыстар орналасқан жердiң қайта өңделуiн жүзеге асыруға мiндеттi.».
4. «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; № 17, 136-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 16-құжаттар; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 41-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 95-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 15, 82-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 10, 12-құжаттар; 2014 жылғы 15 сәуірде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы):
134-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) елді мекендердің тыныс-тіршілігін (энергиямен, газбен, сумен, жылумен жабдықтау, су бұру және коммуналдық қалдықтарды көму, қалдықтар полигондарын құру және пайдалану) қамтамасыз ету;».
5. «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 3, 20-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; 2014 жылғы 15 қаңтарда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы):
8-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын объектілердің құрылыс жобаларында энергия үнемдейтін материалдарды міндетті пайдалану, энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарын, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату көзделеді.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің жобаларында энергия үнемдейтін материалдарды міндетті пайдалану, жалпы үйдің жылу энергиясын және суды есепке алу аспаптарын, пәтер бойынша электр энергиясын, суық және ыстық суды, газды есепке алу аспаптарын, сондай-ақ жылыту жүйелерінде реттеуші аспаптарды, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату көзделеді.
2. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын, энергетикалық ресурстарды, суды есепке алу аспаптарымен және жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерімен жарақтандырылмаған жаңа объектілерді пайдалануға қабылдауға жол берілмейді.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті