"Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 303 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы

      2015 жылғы 22 қаңтарда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы
      егемендікті құрметтеу, теңдік пен өзара тиімділік негізінде қылмыскерлікке қарсы күрестегі екі ел арасындағы өзара тиімді іс-қимылға ықпал етуге ниет білдіре отырып,
      осы мақсатқа қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тәртібін белгілейтін халықаралық екіжақты шарт жасасу арқылы қол жеткізуге болатынын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Қолданылу аясы

      1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптар сұрау салулар арқылы бір-біріне қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.
      2. Мұндай құқықтық көмек:
      (а) адамның тұрған жерін және жеке басын анықтауды;
      (b) қылмыстық талқылауға жататын құжаттар мен материалдарды табыс етуді;
      (с) Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына өз еркімен келуі үшін куәларды, жәбірленушілерді және сарапшыларды шақыруды;
      (d) дәлелдемелік маңызы бар құжаттарды, материалдар мен заттарды алуды және ұсынуды;
      (е) адамдардан жауаптар мен өтініштерді алуды;
      (f) күзетпен қамауда ұсталатын адамдарды, олардан айғақтар алу немесе басқа да процестік әрекеттерге қатысу үшін уақытша беруді;
      (g) сот сараптамаларын жүргізуді, жергілікті жерді, құжаттарды немесе заттарды қарап тексеруді;
      (h) тінтулерді жүзеге асыруды, дәлелдемелерді алып қоюды, қылмыстық іс-әрекетпен байланысты активтерге қамақ салуды және оларды тәркілеуді;
      (і) ұлттық заңнама туралы ақпарат алмасуды;
      (j) үкімдер туралы және сот жазбалары туралы хабарлауды;
      (k) Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін осы баптың 3-тармағында көзделгеннен басқа, басқа да кез келген құқықтық көмек алуды қамтиды.
      3. Осы Шарт:
      (а) адамдарды қамауға алу шешімдерін және адамның жеке бас бостандығын шектейтін басқа да шараларды орындауға;
      (b) адамдарды ұстап беруге;
      (c) осы Шарттың активтерді тәркілеуге қатысты ережелерін қоспағанда, сот шешімдерін орындауға;
      (d) жазасын өтеу мақсатында сотталған адамдарды беруге; және
      (е) қылмыстық істі талқылауға беруге қатысты қолданылмайды.

2-бап
Қосарлы юрисдикция

      1. Құқықтық көмек сұрау салынатын іс-әрекет Сұрау салынатын Тарапта қылмыс болып табылмайтын жағдайда ұсынылуы мүмкін.
      2. Егер құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу тінту жүргізуді, алып қоюды, активтерге қамақ салу мен оларды тәркілеуді және адамның негізгі құқықтарын қозғайтын не орындарға немесе үй-жайларға басып кіруге және заттарды алып қоюға байланысты басқа да іс-шараларды жүзеге асыруға қатысты болса, сондай-ақ егер осындай сұрау салынып отырған әрекет Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс болып танылса, құқықтық көмек көрсетіледі.

3-бап
Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту немесе оны кейінге қалдыру

      1. Сұрау салынатын Тарап, егер:
      (а) сұрау салуды орындау өзінің ұлттық заңнамасына немесе осы Шарттың ережелеріне қайшы келетін болса;
      (b) сұрау салу түсіп отырған қылмыс Сұрау салушы Тарапта Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында тыйым салынған жаза түрімен жазаланатын болса;
      (с) сұрау салу түсіп отырған қылмыс Сұрау салынатын Тарапта саяси қылмыс не осындай санатқа жататын қылмыс болып табылса. Бұл ретте:
      1) Мемлекет немесе Үкімет басшысын және олардың отбасы мүшелерін өлтіру немесе өміріне, денсаулығына немесе бостандығына қарсы жасалатын өзге де қылмыстар;
      2) терроризм, сондай-ақ екі Тарап қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға, конвенцияларға немесе келісімдерге сәйкес саяси болып табылмайтын өзге де қылмыстар саяси қылмыстар болып табылмайды;
      (d) көмек көрсету туралы сұрау салу жалпы қолданатын әдеттегі қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылмайтын әскери қылмысқа қатысты болса;
      (е) көмек туралы сұрау салу адамның діни сенімі, жынысы, нәсілдік тиесілігі, ұлты немесе саяси нанымдары себептері бойынша қылмыстық қудалау, жазалау немесе оған қарсы басқа да әрекет түрлеріне жәрдемдесу мақсатында не осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп ұйғаруға дәлелді негіздер болса;
      (f) Сұрау салынатын Тарапта сұрау салуда көрсетілген қылмыс үшін нақ сол бір адамға қатысты қылмыстық талқылау басталса немесе соттың түпкілікті шешімі шығарылған болса;
      (g) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне қатер төндірсе не оның ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшылықтың туындауына себеп болса, сұрау салынатын құқықтық көмекті көрсетуден толық не ішінара бас тарта алады.
      2. Сұрау салынатын Тарап, егер сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тарапта жүргізіліп жатқан қылмыстық талқылауға кедергі болса, оны орындауды кейінге қалдыра алады.
      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудан бас тартудан немесе оны орындауды кейінге қалдырудан бұрын құқықтық көмекті белгілі бір шарттарда көрсету мүмкіндігі туралы мәселені қарауға құқылы. Бұл мақсатта Тараптардың осы Шарттың 4-бабына сәйкес айқындалған Орталық органдары өзара консультациялар жүргізеді және Сұрау салушы Тарап келіскен жағдайда оған құқықтық көмек белгілі бір шарттарда келісілген тәртіппен көрсетіледі.
      4. Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмек көрсетуден бас тартқанда немесе оны кейінге қалдырғанда, ол Сұрау салушы Тарапты осындай бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

4-бап
Орталық органдар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар оны іске асыруға жауапты Орталық органдарды айқындайды:
      (а) Қазақстан Республикасы үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Орталық орган болып табылады;
      (b) Италия Республикасы үшін Италия Республикасының Әділет министрлігі Орталық орган болып табылады.
      2. Орталық орган өзгерген жағдайда Тараптар ол туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
      3. Осы Шартты іске асыру кезінде Орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

5-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалып, оған уәкілетті адам қол қояды және Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының мөрімен куәландырылады.
      2. Сұрау салуда мыналар:
      (а) тергеу жүргізетін құзыретті органның атауы;
      (b) қылмыстың жасалған уақыты мен орнын және келтірілген зиян бар болған жағдайда оны көрсете отырып, қылмыс фактілерінің сипаттамасы;
      (c) қылмыстық жауаптылық мерзімінің өтуі туралы ережелерді  және құқықтық көмек сұратылып отырған қылмыс үшін жауаптылық көзделетін қылмыстық заңнамадан үзінді көшірмені қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелеріне нұсқама;
      (d) сұрау салынатын іс-шаралардың сипаттамасы;
      (е) негізделген шұғыл жағдайларда, сұрау салуды орындауға болатын мерзімді көрсету;
      (f) осы Шарттың 6-бабының 3-тармағына сәйкес сұрау салуды орындау кезінде қатысуы қажет адамдарды көрсету;
      (g) осы Шарттың 10-бабына сәйкес Сұрау салушы Тараптың аумағына келу үшін шақырылған адамның алуына құқығы бар төлемдер мен шығыстардың өтемақылары туралы ақпарат;
      (h) осы Шарттың 12-бабының 5-тармағында көзделген бейнеконференция арқылы айғақтарды алу үшін қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.
      3. Сұрау салуда қажеттілігіне қарай мыналар да:
      (а) өздеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатқан адамдар туралы ақпарат;
      (b) танылуға немесе оның тұрған жері анықталуға тиіс адам туралы ақпарат;
      (c) құжаттар табыс етілуге тиіс адамның жеке басы және тұратын жері туралы ақпарат, сондай-ақ табыс ету жүргізілетін тәсіл;
      (d) айғақ беруге немесе өтініш беруге тиіс адамның жеке басы және тұратын жері туралы ақпарат;
      (е) қарап тексерілуге тиіс орынның немесе заттың тұрған жері мен сипаттамасы;
      (f) тінту жүргізілуге тиіс орынның орналасқан жері мен сипаттамасы және алып қойылуы, тыйым салынуы немесе тәркіленуі қажет заттарды көрсету;
      (g) сұрау салуды орындау үшін талап етілетін кез келген арнайы рәсімді және ол үшін тиісті негіздемелерді көрсету;
      (h) сақталуы талап етілетін құпиялылық дәрежесі және тиісті негіздеме;
      (і) сұрау салуды орындауға ықпал ете алатын кез келген басқа да ақпарат қамтылады.
      4. Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда қамтылған ақпарат оны орындау үшін жеткіліксіз деп ұйғарса, ол қосымша ақпарат сұрата алады.
      5. Осы бапқа сәйкес жіберілетін сұрау салу мен растаушы құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалады және оның ағылшын тіліндегі аудармасы қоса беріледі.
      6. Осы Шарттың 4-бабында айқындалған Орталық органдар арқылы жіберілген сұрау салу ақпаратты берудің кез келген жедел тәсілі арқылы телексті, факсты және электрондық хабарламаны қоса алғанда, алдын ала жіберілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда жазбаша сұрау салу кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде келіп түсуге тиіс, әйтпесе оның күші жойылады.

6-бап
Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес дереу орындауды жүзеге асырады. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы шақырылатын адамдардың келуі үшін шақырту қағаздарын, тінтуге, алып қоюға, қамауға алуға немесе тәркілеуге не сұрау салуды орындауға қажет басқа да кез келген іс-шараға арналған шешімді береді.
      2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды, егер бұл Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тарап белгілейтін тәртіпке сәйкес орындайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл Тараптардың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салуда көрсетілген уәкілетті адамдарға оны орындау кезінде қатысуға рұқсат беруі мүмкін. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындаудың күні мен орны туралы дереу хабарлайды.
      4. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудың нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
      5. Егер өзіне қатысты сұрау салу орындалуға тиіс адам ол орындалғанға дейін Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес иммунитетіне, артықшылықтар құқығына немесе әрекетке қабілетсіздікке сүйенетін болса, онда оның құзыретті органы тиісті шешім шығарып, Сұрау салушы Тарапқа тиісті шаралар қабылдауы үшін хабарлайды.
      6. Сұрау салуды орындау ретінде жіберілетін құжаттар Сұрау салынатын Тараптың тілінде жасалады және оған ағылшын тіліндегі аудармасы қоса беріледі, сондай-ақ Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуды орындаған құзыретті органының мөрімен куәландырылады.

7-бап
Адамдарды іздестіру

      Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда көрсетілген және өз аумағында болуы мүмкін адамдарды табу үшін барлық мүмкіндікті қолданады және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.

8-бап
Құзыретті органға шақыру және құжаттарды табыс ету

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақыру туралы хабарламаны және Сұрау салушы Тарап жіберген өзге де құжаттарды табыс етеді.
      2. Сұрау салынатын Тарап құжаттар табыс етілгеннен кейін Сұрау салушы Тарапқа құжаттардың жеткізілген күні, уақыты, орны мен тәсілі, сондай-ақ құжаттар жеткізілген адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, табыс етуді жүзеге асырған органның уәкілетті адамы қол қойған немесе мөрі басылған табыс ету туралы растауды жібереді. Егер табыс ету жүргізілмесе, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты ол туралы дереу хабардар етеді және табыс етілмеудің себептері туралы хабарлайды.
      3. Құзыретті органға келу туралы хабарламаларды табыс ету туралы сұрау салу Сұрау салынатын Тарапқа осы Шарттың 10-бабының 2-тармағында белгіленген мерзім өткенге дейін жіберіледі.
      4. Келмей қалған жағдайда Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақыру туралы хабарламада және табыс етілген құжаттарда мәжбүрлеу шараларын қолданудың ешқандай қаупі болмауға тиіс.

9-бап
Сұрау салынатын Тарапта айғақтарды алу

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес куәлардан, жәбірленушілерден, Сұрау салынатын Тарапта тергеудегі немесе қамаудағы адамдардан, сарапшылардан немесе басқа да адамдардан айғақтар алуды жүзеге асырады, сондай-ақ материалдарды, құжаттарды және сұрау салуда көрсетілген басқа да кез келген айғақтарды алады және оларды Сұрау салушы Тарапқа береді.
      2. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардан, оның ішінде осы Шарттың 6-бабының 3-тармағында көзделген мақсаттар үшін айғақтарды алу бойынша іс-шараларды өткізу күні, орны және уақыты туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді. Қажет болған жағдайда Тараптардың Орталық органдары екі Тарапқа да қолайлы күнді белгілеу үшін өзара консультациялар жүргізеді.
      3. Айғақтар беру үшін шақыртылған адам Сұрау салынатын Тараптың немесе Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы осыған жол берген жағдайда оларды беруден бас тартуға құқылы. Осы мақсатта Сұрау салушы Тарап бұл туралы сұрау салуда ескертеді.
      4. Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген және Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін кез келген ретте Сұрау салынатын Тарап айғақтар беру үшін шақыртылған адам адвокатының қатысуына рұқсат береді.
      5. Өтініштер немесе айғақтар беру үшін шақыртылған адам көрсеткен, осындай өтініштер мен айғақтар нәтижесінде анықталған құжаттар, заттар және басқа да дәлелдемелер Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тарапта дәлелдемелер ретінде жарамды болып табылады.

10-бап
Сұрау салушы Тарапта айғақтарды алу

      1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша адамды жауап алу, өтініштер алу мақсатында не сарапшы ретінде тыңдау үшін немесе басқа да процестік әрекеттерді орындау үшін Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келуге шақырады. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапты көрсетілген адамның келу мүмкіндігі туралы дереу хабардар етеді.
      2. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа Сұрау салушы Тараптың аумағындағы құзыретті органға келуге шақыру туралы хабарламаны табыс ету туралы сұрау салуды Сұрау салынатын Тарап неғұрлым қысқа мерзім туралы келіскен шұғыл жағдайлардан басқа, келу үшін белгіленген күнге дейін алпыс күннен кешіктірмей береді.
      3. Сұрау салушы Тарап сұрау салуда айғақтар беру үшін Сұрау салушы Тараптың аумағына келуге шақыртылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен шығыстарының өтемақысы мөлшерін көрсетеді.

11-бап
Кепілдік және арнайы қағида

      1. Осы Шарттың 10-бабына сәйкес Сұрау салушы Тараптың аумағында болатын адам:
      (а) Сұрау салушы Тараптың аумағына келгенге дейін жасаған қылмысы үшін Сұрау салушы Тараптың аумағында тергеуге не қылмыстық қудалауға, сотталуға немесе оның жеке бас бостандығын шектейтін кез келген басқа да шараға тартылуға тиіс емес;
      (b) Сұрау салынатын Тарап және тиісті адам оған өзінің келісімін берген жағдайлардан басқа, көмек туралы сұрау салуда көрсетілгеннен өзгеше айғақтар беруге немесе басқа да мәлімдемелер жасауға не кез келген іс-шараларға қатысуға міндетті емес.
      2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда көрсетілген адам:
      (а) оның болуы одан әрі қажет емес екендігі туралы оған ресми түрде хабардар етілген кезден бастап отыз тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе, өз қолданысын тоқтатады. Осы мерзім жоғарыда аталған адамның Сұрау салушы Тараптың аумағынан өзіне байланысты емес себептер бойынша кетпеген кезеңді қамтымайды;
      (b) Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, өз еркімен қайтып оралса, өз қолданысын тоқтатады.
      3. Құзыретті органға шақыру туралы хабарлама алған және оған келмеген немесе өтініш жасаудан, айғақ беруден не осы Шарттың 9 немесе 10-баптарында көзделген өзге де іс-шараларға қатысудан бас тартқан адам өзінің келмеуі немесе келуден бас тартуы салдарынан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына мәжбүрлеп жеткізуге ұшырамауға тиіс. Осындай жағдайларда тиісті сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген өзге де шаралар қолданылуы мүмкін.
      4. Осы Шарттың 9 және 10-баптарында көзделген тәртіппен жауап алу жүргізіліп жатқан жәбірленуші, куә немесе сарапшы әрбір Тараптың олар жасаған құқық бұзушылықтарға қатысты юрисдикциясы сақталған кезде, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес құзыретті органға келген кезінде берген айғақтарының, сараптама қорытындыларының мазмұны үшін жауапты болып табылады.

12-бап
Іс-шараларды бейнеконференция арқылы жүргізу

      1. Егер Сұрау салынатын Тараптың аумағында болған адамнан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы немесе сарапшы ретінде жауап алуға тиіс болса, соңғы аталған Тарап, егер оның аумағына адамның өз еркімен келуі мүмкін болмаса, осы баптың ережелеріне сәйкес жауап алуды бейнеконференция арқылы жүргізу туралы өтініш білдіре алады.
      2. Бейнеконференция арқылы жауап алу, егер адам осындай жауап алуға келісімін берсе және бұл Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, тергеудегі адамға қатысты немесе оны қылмыстық қудалау үшін де сұратылуы мүмкін. Мұндай жағдайда келген адамның адвокатына Сұрау салынатын Тараптағы жоғарыда аталған адамның тұрған жерінде немесе адвокатқа өзі мүддесін қорғайтын адаммен қашықтан құпия түрде сөйлесуге мүмкіндік бере отырып, Сұрау салушы Тараптың құзыретті органында болуға рұқсат берілуге тиіс.
      3. Егер жауап алуға жататын адам Сұрау салынатын Тараптың аумағында күзетпен қамауда ұсталған болса, жауап алу әрдайым бейнеконференция арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
      4. Сұрау салынатын Тарап процестік әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізу оны жүзеге асыру үшін өзінде техникалық құралдар болған кезде рұқсат береді.
      5. Процестік әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізу туралы сұрау салуларда осы Шарттың 5-бабында көзделгеннен басқа күзетпен қамауда ұсталмаған және оның қатысуымен процестік әрекеттер жүргізілуге тиіс адамның Сұрау салушы Тараптың аумағына жеке өзінің келуге мүмкіндігі болмауының себептері көрсетіледі, сондай-ақ құзыретті орган мен айғақтар алатын адамдар да көрсетіледі.
      6. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өз Тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес адамды келу үшін шақырады.
      7. Процестік іс-әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізуге қатысты мынадай ережелер қолданылады:
      (а) екі Тараптың құзыретті органдары айғақтарды алу барысына қатысады және егер қажет болса аудармаға жәрдем көрсетеді. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы келген адамның жеке басын анықтауды жүргізеді және бұл іс-шара өз Тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанына көз жеткізеді. Егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы айғақтарды алу барысында өз Тарапының ұлттық заңнамасының негізіне алынған қағидаттар сақталмады деп есептесе, ол іс-шараларды көрсетілген қағидаттарға сәйкес жүргізу үшін қажетті кез келген шараларды дереу қабылдайды;
      (b) екі Тараптың құзыретті органдары, егер бұл қажет болса, шақыртылған адамды қорғау бойынша шараларды бірлесіп келіседі;
      (с) жауап алу үшін шақыртылған адам, егер Сұрау салынатын Тараптың немесе Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы оған жол берсе, айғақтарды беруден бас тартуға құқылы;
      (d) Сұрау салынатын Тарап, егер бұл қажет болса, жауап алу үшін шақыртылған адамды аудармашының көмегімен қамтамасыз етеді.
      8. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы процестік әрекет аяқталғаннан кейін ресми акті жасайды, онда оның жүргізілген күні мен орны, келген адамның жеке басы туралы мәліметтер, іс-шараларға қатысушы өзге де адамдардың жеке басы және олардың кімдер ретінде келгені туралы мәліметтер, сондай-ақ айғақтарды алу немесе басқа да процестік әрекеттер жүзеге асырылған кездегі техникалық жағдайлар көрсетіледі. Жоғарыда көрсетілген актінің түпнұсқасы Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына дереу жіберіледі.
      9. Сұрау салынатын Тарап толық не ішінара өтеуді талап етпейтін жағдайлардан басқа, Сұрау салынатын Тараптың бейнеконференцияны жүргізу нәтижесінде көтерген шығыстарын Сұрау салушы Тарап өтейді.
      10. Сұрау салынатын Тарап бейнеконференция технологияларын осындай пайдалануды адамдар мен заттарды тану немесе беттестіру жүргізу мақсаттарында пайдалануды қоса алғанда, осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілгеннен өзге мақсаттарда пайдалануға рұқсат етуге құқылы.

13-бап
Күзетпен қамауда ұсталған адамдарды уақытша беру

      1. Егер осы Шарттың 12-бабының 4-тармағында көзделген негіздер бойынша бейнеконференцияны өткізу мүмкін болмаса, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап күзетпен қамауда ұсталған адам соған келісім берген және Тараптар арасында оны беру және берудің шарттары туралы жазбаша келісімге бұрын қол жеткізілген жағдайда одан жауап алу, оның өтініш беруі немесе басқа да процестік әрекеттерге қатысуы үшін құзыретті органға келу мүмкіндігін беру үшін қамауда отырған адамды Сұрау салушы Тарапқа уақытша беруге құқылы.
      2. Адамды уақытша беру, егер:
      (а) бұл Сұрау салынатын Тарапта аталған адамға қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге немесе қылмыстық қудалауға кедергі келтірмесе;
      (b) берілетін адам Сұрау салушы Тарапта күзетпен қамауда ұсталатын болса жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Сұрау салушы Тараптың аумағында күзетпен қамауда ұсталған уақыт Сұрау салынатын Тарапта шығарылған үкімді орындау мерзіміне есептеледі.
      4. Күзетпен қамауда ұсталған адамды уақытша беруді жүзеге асыру үшін үшінші мемлекеттің аумағы арқылы транзиттеу қажет болған жағдайларда, Сұрау салушы Тарап үшінші мемлекеттің құзыретті органына транзиттеу туралы сұрау салуды жібереді және тиісті құжаттаманы жібере отырып, жоғарыда аталған сұрау салуды қарау қорытындысы туралы Сұрау салынатын Тарапқа күні бұрын хабарлайды.
      5. Сұрау салушы Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар аяқталғаннан кейін не Тараптар келіскен кез келген басқа мерзім аяқталғаннан кейін берілген адамды Сұрау салынатын Тарапқа дереу қайтарады.
      6. Осы бапқа сәйкес уақытша берілетін адамға осы Шарттың 11-бабында көрсетілген кепілдіктер олардың қолданылуына қарай ұсынылады.
      7. Сұрау салынатын Тарап елеулі негіздер болған кезде уақытша беруден бас тарта алады, бұл туралы ол Сұрау салушы Тарапты хабардар етуге міндетті.

14-бап
Қылмыстық процеске қатысатын жәбірленушілерді, куәларды және
басқа да адамдарды қорғау

      Бұл қажет болған кезде немесе объективті тергеуді және сот төрелігін мүлтіксіз жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында екі Тарап қылмыстық процеске қатысатын жәбірленушілерді, куәларды және басқа да адамдарды қылмыстарға және құқықтық көмек көрсету бойынша сұрау салынатын іс-шараларға қатысты қорғау үшін өздерінің ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қабылдайды.

15-бап
Ресми немесе жалпыға қолжетімді құжаттарды ұсыну

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарапқа мемлекеттік мекемелерден немесе қоғамдық ұйымдардан жалпыға қолжетімді материалдардың немесе құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
      2. Сұрау салынатын Тарап мемлекеттік мекемелерден немесе қоғамдық ұйымдардан жалпыға қолжетімді емес материалдардың немесе құжаттардың көшірмелерін Сұрау салынатын Тараптың сот немесе құқық қорғау органдарына осы көшірмелер қолжетімді болатындай шамада және шарттарда ұсынуға құқылы. Мұндай көшірмелерді Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы куәландыруға тиіс. Сұрау салынатын Тарап жоғарыда аталған сұрау салуды осындай шешімнің себептері туралы хабарлай отырып, толық немесе ішінара қабылдамауға құқылы.

16-бап
Құжаттарды, материалдарды немесе заттарды ұсыну

      1. Егер сұрау салу осы Шарттың 15-бабында көрсетілмеген құжаттарды немесе материалдарды беруге қатысты болса, Сұрау салынатын Тарап олардың көшірмелерін бере алады. Сонымен бірге, Сұрау салушы Тарап түпнұсқаларды беру туралы өтініш білдірген әрбір жағдайда Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды мүмкіндігіне қарай орындайды.
      2. Сұрау салушы Тарапқа берілген құжаттардың және материалдардың түпнұсқалары, сондай-ақ заттар әрбір жағдайда алғашқы мүмкіндіктің туындауына қарай Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылады.

17-бап
Тінту, алып қою, қамақ салу және тәркілеу

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша өзінің аумағында қылмыс жасаудан түскен табыстарды немесе қылмысқа қатысы бар заттарды анықтау бойынша іс-шараларды жүзеге асырады және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды. Сұрау салушы Тарап сұрау салуында Сұрау салынатын Тарапқа қылмыс жасаудан түскен кез келген табыстардың немесе қылмысқа қатысы бар заттардың соңғының аумағынан табылуы мүмкін екендігі туралы негіздерді хабарлайды.
      2. Қылмыс жасаудан түскен табыстар немесе қылмыспен байланысты заттар табылған кезде Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша қылмыс жасаудан түскен табыстарды не қылмыспен байланысты заттарды алып қою, оған қамақ салу және тәркілеу мақсатында оның ұлттық заңнамасында көзделген кез келген шараларды қабылдайды.
      3. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап қылмыс жасаудан түскен кез келген табыстарды және қылмысқа байланысты заттарды, сондай-ақ оларды өткізуден түскен кез келген қаржы қаражатын Тараптар арасында келісілген шарттарға сәйкес толық не ішінара береді.
      4. Осы бапты қолданған кезде Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың қылмыс жасаудан түскен жоғарыда аталған табыстарға немесе қылмыспен байланысты заттарға қатысты кез келген құқықтары сақталады.

18-бап
Банкті анықтау және қаржылық ақпарат

      1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап қылмыс жасады деп күдік келтірілген немесе айып тағылған жеке немесе заңды тұлғаның өзінің аумағында орналасқан кез келген банкте банк шотының немесе шоттарының ұстаушысы болып табылатынын дереу анықтайды және Сұрау салушы Тарапты осындай шоттарды пайдалануға уәкілетті адамдар, осы шоттардың орналасқан жері және олармен байланысты кез келген транзакциялар туралы мәліметтерді қоса алғанда, тиісті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар банктерден ерекшеленетін қаржы институттарына да қатысты болуы мүмкін.
      3. Осы бапта көрсетілген құқықтық көмек көрсетуден банк құпиясы негізінде бас тартуға болмайды.

19-бап
Басқа халықаралық шарттармен үйлесімділігі

      1. Осы Шарттың ережелері Тараптардың әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      2. Осы Шарт Тараптардың уағдаластығы негізінде, егер олар Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес келсе, бір-бірімен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі өзге де ынтымақтастық нысандарын жүзеге асыруына кедергі болмайды.

20-бап
Қылмыстық талқылаулар туралы ақпарат алмасу

      Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша және қылмыстық талқылаудың мақсаттары үшін Сұрау салушы Тарапқа Сұрау салушы Тараптың азаматтарына қатысты қылмыстық талқылаулар, бұрынғы соттылықтар және шығарылған үкімдер туралы ақпаратты береді.

21-бап
Заңнама туралы ақпарат алмасу

      Тараптар сұрау салу бойынша қолданыстағы немесе бұрын қолданылған ұлттық заңнама бойынша және Тараптар пайдаланатын сот практикасы бойынша ақпарат алмасады.

22-бап
Қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы сот шешімдерін және
анықтамаларды беру

      1. Қылмыстық іс бойынша сот шешімін беру кезінде Сұрау салынатын Тарап, егер Сұрау салушы Тарап бұл туралы сұрау салса, тиісті сот талқылауы туралы ақпаратты да ұсынады.
      2. Қылмыстық талқылау мақсаттары үшін Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына қажет соттылықтар туралы анықтамалар, егер олардың осындай мән-жайлар кезінде Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарына берілуі мүмкін болса, беріледі.

23-бап
Құжаттар мен материалдарды заңдастырудан босату және олардың заңдық күші

      Осы Шартқа сәйкес ұсынылған құжаттар мен материалдар қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалылығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді және Сұрау салушы Тарапта дәлелдеме ретінде толық жарамды болады.

24-бап
Құпиялылық

      1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың келіп түсу фактісіне, оның мазмұнына, оған қоса берілген құжаттарға және оны орындау кезінде алынған кез келген құжаттар мен материалдарға қатысты құпиялылықты сақтайды. Егер құпиялылықты бұзбастан сұрау салуды орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салуды орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайтын Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.
      2. Сұрау салынатын Тараптың тиісті сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тарап қылмыстық істерді тергеу және сот талқылауы кезіндегі дәлелдемелер мен ақпаратты пайдалану жағдайларын қоспағанда, құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау кезінде алынған кез келген дәлелдемелер мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.

25-бап
Шығыстар

      1. Тараптар осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.
      Бұл ретте Сұрау салушы Тарап мынадай шығыстарды:
      (а) осы Шарттың 6-бабының 3-тармағында аталған адамдардың Сұрау салынатын Тарапқа жол жүруге және онда болуға арналған шығыстарды;
      (b) осы Шарттың 10-бабында аталған адамдардың Сұрау салушы Тарапқа жол жүруге және болуға арналған шығыстарды;
      (с) осы Шарттың 12-бабының 9-тармағында көзделген ережелерді сақтай отырып, бейнеконференция өткізу бойынша шығыстарды;
      (d) осы Шарттың 13-бабына сәйкес сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды;
      (е) осы Шарттың 14-бабында көрсетілген мақсаттар үшін жұмсалған шығыстарды;
      (f) сарапшылардың шығыстары мен гонорарларын;
      (g) жазбаша және ауызша аудармалар үшін шығыстар мен гонорарларды және көшірме жасау бойынша шығындарды;
      (h) алып қойылған заттарды сақтау және табыс ету бойынша шығындарды көтереді.
      3. Сұрау салуды орындау күтпеген сипаттағы шығыстарға әкеп соққан жағдайда, Тараптар сұрау салу орындалуға тиіс талаптар мен тиісті шығыстарды бөлу критерийлерін келісу мақсатында консультациялар жүргізеді.

26-бап
Дауларды реттеу

      Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген дау Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

27-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Осы Шартқа Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Бұл өзгерістер мен толықтырулар осы Шарттың 28-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен күшіне енетін, осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

28-бап
Күшіне енуі және қолданылуын тоқтату

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы екінші хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Шарт Тараптардың бірінің осы Шарттың қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылуы кезеңінде басталған өзара құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
      3. Осы Шарт ол күшіне енгеннен кейін жолданған, оның ішінде, егер тиісті қылмыстар ол күшіне енгенге дейін жасалған болса, кез келген сұрау салуға қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін осыған өздерінің мемлекеттері тиісінше уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      2015 жылғы 22 қаңтарда Астанада әрқайсысы қазақ, итальян және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды. Түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасы        Италия Республикасы
              үшін                       үшін

      2015 жылғы 22 қаңтарда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың қазақ, итальян және ағылшын тілдеріндегі мәтінінің орыс тіліндегі мәтінге дәлме-дәлдігін растаймын.

      Начальник Департамента
      международного сотрудничества
      Генеральной прокуратуры
      Республики Казахстан                       С. Досполов

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың ағылшын және итальян тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады