Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру туралы келісімнің жобасы «5-баптың 1 және 2-абзацтарындағы «және осындай көрсетілетін қызметтерді алуға мүдделі ұйымдар» деген сөздер Қазақстан Республикасына қолданылмайды» деген ескертумен мақұлдансын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 28 мамырдағы
№ 390 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Үкіметтері
1992 жылғы 15 мамырдағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ережелерін, 1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бірыңғай (жалпы) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді, 2007 жылғы 25 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер мамандарының біліктілігін арттыру және кәсіптік қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді назарға ала отырып,
педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру процесін орнықты дамытуға ұмтыла отырып,
«өмір бойы білім алуды» дамытудың заманауи үрдісін ескере отырып, жалпы білім беру ұйымдарының (жалпы білім беру мекемелері, жалпы орта білім беру мекемелері) (бұдан әрі - жалпы білім беру ұйымдары) педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру саласындағы бірлескен бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруда Тараптардың ынтымақтастығын іске асыру тетігін құрудың қажеттілігін ұғына отырып,
ұзақ мерзімді ынтымақтастық жасау және ересектерге қосымша білім беру саласында интеграциялық процестерді тереңдету мүддесінде
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бұрын алған кәсіптік білімдері, біліктіліктері мен дағдыларын кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге бағытталған, оқу уақытының ұзақтығы 16 академиялық сағаттан кем емес, тиісті құжатты бере отырып, қорытынды аттестаттаумен аяқталатын қосымша кәсіптік білім беру бағдарламаларын (қосымша кәсіптік бағдарламалар, ересектерге арналған қосымша білім беру бағдарламалары) іске асыру деп түсіндіріледі.
2-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысында қолданылатын заңнамаға сәйкес Тараптар жалпы білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бөлігінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру шаралар қолданылады.
3-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысында қолданылатын заңнамаға сәйкес әрбір Тарап жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесі туралы ақпаратты басқа Тараптарға беруге жауапты уәкілетті органды (органдарды) айқындайды.
4-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысында қолданылатын заңнамаға сәйкес әрбір Тарап өз мемлекеті аумағында кәсіптік қызметті жүзеге асыратын басқа Тараптардың жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне біліктілігін арттыруға көрсетілген Тараптың жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерімен тең құқық береді.
5-бап
Тараптар жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің. арттыру саласындағы қызметтерді ұсынатын білім беру ұйымдары (білім беру мекемелері, білім мекемелері) және осындай қызметтерді алуға мүдделі ұйымдар арасында тікелей байланыс орнатуды және жұмыс тәжірибесін алмасуды дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ көрме қызметінде және саладағы білім беруде қызметтерін жарнамалауға ықпал етеді.
Жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асырудың экономикалық, ұйымдық, құқықтық шарттары халықаралық шарттарға және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысында қолданылатын заңнамаға сәйкес Тараптардың жалпы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру саласындағы көрсетілетін қызметтерді ұсынатын білім беру ұйымдары (білім беру мекемелері, білім мекемелері) және осындай көрсетілетін қызметтерді мүдделі ұйымдар арасында жасалатын шарттарда айқындалады.
6-бап
Тараптар халықаралық міндеттемелерге және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысында қолданылатын заңнамаға сәйкес өз мемлекеттерінің аумақтарында жалпы білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын Тараптардың білім беру ұйымдарына (білім беру мекемелері, білім мекемелері) бірлескен білім беру қызметінде қолдау көрсетеді.
7-бап
Осы Келісім Тараптардың өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап
Тараптар арасындағы осы Келісімді қолдануда және талқылауда туындаған даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптардың келісімімен басқа да рәсімдер арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісім оның күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейін орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
11-бап
Осы Келісім өз күшіне енген соң, депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуына ашық.
Қосылушы мемлекет үшін Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
12-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы ол үшін депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламаны осы Келісімнен шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей жіберіп және Келісім қолданысы кезінде туындаған қаржылық және басқа да міндеттемелерді реттеп, одан шығуға құқылы.
____________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның расталған көшірмесін осы Келісімге қол қойған мемлекеттердің әрқайсысына жібереді.
Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түркіменстанның
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы
мемлекеттердің жалпы білім беру ұйымдарының педагог
қызметкерлерінің біліктілігін арттыру туралы
келісімге Қазақстан Республикасының
Ескертпесі
5-баптың 1 және 2-абзацтарындағы "және осындай көрсетілетін қызметтерді алуға мүдделі ұйымдар" деген сөздер Қазақстан Республикасына қолданылмайды.