"Пошта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 қарашадағы № 953 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Пошта туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К.Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Пошта туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, пошта қызметі және өзге де қызмет аясындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, пошта қызметi субъектілерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, пошта саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) абонементтік жәшiк – пошта жөнелтілімдерiнiң жекелеген түрлерiн алуға арналған, пошта операторының өндiрiстiк объектiлерiнде орнатылатын, адресаттар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен пайдаланатын, құлыпталатын арнайы жәшiк;
      2) абоненттiк пошта жәшiгi – адресаттардың пошта жөнелтілімдерiн алуы үшiн ғимараттарда, жеке тұрғын үйлерде орнатылатын, құлыпталатын жәшіктері бар арнайы шкаф;
      3) адресат – пошта жөнелтілімi немесе пошталық ақша аударымы бағытталған, пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушы;
      4) атаулы зат – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне пошта операторының, оның өндiрiстiк объектiсiнiң атауы, сондай-ақ пошта операторы анықтаған өзге де ақпарат көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
      5) бандероль – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, ішіне баспа басылымдары, іс қағаздары, құжаттар және басқа да заттар салынған тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімі;
      6) гибридтік жөнелтілім – пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа хат (пошта карточкасы) түрінде жеткізілетін электрондық хат (хабарлама) не пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық хат (хабарлама) нысанында жеткізетін хат;
      7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызмет – пошта операторының гибридтік жөнелтілімді қабылдау, өңдеу, жеткізу немесе табыстау бойынша қызметі;
      8) Дүниежүзілік пошта одағы – халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өзара алмасу үшін аумақтары біртұтас пошта аумағын құрайтын мүше елдерден тұратын, мақсаты пошта байланыстарын ұйымдастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету және осы салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылатын халықаралық ұйым;
      9) Дүниежүзілік пошта одағының актілері – Дүниежүзілік пошта одағының Конгресінде Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына сәйкес қабылданатын құжаттар;
      10) жазбаша хат-хабар – тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;
      11) жаздырып алынатын мерзiмдi баспа басылымдарын тарату – пошта операторының бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен (жеке немесе заңды тұлғасымен) жасалған шарт негізінде мерзімді баспа басылымына жазылуды, оның ішінде Интернет-ресурсты пайдалана отырып қабылдау бойынша қызметтер көрсетуі және мерзімді баспа басылымын қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және пайдаланушыға жеткізуді жүзеге асыруы;
      12) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабар – Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес ресімделген, жөнелтуші алдын ала ақы төлеген қайтарылатын пошта жөнелтілімін қамтитын пошта жөнелтілімі;
      13) жеделдетілген пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – пошта жөнелтілімдерін жедел өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету режиміндегі пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
      14) жөнелтушi – пошта жөнелтілімiн немесе ақшаны жiберу үшiн оларды пошта операторына тапсыратын, пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушы;
      15) курьер – тіркелетін пошта жөнелтілімін өндірістік объектілерден тыс жерде жөнелтушіден қабылдайтын және осы жөнелтілімді пошта жөнелтілімінде көрсетілген мекенжай бойынша адресатқа немесе жөнелтушіге табыс ететін пошта операторының жұмыскері немесе пошта операторымен жасасқан шарты бар жеке тұлға;
      16) курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – курьерді пайдалана отырып, пошта жөнелтілімдерін қабылдау, тасымалдау және табыс ету бойынша көрсетілетін қызметтер;
      17) Қазақстан Республикасының Ұлттық пошта операторы (бұдан әрі – Ұлттық пошта операторы) – уәкілетті орган айқындайтын, ұлттық басқарушы холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерiн және арнаулы байланыстың көрсетілетін қызметтерiн ұсыну жөнiндегі мiндеттемелер жүктелген акционерлiк қоғам;
      18) өндiрiстiк объект – пошта операторы көрсететін қызметтерді ұсынуға арналған және сол үшiн жабдықталған ғимарат, ғимараттағы үй-жай;
      19) пошта – Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторларының Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес көрсетілетін қызметтер кешенін ұсынуын қамтамасыз ететiн байланыс түрі;
      20) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды және қызметті реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      21) пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтері – пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің уәкілетті орган белгілеген сапа көрсеткіштеріне сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
      22) пошта байланысының көрсетілетiн қызметтері – тіркелетін және тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерiн, пошталық ақша аударымдарын, гибридтік жөнелтілімдерді жiберу, мерзімді баспа басылымдарын тарату, пошта төлемі белгілерін және филателиялық өнімдерді іске асыру бойынша пошта операторының қызметі;
      23) пошта байланысының құралдары – пошта байланысының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну үшiн қолданылатын техникалық құралдар, жабдықтар және технологиялар;
      24) пошта жәшiгi – тіркелмейтін хаттар мен пошта карточкаларын жинауға арналған, белгiленген түстегi, нысандағы және көлемдегi жәшiк;
      25) пошта желiсi – пошта операторы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсынған кезде пайдаланылатын өндiрiстiк объектiлер мен пошта маршруттарының жиынтығы;
      26) пошта жөнелтілімiн жiберу – пошта жөнелтілімiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету операцияларының жиынтығы;
      27) пошта жөнелтілімiн жеткiзу – пошта жөнелтілімiн межелі жердегi өндiрiстік объектiлерден абонементтiк жәшiкке немесе абоненттiк пошта жәшiгіне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекенжай бойынша апару;
      28) пошта жөнелтілімiн қабылдау – жөнелтушiден қабылданған, оның iшiнде пошта жәшiктерiнен алу арқылы қабылданған пошта жөнелтілімiн одан әрi тасымалдау үшiн пошта операторының ресiмдеуi;
      29) пошта жөнелтілімiн өңдеу – пошта жөнелтілімдерiн тасымалдауға дайындауды қамтамасыз ететін, олармен жасалатын өндiрiстiк операциялар;
      30) пошта жөнелтілімiн табыс ету – пошта жөнелтілімiн адресаттың жеке өзiне немесе оның заңды өкiлiне немесе сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдірiлген адамына беру;
      31) пошта жөнелтілімiн тасымалдау – пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн жөнелту пунктiнен межелі жердегi пошта операторының өндiрiстiк объектiлерiне дейiн апару (тасымалдау);
      32) пошта жөнелтілімдерi – пошта операторы жіберуге қабылдаған жазбаша хат-хабар, жіберілімдер, пошта контейнерлерi;
      33) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық идентификаттау және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;
      34) пошта карточкасы – арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабарлама жазылған, тіркелмейтін немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi;
      35) пошта қызметі – пошта желiлерi арқылы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну;
      36) пошта қызметі субъектiлерi – пошта операторлары және пайдаланушылар;
      37) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
      38) пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушы – пошта операторы ұсынатын, оның ішінде пошта операторымен өзі жасасқан шарттар негізінде ұсынатын көрсетілетін қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
      39) пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi – айналымға уәкілеттi орган енгiзетiн, Ұлттық пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері және өзге де белгiлер;
      40) пошта төлемінің белгілері – пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенін растайтын, пошта операторы пошта жөнелтілімдеріне жапсыратын белгілер, оның ішінде пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгілер;
      41) пошта штемпелi – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне: пошта жөнелтілімiн қабылдауды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, пошта жөнелтілімiнiң жөнелтілу орны, қабылданған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн алуды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, межелі жері, алынған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзген және (немесе) табыс еткен өндiрiстiк объектiнiң атауы, жеткiзiлген және (немесе) табыс етілген күнi мен уақыты көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
      42) пошталық ақша аударымы – осы Заңға және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес жөнелтушінің адресатқа ақша жіберуге арналған тапсырмасын пошта операторының уәкiлеттi орган бекiткен пошта жөнелтілімі бланкісінің нысанын толтыра отырып орындауы бойынша пошта байланысы көрсететін қызмет;
      43) пошталық құпия – пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың пошталық мекенжайы, дербес деректері, пошта жөнелтілімдері, олардың ішіндегісі мен орналасқан жері туралы мәліметтер;
      44) пошталық мекенжай (бұдан әрi – мекенжай) – пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымын жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушы анықтайтын жер;
      45) пошташы – пошта операторымен еңбек қатынастарында тұратын, жөнелтушіден пошта жөнелтілімдерін қабылдауды, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа немесе жөнелтушіге жеткізуді және (немесе) табыс етуді жүзеге асыратын жұмыскер;
      46) поштомат – пошталық ақша аударымын қоспағанда, пошта жөнелтілімдерін қабылдауға, жіберуге, сақтауға, жеткізуге (табыс етуге) және алуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
      47) жіберілім – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысы қызметтерін көрсету қағидаларына сәйкес көзделген, нәрселер, заттар мен тауарлар салынған тіркелетін пошта жөнелтiлімі;
      48) тағайындалған оператор – пошта байланысының қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өздеріне қатысты міндеттемелерді орындау үшін уәкілетті орган тағайындайтын пошта операторы;
      49) тариф – пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төлеудiң мөлшерi;
      50) тiркелетiн пошта жөнелтілімi – жөнелтушiге пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (идентификаттық әріптік-цифрлық штрих-код) қою арқылы түбiртек беріліп, қабылданатын және адресатқа қолхат арқылы табыс етiлетiн жазбаша хат-хабар, жіберілім;
      51) тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері – жөнелтушілерге қабылданғаны туралы түбіртек берместен (пошталық тіркеу нөмірін, идентификаттық әріптік-цифрлық штрих-код берместен) пошта операторының пошта жәшіктері немесе өндірістік объектілері арқылы қабылданатын және қолхат алмай адресатқа жеткізілетін жазбаша хат-хабар;
      52) ұлттық пошта желiсi – Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жұмыс істейтін және пайдаланушыларға сол арқылы қызметтер ұсынылатын Ұлттық пошта операторының пошта желісі;
      53) үстеме төлемді пошта жөнелтілімі – беру кезінде жөнелтуші пошта операторына адресаттан өзі белгілеген ақша сомасын (үстеме төлем сомасын) алуды және оны жөнелтушінің мекенжайына жіберуді тапсыратын пошта жөнелтілімі;
      54) филателиялық өнім – коллекциялау объектілері болып табылатын, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, сату қағидаларына сәйкес пошта айналымынан алынған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері;
      55) франкирлеу машинасы – жазбаша хат-хабарға пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн, жазбаша хат-хабардың және басқа да ақпараттың қабылданған күнін растайтын бедерлер салуға арналған құрылғы;
      56) халықаралық қайтарым купоны – Дүниежүзілiк пошта одағы айналымға енгiзетiн, Дүниежүзілік пошта одағына мүше кез келген елде пошта маркаларына айырбастауға жататын, әуе көлiгiмен жіберiлетiн, массасы 20 грамға дейiнгi жай халықаралық хаттың ең төмен ақысын білдiретiн құжат;
      57) халықаралық пошта алмасу орны – халықаралық кіріс және шығыс пошта жөнелтілімдерін өңдеу жүзеге асырылатын, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдары көрсетілген жөнелтілімдерге кедендік бақылау жүргізетін, пошта операторының өндірістік объектісі;
      58) халықаралық пошта жөнелтілімi – Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерге жiберу үшiн қабылданатын, Қазақстан Республикасының аумағына келiп түсетiн не Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн пошта жөнелтiлімі;
      59) хат – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, жазбаша хабарламамен және басқа да ұсақ заттармен бірге жiберiлетiн, тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтiлімі;
      60) ішкі пошта жөнелтілімі – Қазақстан Республикасының аумағы шегінде жіберу үшін қабылданатын пошта жөнелтілімі;
      61) электрондық абоненттік пошта жәшігі – электрондық хаттар (хабарламалар) мен құжаттарды қабылдау және жеткізу үшін Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторының ақпараттық жүйесінде құрылатын пайдаланушының домендік атауы;
      62) электрондық хат (хабарлама) – телекоммуникациялар желісін, Интернет немесе электрондық жеткізгіштерді пайдалана отырып, электрондық нысанда жіберілетін ақпарат.

      2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
      Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға, сондай-ақ пошта саласында қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4-бап. Пошта қызметінің негізгі қағидаттары
      Мыналар:
      1) пошта байланысы саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуы;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларға пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің қолжетiмдiлігі;
      3) пошта операторларының көрсетілетін қызметтерді пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерiнің сақталуы;
      4) пошта жөнелтiлімдерiнің Қазақстан Республикасының аумағындағы еркін қозғалысы және транзиті;
      5) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну және осы қызметтiң нәтижелерiн пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгi;
      6) пошталық құпияны қамтамасыз ету;
      7) Қазақстан Республикасында ұлттық пошта желісінің дамуын және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      8) пайдаланушыларға пошта байланысының қызметтерін көрсету кезінде пошта операторлары үшін пошта байланысы саласындағы қағидалар мен талаптардың бiрлiгi пошта қызметінің негізгі қағидаттары болып табылады.

2-тарау. Пошта саласындағы мемлекеттік реттеу

      5-бап. Пошта саласындағы уәкілетті органның құзыреті
      Уәкiлеттi орган:
      1) пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтi реттеудi жүзеге асырады;
      3) Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгiлерiнiң түрлерi мен шығарылу көлемiн бекiтедi;
      4) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, сату қағидаларын бекітеді;
      5) пошта төлемi белгiлерiнiң мемлекеттiк коллекциясын қалыптастырады;
      6) Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      7) пошта саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;
      8) Ұлттық пошта операторы қызметкерлерінің нысанды киiмiнің (погонсыз) үлгiлерiн, оны киiп жүру тәртiбiн, онымен қамтамасыз ету нормасын бекiтедi;
      9) Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан және Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған өкiлеттiктер шегiнде әрекет етедi, басқа мемлекеттермен, халықаралық одақтармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезiнде Қазақстанның пошта байланысы саласындағы мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды;
      10) кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторларының өтініштері бойынша халықаралық пошта алмасу орындарын бекітеді;
      11) операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларын бекітеді;
      12) операторды тағайындайды және тағайындалған оператордың өкілеттігін кері қайтарып алады;
      13) пошта операторларының атаулы заттарды қолдану қағидаларын бекітеді;
      14) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларын бекітеді;
      15) пошта операторының пошта төлемі белгілерін келіседі және пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта төлемінің белгілерін қолдану тәртібін айқындайды;
      16) филателиялық өнім ретінде пайдалану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгісін пошта айналымынан алуды жүзеге асырады;
      17) электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және пайдаланушыларды авторландыру қағидаларын бекітеді;
      18) абоненттік пошта жәшіктерін орналастыру, күтіп ұстау және олардың техникалық сипаттамалары жөніндегі талаптарды бекітеді;
      19) Қазақстан Республикасында пошта қызметін жетілдіру және дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
      20) пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекітеді;
      21) пошта операторларына қызметтерді көрсетуге қажет және жеткілікті пайдаланушылардың дербес деректерінің бірыңғай тізілімін бекітеді;
      22) Ұлттық пошта операторын айқындайды;
      23) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      6-бап. Пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету
      1. Мемлекет әрбір пайдаланушыға пошталық құпияға кепілдік береді. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана осы құқықты шектеуге жол беріледі.
      2. Пошта саласындағы құпия пошталық құпия және банк құпиясы болып бөлінеді. Пошталық құпияны және банк құпиясын сақтау және қамтамасыз ету жөніндегі талаптар осы Заңда және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
      3. Пошта операторлары пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, пошта жөнелтілімдерін ашу процесіне қатысқан пошта операторларының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларды қоспағанда, пошталық құпияны сақтаумен байланысты ақпаратты жариялауға құқылы емес.
      4. Пошта саласындағы құпияның бұзылуына жол берген пошта операторларының лауазымды адамдары мен басқа да қызметкерлері, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
      5. Пошта жөнелтілімдерін қарап тексеруді, алуды және тыйым салуды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда ғана соттар, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

      7-бап. Пошта операторларының жедел-іздестіру қызметін
              жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимылы
      1. Қазақстан Республикасының аумағында пошта қызметін жүзеге асыратын пошта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес пошта байланысы желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға пошта байланысының барлық желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдық және техникалық мүмкіндіктерін, пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларды өткізу нысандары мен әдістерінің ашылуын болдырмау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
      Пошта операторлары пошта желілерінде пайдаланушылар туралы ақпаратты (дербес деректерді) жинауды және сақтауды қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен жабдықты орнатуға міндетті. Пайдаланушылар туралы ақпаратты (дербес деректерді) сақтау мерзімдері пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындайды.
      2. Пошта операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара қарым-қатынасы «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және осы Заңмен реттеледі.

      8. Пошта саласында көрсетілетін қызметтерге арналған
         тарифтер
      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, пошта саласында көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді пошта операторлары негiзделген шығындар негiзiнде дербес белгілейді.
      2. Пошта операторлары көрсететін, пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтеріне арналған тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) және олардың шекті деңгейін «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган бекітеді.
      Тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын пошта операторлары көрсететін қызметтерге баға белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

3-тарау. Пошта саласындағы қызмет

      9-бап. Пошта саласындағы қызмет
      1. Қазақстан Республикасында пошта саласында мынадай қызмет түрлері:
      1) пошта қызметі;
      2) осы Заңға сәйкес пошта саласындағы өзге де қызмет қолданылады.
      2. Пошта қызметіне мынадай пошта байланысының көрсетілетін қызметтері:
      1) пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтері;
      2) тiркелетiн пошта жөнелтiлімдерiн жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
      3) пошта байланысының көрсетілетін жеделдетілген және курьерлiк қызметтері;
      4) пошталық ақша аударымдары;
      5) жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату және бөлшек саудада сату бойынша көрсетілетін қызметтер;
      6) пошта төлемінің белгілерін және филателиялық өнімді сату бойынша көрсетілетін қызметтер;
      7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
      8) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы байланыс қызметтері;
      9) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерімен тығыз байланыста ұсынылатын өзге де көрсетілетін қызметтер жатады.
      3. Пошта саласындағы өзге де қызметке:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген банк операциялары, қаржылық көрсетілетін қызметтер;
      2) тауарларды (жүктерді) тасымалдау, өңдеу, қоймаға жинау және сақтау бойынша көрсетілетін қызметтер;
      3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тапсырма және (немесе) комиссия шарты жағдайларында заңдық әрекеттерді жасау;
      4) зейнетақыларды, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік төлемдерді жеткiзу бойынша көрсетілетін қызметтер жатады.
      4. Пошта операторлары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қызметті жүзеге асырады және қызметтер көрсетеді.

      10-бап. Пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтері
      1. Пошта операторы пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін ұсынған кезде пошта жәшіктерінен жинап алынған және (немесе) өндірістік объектілерде қабылданған және адресатқа тапсырғаны туралы қолхат алмай жеткізілетін, пайдаланушылардың тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерін жіберу жөніндегі қызметтерін көрсетеді.
      Пошта операторының пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін ұсынуы уәкілетті орган бекіткен, пайдаланушылардың пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің қолжетімділігіне, сапасына және ұсынылу бағасына деген қажеттіліктерін қанағаттандыратын талаптар белгіленетін, пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтері мынадай көрсетілетін қызметтер түрлерін:
      1) тіркелмейтін хатты жіберу бойынша көрсетілетін қызметті;
      2) тіркелмейтін пошта карточкасын жіберу бойынша көрсетілетін қызметті;
      3) тіркелмейтін бандерольді жіберу бойынша көрсетілетін қызметті қамтиды.
      3. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының аумағы бойынша, сондай-ақ оның шегінен тыс жерлерде де жіберуге қабылданады. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін нәрселер мен заттарға қойылатын талаптар пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалады.
      4. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар арасында тіркелмейтін пошталық жөнелтілімдерді жіберуге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері түрінде жазбаша жауаптар жолдауға тыйым салынады.

      11-бап. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша
               көрсетілетін қызметтер
      1. Тіркелетін пошта жөнелтілімін жіберу пошта жөнелтілімінің қабылданғанын құжаттық растау, жө нелтушiге түбіртек беру және пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (идентификаттық әріптік-цифрлық штрих-код) беру, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа қолхатпен табыс ету арқылы жүзеге асырылады.
      2. Тіркелетін пошта жөнелтіліміне: хат (тапсырысты, құндылығы жарияланған), пошта карточкасы (тапсырысты), бандероль (тапсырысты, құндылығы жарияланған), ұсақ пакет (тапсырысты, құндылығы жарияланған), жіберілімдер (жай, құндылығы жарияланған) жатады.
      Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметке енгізілетін пошта жөнелтілімдерінің түрлері мен санаттарының қосымша тізбесі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленеді.
      Тіркелетін пошта жөнелтілімі кері мекенжайы міндетті түрде көрсетіле отырып қабылданады.
      3. Тіркелетін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының аумағы бойынша, сондай-ақ оның шегінен тыс жерлерде де қабылданады. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін нәрселерге, заттар мен тауарларға қойылатын талаптар пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалады.

      12-бап Жеделдетілген және курьерлік пошта байланысының
              көрсетілетін қызметтері
      1. Пошта операторының жеделдетілген және курьерлік көрсетілетін пошта байланысы бойынша қызметі пошта жөнелтілімдерін жедел (экспресс) өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету ескеріле отырып және (немесе) осындай пошта жөнелтілімдерін курьердің тасымалдауы және табыс етуі ескеріле отырып, оларды салып жіберуден тұрады.
      2. Жеделдетілген және курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметіне:
      1) пошта жөнелтілімдерін қабылдау;
      2) пошта жөнелтілімдерін өңдеу, сұрыптау, сақтау, тасымалдау және жеткізу;
      3) пошта жөнелтілімдерін табыс ету;
      4) пошта жөнелтілімінің адресатқа табыс етілгені туралы жөнелтушіні хабардар ету кіреді.

      13-бап. Пошталық ақша аударымы
      1. Пошталық ақша аударымы тіркелетін пошта жөнелтілімі болып табылады. Пошталық ақша аударымының тәртібі мен оған қойылатын талаптар, сондай-ақ пошта жөнелтілімдері бланкілерінің нысандары пошта байланысы қызметтерін ұсыну қағидаларымен белгіленеді.
      2. Қазақстан Республикасының ішінде жіберілетін пошталық ақша аударымының сомасы, егер Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында өзгеше көзделмесе, шектелмейді. Пошталық ақша аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес басқа валюталарда қабылданады.
      Пошталық ақша аударымдарын шетел валютасында жүзеге асырған кезде жөнелтуші (алушы) Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптарына сәйкес қосымша мәліметтер мен құжаттар табыс етеді.
      3. Пошталық аударымдарды жүзеге асыру үшін ақшаны қабылдау қолма-қол ақша және қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүргізіледі. Қолма-қол ақшасыз тәсіл кезінде пошталық ақша аударымы пошта операторының банктік шотына ақша және комиссиялық сыйақы сомасы келіп түскеннен кейін жүргізіледі.

      14-бап. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын
               тарату
      1. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату жөніндегі қызметтерді пайдаланушыларға ұсыну пошта операторы бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен (жеке немесе заңды тұлға) пошта операторының жаздырып алу каталогына мерзімді баспа басылымын енгізу жөнінде шарт жасасқаннан кейін жүзеге асырылады.
      Пошта операторы жаздырып алудың бірыңғай каталогын қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жүргізеді, онда мерзімді баспа басылымдарының таратылу аумағына қарай республикалық, жергілікті және шетелдік мерзімді баспа басылымдары жөніндегі бөлімдер қамтылуға тиіс.
      2. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату мына кезеңдерден тұрады:
      1) бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иелерімен немесе оның өкілімен (жеке немесе заңды тұлға) мерзімді баспа басылымдарын таратуға, сондай-ақ пайдаланушыдан тапсырысты қабылдауға және жаздырып алуды ресімдеуге, оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып ресімдеуге және мерзімді баспа басылымдарына пошта операторы қабылдаған жаздырып алу бойынша ақпаратты өңдеуді жүзеге асыруға шарт жасасу;
      2) пошта операторының мерзімді баспа басылымдарын қабылдауы, өңдеуі, тасымалдауы, пайдаланушыға жеткізуі не мерзімді баспа басылымын пайдаланушының электрондық абоненттік пошта жәшігіне электронды нысанда жіберуі.
      3. Мерзімді баспа басылымдарына, республикалық, жергілікті және шетел басылымдарына жазылуды пошта операторы немесе пайдаланушы өндірістік объектілер немесе интернет-ресурстар арқылы жүзеге асырады. Жаздырып алынатын республикалық мерзімді баспа басылымдарын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тарату Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган беретін құжатқа сәйкес жүзеге асырылады, ал жергілікті мерзімді баспа басылымдарын тарату облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін тиісті құжатта көрсетілген облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында жүзеге асырылады.
      4. Жаздырып алынатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын тарату «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының  Заңынасәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу туралы құжатта көрсетілген аумақта жүзеге асырылады.

      15-бап. Мерзімді баспа басылымдарын бөлшек саудада сату
      1. Пайдаланушыларға мерзімді баспа басылымдарын бөлшек саудада сату жөніндегі қызметтерді ұсынуды пошта операторы бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен (жеке немесе заңды тұлға) жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.
      2. Шетелдік мерзімді баспа басылымдарын бөлшек саудада сатуды пошта операторы Қазақстан Республикасында таратылатын, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу туралы құжатта көрсетілген аумақта жүзеге асырады.

      16-бап. Пошта төлемінің белгілерін өткізу
      1. Пошта төлемінің белгілері пошта операторының жазбаша хат-хабарды жіберу жөніндегі қызметтеріне қолданыстағы тарифтерге сәйкес ақы төленгенін растауға арналған.
      Пошта төлемінің белгілерін қолдану жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне ғана жүзеге асырылады.
      2. Пошта операторы, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, уәкілетті органмен келісілген пошта төлемінің белгілерін пайдаланады.
      3. Пошта операторлары Қазақстан Республикасының аумағында ішкі және халықаралық жазбаша хат-хабарды жіберуді пошта төлемінің белгілері болған кезде ғана жүзеге асырады.
      4. Сатылған пошта төлемінің белгілері, оның ішінде мемлекеттік белгілер қайтарылмайды және ауыстырылмайды.
      5. Пошта жөнелтілімінде пошта төлемінің белгілері болмаған немесе белгіленген тариф ішінара төленген кезде, пошта операторы мұндай пошта жөнелтілімін жөнелтушіге қайтарады.
      6. Ластанған, бүлінген, пайдаланылған (өшірілген), айналымнан алынған пошта төлемінің белгілері, сондай-ақ басқа мемлекеттердің пошта төлемінің белгілері пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін төлеу үшін қабылданбайды.
      7. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің төленгенін растайтын пошта төлемінің сатып алынған белгілері пошта төлемінің осы белгісін айналымға шығарған пошта операторында пайдаланылуға тиіс.
      8. Пошта операторларына тиесілігіне қарай пошта төлемінің белгілерін сәйкестендіру мақсатында пошта төлемі белгілерінің оң жағында пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінен басқа пошта операторының атауы болуға тиіс.

      17-бап. Қазақстан Республикасының пошта төлемінің
               мемлекеттік белгілері және филателиялық өнім
      1. Қазақстан Республикасының пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін айналымға енгізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптарды уәкілетті орган Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес айқындайды. Мемлекеттік пошта төлемі белгілерінің түрлерін және көлемдерін бекіту, пошта айналымына енгізу және оларды айналымнан алу тәртібі, сондай-ақ дайындауды, шығаруды және сатуды ұйымдастыру Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, сату қағидаларымен анықталады.
      3. Қазақстан Республикасының пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін жасауды, шығаруды және сатуды ұйымдастыруды Ұлттық пошта операторы жүзеге асырады.
      4. Заңсыз шығарылған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері айналымынан қорғау мақсатында Ұлттық пошта операторы Дүниежүзілік пошта одағына мүше елдердің төлнұсқа маркалары тізіліміне енгізу үшін әрбір жаңа шығарылымның және әрбір номиналдың үш пошта маркасын қажетті ақпаратпен бірге (шығарылған күні, техникалық сипаты және басқа да қажетті деректер) Дүниежүзілік пошта одағының атына жіберіп отырады.
      5. Уәкілетті орган Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша филателиялық өнім ретінде қолдану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін пошта айналымынан алуды жүзеге асырады.
      6. Пошта төлемінің мемлекеттік белгісінің пошта айналымы оны айналымға енгізген күннен кейін кемінде екі жыл жүзеге асырылады.

      18-бап. Гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін
               қызметтер
      17 Пошта операторының гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша қызметтерді көрсетуі бастапқы кезеңде ақпараттық жүйелерді, интернет-ресурстарды және өзге де электрондық жеткізгіштерді қолдану арқылы электрондық хат (хабарлама) нысанында жіберу және келесі кезеңде хат (пошталық карточка) түрінде жеткізу не бастапқы кезеңде хатты (пошталық карточка) жіберу және электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне ақпараттық жүйелерді, интернет-ресурстарды және басқа да электрондық жеткізгіштерді қолдану арқылы электрондық хат (хабарлама) нысанында жеткізу арқылы жүзеге асырылады.
      2. Жөнелтушілерден электрондық хаттарды (хабарламаларды) қабылдау немесе жеткізу шарт негізінде пошта операторының ақпараттық жүйесімен интеграцияланған, пайдаланылатын ақпараттық жүйелерден ақпаратты беру арқылы жүзеге асырылады.
      3. Электрондық хаттарды (хабарламаларды) қабылдау және жеткізу мақсатында пошта операторлары өздерінің меншікті ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерін немесе шарт негізінде үшінші тұлғалардың ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерін пайдаланады.
      4. Пошта операторы алынған электрондық хаттарды (хабарламаларды) басып шығаруды және конвертке салуды жүргізетін үшінші тұлғаны шарт негізінде тартуға құқылы.
      5. Пошта жөнелтілімі түріндегі электрондық хатты (хабарламаны) жіберу осы Заңда және пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.

      19-бап. Пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төлеу
      1. Пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төлеу пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларымен белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      2. Пошта операторы көрсететін қызметтерге ақы төлеу мынадай тәсілдермен:
      1) қолма-қол ақшаны пайдаланып;
      2) қолма-қол ақшасыз тәртіппен, оның ішінде электрондық ақшамен жүргізіледі.
      3. Пошта операторының пайдаланушыларға көрсететін қызметтеріне шарт жасасу кезінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеудің бір немесе бірнеше тәсілі шарт талаптарында көзделеді.
      4. Пошта операторы жөнелтушінің тапсырмасы бойынша адресаттан оған пошта жөнелтілімін табыс ету кезінде жөнелтуші айтқан үстеме төлем сомасын алуды және жөнелтуші көрсеткен мекенжайға оны жіберуді міндетіне алады. Үстеме төлемді пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы бойынша және пошта операторларымен тиісті шарттар жасалған елдерге жіберу үшін қабылданады.
      5. Адресат пошта жөнелтілімінен, оның ішінде үстеме төлемді пошта жөнелтілімінен бас тартқан жағдайда, пошта операторы жөнелтушіге пошта жөнелтілімін қайтарады, ол пошта жөнелтілімін алған кезде жөнелтілім кері жіберілгені үшін соманы төлеуге міндетті.

      20-бап. Пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама
      1. Тіркелетін пошта жөнелтiлімiн жiберу кезiнде жөнелтушiге оның қалауы бойынша адресаттың пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама жiберіледі.
      2. Пошта операторының адресаттың пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабарлама жіберуі қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда жүзеге асырылады және сол үшін жөнелтушіден төлем өндіріліп алынатын пошта байланысының қосымша көрсетілетін қызметі болып табылады.
      3. Адресаттың пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама үшін тарифті жөнелтушi пошта операторының түбiртегiн ала отырып, алдын ала төлейдi.

      21-бап. Пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту
               немесе түзету
      1. Жөнелтушi пошта жөнелтiлімi:
      1) адресатқа берiлмеген;
      2) жіберуге тыйым салынған заттар мен нәрселер тәркiленбеген немесе жойылмаған;
      3) межеленген елдiң заңнамасы негiзiнде алып қойылмаған жағдайларда пошта операторына пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту немесе түзету туралы талаппен өтініш білдіреді.
      2. Пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту және түзету жөнелтушi қосымша ақы төлеген кезде жүзеге асырылады.

      22-бап. Пошта операторлары 
      1. Пошта операторларында қажеттi материалдық-техникалық база мен бiліктi кадрлар, механикаландыру құралдары болуға, пайдаланушыларға пошта жөнелтiлімдерiн Қазақстанның iшiнде және одан тыс жерлерге жiберудің тарифтерi, мерзiмдерi туралы ақпарат, сондай-ақ өзге де ақпарат беруге тиiс.
      2. Пошта операторларының пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі қызметі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Пошта операторлары пайдаланушылардан алған пошта жөнелтілімдерінің және пошталық ақша аударымдарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
      4. Пошта операторлары пошта жөнелтiлімдерi, пошталық ақша аударымдары, жөнелтушiлер және адресаттар туралы мәлiметтердi тек жөнелтушiлер мен адресаттарға не олардың заңды өкілдерiне немесе сенiмхат негiзiнде сенiм білдірілген тұлғаларға бередi. Көрсетілген мәлiметтердi өзге жеке және заңды тұлғаларға беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылады.
      5. Пошта операторлары пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін өндірістік объектілер, поштоматтар, пошташылар немесе курьерлер арқылы көрсетеді, сондай-ақ қызметтерді көрсету кезінде осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес жеке пошта жәшіктерін және пошта төлемінің белгілерін пайдаланады.
      Пошта операторлары абоненттік пошта жәшіктері арқылы тізбесі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленетін пошта жөнелтілімдерін жеткізеді.
      Пошта операторлары пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсету кезінде уәкілетті орган бекіткен пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерімен белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс пошта желісін құрады.
      6. Пошта операторлары арасындағы өзара іс-қимыл шарттық негізде жүзеге асырылады.
      7. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 215, 237, 238 және 240-баптарында көзделген қылмысы үшін жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар, жеке тұлға құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға пошта операторы бола алмайды.

      23-бап. Ұлттық пошта операторы
      1. Ұлттық пошта операторының мынадай міндеттемелері болады:
      1) уәкiлеттi орган бекіткен пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін ұсынады;
      2) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнайы байланыс қызметтерін көрсетеді;
      3) Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларға сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индекстерін беруді жүзеге асырады;
      4) осы Заңның 32-бабында белгіленген тәртіппен пошта жәшiктерiн орналастырады;
      5) өз қызметкерлерін уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен нысанды киiммен қамтамасыз етеді;
      6) Қазақстан Республикасының пошта төлемiнің мемлекеттiк белгiлерiн шығаруды және өткізуді ұйымдастырады.
      2. Ұлттық пошта операторы:
      1) осы Заңның 9-бабы 2-тармағының 2), 3), 4), 5), 7) және 9) тармақшаларында және 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген қызметтерді көрсетуге;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен брокерлік, дилерлік және трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыруға;
      3) банк операцияларының жекелеген түрлерін лицензиясыз:
      заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауды, олардың банктік шоттарын ашуды және жүргізуді;
      банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашуды және жүргізуді;
      кассалық операцияларды: қолма-қол ақшаны ұсақтауды, айырбастауды, қайта есептеуді, сұрыптауды, буып-түюді және сақтауды қоса алғанда, оны қабылдауды және беруді;
      аударым операцияларын: жеке және заңды тұлғалардың төлемдері мен ақша аударымдары бойынша тапсырмаларын орындауды;
      банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялауды;
      қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруды қоса алғанда, шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыруды жүзеге асыруға;
      4) төлем карточкаларын шығаруды, өткізуді және таратуды жүзеге асыруға құқылы.
      3. Ұлттық пошта операторының жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, олардың банктік шоттарын ашу және жүргізу жөніндегі қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның ішінде жекелеген пруденциялық нормативтерді белгілеу және лицензиялар беру арқылы реттейді.
      Ұлттық пошта операторы жедел депозиттерге тартатын халық салымдарының сақталуы оларды мемлекеттiк бағалы қағаздарға және өзге де өтiмдi қаржы құралдарына орналастыру арқылы қамтамасыз етіледі.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ұлттық пошта операторының қаржы қызметін жүзеге асыруы және қаржылық қызметтер ұсынуы кезінде оның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады.
      Уәкілетті орган Ұлттық пошта операторының пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін көрсетуді жүзеге асыруы кезінде оның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады.
      4. Ұлттық пошта операторы өзіне мемлекет жүктеген міндеттемелерді іске асыру мақсатында мәліметтер сұратады және алады не «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне кіру рұқсатын алады.
      5. Ұлттық пошта операторы орналасқан жерінің мекенжайы бар және «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізілген әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді. Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
      6. Ұлттық пошта операторының басқа пошта операторларымен өзара іс-қимылы шарттық негізде жүзеге асырылады.

      24-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну
               қағидалары
      Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында:
      1) пошта операторларының пошта желісін ұйымдастыруы және пайдаланушыларға қызмет көрсетуі жөніндегі, оның ішінде мүгедектердің пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне кедергісіз қол жеткізуі жөніндегі;
      2) пошта операторларының атаулы заттарын пайдалану тәртiбi;
      3) пошта жөнелтiлімдерiн ресiмдеу тәртібі, сондай-ақ пошта жөнелтiлімдерiнiң түрлерi және олардың техникалық сипаттамалары;
      4) пошта жөнелтiлімдерiн және (немесе) пошталық ақша аударымдарын қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету тәртiбi, сондай-ақ пошта жөнелтілімі/пошталық аударым бланкісінің нысаны;
      5) халықаралық пошта жөнелтiлімдерiн қабылдау, өңдеу және табыс ету тәртiбi;
      6) пошта жөнелтiлімдерiн алу, өңдеу және тексеру тәртiбi, сондай-ақ пошта жөнелтiлімдерiн сақтау мерзiмдерi;
      7) пошта жөнелтiлімдерiнiң қосымша жiберiлу және қайтарылу шарттары;
      8) операциялық күндi өткiзу тәртiбi;
      9) пошта жөнелтiлімдерiн кiдiрту, қарап-тексеру және алу тәртiбi, сондай-ақ пошта желiлерi бойынша жiберуге тыйым салынған және шектеу қойылған заттар мен нәрселердің тiзбесi;
      10) пайдаланушылардың өтiнiштерi мен шағымдарын қарау тәртiбi;
      11) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсынуға байланысты, осы Заңда көзделмеген өзге де ережелер қамтылуға тиiс.

      25-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну
               кезiндегi шектеулер және салынатын тыйымдар
      1. Пошта жөнелтiлімдерiнде анықталған, жiберуге шектеу қойылған және тыйым салынған нәрселер мен заттар анықталған жерде осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен кідіртіледі және алып қойылады.
      2. Пошта жөнелтiлімдерiн қарап-тексеруге және оларды алуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жол берiледi.

      26-бап. Пошта операторларының қызметінде тілдерді қолдану
      1. Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторларының қызметтік іс жүргізуі мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жүзеге асырылады. Тағайындалған оператор басқа тағайындалған операторлармен және Дүниежүзілік пошта одағымен хат алмасуды Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде белгіленген тілде жүргізеді.
      2. Қазақстан Республикасының шегінде жіберілетін пошта жөнелтілімдерін жөнелтуші мен алушының мекенжайы жөнелтушінің қалауы бойынша – мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, ал Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде межеленген елдің тілінде немесе Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде белгіленген тілде ресімделуге тиіс.
      3. Пошта операторларының қызметіне қатысты ақпараттық, анықтамалық және басқа да мәліметтер, сондай-ақ құжаттардың үлгілері мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларға қолжетімді орындарда орналастырылады.

      27-бап. Пошта байланысы саласында жергілікті уақытты
               қолдану
      1. Пошта саласында қызметті жүзеге асыру кезінде пошта операторларының пошта жөнелтілімдерін жіберудің технологиялық процестерінде олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасу жеріне қарай жергілікті уақыт қолданылады.
      2. Көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларды көрсетілетін қызметтерді ұсыну уақыты туралы ақпараттандыру жергілікті уақыт бойынша жүргізіледі.

4-тарау. Пошта желісі және пошта байланысының құралдары

      28-бап. Қазақстан Республикасындағы пошта желілері
      1. Қазақстан Республикасының аумағында Ұлттық пошта операторы құратын ұлттық пошта желісі және пошта операторлары қалыптастыратын пошта желілері әрекет етеді.
      2. Ұлттық пошта желісі Қазақстан Республикасының стартегиялық объектісі болып табылады.
      3. Пошта операторлары осы Заңда тікелей белгіленген жағдайларды қоспағанда, пошта желілерін өздері дербес қалыптастырады.

      29-бап. Пошта операторларының пошта желілерін жоспарлау
               және дамыту
      1. Пошта операторлары пошта желілерін дамытуды өз бетінше жоспарлайды және жүзеге асырады.
      Пайдаланушыларға пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін ұсынуды қамтамасыз ететін пошта желілерін дамыту уәкілетті орган бекітетін пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тұрғын үйлерді салу кезінде құрылысқа тапсырыс беруші абоненттік пошта жәшіктерін жобалау және орнату бойынша міндеттемені өзінің жеке қаражаты есебінен көтереді.

      30-бап. Пошта байланысының бөлімшелері
      1. Пошта байланысының бөлімшелері пайдаланушыларға пошта байланысының қызметтері көрсетілетін өндірістік объектілер болып табылады.
      Пошта байланысының бөлімшелерін ашу және күтіп-ұстау қажеттілігін пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштері негізінде пошта операторлары белгілейді.
      2. Ұлттық пошта операторы пошта байланысы бөлімшелерінің:
      1) орналастырылуы уәкілетті орган бекіткен пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асыралатын, пайдаланушыларға қызметтер көрсетуге арналған стационарлық пошта байланысы бөлімшесі;
      2) пайдаланушыларға пошта байланысының қызметтерін көрсету үшін көлік құралдарының базасында, оның ішінде жеке және заңды тұлғалармен жасалған шарттар бойынша құрылатын жылжымалы пошта байланысы бөлімшесі түрлерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
      3. Пайдаланушыларға жылжымалы пошта байланысының бөлімшелері арқылы қызмет көрсету елді мекендердің орталық бөлігінде жүзеге асырылады. Жылжымалы пошта байланысы бөлімшелерінің көмегімен көрсетілетін қызметтермен пайдаланушыларды қамтамасыз ету нормативтерін пошта операторы белгілейді.
      4. Пошта операторлары өзінің пошта қызметінде пошта байланысы бөлімшелерінің қажетті түрлерін дербес айқындайды және пайдаланады.

      31-бап. Пошта маршруттары
      1. Пошта операторларының пошта бағыттары пошта желісінің құрамдас бөлігі болып табылады және көлік құралдарын және (немесе) пошташыларды (курьерлерді) пайдалана отырып пошта жөнелтілімдерін тасымалдау және жеткізу схемасын білдіреді.
      2. Пошта маршруттарын пошта операторы қалааралық-облысаралық, қалааралық-облысішілік, қалалық, қала маңы бойынша қолданыстағы маршруттарды, сондай-ақ елді мекендерді аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) байланыстыратын маршруттарды негізге алып жоспарлайды.
      3. Пошта маршрутын және көлік қозғалысының кестесін жасауды пошта операторлары қолданыстағы пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне, пошта жөнелтілімдерін өңдеудің, тасымалдаудың және жеткізудің ішкі нормативтері мен мерзімдеріне сәйкес жүргізеді.
      4. Пошта бағыттары туралы мәліметтер құпия ақпарат болып табылады. Мұндай ақпарат үшінші тұлғаларға Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі талаптары сақтала отырып ашылады.

      32-бап. Пошта жәшіктері
      1. Пошта жәшіктерін пошта операторлары уәкілетті орган бекітетін пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштерін сақтай отырып, пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар үшін қолжетімді орындарға орналастырады.
      2. Пошта операторының қалауы бойынша және меншік иелерімен келісім бойынша пошта жәшіктері тікелей жылжымайтын мүлік объектілерінде, сондай-ақ олардың аумағында жеке тұрған жәшіктер ретінде де орналастырылады.
      3. Пошта жәшіктерінен пошта жөнелтілімдерін жинап алуды пошта операторлары пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерінің сапа көрсеткіштерін сақтай отырып қамтамасыз етеді.
      4. Пошта операторының пошта жәшіктерінде басқа пошта операторының пошта жәшіктерінен ерекшелеу мақсатында логотип болуға тиіс.

      33-бап. Абоненттік пошта жәшіктері
      1. Абоненттік пошта жәшіктері көрсетілетін қызметті пайдаланушылар және пошта операторларының пошташылары үшін қолжетімді жерлерде тұрғын және тұрғын емес ғимараттарда, жеке тұрғын үйлерде орнатылады және уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес абоненттік пошта жәшіктерінің орналастырылуын және олардың тиісті жай-күйде күтіп ұсталуын қамтамасыз ететін меншік иелеріне тиесілі болады.
      2. Тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің меншік иелері пошташылардың (курьерлердің) абоненттік пошта жәшіктеріне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Абоненттік пошта жәшіктері болмаған немесе ол ақаулы болған жағдайда пошта операторы пошта жөнелтілімін өндірістік объектіден беруді жүзеге асырады.
      3. Тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің меншік иелерінің шешімі бойынша абоненттік пошта жәшіктерінің орнатылуын, күтіп-ұсталуын және сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеме шарт бойынша кондоминиум субъектілеріне берілуі мүмкін.
      4. Пошта операторлары гибридтік жөнелтілімдерді жеткізу кезінде электрондық абоненттік пошта жәшіктерін пайдалануға құқылы. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерін құруды және пайдалануды пошта операторлары өз бетінше жүзеге асырады.
      Электрондық абоненттік пошта жәшіктері пошта операторымен жасалған абоненттік шарт негізінде пайдаланушыларға беріледі.
      5. Ұлттық пошта операторы кез келген пайдаланушыға өзі өтініш білдірген кезде өтеусіз негізде жеке электрондық абоненттік пошта жәшігін ашады және оның тиісінше жұмыс істеуін, сондай-ақ пайдаланушының жеке хат алмасу құпиясы сақталуын қамтамасыз етеді.
      6. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесі пошта жөнелтілімдерінің электрондық нысанда жіберілуін, оның ішінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында электрондық құжат айналымы шеңберінде қамтамасыз ететін Ұлттық пошта операторының жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйесі болып табылады.
      Қазақстан Республикасының барлық аумағында электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай базасын құру, оның жұмыс істеуін және дамуын Ұлттық пошта операторы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қамтамасыз етеді.
      7. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеу және пайдаланушыларды авторландыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      34-бап. Пошта операторларының атаулы заттары
      1. Пошта операторлары өндірістік объектілерді пошта жөнелтілімдерін жіберу процесінде қолданылатын атаулы заттармен қамтамасыз етеді.
      2. Пошта операторларының атаулы заттары осы пошта операторының атауын көрсету арқылы Ұлттық пошта операторының өндірістік объектілері үшін белгіленген атаулы заттардан ерекшеленуге тиіс.
      3. Пошта операторларының атаулы заттарды пайдалану тәртібі уәкілетті орган бекітетін пошта операторларының атаулы заттарды қолдану қағидаларында айқындалады.

      35-бап. Көлік құралдарын пайдалану
      1. Пошта операторларына пошта операторы жұмыскерлерінің ілесіп жүруімен теміржол, теңіз, ішкі су, әуе және автомобиль көлігінің барлық маршруттары мен желілері бойынша пошта жөнелтілімдерін шартты жағдайларда тасымалдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тасымалдау үшін пошта жөнелтілімдерін беру құқығы беріледі.
      2. Пошта байланысының көрсетілетін әмбебап қызметтерін және басқа да көрсетілетін қызметтерді ұсынатын пошта операторының автомобиль көлiгiнiң және басқа да механикалық көлік құралдарының автомобиль жолдары, автомобиль, темiржол, су станциялары мен вокзалдарының, әуежайлардың аумақтарында орналасқан жүк және багаж кешендерiне, пошта жәшіктеріне, сондай-ақ теміржол станциялары мен вокзалдарының перрондары мен платформаларында пошта вагондарымен пошта жөнелтiлімдерiнің барлық түрлерін алмасу үшiн жүріп өтуi бiрiншi кезекте және төлемсіз жүзеге асырылады.
      Уақтылы пошта алмасу үшін теміржол станцияларына (темір жолдарға) теміржол құрамдарын беру кезінде пошта операторының автомобиль көлігі мен басқа да механикалық көлік құралдарының пошта вагонына еркін жүріп өтуі қамтамасыз етілуге тиіс.
      3. Ұлттық пошта операторына тиесілі көлік құралдарының арнайы нышаны болады және оның келісімінсіз пошта саласындағы қызметке жатпайтын көрсетілетін қызметтерді ұсыну және жұмыстарды орындау үшін пайдаланылмайды.

5-тарау. Пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушылар

      36-бап. Пошта операторлары көрсететін қызметтердің сапасы
      1. Пошта операторлары көрсетілетін қызметтерді пайдаланушыларға осы Заңда және пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленген сапа мен нормаларға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді ұсынуға жасалған шарт талаптарына сәйкес келетін көрсетілетін қызметтерді ұсынуға міндетті.
      2. Пошта операторлары пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес барлық пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушыларға тең жағдайларда көрсетеді.

      37-бап. Пошта операторлары көрсететін қызметтерді
               пайдаланушыларға қызмет көрсетудің ерекшеліктері
      1. Пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушылар пошта жөнелтілімдерінде, пошталық ақша аударымында мекенжайды ресімдеу, сондай-ақ олардың ішіндегісіне қойылатын тәртіпті белгілейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын сақтай отырып, пошта жөнелтілімдерін тапсыруды және алуды жүзеге асырады.
      2. Пошта операторынан пошта төлемінің белгілерін сатып алған жағдайда, пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушы пошта жөнелтілімін пошта төлемінің көрсетілген белгілерін сатып алған операторға оған тиесілі пошта жәшігі немесе операциялық терезе арқылы пошта жөнелтілімін тапсыруға міндетті.
      Пошта операторы пошта жәшігінен басқа пошта операторының пошта төлемінің белгілері жапсырылған пошта жөнелтілімін алған кезде пошта жөнелтілімінде көрсетілген мекенжай бойынша пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға кері қайтарады.

      38-бап. Пошта операторлары көрсететін қызметтерді
               пайдаланушылардың құқықтарын қорғау
      1. Пайдаланушылардың пошта операторлары тиісті сападағы көрсетілетін қызметтерді ұсынуына, қызметтер көрсету туралы ақпаратты алуына арналған құқықтарын қорғау, сондай-ақ осындай құқықтарды іске асыру тетігі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
      2. Пошта операторы пошта байланысының қызметтерін көрсеткен кезде уәкілетті орган бекітетін Пошта операторларына қызметтерді көрсетуге қажет және жеткілікті пайдаланушылардың дербес деректерінің бірыңғай тізіліміне сәйкес пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушының дербес деректерін жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды жүзеге асырады.
      Пошта операторы пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсеткен кезде дербес деректерді жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушының немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізеді.
      3. Пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушының тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жөнелтуі пошта операторының пошта жөнелтілімдерін қабылдау пунктінде өзі немесе оның өкілі жеке басын куәландыратын құжатты көрсету не пошта жөнелтілімін пошта операторының пошташысы және (немесе) курьері арқылы жүргізіледі. Жөнелтуші дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісім беруден бас тартқан жағдайда, пошта операторы пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушыға пошта жөнелтілімін қабылдаудан бас тартуға міндетті.
      4. Тіркелетін пошта жөнелтілімін қабылдау кезінде пошта операторы алушының дербес деректерін оның келісімінсіз жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды жүзеге асырады. Пошта операторы пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушыға тіркелетін пошта жөнелтілімін табыс еткен кезде алушы жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді және пошта операторына дербес деректерін жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісімін береді. Алушы дербес деректерін жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісім беруден бас тартқан жағдайда, пошта операторы алушыға пошта жөнелтілімін табыс етпейді және жөнелтушіге пошта жөнелтілімін кері жіберуге міндетті.
      5. Пошта операторлары және дербес деректерге рұқсат алған үшінші тұлғалар субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз не өзге заңды негізсіз олардың таралуына жол бермеу талаптарын сақтау арқылы құпиялылықты қамтамасыз етеді.

6-тарау. Пошта байланысы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      39-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары
      1. Пошта операторлары пошта байланысының қызметтерін көрсету кезінде өз құзыреті шегінде пошта операторлары көрсететін қызметтерді пайдаланушылар мен жұмыскерлер денсаулығының және өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шара қолданады.
      2. Пошта операторлары жеке тұлғалардың тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберуге ашық күйінде қабылдайды. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдеріндегі заттардың, нәрселердің және тауарлардың идентификатталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін техникалық құралдарды қолданады.
      Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін қабылдау кезінде пошта операторы белгіленген тәртіппен жөнелтушіні идентификаттауға және оның деректерін тіркеуге міндетті. Поштоматтармен жабдықталған объектілерде пошта жөнелтілімдерін қабылдау және табыс ету жөнелтуші мен адресатты идентификаттауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ рұқсатсыз кіруді болдырмауға мүмкіндік беретін техникалық құралдар қолданылып жүзеге асырылады.
      3. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдерін жіберу процесінде оларда тыйым салынған заттар мен нәрселерді анықтауға бағытталған шараларды қолданады. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдерінде тыйым салынған заттар мен нәрселерді анықтау мақсатында пошта жөнелтілімдерінде тыйым салынған заттар мен нәрселерді ашпай анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдарды, жабдықты және бейне фиксация жүйесін пайдаланады.
      Пошта жөнелтілімдерін жіберу кезінде пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес тыйым салынған заттар мен нәрселер анықталған жағдайда, пошта операторлары құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға хабарлауға міндетті. Пошта жөнелтілімдерін ашу олар анықталған жерде уәкілетті органдар өкілдерінің және пошта операторы жұмыскерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
      4. Пошта жөнелтілімін жөнелтуші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пошта жөнелтіліміндегі заттар мен нәрселер үшін белгіленген тыйым салуды бұзғаны үшін жауапты болады.

      40-бап. Ұлттық пошта операторының пошта қауіпсіздігі
               жүйесі
      1. Ұлттық пошта операторының пошта қауіпсіздігі жүйесі пошталық, банктік, қызметтік және коммерциялық құпияны, пошта жөнелтілімдерін рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғауды, пошта жөнелтілімдері мен ақшаның жоғалу және ұрлану жағдайларын болдырмау шараларын, пошта жөнелтілімдеріндегі заттар мен нәрселерді жіберу бойынша шектеулерді сақтауды, сондай-ақ пайдаланылатын ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
      2. Қауіпсіздік режимін шарт негізінде тартылатын жеке күзет ұйымы немесе «Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық пошта операторы құрған күзет ұйымы сақтайды.
      Жеке күзет ұйымдары немесе Ұлттық пошта операторы құрған күзет ұйымы пошта байланысы инфрақұрылымы объектілерінің, пошта көлігінің, қызметтер көрсету кезінде жұмыскерлер мен пайдаланушылардың қауіпсіздігін және қорғалуын, пошта жөнелтілімдерін рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ пошта жөнелтілімдері мен ақшаны бөтен адамдардың ұрлауын болдырмайды.

7-тарау. Пошта байланысы саласындағы халықаралық қызмет

      41-бап. Халықаралық ынтымақтастық
      Пошта байланысы саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттар, Дүниежүзілік пошта одағының актілері және осы Заң негізінде жүзеге асырылады.

      42-бап. Тағайындалған оператор
      1. Уәкілетті орган операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларына сәйкес пошта қызметтерін пайдалануды және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өздеріне қатысты міндеттемелердің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуын қамтамасыз ету мақсатында пошта операторын тағайындалған оператор етіп тағайындауды жүзеге асырады.
      2. Тағайындалған оператор:
      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы бүкіл елді мекендерде барлық пайдаланушылар үшін пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін тұрақты негізде көрсетуді;
      2) жазбаша хат-хабарды қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және жеткізуді;
      3) салмағы 20 килограмға дейінгі жіберілімдерді қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және жеткізуді;
      4) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабарды қайтаруды;
      5) төлемге халықаралық қайтарым купонын қабылдауды;
      6) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Дүниежүзілік пошта одағына мүше басқа да елдердің тағайындалған операторларының халықаралық пошта жөнелтілімдерінің транзитін қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін жүзеге асырады.
      4. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен және осы баптың 1-тармағынан туындайтын міндеттемелерді орындамаған кезде уәкілетті орган пошта операторынан тағайындалған оператордың өкілеттігін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кері қайтарып алады.
      5. Тағайындалған оператор Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде халықаралық пошта жөнелтілімдерін алмасу және өңдеу орындарын құруға құқылы және Дүниежүзілік пошта одағы актілерінде және халықаралық пошта жөнелтілімдерін алмасу және өңдеу орындары құрылатын шет мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайларда осындай қызметті жүзеге асырады.

      43-бап. Халықаралық пошта алмасу және халықаралық пошта
               транзиті
      1. Халықаралық пошта алмасу және халықаралық пошта транзиті Дүниежүзілік пошта одағы актілеріне, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарға және актілерге, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес Дүниежүзілік пошта одағы органдарында халықаралық пошта алмасу орындарын ресми тіркеуді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Қазақстан Республикасы тарапынан халықаралық пошта алмасуды және халықаралық пошта транзитін тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарға және актілерге, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына және осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.
      4. Халықаралық пошта алмасу мен транзит тағайындалған оператор өз қаражаты есебінен құратын халықаралық пошта алмасу орындарында жүзеге асырылады.
      5. Дүниежүзілік пошта одағының мүшелері болып табылатын шет мемлекеттердің басқа тағайындалған операторлары халықаралық пошта жөнелтілімдерімен алмасу және өңдеу орындарын Қазақстан Республикасының аумағында құруы уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.

8-тарау. Қорытынды ережелер

      44-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерiн ұсыну
                кезiнде мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауаптылық
      1. Пошта операторы пошта жөнелтiлімiнің жөнелтушіден қабылдап алған кезден бастап алушыға берген кезге дейiн сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      2. Пошта операторы:
      1) тiркелетiн пошта жөнелтiлімi жоғалған, зақымданған (бүлiнген) немесе тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар жетiспеген;
      2) пошта жөнелтiлімiн жiберудiң мерзiмдерi бұзылған жағдайларда жауапты болады.
      3. Тiркелетiн пошта жөнелтiлімi жоғалғаны, зақымданғаны (бүлiнгені) немесе тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар жетiспегені үшiн пошта операторы мынадай мөлшерде:
      1) құндылығы жарияланған пошта жөнелтілімінің жоғалғаны немесе толық зақымданғаны (бүлінгені) үшін – жарияланған құндылығы және жiберу үшiн төленген тариф мөлшерiнде;
      2) тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар тізімдеме бойынша жіберу кезінде тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың жетіспегені, жоғалғаны немесе құндылығы жарияланған тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігінің зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн – жөнелтуші тізімдемеде көрсеткен, жарияланған құндылығы жетіспеген, жоғалған немесе зақымданған (бүлінген) нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігі мөлшерінде;
      3) тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар тiзiмдемесіз жiберiлген кезде тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың жетiспегенi, құндылығы жарияланған пошта жөнелтiлімдерi тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың бiр бөлiгiнiң жоғалғаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн – жетіспеген, жоғалған немесе зақымданған (бүлінген) нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігінің массасы оның нақты құнына қарай жіберілетін тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің (пошта жөнелтілімі тысының массасынсыз) массасына қатынасы пропорционал айқындалатын тіркелетін пошта жөнелтілімінің жарияланған құндылығы мөлшерінде;
      4) өзге де тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің жоғалғаны немесе толық зақымданғаны (бүлінгені) үшiн – төленген тарифтiң екi еселенген сомасы мөлшерiнде;
      5) нәрселердің, заттардың немесе тауардың жетіспегені немесе нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігінің жоғалғаны немесе өзге тіркелетін пошта жөнелтілімі нәрселерінің, заттарының немесе тауардың бір бөлігінің зақымданғаны үшiн – төленген тарифтің сомасы мөлшерінде;
      6) пошталық ақша аударымының жоғалғаны үшiн – пошталық ақша аударымының сомасы және жiберу үшiн төленген тариф мөлшерiнде жауапты болады.
      4. Пайдаланушылардың пошта жөнелтiлімдерi мен пошталық ақша аударымын жiберудiң мерзiмдерiн бұзғаны үшiн пошта операторы кешіктірілген әрбiр күн үшiн төленген тарифтiң үш пайызы мөлшерiнде, бiрақ көрсетiлген қызмет үшiн төленген тариф сомасынан аспайтын мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейдi.
      Пошта жөнелтiлімiн әуе көлiгiмен жiберудiң мерзiмдерiн бұзғаны үшiн пошта операторы пайдаланушыға әуе және жерүстi көлiгiмен жiберу үшiн төлем тарифтерiнiң арасындағы айырмашылықты төлейдi.
      5. Егер мiндеттемелерiн орындамау немесе тиiсiнше орындамау еңсерілмейтін күштiң немесе пошта жөнелтiлімiндегi нәрселердің, заттардың немесе тауардың ерекше қасиеттерiнің салдарынан болғаны дәлелденсе, пошта операторы тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауардың жоғалғаны, зақымданғаны (бүлiнгенi) немесе тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнiң жетiспегенi, пошта жөнелтiлімiн және пайдаланушылардың пошталық ақша аударымын жiберудiң мерзiмдерiн бұзғаны үшiн және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де негiздемелер бойынша жауаптылықтан босатылады.
      6. Пайдаланушылар:
      1) ерекше қасиеттерiне орай пошта желiлерi арқылы жiберуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған заттар мен нәрселердің пошта жөнелтiлімiнде анықталуының салдарынан;
      2) пошта желiлерi арқылы жiберуге қабылданған нәрселердің, заттардың немесе тауардың тиiсiнше буып-түйiлмеуi салдарынан туындаған, пошта операторына келтiрiлген залал үшiн жауапты болады.

      45-бап. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасын
               бұзғаны үшiн жауаптылық
      Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      46-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      1. Осы Заң, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 7-баптың екінші абзацын, 39-баптың 2 және 3-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Пошта туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы  Заңының(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 3, 17-құжат; № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 55-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 16, 99-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 5, 35-құжат; № 13, 91-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 11, 61-құжат; № 14, 87-құжат; № 19-I, № 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; 2015 ж., № 16, 79-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады