Біркелкі сот практикасын қалыптастыру және сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
"Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151-І Заңының 3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Конституцияға негiзделедi, осы заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.
Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.
4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 30-бабында Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылатыны көрсетілген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган (лауазымды тұлға) күдіктіге (айыпталушыға) оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғаушының көмегіне жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.5. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 738-бабының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал қажет болған кезде іс жүргізуде орыс тілі немесе басқа да тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, олардың мүдделерін қорғауды осы заңда белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етуге тиіс.
6. Заңнамаға сәйкес сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті дәрежеде білмейтін іске қатысатын адамдардың ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, сотта сөз сөйлеу құқықтары қамтамасыз етіледі және қорғалады.
Сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілде болған әңгімелерді жете түсінбейтін немесе жеткілікті дәрежеде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, сұрақтарға жауап бергенде, ауызша және (немесе) жазбаша тілде басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жататындығын назарда ұстаған жөн.
7. Процесті жүргізетін органдар сот ісін жүргізуге қатысатын адамдарға істің олар үшін қажетті, басқа тілде жазылған материалдарын сол адамдар білетін немесе түсінетін тілдерге өтеусіз аудару және аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығын қамтамасыз етуге тиіс.
ҚПК-нің 81-бабы бірінші бөлігінің, АПК-нің 39-бабы екінші бөлігінің және ӘҚБтК-нің 758-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес аудармашы ретінде іске қатысып отырған органдар мен адамдардан қызмет бабы бойынша тәуелсіз, іс үшін маңызы бар мән-жайларды аударуға біліктілігі жеткілікті мүдделі емес адам тартылады.
Процеске қатысушылар білетін тілде сот ісін жүргізуге және осыған орай аудармашының қатысуына байланысты шығындар іске қатысушы адамдардың өздері білетін белгілі бір тілді пайдалану құқықтарын іске асыру үшін кедергі бола алмайды.
7-1. ҚПК-нің 30-бабының бесінші бөлігіне сәйкес процеске қатысушыларға тапсырылуға жататын құжаттардың жазбаша аудармасы міндетті түрде қамтамасыз етілуге тиіс.
ҚПК-ге сәйкес күдіктіге, айыпталушыға сотқа дейінгі кезеңде тапсырылуы тиіс құжаттарға мыналар жатады: бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуға санкция беру туралы сот қаулысының көшірмесі (ҚПК-нің 148-бабының оныншы бөлігі); адамды күдікті деп тану туралы қаулының көшірмесі (ҚПК-нің 202-бабының екінші бөлігі); тінту немесе алу хаттамасының көшірмесі (ҚПК-нің 256-бабының төртінші бөлігі); сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулының көшірмесі (ҚПК-нің 288-бабы); айыптау актісі (ҚПК-нің 304-бабы) және ҚПК-де табыс етілуі тікелей көрсетілген басқа да процестік құжаттар.
Сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға мыналар тапсырылуға тиіс: қылмыстық істі қысқарту туралы қаулы (ҚПК-нің 327-бабы); сотталушыға бұлтартпау шарасын өзгерту немесе сотқа шақырылуға жататын адамдардың тізімін өзгерту туралы судья қаулысының көшірмесі, егер прокурор сотта айыптауды өзгертсе, айыптаудың жаңа тұжырымдамасы (ҚПК-нің 329-бабы); үкімнің көшірмесі (ҚПК-нің 404-бабы); апелляциялық (жекеше) шағым мен наразылықтың көшірмесі (ҚПК-нің 420-бабының екінші бөлігі) және басқалары.
Құпиялылық режимін сақтау мақсатында мемлекеттік құпияларды немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтері бар құжаттардың түпнұсқасы мен аудармасы қылмыстық процеске қатысушыларға танысу үшін ғана беріледі. Көшірмені алуға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, таныстырылған соң мұндай құжаттардың түпнұсқасы мен аудармасы іс материалдарында бөлек жабық конвертте (пакетте) сақталады.
Ескерту. Нормативтік қаулы 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.8. Азаматтық істер бойынша сот талқылауына дайындық аяқталғаннан кейін құжаттар мен өзге де материалдарды сот ісінен өзге тілде ұсынған тараптар олардың аудармасын өз бетінше қамтамасыз етеді.
АПК-нің 475-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының соттарына ұсынылған кезде тиісті түрде куәландырылған, сот ісін жүргізу тіліне аударылған аудармасымен ғана емес, сонымен қатар сот ісіне қатысатын тараптардың талабы бойынша олардың ана тіліндегі немесе өздері білетін басқа тілдегі аудармасымен бірге берілуі тиіс.
9. Егер қорғалуға құқығы бар куә, күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған, ақталған және өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам сот ісі жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткілікті түрде білмесе, онда сот процесіне қорғаушының қатысуы міндетті. Ол таңдаған қорғаушының сот ісі жүргізілетін тілді білмеуі оның процеске қатысуына кедергі бола алмайды.
9-1. Судьяның, прокурордың, тергеушінің, анықтаушының аудармашы функцияларын қоса атқаруына жол берілмейді және бұл сот ісін жүргізу тілі туралы заңды өрескел бұзу ретінде бағалануға тиіс. Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапқа тартылып жатқан, сондай-ақ жазасын өтеп жүрген адамдарды аудармашы ретінде тартуға жол берілмейді.
Ескерту. Нормативтік қаулы 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.10. Сот талқылауына қатысу үшін алқабилерге кандидаттарды іріктеген кезде төрағалық етуші алқабиге кандидатқа сот ісі жүргізілетін тілді білу деңгейі туралы сұрақ қоюға құқылы.
Сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдарды төрағалық етуші процеске қатысушылармен талқыламай алқаби міндеттерін орындаудан босатады.
11. Істер бойынша қабылданған процестік құжаттар сот ісін жүргізу тілінде жасалады.
Процестік құжаттарды жасаған кезде олардың мазмұны мен сот ісін жүргізу тілінің лингвистикалық (тілдік) қағидаларына қойылатын талаптарға назар аудару қажет.
Процестік заңнамада көзделген жағдайларда куәландырылған құжаттардың көшірмелерін сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдар үшін аудармамен қоса беру іс жүргізуді жүзеге асыратын органдардың міндеті болып табылады.
11-1. Сот процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы қаулы шығаруға және істі мемлекеттік (қазақ) тілде қарауды жалғастыруға құқылы.
Ескерту. Нормативтік қаулы 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12. Процеске қатысушылар іс бойынша жасалған процестік іс-әрекеттерге, сондай-ақ іс бойынша шығарылған сот актілеріне, шағымдар (наразылықтар) келтіргенде іс бойынша белгіленген сот ісін жүргізу тілі туралы талапты сақтауға міндетті.
Бұл талап сақталмаған жағдайда келтірілген шағымдар (өтінішхаттар, наразылықтар) процестік заңнаманың нормаларына сәйкестендіру үшін кері қайтарылуға жатады.
13. Сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманың талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
Істі соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешу сатысында сот ісін жүргізу тілінің бұзылуы анықталған жағдайда, сот ҚПК-нің 323-бабының талаптарына сәйкес істі бұзушылықтарды жою үшін прокурорға қайтарады.
Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.14. Процестік актілерде кодекстердің, заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің атауларын, мемлекеттік және басқа да органдардың, ұйымдардың атауларын жазғанда оларды жазудың белгіленген қағидалары сақталуға тиіс.
Басқа тілдерде берілген терминдер, атаулар (заңды тұлғалардың, ұйымдардың, елді мекендердің және т.с.) транслитерация қағидаларына сәйкес көрсетілуге тиіс екендігін ескеру қажет.
Процеске қатысушылардың аты-жөні, тегі актілерде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға дәл сәйкестікте көрсетілуі тиіс.
"Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 29 қаңтардағы № 73-V Заңы 6-бабының талаптарына сәйкес жеке басты куәландыратын құжаттарға Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты және жеке куәлігімен қатар олардың дипломатиялық, қызметтік, шетелдік паспорттары, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның, теңізшінің, босқынның жеке куәліктері, қайта оралуға арналған, туу туралы куәліктер жатады.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.15. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | Қ.МӘМИ |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы | Қ.ШАУХАРОВ |