Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      Ескерту. Нормативтік қаулының деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Біркелкі сот практикасын қалыптастыру және сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

      "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151-І Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңнама Конституцияға негiзделедi, осы заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін құқықтық кепіл болып табылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.

      Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап қою берілген тілді жеткілікті деңгейде білетін-білмейтінін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетін-түсінбейтінін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 30-бабында Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіні, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылатыны көзделген.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган (лауазымды адам) күдіктіге (айыпталушыға) сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғаушының көмегіне жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 738-бабының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған кезде іс жүргізуде орыс тілі немесе басқа да тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарға сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, олардың мүдделерін қорғауды заңда белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуге тиіс.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. Заңнамаға сәйкес іс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмейтiн немесе жеткілікті деңгейде бiлмейтiн iске қатысатын адамдардың ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлiмдемелер жасау, түсiнiктемелер мен айғақтар беру, сотта сөз сөйлеу құқығы қамтамасыз етіледі және қорғалады.

      Сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті деңгейде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілде сөйлеген сөздерді түсінбейтін немесе жеткілікті деңгейде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, ауызша және (немесе) жазбаша түрде сұрақтарға жауап бергенде, басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жататынын назарда ұстаған жөн.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      7. Процесті жүргізетін органдар сот ісін жүргізуге қатысатын адамдарға заң бойынша оларға қажетті, басқа тілде жазылған іс материалдарының аудармасын сол адамдар білетін немесе түсінетін тілдерге өтеусіз аудару және аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығын қамтамасыз етуге тиіс.

      ҚПК-нің 81-бабы бірінші бөлігінің, АПК-нің 56-4-бабы екінші бөлігінің және ӘҚБтК-нің 758-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес аудармашы ретінде іске қатысып отырған органдар мен адамдарға қызметі тәуелсіз, іс үшін маңызы бар мән-жайларды аударуға біліктілігі жеткілікті мүдделі емес адам тартылады.

      Процеске қатысушылар білетін тілде сот ісін жүргізуге және осыған орай аудармашының қатысуына байланысты шығындар іске қатысатын адамдардың өздері білетін сол немесе басқа тілді пайдалану құқықтарын іске асыру үшін кедергі бола алмайды.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      7-1. ҚПК-нің 30-бабы бесінші бөлігіне сәйкес процеске қатысушыларға табыс етілуге жататын құжаттардың жазбаша аудармасы міндетті түрде қамтамасыз етілуге тиіс.

      ҚПК-ге сәйкес күдіктіге, айыпталушыға сотқа дейінгі кезеңде табыс етілуге тиіс құжаттарға мыналар жатады: бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауға санкция беру туралы сот қаулысының көшірмесі (ҚПК-нің 148-бабының оныншы бөлігі); адамды күдікті деп тану туралы қаулының көшірмесі (ҚПК-нің 202-бабының екінші бөлігі); тінту немесе алу хаттамасының көшірмесі (ҚПК-нің 256-бабының төртінші бөлігі); сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулының көшірмесі (ҚПК-нің 288-бабы); айыптау актісі (ҚПК-нің 304-бабы) және ҚПК-де табыс етілуі тікелей көрсетілген басқа да процестік құжаттар.

      Сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға мыналар табыс етілуге тиіс: қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы (ҚПК-нің 327-бабы); сотталушыға бұлтартпау шарасын өзгерту немесе сотқа шақырылуға жататын адамдардың тізімін өзгерту туралы судья қаулысының көшірмесі, егер прокурор сотта айыптауды өзгертсе, айыптаудың жаңа тұжырымдамасы (ҚПК-нің 329-бабы); үкімнің көшірмесі (ҚПК-нің 404-бабы); апелляциялық (жекеше) шағым мен наразылықтың көшірмесі (ҚПК-нің 420-бабының екінші бөлігі) және басқалары.

      Құпиялылық режимін сақтау мақсатында мемлекеттік құпияларды немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтері бар құжаттардың түпнұсқасы мен аудармасы қылмыстық процеске қатысушыларға танысу үшін ғана табыс етіледі. Көшірмені алуға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, таныстырылған соң мұндай құжаттардың түпнұсқасы мен аудармасы іс материалдарында бөлек жабық конвертте (пакетте) сақталады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      8. Азаматтық істер бойынша сот талқылауына дайындық аяқталғаннан кейін құжаттар мен өзге де материалдарды сот ісін жүргізу тілінде емес, өзге тілде ұсынған тараптар олардың аудармасын өз бетінше қамтамасыз етеді.

      АПК-нің 475-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының соттарына ұсынылған кезде олардың тиісті түрде куәландырылған, сот ісін жүргізу тіліне аударылған аудармасымен ғана емес, сонымен қатар сот ісіне қатысатын тараптардың талабы бойынша олардың ана тіліндегі немесе өздері білетін басқа тілдегі аудармасымен бірге берілуі тиіс.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      9. Егер қорғалуға құқығы бар куә, күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған, ақталған және өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам сот ісі жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткілікті деңгейде білмесе, онда сот процесіне адвокаттың қатысуы міндетті. Ол таңдаған адвокаттың сот ісі жүргізілетін тілді білмеуі оның процеске қатысуына кедергі бола алмайды.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      9-1. Судьяның, прокурордың, тергеушінің, анықтаушының аудармашы функцияларын қоса атқаруына жол берілмейді және бұл сот ісін жүргізу тілі туралы заңды өрескел бұзу ретінде бағалануға тиіс. Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауаптылыққа тартылатын, сондай-ақ жазасын өтеп жүрген адамдарды аудармашы ретінде тартуға жол берілмейді.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 9-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      10. Сот талқылауына қатысу үшін алқабилерге кандидаттарды іріктеу кезінде төрағалық етуші алқабиге кандидатқа сот ісі жүргізілетін тілді білу деңгейі туралы сұрақ қоюға құқылы.

      Сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдарды төрағалық етуші процеске қатысушылармен талқыламай алқаби міндеттерін орындаудан босатады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Іс бойынша қабылданған процестік құжаттар сот ісін жүргізу тілінде жасалады.

      Процестік құжаттарды жасаған кезде олардың мазмұны мен сот ісін жүргізу тілінің лингвистикалық (тілдік) қағидаларына қойылатын талаптарға назар аудару қажет.

      Процестік заңнамада көзделген жағдайларда сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдар үшін куәландырылған құжаттардың көшірмелерін аудармамен қоса беру іс жүргізуді жүзеге асыратын органдардың міндеті болып табылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11-1. Сот процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы қаулы шығаруға және істі мемлекеттік (қазақ) тілде қарауды жалғастыруға құқылы.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      12. Процеске қатысушылар іс бойынша жасалған процестік әрекеттерге, сондай-ақ іс бойынша шығарылған сот актілеріне шағымдар (наразылықтар) келтірген кезде іс бойынша белгіленген сот ісін жүргізу тілі туралы талапты сақтауға міндетті.

      Бұл талап сақталмаған жағдайда келтірілген шағымдар (өтінішхаттар, наразылықтар) процестік заңнаманың нормаларына сәйкестендіру үшін кері қайтарылуға жатады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. Сот ісін жүргізу тілі туралы заңнама талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.

      Істі соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешу сатысында сот ісін жүргізу тілін бұзушылықтар анықталған жағдайда сот ҚПК-нің 323-бабының талаптарына сәйкес бұзушылықтарды жою үшін істі прокурорға қайтарады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      14. Процестік актілерде кодекстердің, заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің атауларын, мемлекеттік және басқа да органдардың, ұйымдардың атауларын жазғанда оларды жазудың белгіленген қағидалары сақталуға тиіс.

      Басқа тілдерде берілген терминдер, атаулар (заңды тұлғалардың, ұйымдардың, елді мекендердің және т.с.) транслитерация қағидаларына сәйкес көрсетілуге тиіс екенін ескеру қажет.

      Процеске қатысушылардың аты-жөні, тегі актілерде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға дәл сәйкестікте көрсетілуі тиіс.

      "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" 2013 жылғы 29 қаңтардағы № 73-V Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының талаптарына сәйкес жеке басты куәландыратын құжаттарға Қазақстан Республикасы азаматының паспорты және жеке куәлігімен қатар олардың дипломатиялық, қызметтік, шетелдік паспорттары, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның, теңізшінің, босқынның жеке куәліктері, қайта оралуға арналған, туу туралы куәліктер жатады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      15. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қ. МӘМИ
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Қ. ШАУХАРОВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады