Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қауіпсіздік шараларына қатысты келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 361 қаулысы


      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қауіпсіздік шараларына қатысты келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қауіпсіздік шараларына қатысты келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 22 маусымдағы
№ 361 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қауіпсіздік шараларына қатысты келісім

Кіріспе

      Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Қазақстан) және Америка Құрама Штаттарының Үкіметі (бұдан әрі - АҚШ) (әрқайсысы - Тарап, бірге - Тараптар),

      Тараптардың, халықаралық қатынастар, қорғаныс, қауіпсіздік, құқық қорғау қызметі, ғылым, өнеркәсіп және технология салаларындағы ынтымақтастығын қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, және

      құпиялылық негізінде Тараптар алмасатын құпия ақпаратты қорғауға қатысты өзара мүддені қолдай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап.

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      1. Құпия ақпарат - ұлттық қауіпсіздік мақсатында және осы себептен рұқсат етілмеген әшкерелеуден немесе таратудан қорғауды талап ететін беруші Тарап құпия ретінде белгілейтін, бір Тараптан екінші Тарапқа берілетін ақпарат. Ақпарат ауызша, визуалды, электрондық немесе құжаттық нысанда не материалдар нысанында, оның ішінде жабдық немесе технологиялар нысандарында берілуі мүмкін.

      2. Құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт - шартты орындау барысында құпия ақпаратқа немесе оның жасалуына оны орындаушылардың немесе оның жұмыскерлерінің қол жеткізуін талап ететін немесе талап етілетін шарт.

      3. Орындаушы - шарттарды жасасуға құқықтық қабілеті бар, құпия жұмыстар жүргізу туралы шарттың Тарапы болып табылатын Тараптың заңды немесе жеке тұлғасы.

      4. Құпия жұмыстарды жүргізуге рұқсат - 4-бапта белгіленген Тараптың ұлттық қауіпсіздік органы, осы Тараптың юрисдикциясындағы орындаушының объектісіне беретін, осы объектіге белгілі бір дәрежеде рұқсат берілгенін, сондай-ақ осы объектіде құпия ақпаратты қорғау үшін белгілі бір дәрежеде қажетті қауіпсіздік шаралары қолданылғанын растайтын куәлік. Мұндай куәліктің берілуі "CONFIDENTIAL/ҚҰПИЯ" дәрежесіндегі немесе одан жоғары дәрежедегі құпия ақпаратты осы Келісімнің ережелеріне сәйкес құпия жұмыстарды жүргізуге рұқсат (бұдан әрі - ҚЖЖР) берілген орындаушы қорғайтынын және бұл ережелердің орындалуын тиісті ұлттық қауіпсіздік органы қадағалайтынын және қамтамасыз ететінін білдіреді.

      5. Персоналдың рұқсаты (бұдан әрі - ПР):

      a) осы Тараптың мемлекеттік органында немесе осы Тараптың юрисдикциясындағы орындаушыда қызметте жүрген адам құпиялылықтың белгілі бір деңгейіне дейінгі құпия ақпаратқа қолжетімділікке уәкілетті екені туралы 4-бапта айқындалған Тараптың ұлттық қауіпсіздік органының шешімі;

      b) бір Тараптың азаматы болып табылатын, бірақ екінші Тараптың қызметіне қабылдауды күтіп жүрген немесе екінші Тарап орындаушыларының бірі болып табылатын тұлға құпиялылықтың белгілі деңгейіне дейінгі құпия ақпаратқа қолжетімділікке уәкілетті екені туралы 4-бапта айқындалған Тараптың ұлттық қауіпсіздік органының шешімі.

      6. Қызметтік қажеттілік қағидаты - құпия ақпаратты ықтимал алушыға мемлекет айқындаған құқыққа сыйымды және рұқсат етілген функцияларды орындау немесе жәрдемдесу үшін оның белгілі бір түріне қолжетімділіктің талап етілетіні туралы құпия ақпараттың уәкілетті қорғаушысы болып табылатын тұлғаның шешімі.

2-бап.

Келісімнің қолданылу аясына шектеулер

      1. Осы Келісімнің шарттары осындай басқа келісімдерге немесе уағдаластыққа сай сөзсіз қолдануға жарамды болып табылатын жағдайларды қоспағанда, осы Келісім Тараптар немесе олардың ведомстволары арасындағы Тараптар немесе олардың ведомстволары өзара алмасатын құпия ақпараттың белгілі бір түр тармақтары мен санаттарын қорғауды көздейтін басқа келісімдер немесе уағдаластық шарттарында айқындалған әрекеттер аясына кіретін құпия ақпаратқа қолданылмайды.

      2. Осы Келісім сондай-ақ 1954 жылғы түзетулерімен қоса Атом энергиясы туралы АҚШ Заңына (бұдан әрі - АЭЗ) сәйкес АҚШ ұлттық заңнамасында шектеулі қолжетімділік деректері деп анықталған деректермен алмасуға немесе бұрын шектеулі қолжетімділіктің деректері болып есептелген деректерге, яғни АЭЗ сәйкес осы санаттан алынған, бірақ АҚШ бұрынғыдай қорғаныс сипатындағы деректер деп қарайтын деректерге қолданылмайды.

3-бап.

Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелер

      1. Әр Тарап осы құжатта жазылған шарттарға сәйкес екінші Тараптың құпия ақпаратын қорғайды.

      2. Алушы Тарап құпия ақпаратты кем дегенде құпия ақпаратты беруші Тарап қамтамасыз ететін қорғауға баламалы тәсілмен қорғайды.

      3. Әр Тарап осы Келісімге сәйкес өз заңдары мен заңға тәуелді актілеріндегі құпия ақпаратты қорғауға ықпал етуі мүмкін қандай да бір өзгерістер туралы екінші Тарапқа дереу хабарлайды. Ұлттық заңнаманың мұндай өзгерістері осы Келісім міндеттемелеріне ықпал етпейді. Мұндай жағдайларда Тараптар осы Келісімге ықтимал түзетулерге және онымен алмасу осы Келісімге сәйкес жүргізілетін құпия ақпараттың қорғалуын қолдау үшін қажет болатын басқа да шараларға қатысты консультациялар жүргізеді.

4-бап.

Ұлттық қауіпсіздік органдары

      1. Тараптар бір-бірін осы Келісімді орындауға жауапты ұлттық қауіпсіздік органдары және осы органдарға қатысты кез келген кейінгі өзгерістер туралы хабардар етеді.

      2. Осы Келісімнің мақсатында ұлттық қауіпсіздік органдары:

      a) Қазақстаннан: Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі - ҰҚК) болып табылады. ҰҚК-дан байланыс жасайтын адам Мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің бастығы болып табылады;

      b) АҚШ-тан: АҚШ Қорғаныс министрлігінің әскери-саяси мәселелер жөніндегі Қорғаныс министрінің орынбасары аппаратының Қорғаныс технологияларының қауіпсіздігі басқармасының халықаралық қауіпсіздік бағдарламаларының директоры.

      3. Тараптар әскери тауарларды шетелге сату немесе қорғаныс тауарларын немесе көрсетілетін қызметтерді бірлесіп жасауға немесе бірлесіп әзірлеуге бағытталған ынтымақтастық бағдарламаларын іске асыру барысында алушы Тарапқа берілетін құпия ақпаратты қорғау үшін техникалық қауіпсіздіктің қосымша шараларына қажеттілік туындаған жағдайда осы Келісімге қосымша атқарушылық уағдаластықтарды жасай алады. Мұндай атқарушылық уағдаластық қауіпсіздіктің арнайы шаралары туралы келісімді немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы келісімді қамтуы мүмкін.

5-бап

Құпия ақпараттың белгіленуі

      1. Беруші Тарап құпия ақпаратты белгілейді және мүмкіндігіне қарай ұлттық қауіпсіздіктің мынадай белгілерінің бірімен мөртаңба басады және таңбалайды. Баламалы жолдауды қамтамасыз ету мақсатында Тараптар құпиялылықтың мынадай белгілерінің баламалылығы туралы келіседі:


Қазақстан АҚШ

ӨТЕ ҚҰПИЯ

TOP SECRET

(TOP SECRET)


ҚҰПИЯ (SECRET)

SECRET

БАЛАМАСЫ ЖОҚ

CONFIDENTIAL

(осы баптың 2-тармағын қараңыз)


      2. АҚШ Қазақстанға беретін "CONFIDENTIAL" белгісімен белгіленген құпия ақпарат "ҚҰПИЯ" белгісімен белгіленетін құпия ақпарат сияқты дәл сондай қорғау шараларын қолдануға жатады.

      3. Құпия ақпарат белгіленеді және мүмкіндігіне қарай беруші Тараптың атауымен мөртаңба басылады немесе таңбаланады.

6-бап.

Құпия ақпарат үшін жауаптылық

      Алушы Тарап кем дегенде құпия ақпаратты беруші Тарап құпия ақпарат өзінің бақылауында болған кезде қамтамасыз ететін қорғауға баламалы тәсілмен беруші Тараптың барлық құпия ақпаратын қорғау үшін жауапты болады. Тасымалдау кезінде беруші Тарап алушы Тарапқа сақтауға құпия ақпаратты ресми жіберген кезге дейін барлық құпия ақпарат үшін жауапты болады.

7-бап.

Құпия ақпаратты қорғау

      1. Ешбір жеке тұлға тек қана дәрежесіне, жағдайына, лауазымына немесе ПР-ға қарай құпия ақпаратқа қол жеткізуге құқылы емес. Мұндай ақпаратқа қолжетімділік тек қана қызметтік қажеттілік қағидатының негізінде және алушы Тараптың көзделген нормаларына сай талап етілетін ПР болған кезде жекелеген адамдарға беріледі.

      2. Осы Келісімде өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, алушы Тарап беруші Тараптың құпия ақпаратын үкіметті, адамды, фирманы, мекемені, ұйымды немесе үшінші жақтың өзге де заңды тұлғасын қоса алғанда, қандай да бір үшінші тарапқа беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз жария етпейді.

      3. Алушы Тарап беруші Тараптың құпия ақпаратын оны арнайы берілген мақсаттан басқа қандай да бір өзге мақсатта беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз пайдаланбайды және пайдалануға рұқсат етпейді.

      4. Алушы Тарап беруші Тараптың құпия ақпаратымен байланысты кез келген жеке құқықтарына, оның ішінде патенттерге, авторлық құқықтарға немесе коммерциялық құпияларға қатысты құқықтарына құрмет білдіреді және мұндай құпия ақпаратты осы құқықтар иесінің алдын ала жазбаша рұқсатынсыз осы құқықтармен сыйыспайтын тәсілмен таратпайды, пайдаланбайды, алмастырмайды немесе жарияламайды.

      5. Алушы Тарап осы Келісімнің қолданысына жататын құпия ақпаратпен жұмыс істейтін әрбір объектінің немесе мекеменің осындай құпия ақпаратқа қол жеткізуге рұқсаты бар осы объектідегі немесе осы мекемедегі жеке тұлғалардың тізімін жүргізуді қамтамасыз етеді.

      6. Әр Тарап құпия ақпаратты тарату және оған қол жеткізу мәселелерін реттейтін есепке алу және бақылау тәртібін әзірлейді.

      7. Құпия ақпаратты ашқан кезде беруші Тарап ескертетін құпия ақпаратты пайдалануға, ашуға, жариялауға және оған қол жеткізуге барлық шектеулерді сақтайды. Егер Тараптардың бірі көрсетілген шектеулерді сақтай алмаса, бұл Тарап дереу екінші Тараппен консультация жүргізеді және кез келген мұндай пайдалануды, ашуды, жариялауды немесе қолжетімділікті болғызбауға немесе барынша азайтуға бағытталған, заңмен рұқсат етілген барлық шараларды қолданады.

8-бап.

Персоналдың рұқсаты

      1. Тараптар қызметтік міндеттерін орындау барысында рұқсат талап етілетін немесе міндеттері немесе функциялары осы Келісімге сәйкес құпия ақпаратқа қолжетімділікті алуға мүмкіндік беретін барлық тұлғалардың олар осындай ақпаратқа рұқсат алғанға дейін ПР-дың қажетті дәрежесін алуын қамтамасыз етеді.

      2. ПР беретін Тарап құпия ақпаратқа рұқсатты алуға осы тұлғаның жарамдылығын айқындау мақсатында жеткілікті дәрежеде егжей-тегжейлі қажетті тергеп-тексеруді жүргізеді. ПР-ды беру туралы шешім беруші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қабылданады.

      3. Бір Тараптың ресми тұлғасы немесе өкілі құпия ақпаратты екінші Тараптың ресми тұлғасына немесе өкіліне берердің алдында алушы Тарап беруші Тарапқа өзінің ресми адамының немесе өкілінің қажетті дәрежедегі ПР-ы болуы және қызметтік қажеттілік қағидатын сақтайтыны, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес алушы Тараптың құпия ақпаратты қорғайтыны туралы растама береді.

9-бап

Орындаушыларға құпия ақпаратты ашу

      1. Алушы Тарап алатын құпия ақпаратты беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімімен алушы Тарап орындаушыға немесе міндеттері осындай ақпаратқа қолжетімділікті талап ететін ықтимал орындаушыға беруі мүмкін. Орындаушыға немесе ықтимал орындаушыға қандай да бір құпия ақпаратты берердің алдында алушы Тарап:

      a) мұндай орындаушының немесе ықтимал орындаушының, сондай-ақ орындаушы кәсіпорнының осы Келісімнің шарттарына сәйкес ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету мүмкіндігін растайды;

      b) осындай орындаушыға немесе ықтимал орындаушыға, сондай-ақ орындаушының кәсіпорнына мән-жайларға байланысты тиісті ПР және ҚЖЖР берілгенін растайды;

      c) осындай орындаушыда немесе ықтимал орындаушыда ақпаратқа қолжетімділігі бар барлық адамдардың қолданылатын заңдар мен заңға тәуелді актілерге сәйкес ақпаратты қорғау үшін өзінің жауаптылығы туралы хабардар болуын қамтамасыз ету тәртібі бар екендігін растайды;

      d) осы Келісімнің талаптарына сәйкес ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету үшін ҚЖЖР алған объектілерге мерзімді қауіпсіздік инспекциясын жүргізеді;

      e) орындаушыда немесе ықтимал орындаушыда ақпаратқа қолжетімділіктің ақпаратқа қызметтік қажеттілігі бар адамдармен шектелуін қамтамасыз ету тәртібі бар екендігін растайды.

10-бап.

Құпия жұмыстар жүргізу туралы шарттар

      1. Тарап құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт жасасуды көздеген немесе ез еліндегі орындаушыға екінші Тарап еліндегі орындаушы мен "CONFIDENTIAL/ҚҰПИЛ" немесе одан да жоғары құпиялылық дәрежесі берілген құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт жасасуға рұқсат берген кезде құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт жасасатын немесе орындаушыға рұқсат беретін Тарап екінші Тараптың ұлттық қауіпсіздік органынан ҚЖРР беру туралы растаманы сұратуы тиіс. Сұрау салуды алған Тараптың ұлттық қауіпсіздік органы орындаушының қауіпсіздікке қойылатын барлық талаптарды орындауының қолданылатын заңдар мен заңға тәуелді актілерге сәйкес келуін қадағалайды және оны қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Тараптың екінші Тарап елінде орындалуға тиіс құпия жұмыстар жүргізу туралы шарт жасасатын ұлттық қауіпсіздік органы құпия жұмыстар жүргізу туралы шартқа, ұсынысқа салынған сауалға немесе қосалқы мердігерлік туралы құжатқа қауіпсіздік туралы қажетті ескертулерді және басқа да тиісті ережелерді, оның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шығыстар туралы ескертулерді енгізеді. Бұған барлық орындаушылардан өздерінің қосалқы мердігерлік туралы құжаттарына қауіпсіздік жөніндегі тиісті ескертулерді енгізуін талап ететін ережелер кіреді.

11-бап.

Объектілер үшін жауаптылық

      Әр Тарап езі екінші Тараптың құпия ақпаратын сақтайтын барлық мемлекеттік және жекеменшік объектілер мен мекемелердің қауіпсіздігі үшін жауапты болады және осындай объектілерде немесе осындай мекемелерде білікті және тиісті рұқсатты алған адамдардың болуын қамтамасыз етеді, олардың тағайындалуы осындай ақпаратты бақылау және қорғау саласындағы жауаптылық пен өкілеттіктердің болуын көздейді.

12-бап.

Құпия ақпараттың сақталуы

      Тараптар өзара алмасатын құпия ақпарат оған рұқсаты бар адамдардың ғана қолжетімділігін қамтамасыз ететіндей сақталады.

13-бап.

Беру

      1. Құпия ақпарат Тараптар арасында алдын ала жазбаша түрде өзара мақұлданған үкіметаралық арналар немесе басқа да арналар арқылы Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес беріледі.

      2. Құпия ақпаратты беру барысында оның қауіпсіздігіне қойылатын ең аз талаптар төмендегілер:

      а. Құжаттар немесе басқа да тасымалдағыштар:

      (1) Құпия ақпаратты қамтитын құжаттар немесе басқа да тасымалдағыштар екі қабат жабылған конверттермен беріледі. Ішкі конвертте құжаттардың немесе басқа да тасымалдағыштардың құпиялылық белгісі, сондай-ақ болжанған алушының мекенжайы ғана көрсетіледі. Сыртқы конвертте болжанған алушының мекенжайы, жөнелтушінің мекенжайы және қажет болған жағдайда құжаттың тіркеу нөмірі көрсетіледі.

      (2) Сыртқы конвертте оған салынған құжаттардың немесе басқа да тасымалдағыштардың құпиялылық дәрежесі көрсетілмейді. Екі қабат, мөр басылған конверт Тараптардың алдын ала белгілеген тәртібіне сәйкес беріледі.

      (3) Тараптар арасында берілетін құпия ақпарат қамтылған құжаттарды немесе басқа да тасымалдағыштарды қамтитын пакеттерді алушылар қолхаттарды дайындайды, бұл ретте мұндай қолхаттарға соңғы алушы қол қояды және жөнелтушіге қайтарылады.

      b. Материалдар:

      (1) Құпия ақпарат қамтылған материалдар, оның ішінде жабдықтар пломбаланған жабық көлік құралдарымен тасымалданады не олардың қалпын, мөлшерін немесе ішіндегісін танып-білуді болғызбайтындай өзге де тәсілдермен берік буып-түйіледі немесе қорғалады және уәкілеттік берілмеген адамдардың қол жеткізуінің алдын алу үшін олар тұрақты бақылауда болады.

      (2) Құпия ақпарат қамтылған және жөнелтілуін күтіп уақытша сақтауға жататын материалдар, оның ішінде жабдықтар қорғалған қоймаларда орналастырылады. Мұндай қоймалар рұқсатсыз енуді байқау жабдығының көмегімен қорғалады немесе қажетті ПР-ы бар күзетшілердің тұрақты бақылауында болады. Қорғалған қоймаларға қажетті ПР алған уәкілетті персонал ғана кіре алады.

      (3) Құпия ақпарат қамтылған материалдар, оның ішінде жабдықтар тасымалдау барысында бір қолдан екіншісіне өткен кезде қолхат табысталады, бұл ретте мұндай материалдар үшін берілетін қолхатқа соңғы алушы қол қояды және жөнелтушіге қайтарылады.

      c. Электрондық беру:

      (1) Электрондық тәсілмен беруге жататын "CONFIDENTIAL/ҚҰПИЯ" дәрежесіндегі белгісі бар немесе одан да жоғары дәрежедегі құпия ақпарат Тараптардың әрқайсысының ұлттық қауіпсіздік органы мақұлдаған, қорғалған құралдар арқылы беріледі.

14-бап.

Тараптардың объектілеріне және мекемелеріне жасалатын сапарлар

      1. Бір Тарап өкілдерінің екінші Тараптың объектілері мен мекемелеріне құпия ақпаратқа қол жеткізуді талап ететін сапарлары немесе ПР болуы талап етілетін сапарлар ресми мақсаттар үшін қажет болатын сапарлармен ғана шектелуге тиіс. Рұқсаттама жарамды ПР бар өкілдерге ғана беріледі.

      2. Осындай объектілерге және мекемелерге баруға рұқсатты аумағында баратын объект немесе мекеме орналасқан Тарап қана береді. Қабылдаушы Тарап немесе оның тағайындалған ресми өкілдері болжанған сапар туралы, сондай-ақ келушіге ұсынылуы мүмкін ақпараттың көлемі мен құпиялылығының ең жоғары дәрежесі туралы объектіні немесе мекемені хабардар етуге жауапты болады.

      3. Тараптардың өкілдері сапар жасауға арналған сұрау салуларды Қазақстаннан келушілер болған кезде Қазақстан Республикасының Вашингтондағы Елшілігі және америкалық келушілер болған кезде АҚШ-тың Астанадағы елшілігі береді.

15-бап.

Қауіпсіздікті тексеру мақсатындағы сапарлар

      Осы Келісімде баяндалған қауіпсіздікке қойылатын талаптарды орындау Тараптардың қауіпсіздік қызметтері өкілдерінің өзара сапарлары арқылы тексерілуі мүмкін. Алдын ала консультациялар өткізгеннен кейін Тараптардың әрқайсысының қауіпсіздік қызметтерінің өкілдеріне қауіпсіздік жүйелерінің баламалылығына қол жеткізу мақсатында екінші Тараптың имплементтеу тәртіптерін талқылау және қадағалау үшін екінші Тарапқа сапармен баруға рұқсат етіледі. Қабылдаушы Тарап екінші Тараптан алынған құпия ақпаратты қорғаудың барабарлығын айқындауда қауіпсіздік қызметінің келуші өкілдеріне жәрдем көрсетеді.

16-бап.

Қауіпсіздік стандарттары

      Сұрау салу бойынша әрбір Тарап екінші Тарапқа өзінің қауіпсіздік стандарттары, құпия ақпаратты қорғау қағидалары мен тәртіптері туралы ақпаратты ұсынады.

17-бап.

Құпия ақпаратты көбейту

      Құпия ақпаратты көбейткенде оның әрбір көшірмесі көбейтіледі, мөртаңба басылады немесе қауіпсіздіктің барлық тиісті грифтері белгіленеді. Мұндай көшірмелер түпнұсқа ақпарат сияқты шектеулерге жатады. Көшірмелер саны ресми мақсаттар үшін қажетті ең аз санмен шектеледі.

18-бап.

Құпия ақпаратты жою

      1. Құпия ақпаратты қамтитын құжаттар және басқа да тасымалдағыштар оларда қамтылған құпия ақпаратты қалпына келтіруге жол берілмейтін жағу, кесу, ұсақтау немесе басқа да тәсілдер арқылы жойылады.

      2. Құпия ақпаратты қамтитын жабдықты қоса алғанда, материалдар оларды тану мүмкін болмайтын және құпия ақпараттың толық немесе ішінара қалпына келуін болғызбайтын тәсілмен жойылады.

19-бап.

Құпиялылық дәрежесін төмендету және құпиясыздандыру

      1. Тараптар құпия ақпарат қорғаудың жоғары дәрежесін қажет етуден қалған сәттен бастап оның құпиялылық дәрежесін төмендету қажеттілігімен немесе мұндай ақпарат заңсыз жария етуден қорғауды бұдан кейін қажет етпейтін сәттен бастап оны құпиясыздандыру қажеттігімен келіседі.

      2. Беруші Тараптың құпиялылық дәрежесін төмендетуге немесе өзінің құпия ақпаратын құпиясыздандыруға қатысты өз қалауы бойынша әрекет етуге барлық өкілеттіктері болады. Алушы Тарап беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз беруші Тараптан алынған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін төмендетпейді және құжаттағы құпиясыздандыру жөніндегі қандай да болсын нұсқауға қарамастан, оны құпиясыздандырмайды.

20-бап.

Жоғалту немесе жария ету

      Қабылдаушы Тарап жоғалту немесе жария етудің кез келген фактісі туралы, сондай-ақ беруші Тараптың құпия ақпаратының жоғалуының немесе жария етілуінің ықтимал фактілері туралы беруші Тарапты дереу хабардар етеді. Осындай ақпарат нақты жоғалған немесе жоғалуы ықтимал болатын немесе жария етілген жағдайда қабылдаушы Тарап нақты жоғалу немесе жоғалу ықтималдығы немесе жария ету мән-жайларын айқындау мақсатында тергеп-тексеруді дереу бастайды. Беруші Тарапқа тергеп-тексеру нәтижелері және осы жағдайлардың қайталануын болғызбау үшін қабылданған шаралар туралы ақпарат беріледі.

21-бап.

Даулар

      Тараптар арасында осы Келісімді іске асыру барысында немесе онымен байланысты туындайтын келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар арқылы ғана реттеледі және реттеу үшін ұлттық сотқа да, халықаралық сотқа да, қандай да бір басқа жеке немесе заңды тұлғаға да берілмейді.

22-бап.

Шығындар

      Ор Тарап осы Келісімді іске асыру барысында езінің шеккен шығындары үшін жауапты болады. Тараптардың осы Келісім шеңберіндегі барлық міндеттемелері қаражаттың болуына байланысты болады.

23-бап.

Түзетулер

      Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар Тараптардың екі жақты келісімі бойынша ғана енгізіле алады. Кез келген өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 24-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енетін бөлек құжат түрінде ресімделуі керек.

24-бап.

Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім және осы Келісімге енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар Тараптар әрбір Тарап осы Келісімнің және осы Келісімге енгізілетін кез келген өзгерістердің күшіне енуі үшін қажетті өзінің мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарлаған дипломатиялық ноталармен алмасу барысында соңғы дипломатиялық нотаны алған уақыттан бастап күшіне енеді.

      2. Кез келген Тарап өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы тоқсан күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша түрде хабардар етіп, оның қолданысын тоқтатуы мүмкін.

      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғанына қарамастан, осы Келісімге сәйкес айырбасталған немесе өзгеше түрде ұсынылған барлық құпия ақпаратты осы Келісімнің ережелеріне сәйкес одан әрі қорғау жалғасады.

      Осыны куәландыру үшін өздерінің тиісті үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.


      201 жылғы " " қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтінінің күші басым болады.

      Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады