Көшпенділер өркениеті орталығының қаржылық қағидалары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 тамыздағы № 508 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Көшпенділер өркениеті орталығының қаржылық қағидалары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Көшпенділер өркениеті орталығының қаржылық қағидалары туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 15 тамыздағы
№ 508 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Көшпенділер өркениеті орталығының қаржылық қағидалары туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Түрік Республикасының үкіметтері

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      қол қойылған Көшпенділер өркениеті орталығын құру туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) ережелерін назарға ала отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Анықтама

      Осы Келісімде:

      "Түркі кеңесі" Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін білдіреді;

      "Орталық" Көшпенділер өркениеті орталығын білдіреді;

      "Тараптар" Келісімге қол қойған Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің үкіметтерін білдіреді;

      "СІМК" Түркі кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесін білдіреді;

      "АЛАК" Түркі кеңесінің аға лауазымды адамдар комитетін білдіреді;

      "қабылдаушы мемлекет" аумағында Орталық орналасқан Орталыққа мүше мемлекетті білдіреді;

      "Келісім" Көшпенділер өркениеті орталығының қаржылық қағидалары туралы осы келісімді білдіреді;

      "президент" - Орталықтың президенті;

      "Кеңес" әрбір мүше мемлекеттің бір өкілінен және президенттен тұратын Орталықтың бақылаушы органы;

      "Орталықтың персоналы" президенттен, кәсіби персоналдан және жалпы қызмет көрсету персоналынан тұрады;

      "кәсіби персонал" жобалық менеджерлерден, спорт және түркі әлемінің көшпенділер өркениеті, халықаралық жобалар, мониторинг және талдау саласындағы сарапшылардан, құқықтық мәселелер бойынша сарапшыдан тұрады;

      "жалпы қызмет көрсету персоналы" келісімшарттық негізде жалданатын техникалық персоналдан тұрады;

      "асырауындағы адамдар" Орталық персоналының жұбайын/зайыбын, некеге тұрмаған 18 жасқа дейінгі балаларын, сондай-ақ толық асырауындағы ата-аналарын білдіреді;

      "бюджет" Орталықтың міндеттері мен функцияларын іске асыруға арналған ақшалай қаражатты қалыптастыруды және оған билік етуді білдіреді;

      "қаржы жылы" күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы уақыт кезеңін білдіреді;

      "жарналар" Тараптар үшін ағымдағы қаржы жылында Орталықтың қызметімен байланысты шығыстарды өтеуге белгіленген сомаларды білдіреді;

      "сыртқы аудит" СІМК тағайындайтын тәуелсіз аудитор/аудиторлар жүзеге асыратын Орталықтың қаржы және экономикалық қызметін тексеруді білдіреді;

      "кірістер" Орталық бюджетке белгіленген жарналар түрінде алған қаражатты білдіреді;

      "өзге кірістер" белгіленген жарналарды, ақшалай нысандағы қайырмалдықты, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылындағы шығыстарды тікелей өтеу нәтижесінде алынған сомаларды қоспағанда, барлық түсімдерді білдіреді;

      "шығыстар" Орталықтың өз міндеттері мен функцияларын қаржыландыру үшін бюджеттен бөлген ақшалай қаражатты білдіреді;

      "кандидаттардың шығыстары" кандидаттардың көлікке, қонақүйде тұруға және тәуліктік ақы төлеуге шығыстарын білдіреді;

      "айналым қаражаттарының резерві" міндетті жарналар толық төленгенге дейін Орталықтың шығыстары үшін пайдаланылатын бюджеттің бір бөлігі болып табылады.

2-бап

Жалпы ережелер

      Осы Келісім қаржыландыру көздерін, бюджетті қалыптастыру, жүзеге асыру және есептілігі тәртібін айқындайды.

3-бап

Бюджет

      3.1. Орталық бюджеті қаржы жылының ақшалай және/немесе басқа нысандағы барлық кірістері мен шығыстарын қамтиды, бюджет Орталықтың ұзақ мерзімді жобаларын орындау бойынша жыл сайынғы шығыстарын өтейді.

      3.2. Орталық бюджетін президент әзірлейді және AJIAK мақұлдағаннан кейін СІМК бекітеді.

      3.3. Кірістерде:

      а) Тараптардың төлем қабілеттілігін, Біріккен Ұлттар Ұйымына енгізетін жарналар шкаласын және олардың ұқсас өңірлік ұйымдарға енгізетін ағымдағы жарналарын назарға ала отырып, сомасын СІМК айқындайтын міндетті жарналар қамтылады. Алайда қабылдаушы мемлекеттің үлесі басқа мүше мемлекеттердің үлесінен кем болмауға тиіс. Міндетті жарналар шкаласы жеке хаттамада көрсетіледі, оған СІМК қол қояды, хаттамаға қажеттілігіне қарай өзгерістер енгізіледі;

      б) гранттар;

      в) Орталық бюджетіне көлемі шектелмейтін ерікті жарналардан түсетін төлемдер;

      г) Тараптардың мақұлдауына жататын Орталықтың бақылаушы елдерінен, басқа мемлекеттерден, Орталықтың бақылаушы ұйымдарынан, басқа халықаралық ұйымдар мен қорлардан, заңды және жеке тұлғалардан да қабылдануы мүмкін ақшалай және/немесе басқа нысандағы ерікті жарналар;

      д) Орталықтың мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмейтін жағдайда өзге кірістер бойынша пайыздардан түсетін кірістерді қоса алғанда, өзге де кірістер қамтылады.

      3.4. Шығыстарда:

      а) мәдени және ғылыми шығыстар:

      1) зерттеу шығыстары;

      2) жобалау шығыстары;

      3) симпозиумдар, ғылыми конференциялар және отырыстар шығыстары;

      4) типографиялық шығыстар;

      5) аутсорсинг;

      б) консалтинг қамтылады.

      6) персоналға жұмсалатын шығыстар:

      а) президенттің сыйақысы, оның ішінде:

      1) медициналық сақтандыру;

      2) асырауындағы адамдарға арналған жәрдемақы;

      3) білім беру гранты;

      4) тұрғын үйді жалға алуға арналған жәрдемақы;

      5) ротация бойынша жәрдемақы;

      б) демалысқа арналған жәрдемақы (жылына 1 рет);

      7) өкілдік шығыстар;

      8) зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған жарналар;

      б) кәсіби персоналдың сыйақысы, оның ішінде:

      1) медициналық сақтандыру;

      2) асырауындағы адамдарға арналған жәрдемақы;

      3) білім беру гранты;

      4) ротация бойынша жәрдемақы;

      5) демалысқа арналған жәрдемақы (жылына 1 рет);

      6) зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған жарналар;

      в) жалпы қызмет көрсететін персоналға сыйақы, оның ішінде:

      1) медициналық сақтандыру;

      2) асырауындағы адамдарға арналған жәрдемақы;

      3) зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған жарналар;

      г) персоналмен келісімшарттарды бұзған жағдайда жұмыстан шығу жәрдемақысы;

      д) жалпы қызмет көрсету персоналын қоспағанда, Орталық персоналының іссапар шығыстары, оның ішінде тәуліктік, көлікпен жол жүруге және қонақүйде тұруға шығыстар;

      е) персоналды оқыту;

      ж) кандидаттардың шығыстары қамтылады.

      Асырауындағы адамдарды күтіп-бағуға арналған жәрдемақы және білім беру шығыстары қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына қолданылмайды;

      в) әкімшілік шығыстар:

      1) Орталық персоналының еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде оларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша шығыстар;

      2) міндетті әлеуметтік сақтандыру;

      з) Орталық үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      4) Орталықтың жұмыс істеуіне қажетті кеңсе жабдығы мен жиһазды, автомобиль көлігі мен басқа да құралдарды сатып алу;

      5) жылжымайтын мүлікке, кеңсе жиһазына, жабдықтарға, автокөліктер және басқа да құралдарға қызмет көрсету және оларды жөндеу;

      6) хаттама шығыстары;

      7) Кеңес мүшелерінің көліктік шығыстар, қонақүйде тұруға және тәуліктік шығыстарын қоса алғанда, іссапарларына шығыстар қамтылады;

      г) музей мен кітапхана шығыстары:

      1) музей мен кітапхана үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      2) музей мен кітапхананың жұмыс істеуі үшін қажетті кеңсе жабдығы мен жиһазды, автомобиль көлігін және басқа да құралдарды сатып алу;

      3) орынжайға, кеңсе жиһазына, жабдықтарға және басқа да құралдарға қызмет көрсету және оларды жөндеу;

      4) әдебиет сатып алу қамтылады.

      3.5. Орталықтың штат кестесін қаржы жылына персоналдың дәрежесі мен еңбекақысына сәйкес шығыстар көрсетіле отырып, Орталық әзірлейді және АЛАК мақұлдағаннан кейін СІМК бекітеді.

4-бап

Бюджеттің атқарылуы

      4.1. Бюджетке президент әкімшілік етеді.

      4.2. Әрбір Тараптың міндетті жарналарының нақты сомасы бюджетте көрсетіледі.

      4.3. Бюджетке жыл сайынғы жарналар АҚШ долларында есептеледі және төленеді.

      4.4. Орталық Түркі кеңесінің хатшылығы арқылы міндетті жарналарды бюджетке толық көлемде аудару мерзімі туралы СІМК-ге хабарлайды.

      4.5. Тиісті жарналар қаржы жылының алғашқы үш айы ішінде төленгені дұрыс. Алайда, егер де бұл ұлттық заңнамаға орай мүмкін болмаған жағдайда, төлемдер төрт бөлініп, әрбір үш айдың басында жүзеге асырылуы мүмкін.

5-бап

Шығыстар сметасы

      5.1. Орталық бюджеті шығыстар сметасы - қаржы жылындағы шығыстарды қамтитын құжатқа сәйкес жүзеге асырылады.

      5.2. Орталық шығыстардың әрбір бабы бойынша есептеулер және негіздемелері бар бюджет жобасын жасайды және оны Түркі кеңесінің хатшылығы арқылы Тараптардың қарауына және СІМК-нің бекітуіне жаңа қаржы жылының алдындағы жылдың бірінші жартысында AJIAK арқылы жолдайды.

      5.3. СІМК ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін бюджетті қарайды және келесі қаржы жылына бекітеді. Алайда, егер бюджет жаңа қаржы жылының алдыңғы жылы ішінде қабылданбаса, ағымдағы бюджет бекітілген өзгерістерді ескере отырып пайдаланылатын болады.

      5.4. Қолма-қол қаражат бойынша операциялар қабылдаушы мемлекеттің ұлттық валютасында және қолданылатын жерде басқа мемлекеттердің валютасында жүзеге асырылуы мүмкін.

      5.5. Жергілікті валютадағы шығыстар үшін бюджет үшін айырбастау бағамы қабылдаушы мемлекеттің орталық банкі белгілеген алдыңғы жылдың орташа айырбастау бағамы негізінде бағаланады.

      5.6. Бекітілген бюджет шеңберінде Орталық еңбекақы туралы шығыстар тармағын қоспағанда, бір шығыстар тармағынан екінші тармаққа, бірақ осы тармақтар бойынша бекітілген шығыстардың жалпы көлемінің 10 пайызынан артық емес қаражатты ез әрекеттерінің түсіндірмелерін қоса бере отырып, Тараптарға алдын ала хабарлау арқылы ауыстыра алады. Егер Тараптар хабарлама алған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде наразылық білдірмесе, ақшалай қаражаттың ұсынылған ауыстырулары бекітілді деп есептеледі. Егер бір тармақтан екінші тармаққа аудару 10 % асатын болса, онда аудару СІМК-нің бекітуіне шығарылады.

      5.7. Қаржы жылының соңына дейін мақсаты бойынша пайдаланылмаған Орталықтың бюджет қаражатының қалдығы келесі қаржы жылының бюджет кірісінің есебіне жатқызылуға тиіс. Әрбір мүше мемлекеттің жарналары тепе-тең есептелуге тиіс және Тараптарға жиынтық жарналары есебіне берілетін болады.

      5.8. 1 қаңтардағы жағдай бойынша бюджет сальдосы алдыңғы жылы ұзақ пайдаланылатын жабдықтар мен тауарларды сатып алуға толық пайдаланылмағандықтан, кейінге қалдырылған тапсырыстарды төлеу үшін пайдаланылуға тиіс.

6-бап

Ақшалай қаражатты сақтау

      6.1. Орталық ақшалай қаражатты сақтайтын банктік шоттарын президент айқындайды.

      6.2. Орталық шоттары АҚШ долларында және қабылдаушы мемлекеттің ұлттық валютасында сақталады. Алдыңғы кезең шығыстарының айырбастау бағамының бухгалтерлік есебі қабылдаушы мемлекеттің орталық банкінің орташа үш айлық айырбастау багамына негізделеді.

7-бап

Есептілік

      7.1. Президент Орталықтың қаржы ресурстарының басқарылуын бақылауды жүзеге асырады және AJIAK арқылы СІМК-ге есеп береді.

      7.2. Президент AJIAK арқылы СІМК-ге алдыңғы қаржы жылынан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей, әрбір қаржы жылына жылдық есеп/баяндама береді.

      7.3. Әрбір қаржы жылының соңында қолма-қол қаражаттың қалдығы немесе тапшылығы кірістердің шығыстардан асып түсуін есептеу арқылы немесе шығыстардың кірістерден асып түсуін есептеу арқылы айқындалады. Бюджеттің қолма-қол қаражаты жетпеген жағдайда президент AJIAK арқылы СІМК-ге хабарлайды және қажетті қаржылық шараларға қатысты ұсыныстар енгізеді.

8-бап

Аудит

      8.1. Орталықтың қаржы қызметінің сыртқы аудиті әрбір бюджеттік кезеңнің соңында жүзеге асырылады. Аудитті АЛАК мақұлдағаннан кейін СІМК уәкілеттік берген халықаралық деңгейде тұрақтаған тәуелсіз ұйым (компания) жүзеге асырады. Президент сыртқы аудитті жүргізу үшін барлық қажетті құжаттарды уәкілетті ұйымға ұсынады.

      8.2. Сыртқы аудитті жүзеге асырғаннан кейін президент барлық Тараптарға аудиторлық есепті жолдайды.

9-бап

Айналым қаражатының резерві

      9.1. Айналым қаражатының резерві бюджеттің бір бөлігі болып табылады және жыл сайынғы міндетті жарналардың түсуін күту кезеңінде бюджеттік қаражатты қаржыландыру үшін ғана пайдаланылады.

      9.2. Айналым қаражаты резервінің сомасы жылдық бюджеттің кемінде 10 % мөлшерінде белгіленеді. Жыл сайынғы міндетті жарналарды алғаннан кейін аванс айналым қаражатының резервіне қайтарылады.

10-бап

Қорытынды ережелер

      10.1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Түркі кеңесінің шешімі бойынша кез келген мемлекетке осы Келісімге қосылуға ұсынылу мүмкін. Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарийдің қосылу туралы құжатты алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      10.2. Қырғыз Республикасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады. Депозитарий осы Келісімнің күшіне енген күні, сондай-ақ ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты алғаны туралы Тараптарды дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етеді.

      10.3. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер арқылы шешетін болады.

      10.4. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы баптың 10.1. тармағында жазылған рәсімге сәйкес күшіне енетін, жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Бұл өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

      10.5. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге жазбаша хабарлама жолдай отырып, кез келген уақытта осы Келісімнен шыға алады. Осы Келісім сол Тарапқа қатысты қолданысын депозитарийдің мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткен соң тоқтатады.

      _________________________ ____________________ әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік

      және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндердің арасында алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі нұсқаның күші басым болады.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін
     
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
     
      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
     
      Түрік Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады