Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 16 наурызда Кишиневте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім
(2018 жылғы 8 желтоқсанда күшіне енген - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2019 ж., № 1, 1-құжат)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі
өз халықтары арасындағы қазіргі байланыстарға, достық қарым-қатынастарға және өзара құрмет дәстүрлеріне сүйене отырып,
экономикалық интеграция екіжақты ынтымақтастықтың ең маңызды элементтерінің бірі екенін ескере отырып,
тең құқылы және өзара тиімді өндірістік және сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту, оларға ұзақ мерзімді және тұрақты сипат беру, екі мемлекеттің экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін тиімді пайдалану және өз халықтарының әл-ауқатын арттыру қажеттілігін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар өзара тиімді экономикалық қатынастар қалыптастыру қажеттілігін негізге ала отырып, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес бірлескен өндірістік құрылымдар құру бойынша ынтымақтастық жасау үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
2-бап
Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы қатысушылар болып табылатын 2001 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шарт шеңберінде көзделген құқықтар мен міндеттемелерге нұқсан келтірмей, Тараптар тауарларды әкелуге және әкетуге қатысты өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес:
1) кеден одағы және (немесе) еркін сауда аймағы және (немесе) өңірлік интеграция жөніндегі халықаралық шарттар шеңберіндегі ынтымақтастық негізінде Тараптар үшінші мемлекетке ұсынған немесе ұсынатын;
2) 1994 жылғы Тарифтер және сауда туралы бас келісімге және өзге де халықаралық келісімдерге сәйкес дамушы мемлекеттер пайдасына жекелеген мемлекеттерге ұсынылатын;
3) неғұрлым қолайлы режим қолданылмайтын жағдайда шекара маңындағы сауданы ынталандыру мақсатында Тарап кез келген көршілес мемлекетке ұсынған немесе ұсынатын басымдықтар туралы сөз болған жағдайлардан басқа, неғұрлым қолайлы режим негізінде кедендік баждарға баламалы қолданысы бар кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды қолданады. Тауарларды әкету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес реттеледі.
3-бап
Әрбір Тарап 1 (бір) айдан кешіктірмей әр Тараптың заңды құқықтары мен мүдделерін қозғайтын экономикалық мәселелер бойынша шешімдер туралы басқа Тарапты хабардар етеді, сондай-ақ басқа Тараптың экономикалық ахуалын тұрақсыздандыруы мүмкін біржақты іс-қимылдар жүргізуден тартынады.
4-бап
Осы Келісім шеңберінде іс жүзіндегі ынтымақтастыққа қол жеткізу мақсатында және өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Тараптар Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасының заңды және жеке тұлғаларының арасындағы ынтымақтастықты және келісімдер мен келісімшарттарға қол қоюды ынталандырады және осы мақсатты іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
5-бап
1. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасының заңнамаларына және Тараптар қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес меншік нысанына қарамастан, екі мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы тікелей және өзара тиімді экономикалық қарым-қатынастарды дамыту арқылы экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2. Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес:
1) өзара инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға;
2) бірлескен кәсіпорындар мен қаржылық-өнеркәсіптік топтар құруға;
3) өнеркәсіптік тауарларды жеткізуге;
4) көлік инфрақұрылымын салуға және пайдалануға өзара қатысуға;
5) агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастыққа;
6) білім мен ғылым, технологиялар мен инновациялар саласындағы ынтымақтастыққа;
7) туризм, оның ішінде экология саласындағы ынтымақтастыққа;
8) сумен жабдықтау және санитария саласындағы ынтымақтастыққа жәрдем көрсетеді.
3. Тараптар өңірлік салалық жобаларға, оның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілерді тарта отырып, транзиттік жүк тасымалдау саласындағы жобаларға келісілген түрде қатысуға тырысады.
6-бап
1. Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың негізгі нысандары:
1) бірлескен конференциялар, семинарлар, бизнес-форумдар, көрмелер және жәрмеңкелер өткізу;
2) экономикалық қызмет саласында ақпаратпен, материалдармен, статистикалық деректермен, нормативтік-құқықтық актілермен алмасу;
3) кәсіпкерлікті дамыту саласында бірлескен жоспарлар мен бағдарламалар әзірлеу;
4) осы Келісімнің әлеуетті бенефициарлары ретінде мүдделі кәсіпорындар мен ұйымдарды тарту және олардың іс-қимылдарын үйлестіру болып табылады;
5) Тараптардың бастамалары бойынша ынтымақтастықтың басқа да нысандары құпталады.
2. Тараптардың қызметі ынтымақтастықтың көрсетілген нысандарымен шектелмейді және басқа да бағыттарда кеңейтілуі мүмкін.
7-бап
1. Осы Келісімнің ережелерін іске асыру, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Молдова үкіметаралық комиссиясы (бұдан әрі – "Комиссия") қызметінің регламентін сипаттау мақсатында Тараптар осы Келісіммен Комиссия қызметінің тәртібін, оның құрамын және негізгі міндеттерін белгілейді.
2. Комиссия екі Тараптың да өкілдерінен тұрады. Әрбір Тарап өз ішкі тәртібіне сәйкес өз бөлігінің төрағасы мен төрағаның орынбасарын, оның хатшысы мен құрамын айқындайды.
3. Комиссия жекелеген мәселелерді талқылау үшін өз құзыреті шегінде жұмыс топтарын құра алады, сондай-ақ олардың міндеттері мен оларды іске асыру мерзімдерін айқындай алады.
4. Комиссияның отырыстары, әдетте, жылына бір рет Қазақстан Республикасында және Молдова Республикасында кезекпен өтеді. Қажет болған жағдайда, өткізу күні мен орны Тараптардың өкілдерімен келісілген кезектен тыс отырыс өткізілуі мүмкін.
8-бап
1. Комиссияның негізгі міндеттері:
1) осы Келісімді іске асыру және оны іске асыру барысында туындауы мүмкін өзге де мәселелер бойынша бақылауды жүзеге асыру;
2) экономикалық ынтымақтастыққа кезеңдік талдау және бағалау жүргізу;
3) экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарды дайындау;
4) экономикалық ынтымақтастықтың дамуын шектейтін кедергілерді анықтау және оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін ұсыныстарды дайындау болып табылады.
2. Комиссия осы Келісімге өзгерістер мен толықтыруларға қатысты ұсынымдар береді.
9-бап
Осы Келісім Тараптардың өз мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
10-бап
Егер өзгеше айтылмаса, әрбір Тарап осы Келісім шеңберінде қызметке қатысуға арналған шығыстар мен шығындарды дербес көтереді.
11-бап
Тараптардың өзара келісу бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
13-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламалары дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және кейінгі бесжылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
Әрбір Тарап екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы бастапқы бесжылдық мерзім және кез келген кейінгі бесжылдық кезең өткенге дейін бір жылдан кешіктірмей жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда Келісім мұндай хабарлама алынған күннен бастап алты айдан кейін өз қолданысын тоқтатады.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісім шеңберінде оның қолданылу кезеңінде жасалған шарттар мен келісімшарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
2018 жылғы "16" наурызда Кишинев қаласында әрқайсысы қазақ, румын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Мәтіндердің арасында алшақтықтар пайда болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Молдова РеспубликасыныңҮкіметі үшін |