Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы № 4 қаулысы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 775-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап, бірақ ерте дегенде 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 18 қаңтардағы
№ 4 қаулысымен
бекітілген

Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 775-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік төлемдер – Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес төленетін міндетті зейнетақы жарналары, "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төленетін әлеуметтік аударымдар, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар;

      2) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – ӘлМСҚ) – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      3) Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қоры (бұдан әрi – МӘСҚ) – әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды жүргізетін, асыраушысынан айырылған жағдайда, асырауындағы отбасы мүшелерiнқоса алғанда, өздеріне әлеуметтiк аударымдар жүргізілген және өздеріне қатысты әлеуметтiк қатер жағдайы басталған мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргiзетiн заңды тұлға;

      4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ) – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      5) бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (бұдан әрі – төлеушілер) –кәсіпкерлік қызметті дара кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын, Кодекстің 774-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келетін жеке тұлғалар;

      6) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ведомстволық ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – МКК АЖ) – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ішкі құжаттарымен реттелетін ақпараттық жүйе;

      7) мемлекеттік кірістер органы – өз құзыреті шегінде бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасында кедендік реттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган;

      8) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      9) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру" ведомстволық автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ҚР Еңбекминінің ААЖ) – зейнетақы және әлеуметтік аударымдар мен төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру үшін процестерді автоматтандыру жөніндегі ақпараттық жүйе;

      10) "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқоры (бұдан әрі – ЖТ МДҚ) – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жеке тұлғалар туралы ақпаратты тіркеу мен сақтаудың азаматтық халді сәйкестендіру және анықтау үшін жеткілікті бірыңғай жүйесі.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 23.06.2020 № 383 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу

      3. Бірыңғай жиынтық төлем жалпы сомамен төленуге жатады. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу тұрғылықты жері бойынша "Төлемдер мен төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төлемдер туралы заң) талаптарын ескере отырып, банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол ақшасыз тәсілмен Мемлекеттік корпорацияның банк шотына төлеушінің бірыңғай жиынтық төлемді енгізуі арқылы жүргізіледі.

      Бұл ретте, көрсетілген ұйымдар бірыңғай жиынтық төлем осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшеріне сәйкес келмеген жағдайда оны қабылдамайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.04.2021 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Төлеуші төлеуге тиіс бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері:

      республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерін;

      басқа елді мекендерде айлық есептік көрсеткіштің 0,5 еселенген мөлшерін құрайды.

      Бұл ретте бірыңғай жиынтық төлемді төлеу кезінде "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мөлшері қолданылады.

      5. Төлеушілер бірыңғай жиынтық төлемді төлеуді тұрғылықты жері бойынша "ААЖЖЖЖ" форматында бірыңғай жиынтық төлем жүргізілетін күнтізбелік жылдың айын көрсетіп дербес жүзеге асырады немесе олардың пайдасына үшінші тұлға жүзеге асырады.

      Бұл ретте, бірыңғай жиынтық төлемді күнтізбелік жылдың ағымдағы және одан кейінгі айлары үшін төлеуге болады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.04.2021 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-тарау. Бірыңғай жиынтық төлемді бөлу және аудару тәртібі

      6. Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Мемлекеттік корпорацияға бірыңғай жиынтық төлемнің түскен сомасын MT-102 форматындағы электрондық төлем тапсырмаларымен аударады.

      Төлем тапсырмасының MT-102 форматы (бұдан әрі – MT-102 төлем тапсырмасы) жеке сәйкестендіру нөмірін, адамның тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), туған күнін, бірыңғай жиынтық төлем төленетін кезеңді (ай, жыл), сондай-ақ осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес есептелетін мөлшердегі соманы қамтиды.

      7. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік төлемдерді төлеуден босатылған төлеушілер төлеген бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі – БЖТ) әлеуметтік төлемдерге бөлуге жатпайды және Мемлекеттік корпорация жеке табыс салығы түрінде төлеушілердің тұрғылықты жері бойынша тиісті бюджеттерге бюджеттік жіктеменің тиісті кодына (бұдан әрі – БЖК) сәйкес әлеуметтік төлемдердің сомасына аударады.

      Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік төлемдерді төлеуден босатылған адамдар туралы мәліметтер ҚР Еңбекминінің ААЖ-ынан беріледі.

      8. Мемлекеттік корпорация қаражат түскен күннен бастап операциялық үш күн ішінде БЖТ сомасын бөледі және төлем тапсырмаларымен мынадай мөлшерде:

      осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген БЖТ мөлшерінің 10 пайызын төлеушілердің тұрғылықты жеріне бойынша тиісті БЖК-ға сәйкес жеке табыс салығы түрінде;

      осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген БЖТ мөлшерінің 20 пайызын МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түрінде;

      осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген БЖТ мөлшерінің 30 пайызын міндетті зейнетақы жарналары түрінде БЖЗҚ-ға;

      осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген БЖТ мөлшерінің 40 пайызын міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар түрінде ӘлМСҚ-ға аударады.

      БЖТ бөлінген сомаларын Мемлекеттік корпорация "Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 203 қаулысымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14365 болып тіркелген) бекітілген Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларына сәйкес төлемді тағайындаудың тиісті кодтарымен әлеуметтік төлем түріне және жеке табыс салығына қарамастан дөңгелектемей аударады.

      Әлеуметтік төлемдер бойынша электрондық төлем тапсырмаларына төлеу кезеңі көрсетілген бірыңғай жиынтық төлемдер төленетін жеке тұлғалардың тізбесі қоса беріледі.

      9. Мемлекеттік корпорация БЖТ шеңберінде күнделікті аударылған төлем тапсырмалары бойынша ҚР Еңбекминінің ААЖ-ынан жеке сәйкестендіру нөмірін, тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), туған күнін, төлеу айын, жеке табыс салығының сомасы аударылған мемлекеттік кірістер аумақтық органдарының кодтарын (немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі), төлемдердің нөмірлерін және референстерді көрсете отырып, жеке тұлғалардың тізімін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (бұдан әрі – МКК) жібереді.

      10. Мемлекеттік корпорация БЖТ шеңберінде жеке табыс салығын бөлуді ЖТ МДҚ және мемлекеттік кірістер органдары кодтарының анықтамалығының мәліметтеріне сәйкес жүзеге асырады. Мемлекеттік кірістер органдары кодтарының анықтамалығын жаңартуды МКК жүзеге асырады.

4-тарау. Бірыңғай жиынтық төлемнің қате төленген сомаларын қайтару тәртібі

      11. Мемлекеттiк корпорация төлеушiге бiрыңғай жиынтық төлемнiң қате төленген сомаларын қайтаруды:

      1) төлем құжатының деректемелерінде қателіктер жіберілген;

      2) бiр төлем құжатында БЖТ сомасы бір ғана кезеңге және бір ғана жеке тұлғаға екі және одан көп рет аударылған;

      3) MT 102 төлем тапсырмасының тізімдік бөлігінде қателіктер жіберілген;

      4) БЖТ сомасы тиісті кезең үшін осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген мөлшерге сәйкес келмеген;

      5) ЖТ МДҚ-да төлеушінің тұрақты тіркелген жері болмаған;

      6) ЖТ МДҚ-дағы төлеушінің тұрақты тіркелген жері бойынша тиісті аумақтық мемлекеттік кірістер органдары болмаған жағдайларда жүзеге асырады.

      Осы Қағидалардың 11-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларда БЖТ төлеу шотына есепке алынбайды және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға БЖТ қате төленген сомалары ретінде қайтарылады.

      12. БЖТ қате төленген сомаларын қайтару үшін төлеуші, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым Мемлекеттік корпорацияға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес қате төленген БЖТ-ны қайтаруға өтініш береді, оған жеке төлем құжатының не БЖТ төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

      13. Мемлекеттік корпорация төлеушінің, банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның өтініші келіп түскен күннен бастап операциялық бес күн ішінде төлеушінің БЖТ аудару фактісін тексереді.

      Бұл ретте, БЖТ аударылған сомалары келесі:

      1) төлеушi қайтаруды талап ететiн сома төлеушiнің тұрақты тiркелген жері бойынша тиiстi бюджетке, МӘСҚ, ӘлМСҚ мен БЖЗҚ-ға аударылған сомаға сәйкес келмеген;

      2) төлеушінің өтінішінде төлеушінің деректемелері (жеке сәйкестендіру нөмірі), төлем деректемелері (төлем тапсырмасының нөмірі және (немесе) күні және (немесе) сомасы) дұрыс көрсетілмеген (не көрсетілмеген);

      3) төлеуші өтінішінің нысаны осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес келмеген;

      4) төлеушiнiң өтiнiшiнде қайтарудың дұрыс емес себебi көрсетiлген (бiр себептен артық таңдау) жағдайларда қайтаруға жатпайды.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 23.06.2020 № 383 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Мемлекеттік корпорация осы Қағидалардың 13-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайлардан басқа төлеушінің, банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның өтініші негізінде БЖТ сомаларын аудару фактісін тексерген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей БЖТ қате аударылған сомаларын қайтаруға дайындалған алдын ала электрондық өтінім жасайды және МКК, МӘСҚ, ӘлМСҚ пен БЖЗҚ-ға жібереді.

      Алдын ала электрондық өтінімде растаушы құжаттар қоса беріле отырып, БЖТ-ның қате төленген сомаларының төлем тапсырмасының деректемелері көрсетіледі.

      15. МКК, МӘСҚ, ӘлМСҚ және БЖЗҚ электрондық өтінім келіп түскеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде қарайды және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Мемлекеттік корпорацияға:

      төлеушіге жеке табыс салығының және (немесе) әлеуметтік төлемдердің қате төленген сомаларын қайтару туралы;

      төлеушiге жеке табыс салығының және (немесе) әлеуметтiк төлемдердiң қате төленген сомаларын мынадай негіздер:

      1) БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын төлеу кезеңінің жұмыс өтіліне қосылуы;

      2) әлеуметтiк төлемдерді тағайындау кезiнде МӘСҚ-ға әлеуметтiк аударымдарды төлеу кезеңінің мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысу өтіліне есептелуі;

      3) ӘлМСҚ-ға жарналар төлеген кезеңінде БЖТ төлеушінің ӘлМСҚ есебінен медициналық көмек алуы;

      4) өтiнiште көрсетiлген жеке табыс салығының және (немесе) әлеуметтік төлемдердің қате төленген сомаларын қайтару себебiнің расталмауы негіздері бойынша қайтарудан бас тарту туралы хабарлама жібереді.

      МКК, МӘСҚ, ӘлМСҚ мен БЖЗҚ-дан немесе олардың біреуінен бас тарту туралы хабарлама алған жағдайда Мемлекеттік корпорация МКК, МӘСҚ, ӘМСҚ мен БЖЗҚ-дан жеке табыс салығының және (немесе) әлеуметтік төлемдердің қате төленген сомаларын қайтарудан бас тарту алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті тараптарға қайтаруға өтініштің күшін жою туралы хабарлама жібереді. МКК, МӘСҚ, ӘлМСҚ пен берілген БЖЗҚ-дан жеке табыс салығының және (немесе) әлеуметтік төлемдердің қате төленген сомаларын қайтарудан бас тарту алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде төлеушіге Мемлекеттік корпорацияның тиісті тараптан алған жеке табыс салығының және (немесе) әлеуметтік төлемдердің қате төленген сомаларын қайтарудан бас тарту себептері туралы жазбаша жауап жолданады.

      МКК-ден, МӘСҚ-тан, ӘлМСҚ-тан және БЖЗҚ-дан оң жауап алған жағдайда, Мемлекеттік корпорация екі жұмыс күні ішінде МКК-ге, МӘСҚ-қа, ӘлМСҚ-қа, БЖЗҚ-ға БЖТ-ның сұратылатын сомаларын Мемлекеттік корпорацияның шотына аударуға электрондық өтінім жібереді.

      16. БЖТ сұратылатын сомаларын Мемлекеттік корпорацияның есебіне аударуды МКК, МӘСҚ, ӘлМСҚ, БЖЗҚ БЖТ төлеушілердің тізімі қоса берілген және Мемлекеттік корпорация өтінімінің нөмірі, күні көрсетілген электрондық өтінім алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      17. Мемлекеттік корпорация БЖТ-ның толық сомасын алған жағдайда жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің сомалары түскен күннен бастап операциялық үш күн ішінде оларды БЖТ қате төленген сомаларын қайтаруға өтініште көрсетілген БЖТ төлеушінің банк шотына төлем тапсырмасымен аударуды жүргізеді.

      18. Мемлекеттік корпорация БЖТ төлеушілер бойынша келіп түскен және қайтарылған төлемдердің тізілімдерін мемлекеттік кірістер органына күн сайын береді.

      19. БЖТ төлеуші қажет болған кезде Мемлекеттік корпорациядан бірыңғай жиынтық төлеммен төленген МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдарының, ӘлМСҚ-ға жарна аударымдарының, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарының, сондай-ақ жеке табыс салығының сомалары туралы ақпаратты сұратады және алады.

  Жеке табыс салығы мен
әлеуметтік төлемдер түрінде
бірыңғай жиынтық төлемді
төлеу, бөлу және аудару,
сондай-ақ оларды қайтару
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  ____________________________
  (атауы)
  мемлекеттік корпорациясының
төрағасы ________________________
  (тегі, аты, әкесінің аты (бар
болса)
  Тұрғылықты мекенжайы,
байланыс мәліметтері
  _________________________
  _________________________

Бірыңғай жиынтық төлемнің қате аударылған сомаларын қайтаруға өтініш

      кімнен ____________________________________________________________

      (бірыңғай жиынтық төлем төлеушінің немесе банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның атауы)

      ___________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      _______________________________________________________________

      жеке сәйкестендіру нөмірі) үшін қате төленген, 20__ жылғы "__" _______ төлем тапсырмасымен аударылған бірыңғай жиынтық төлемді қайтаруды сұраймын, референс №_____, жалпы сомасы___________, қайтару сомасы __________. Кейінгі төлемдермен түзету мынадай себеп бойынша мүмкін емес___________________________________:

      (атап көрсету керек) 1) қате аударылған; 2) MT 102 төлем тапсырмасының форматында қателіктер жіберілген; 3) бірыңғай жиынтық төлемнің сомасын төлеуші немесе банк екі немесе одан көп рет аударған.

      Қайтаруды мынадай деректемелер бойынша жүргізуіңізді сұраймыз:

      _________________________________________________________________

      (төлеушінің толық деректемелерін, банктік деректемелерді көрсету керек)

      Төлеуші _____________________ / ______________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) / қолы) ________________________


  Жеке табыс салығы мен
әлеуметтік төлемдер түрінде
бірыңғай жиынтық төлемді
төлеу, бөлу және аудару,
сондай-ақ оларды қайтару
қағидаларына
2-қосымша

Бірыңғай жиынтық төлемнің сомасын қайтарудан бас тарту туралы хабарлама

      20__ жылғы " " ________

      Азамат (ша) ______________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Туған күні ___________________

      _________________________________ себебі бойынша қайтарудан бас тартылды.

      Хабарлама жауапты адамның ЭЦҚ-сымен куәландырылған

      Басшы ___________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады