Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кәріпов Дәурен Айтбайұлы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 23.03.2020 № 134 қаулысымен.3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің |2019 жылғы 4 желтоқсандағы № 905 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республнкасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі
екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуға ниет білдіре отырып, ұйымдасқан қылмыстың, атап айтқанда есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың, заңсыз көші-конның, сондай-ақ терроризмнің және басқа қауіпті қылмыс түрлерінің тиімді профилактикасы және олармен күресу үшін ынтымақтастыктың елеулі мәні бар екеніне сенімді бола отырып,
1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер туралы 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулері бар 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның, 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияның және БҰҰ 1988 жылғы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының қағидаттарын назарға ала отырып,
қылмысқа қарсы күрес және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында өз араларында ынтымақтастыққа және үйлестіруге үміттене отырып,
терроризмге және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы тиімді күрес жүргізуге деген өздерінің бірлескен жігерлерін қуаттай отырып,
шекараны кесіп өту үшін жалған және жасанды құжаттар қолдануды қысқарту, сондай-ақ шекара арқылы адамдарды заңсыз өткізумен айналысатын қылмыстық ұйымдарға қарсы күрес бойынша тиімді шаралар қолдануға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде және осы Келісімнің 9-бабын ескере отырып, ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы күрес саласында, олардың профилактикасын және тергеуді қоса алғанда, ынтымақтастық жасайды.
1. Қылмыс жасауға қатысатын ұйымдасқан құрылымдардың белгілерін анықтау шартымен Тараптардың ынтымақтастығы ең алдымен мынадай қылмыс түрлеріне таралады:
БҰҰ 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының 3-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құқық бұзушылықтарды білдіретін есірткінің, психотроптық заттардың заңсыз айналымы;
ақшалай қаражатты жылыстату немесе қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру;
терроризм:
заңсыз көші-қон;
адам саудасы;
қару-жарақтың, оқ дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз саудасы;
заңсыз ойын бизнесі;
қорқытып aлу;
жалған валютаны, төлем құралдарын, чектер мен құнды заттарды бұрмалау (дайындау, өзгерту) және тарату;
жеке меншікке және мүлікке қарсы қылмыстар;
жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу;
экологиялық қылмыстар;
стратегиялық мақсаттағы химиялық, биологиялық, радиоактивті және ядролық материалдарды, тауарлар мен технологияларды, әскери техниканың басқа да түрлерін заңсыз сату;
мәдени құндылықтардың заңсыз айналымы; тауарлар контрабандасы;
кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың ұйымдасқан түрлері, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен порнографиялық материалдар дайындау, тарату және жеткізу;
компьютерлік жүйелерді қолдана отырып жасалған қылмыстар.
2. Тараптардың келісімімен ынтымақтастық ашылуына Тараптар өзара мүдделі болатын қылмыстың басқа түрлеріне де таралуы мүмкін.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.10.2021 № 720 қаулысымен.Есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде және осы Келісімнің 9-бабын ескере отырып, ең алдымен:
1) есірткі, психотроптық заттарды (сол тектестерді, жаңа психикаға белсенді әсер ететін заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларын дайындауға, контрабандасына немесе олардың саудасына қатысы бар адамдар туралы деректер, жасырыну орындары, көлік жолдары мен жұмыс құралдары, әдістері, шыққан жері мен жеткізу орны, шекараны заңсыз кесіп өту әдістері туралы, сондай-ақ егер бұл қылмыстардың қауіпті түрлерін анықтау және тергеу немесе әрбір нақты жағдайда қоғамдық қауіпсіздік үшін елеулі қатер төндіретін қылмыстарды болғызбау үшін қажет болса, белгілі бір істің айрықша белгілері туралы ақпарат алмасады;
2) теріс мақсатта пайдаланылатын өсімдік тектес, сондай-ақ синтетикалық жаңа есірткі, психотроптық заттар (сол тектестерді, жаңа психикаға белсенді әсер ететін заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларының үлгілерін бір-біріне береді;
3) ықтимал заңсыз таратылуын анықтау мақсатында есірткі, психотроптық заттар (сол тектестерді, жаңа психикаға белсенді әсер ететін заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларының заңды айналымын бақылау саласында тәжірибе алмасады;
4) Тараптар осындай деп таныған есірткіні, психотроптық заттарды (сол тектестерді, жаңа психикаға белсенді әсер ететін заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларын заңды айналымнан заңсыз өтіп кетуін болдырмауға бағытталған шараларды бірлесіп жүзеге асырады;
5) есірткінің, психотроптық заттардың (сол тектестерді, жаңа психикаға белсенді әсер ететін заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларының заңсыз дайындалуына қарсы күрес жөніндегі шараларды бірлесіп жүзеге асырады.
Терроризмге қарсы күрес мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заннамасына сәйкес және осы Келісімнің 9-бабын ескере отырып, атап айтқанда жоспарланған және жасалған террористік актілер, оларды жүзеге асыру әдістері туралы, сондай-ақ бір Тараптың аумағында екінші Тараптың мүддесіне қарсы қылмыс жасауды жоспарлаған, жасап жатқан немесе жасаған террористік топтар, оларға қатысты жеке адамдар туралы ақпарат алмасады. Алмасу террористік сипаттағы қылмыстарға қарсы күрес үшін немесе әрбір нақты жағдайда қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретін қылмыстардың алдын алу үшін қажет болса, жүзеге асырылады.
Бұл жауынгерлік қақтығыстар аймақтарында халықаралық террористік ұйымдар құрамындағы Қазақстан Республикасының және Германия Федеративтік Республикасының азаматтары туралы қолда бар ақпаратпен алмасуды, сондай-ақ терроризмнің профилактикасына және террористік бағыттағы материалдар бар интернет-ресурстарды бұғаттау немесе жою арқылы терроризмнің профилактикасына байланысты ақпарат алмасуды қамтиды.
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде және осы Келісімнің 9-бабын ескере отырып, заңсыз көші-қонға қарсы күрес мақсатында ынтымақтасады, атап айтқанда қауіпті қылмыс түрлерін болғызбау, сондай-ақ анықтау және тергеу үшін қажетті ақпаратпен алмасады.
Ынтымақтастық жасау мақсатында Тараптар:
1) қылмысқа қарсы күрестің әртүрлі салаларында өзара ақпарат алу үшін және криминалистік техника бойынша мамандар алмасу:
2) өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сайкес:
ұйымдасқан қылмыс шеңберінде жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдар туралы маліметтермен;
қылмыстық топтар туралы, олардың құрылымдары, байланыстары және оларға қатысушыларға тән мінез-құлықтар туралы ақпараттармен;
қылмыс жасау мән-жайлары туралы, соның ішінде қылмыс жасау уақыты, орны және тәсілі, қол сұғу объектілері, олардың ерекшеліктері туралы, сондай-ақ қылмыстық заннама нормаларын бұзу және қабылданған шаралар туралы ақпараттармен алмасу туралы уағдаласады.
Деректермен және ақпаратпен алмасу, бұл ұйымдасқан қылмыс саласындағы қылмыстарды анықтау және тергеу немесе әрбір нақты жағдайда қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретін қылмыстарды болғызбау үшін қажет болғанда жүргізіледі.
3) сұрау салулар бойынша сұрау салған Тарап мемлекетінің заңнамасында рұқсат етілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру;
4) ұйымдасқан қылмыс саласында қылмыстарды анықтау және тергеу үшін немесе өзара кадрлық, материалдык және ұйымдасқан көмек көрсету жолымен қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қауіпті болдырмау мақсатында жедел өзара іс-қимыл жасау;
5) трансұлттық қылмыстар саласында қолданылатын әдістер, сондай-ақ қылмыстар жасаудың жаңа нысандары туралы тәжірибемен және ақпаратпен алмасу;
6) криминалистика және криминология саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу;
7) қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе оларды жасау үшін пайдаланылған заттардың үлгілерін бір-біріне беру;
8) ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы күрес саласында бірлесіп немесе өзара негізде мамандардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыру және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру туралы уағдаласады.
1. Егер сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе өзге маңызды мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін деп немесе сұрау салуды қанағаттандыру өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына не халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында көрсетілген ынтымақтастықты жүзеге асырудан ішінара немесе толығымен бас тарта алады.
2. Сұрау салуды орындаудан ішінара немесе толығымен бас тартылған жағдайда сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа жазбаша түрде осы бас тартудың себептері туралы дереу хабарлайды.
Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасы сақталған кезде осы Келісімнің шеңберінде дербес деректерді (бұдан әрі - деректер) беруді және пайдалануды Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары жүзеге асырады, олар осы Келісімнің 10-бабына сәйкес мынадай ережелерге сәйкес осы Келісімді іске асыруға жауапты болады:
1) бір Тараптың деректерді алушы органы екінші Тараптың деректерді беруші органының өтініші бойынша оған осы деректерді пайдаланғаны және бұл ретте алынған нәтижелер туралы хабарлайды;
2) деректерді алушы орган деректерді тек осы Келісімде көрсетілген мақсаттарда ғана және осы деректерді берген орган көрсеткен жағдайларда ғана пайдаланады;
3) деректерді беруші орган берілетін деректердің дұрыстығына, сондай-ақ олардың беру мақсатына сәйкестігін ескере отырып, қажеттілігі мен шамаластығына көз жеткізеді. Бұл ретте деректерді беруге оның мемлекетінің ұлттық заңнамасында қамтылған тыйым салу ескеріледі. Егер деректерді беруші орган деректерді беру қандай да бір ұлттық заңнамаға қайшы келеді немесе мүдделі адамдардың мүдделеріне қысым жасалуы мүмкін деп болжауға негіз болса, деректерді беру жүзеге асырылмайды. Бұрыс деректер немесе берілмеуге тиісті деректердің берілу фактісі анықталған жағдайда, оларды алған орган бұл туралы дереу хабардар етіледі. Көрсетілген орган бұл деректерді тез арада түзетеді немесе жояды;
4) мүдделі адамға оның өтінішхаты бойынша оған қатысты қолда бар деректер туралы, сондай-ақ оларды пайдалану мақсаттары туралы ақпарат беріледі. Мүдделі адамның осындай ақпарат алу құқығы ақпаратқа сұрау салынған аумақтағы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасымен реттеледі. Егер мемлекеттің ақпаратты бермеу мүддесі өтінішхат жасаған адамның мүддесінен басым болса, мұндай ақпаратты беруден бас тартылуы мүмкін;
5) деректерді беруші орган оларды жолдау кезінде ұлттық заннамада көзделген осы деректерді сақтау мерзімдерін көрсетеді және ол өткеннен кейін олар жойылуы тиіс. Осы мерзімдерге қарамастан берілген мақсатында пайдалану қажеттігі өткеннен кейін берілген деректер жойылуы тиіс;
6) деректерді беретін орган және деректерді алатын орган тиісінше деректердің берілгенін және алынғанын тіркеуді қамтамасыз етеді;
7) деректерді беретін орган және деректерді алатын орган берілген дсректерді рұқсатсыз қол жеткізуден, рұқсатсыз өзгертуден немесе рұқсатсыз жариялаудан тиімді қорғауға міндетті.
Осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік құпиясын (мемлекеттік құпияларын) құрайтын ақпаратпен алмасу жүзеге асырмайды.
1. Осы Келісімде көрсетілген барлық салаларда Тараптардың ынтымақтастығы Тараптардың қолданылатын ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар ынтымақтастық тиісті Тарапта қажетті және қаржылық мүмкіндіктер бар болған жағдайда жүзеге асырылады.
2. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша беру және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ фискальдық мәселелермен байланысты істер бойынша әкiмшiлiк және құқықтық көмек көрсету мәселелерін, сондай-ақ екіжақты және көпжақты халықаралық шарттардағы Тараптардың басқа міндеттерін қозғамайды. Осы Келісім қылмыстық істер өндірісі кезінде дәлелдемелер ретінде пайдалану мақсатында мәліметтер немесе ақпарат беру туралы сұрау салу үшін негіз болмайды. Осы Келісімге сәйкес жолданған мәліметтерді не ақпаратты жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасына және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы екіжақты немесе көпжақты халықаралық шарттарға сәйкес оның алдын ала келісімінсіз пайдалануға болмайды.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.10.2021 № 720 қаулысымен.Осы Келісімді орындауға жауапты Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары:
Қазақстан Республикасынан:
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет);
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі.
Германия Федеративтік Республикасынан Федералдық ішкі істер, құрылыс және елді кешенді дамыту министрлігі;
Федералдық қаржы министрлігі;
Федералдық денсаулық сақтау министрлігі;
Федералдық қоршаған орта, табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік министрлігі;
Федералдық криминалдық полиция ведомствосы;
Федералдық полицияның Орталық басқармасы;
Кеден криминалдық полиция ведомствосы;
Федералдық дәрілік заттар мен медициналық өнімдер институты;
Федералдық халықты қорғау және төтенше жағдайлардың салдарын жою ведомствосы;
Федералдық техникалық көмек қызметі:
Федералдық табиғатты қорғау ведомствосы.
Тарап мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары өздерінің ресми атауларын немесе функцияларын өзгерткен жағдайда дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.10.2021 № 720 қаулысымен.Осы Келісімнің ережелерінде көзделген Ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі тетіктерін Тарап мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары жеке уағдаластықтар арқылы белгілей алады.
Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісуі бойынша осы Келісімнің 13-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын екіжақты не көпжақты халықаралық келісімдер бойынша олардың мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндірумен немесе қолданумен байланысты туындайтын Тараптар арасындағы келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.10.2021 № 720 қаулысымен.Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның күшін жойғанға дейін күшінде қалады. Келісім оның қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап алты (6) ай өткеннен кейін өзінің қолданылуын тоқтатады.
Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.10.2021 № 720 қаулысымен.Тараптар осы Келісім Тараптар арасындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы бұрынғы барлық келісімдерді алмастыратынына келіседі.
_________ жылғы "_" __________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, неміс және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Үкіметі үшін |
Германия ФедеративтікРеспубликасының |