Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Мемлекеттік кәсіпорынды, акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № 453 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындау қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындау қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынды, акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындау қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 3 мамырдағы № 350 қаулысына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № 453 қаулысымен бекітілген |
Мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 193-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы құқық – бәсекелес нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға нарық субъектісінің заңда бекітілетін айрықша немесе артықшылықты құқығы;
2) тауар – азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет;
3) уәкілетті мемлекеттік орган – мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
3. Осы Қағидаларға сәйкес айқындалған мемлекеттік кәсіпорын, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік арнайы құқық субъектісі бола алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талап тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторына және дауыс беретін акцияларының елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі, акцияларды бағалы қағаздардың бастапқы нарығында орналастырған заңды тұлғаларға, сондай-ақ олармен үлестес тұлғаларға қолданылмайды.
2-тарау. Мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындау тәртібі
4. Мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мынадай шарттардың жиынтығы болса, арнайы құқық субъектілері ретінде айқындалады:
1) арнайы құқық тауарларды тұтынушылардың айқындалмаған тобына және (немесе) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар мен ұйымдарға өткізуді болжайды;
2) арнайы құқық нарық субъектісіне тиісті немесе сабақтас тауар нарығын бақылауға мүмкіндік береді, оның ішінде тауар айналысының жалпы жағдайларына елеулі ықпал етуге мүмкіндік береді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген шарттарды белгілеу тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдаудың нәтижелері бойынша монополияға қарсы органның қорытындысымен расталады.
5. Арнайы құқық субъектісін айқындау Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде уәкілетті мемлекеттік органның шешімі бойынша жүзеге асырылатын тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы құқық субъектісін айқындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Арнайы құқық субъектілерін айқындауды көздейтін құқықтық актілердің жобалары монополияға қарсы органмен міндетті түрде келісілуге тиіс.
6. Мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті арнайы құқық субъектісі ретінде айқындаған кезде уәкілетті мемлекеттік орган осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес құқықтық актінің қабылдануын қамтамасыз етеді.
7. Осы Қағидаларға сәйкес арнайы құқық субъектісі ретінде айқындалған мемлекеттік кәсіпорын, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілуге тиіс.
3-тарау. Арнайы құқық субъектісі мәртебесінен айыру
8. Арнайы құқық субъектісі мәртебесінен айыру аталған субъект Кодекстің 193-бабының талаптарын күнтізбелік бір жыл ішінде екі және одан көп рет бұзған немесе тауар нарығындағы өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланған жағдайда жүзеге асырылады.
9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген жағдайда монополияға қарсы орган уәкілетті мемлекеттік органға арнайы құқық субъектісі мәртебесінен айыру туралы ұсыныс жібереді.
10. Арнайы құқық субъектісі мәртебесінен айыру үшін уәкілетті мемлекеттік орган монополияға қарсы органның ұсынысы келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес құқықтық актінің қабылдануын қамтамасыз етеді.
11. Арнайы құқық мәртебесінен айырылған мемлекеттік кәсіпорын, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылады.