Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жобаларын қаржыландырудың 2024 – 2029 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен, оның ішінде холдинг тобына кіретін компаниялармен (бұдан әрі – қаржыландырушы ұйымдар) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық көрсететін қызметтердің табиғи монополиялар субъектілерінің кредиттік міндеттемелерін жабатын тарифтерін белгіленген кезеңділікпен (қарыздың бүкіл мерзімінде) бекіту туралы тиісті келісім жасассын.
3. Қаржыландырушы ұйымдар (келісу бойынша) қаржыландырушы ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметіне әсеріне қарамастан, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің жобаларын қаржыландыруды жүзеге асырсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 шілдедегі № 607 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жобаларын қаржыландырудың 2024 – 2029 жылдарға арналған бағдарламасы
Мазмұны
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, қойылған мақсаттарына қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар.
1-бөлім. Бағдарламаның паспорты
Атауы | Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жобаларын қаржыландырудың 2024 – 2029 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) |
Әзірлеу үшін негіз |
"Қазақстан Республикасы Президентінің "Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 2 Жарлығы; |
Әзірлеуге жауапты | Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі – ҰЭМ) |
Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар | Орталық органдар, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ (бұдан әрі – холдинг), оның ішінде холдинг тобына кіретін компаниялар (келісу бойынша) |
Мақсат | Табиғи монополиялар субъектілерінің (бұдан әрі – ТМС) инвестициялық бағдарламалары шеңберінде электрмен, жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін және жылу энергиясын өндіру кезінде қолданылған активтерді салу және жаңғырту (реконструкциялау, күрделі жөндеу) |
Міндет | Электрмен, жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін және жылу энергиясын өндіру кезінде қолданылған активтерді салу мен жаңғыртуды (реконструкциялауды, күрделі жөндеуді) қаржыландыру арқылы елдегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту деңгейін арттыру |
Іске асыру мерзімі | 2024 – 2029 жылдар |
Нысаналы индикаторлар |
Мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу: |
Қаржыландыру көздері мен көлемі | Бағдарламаны қаржыландыру республикалық бюджет (бұдан әрі – РБ) қаражаты және қаржыландырушы ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. |
Ескертпе:
Бағдарламаның нысаналы индикаторларын орындау Бағдарламаны тиісті қаржы жылдарына арналған қаржыландыру көлеміне және қаржыландырылған ТМС санына байланысты болады.
2-бөлім. Кіріспе
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес тұрғын үй қорын жаңарту мен ұлғайтуға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен дамытуға бағытталған шаралар қабылданады. Енгізіліп жатқан зияткерлік жүйелер мен цифрлық технологиялар ел халқының үміті мен мүддесін қанағаттандыруға бағытталады және тыныс-тіршіліктің базалық көрсетілетін қызметтеріне тең қолжетімділікті арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі болмыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (бұдан әрі – ТКШ) жобаларын қаржыландыру мақсатында нақты басымдық беру және ресурстарды оңтайлы бөлу үшін мемлекеттік органдардың, сондай-ақ РБ-ның, халықаралық қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы қаржы ұйымдарының күш-жігерін шоғырландыру ерекше маңызға ие болады.
Халықтың тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасау мақсатында коммуналдық секторды, бірінші кезекте энергиямен жабдықтау (жылумен, электрмен жабдықтау) жүйелерін жаңғырту мен дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру қажет.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде:
электрмен, жылумен жабдықтау жөніндегі инженерлік желілердің және жылу энергиясын өндіру кезінде қолданылған активтердің тозу көрсеткішін жыл сайын ТМС мен реттеліп көрсетілетін қызметтерге байланысты орта есеппен 2-3 %-ға төмендету;
тартылатын инвестициялық қаражатты ұзақ мерзімді кезеңдерге қайта бөлу жолымен реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің түпкілікті тарифтеріне түсетін қысымды төмендету күтіледі.
3-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау
ТКШ саласы өзара байланысқан екі негізгі элемент болып табылады, олар:
1) сумен, газбен, жылумен, электрмен жабдықтауды және су бұруды, жалпыға ортақ пайдаланылатын объектілерді және елді мекендердің аумағын абаттандыру мен күтіп-ұстауды қамтамасыз ететін жүйелерді қамтитын коммуналдық сектор;
2) коммуналдық көрсетілетін қызметтердің негізгі тұтынушылары болып табылатын көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке үй құрылыстарын қамтитын тұрғын үй секторы.
1-кіші бөлім. Жылумен жабдықтаудың ағымдағы жай-күйін бағалау
2019 – 2022 жылдар аралығында республикадағы жылу желілерінің ұзындығы 300 километрге ұлғайып, алдыңғы 13,6 мың километрден 13,9 мың километрге жетті. Жөндеуді қажет ететін жылу желілерінің пайызы осы кезеңде 61 %-дан 54 %-ға дейін төмендеді.
Жылумен жабдықтау жылу электр орталықтары мен қазандықтарға сүйенетін орталықтандырылған және жергілікті жүйелер арқылы жүзеге асырылады. 2022 жылғы жағдай бойынша елде 798 автономды көзді қоса алғанда, 2865 жылумен жабдықтау көзі болды. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша барлық жылу көздерінің жалпы қуаты сағатына 37566,7 гигакалорийді құрады. Жылу энергиясын өндіру 2022 жылы 95,6 млн гигакалорийғе жетті, оның негізгі үлесі ЖЭО (55,9 млн гигакалорий) мен қазандықтарға (32,6 млн гигакалорий) тиесілі болды.
Жылу желілеріне 1734299 абонент қосылған, олардың көпшілігі – тұрмыстық тұтынушылар (1596910 абонент). Кредит беру және субсидиялау шеңберінде 2019 – 2022 жылдар аралығында 220,7 километр жылумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау бойынша 60 жоба іске асырылды, бұл авариялар санын 14 %-ға азайтуға мүмкіндік берді.2-кіші бөлім. Электрмен жабдықтаудың ағымдағы жай-күйін бағалау
Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесі электр станцияларының белгіленген қуаты 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 24641,9 мегаватты, қолданыстағы қуаты 20428,1 мегаватты құрады.
Елімізде электр энергиясын өндіруді әртүрлі меншік нысанындағы 222 электр станциясы жүзеге асырады. 2022 жылы 115 млрд киловатт-сағат электр энергиясы өндірілді. Өндіру 112,8 млрд киловатт-сағатты құрады, шектес елдерден электр энергиясының импорты – 3,4 млрд киловатт-сағат, экспорт – 1,4 млрд киловатт-сағат.
Электрмен жабдықтауда электр энергиясын есептеуіштермен қамтамасыз етілу 100 %-ға жетеді, алайда бұл есепке алу аспаптарының көпшілігі ескірген және энергия тиімділігіне қойылатын заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Ескі индукциялық есептеуіштер төмен токпен жұмыс істейтін заманауи электр аспаптарының тұтынуын есепке алуға қауқарсыз, осының салдарынан коммерциялық шығындар пайда болады. Бұл әсіресе, ел өңірлерінің көп бөлігіне тән температура төмендеген кезде өте өзекті, мұнда индукциялық аспаптардың қателік жіберуі көптеп кездеседі. Бұдан басқа, тозған құрылғылар энергия нақты тұтынылмаса да, көрсеткіштерді ұлғайтып, тұтынуды өздігінен есепке ала беруі мүмкін.
Қазіргі таңда индукциялық есептеуіштер әлі де мемлекеттік өлшеу құралдарының тізіліміне енгізілген және салыстырып тексеру үшін қолданылады, бұл оларды әрі қарай пайдалануды жалғастыруға мүмкіндік береді. Алайда осы модельдерді біртіндеп пайдаланудан шығару және көрсеткіштерді қашықтан алу мүмкіндігі бар заманауи есепке алу аспаптарына ауысу қажет, бұл есепке алудың дәлдігін жақсартады және электрмен жабдықтау жүйесінің тиімділігін арттырады.
Коммуналдық инфрақұрылымды өрістетудің және уақтылы жаңартудың негізгі проблемалары мыналар болып табылады:
коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті қаржы ресурстарына сұраныстың жоғары болуы;
тұтынушылар саны аз шағын және орташа қалалардағы коммуналдық инфрақұрылым жүйелері мен объектілерінің инвесторлар үшін тартымсыздығы;
өңірлер бөлінісінде білікті кадрлардың, коммуналдық инфрақұрылым желілерінің ұзындығы мен жай-күйі бойынша анық ақпараттың болмауы;
ТКШ саласында жаңа технологияларды енгізу дәрежесінің төмен болуы;
тұрғындардың жаңа технологиялардың, ресурстардың тұтынылуын есепке алу жүйелерінің артықшылықтары туралы хабардар болуы деңгейінің төмендігі.
4-бөлім. Бағдарламаның мақсаты, міндеті, нысаналы индикаторлары мен оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері
Бағдарламаның мақсаты электрмен, жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін және ТМС жылу энергиясын өндіру кезінде қолданылған активтерді салуды және жаңғыртуды (реконструкциялауды, күрделі жөндеуді) қаржыландыру болып табылады.
Осы мақсатқа қол жеткізу мынадай нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады:
Р/с | Нысаналы индикаторлар* | Өлшем бірл. | Ақпарат көзі | Қолданыстағы | 1-жыл | 2-жыл | 3- жыл | 4- жыл | 5- жыл |
1 | Жылумен жабдықтау жөніндегі инженерлік желілердің және жылу энергиясын өндіру кезінде қолданылған активтердің орташа тозу көрсеткішін төмендету | % | ҰЭМ | 56 | 51 | 48 | 45 | 42 | 40 |
2 | Электрмен жабдықтау жөніндегі инженерлік желілердің орташа тозу көрсеткішін төмендету | % | ҰЭМ | 62 | 60 | 57 | 55 | 53 | 50 |
Ескертпе:
2025 жыл (1 жыл) базалық жыл болып есептеледі және индикаторларға қол жеткізу тиісті қаржы жылдарына арналған қаржыландыру көлеміне, қаржыландырылған ТМС санына байланысты айқындалады.
5-бөлім. Бағдарламаның негізгі бағыттары, қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар
Ескерту. 5-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.10.2024 № 882 қаулысымен.
Бағдарлама тұрғын-үй коммуналдық секторды, атап айтқанда электрмен, жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін және ТМС жылу энергиясын өндіру кезінде қолданылған активтерді жаңғырту және дамыту бағытында іске асырылатын болады.
Электрмен, жылумен жабдықтау жөніндегі инженерлік желілерді салу және жаңғырту (реконструкциялау, күрделі жөндеу) саласындағы жобаларды және ТМС жылу энергиясын өндіру кезінде қолданылған активтерді қаржыландыру ТМС меншікті қаражатынан басқа, қаржыландырушы ұйымдардың қаражаты және республикалық бюджет қаражаты есебінен 60/40 пропорциясында жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар бюджеттік кредит беру есебінен салуға және жаңғыртуға (реконструкциялауға, күрделі жөндеуге) бағытталған шығыстар қаржыландырылады.
Бұл ретте ТМС көрсетілген жобаларын қаржыландыру мынадай тетіктерді пайдалана отырып жүзеге асырылатын болады:
қаржыландырушы ұйымдардың ТМС-ны тікелей кредиттеуі;
ТМС-ны жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруы есебінен қаржыландыру.
3-кіші бөлім. Қаржыландырушы ұйымдардың табиғи монополия субъектілеріне тікелей кредит беруі мынадай негізгі шарттарда жүзеге асырылады:
4-кіші бөлім. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарды (облигацияларды) шығаруы есебінен табиғи монополия субъектілерін қаржыландыру мынадай негізгі шарттарда жүзеге асырылады:
Ескерту. Бағдарлама 4-кіші бөліммен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 24.10.2024 № 882 қаулысымен.
1 | Эмитент | Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары |
2 | Инвестор | Холдинг, оның ішінде холдинг тобына кіретін компаниялар |
3 | Облигациялық бағдарламаның қолданылу мерзімі | 18 жылдан аспайды |
4 | Облигациялардың айналыс мерзімі | 13 жылдан аспайды |
5 | Облигациялар шығару кезеңі | 5 жыл (2029 жыл да кіреді) |
6 | Купон бойынша сыйақы мөлшерлемесі | жылдық 9,19 (тоғыз бүтін, он тоғыз) %-дан аспайды |
7 | Шығарылған облигациялар шеңберінде негізгі борышты өтеу | облигациялар айналысы басталған күннен үшінші жылдан бастап жартыжылдық төлемдермен |
8 | Купон бойынша сыйақы төлеу кезеңділігі | жартыжылдық төлемдер |
9 | Қарыз алушы (-лар) |
Электрмен, жылумен жабдықтау жөніндегі инженерлік желілердің және жылу энергиясын өндіру кезінде қолданылған активтердің тозу көрсеткіші 55 %-дан асатын заңды тұлғалар: |
10 | Кредит шарттары |
Бағдарлама шеңберінде қарыз алушылардың инвестициялық жобасын іске асыру мақсатында эмитент және (немесе) бюджет заңнамасына сәйкес айқындалған өзге де тұлғалар мен қарыз алушылар арасында жасалатын шарттар. |
11 | Қарыз валютасы | теңге |
6-бөлім. Қажетті ресурстар
Бағдарламаны қаржыландыру РБ қаражаты және қаржыландырушы ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады.
Бағдарламаны қаржыландыру көлемі мынаны құрайды:
млрд теңге |
2024 жыл | 2025 жыл | 2026 жыл | 2027 жыл | 2028 жыл | 2029 жыл | Барлығы | |
РБ | 20 | 20 | 20 | 20 | 20 | 20 | 120 |
Қаржыландырушы ұйымдардың қаражаты | 30 | 30 | 30 | 30 | 30 | 30 | 180 |
Барлығы | 50 | 50 | 50 | 50 | 50 | 50 | 300 |
Ескертпе:
Қаражат көлемі тиісті қаржы жылына арналған РБ-ға сәйкес нақтыланатын болады.