Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi туралы Ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 3 тамыз 1992 ж. N 644. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994.07.08. N 763 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi туралы осыған қосылған Ереже бекiтiлсiн.

                Қазақстан Республикасының
                     Премьер-министрi
                                                 Қазақстан Республикасы

Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 3 тамыздағы N 644 қаулысымен Бекiтiлген


                Қазақстан Республикасының Геология және жер
                    қойнауын қорғау министрлiгi туралы
                                Ереже

      1. Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi (бұдан былай Геологияминi) Қазақстан Республикасының геологиялық-барлау саласын мемлекеттiк тұрғыдан басқаратын және жер қойнауының қорғалуын бақылайтын орталық орган болып табылады. Ол өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне бағынады.
      Геологияминi Қазақстан Республикасы территориясының геологиялық зерделенуiнiң жай-күйi, соның iшiнде геологиялық карталарды редакциялау мен басып шығару, минералды шикiзат базасын дамыту және жер қойнауын қорғау, халық шаруашылығын қорлары барланған минералды шикiзатпен қамтамасыз ету, оны ұтымды пайдалану үшiн жауап бередi.
      2. Геологияминi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарын және Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Геологияминнiң негiзi мiндеттерi:
      пайдалы қазбаларға мемлекеттiң қажетiн қанағаттандыру және жер қойнауы ұтымды пайдаланылуын бақылау мақсатымен Қазақстан Республикасының жер қойнауын геологиялық зерделеу мен пайдалану жұмыстарын мемлекеттiк реттеу:
      минералды шикiзат базасын дамытудың, минералды ресурстарды ұтымды әрi кешендi пайдаланудың және жер қойнауын қорғаудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеу;
      пайдалы қазбаларды өндiруге және заңда көзделген басқа да мақсаттарға арналған кендi жерлердi есепке алудың, тiркеудiң, актiлер берудiң, геологиялық-барлау жұмыстарын лицензиялаудың және жер қойнауы жайында ақпарат берудiң мемлекеттiк жүйесiн әзiрлеу, ұйымдық қамтамасыз ету мен басқару;
      Қазақстан Республикасының минералды шикiзат базасын дамыту үшiн минералды шикiзатқа дүние жүзiлiк конъюнктураны, мемлекеттiк, экология және пайдалы қазбаларды неғұрлым толық әрi кешендi пайдалану мүдделерiнiң талаптарын ескере отырып, мемлекеттiк және басқа инвестицияларды, соның iшiнде шет елдiң инвестицияларын Қазақстан Республикасының Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi ұлттық агенттiгiмен бiрлесiп ұтымдылау;
      барлық жер қойнауын пайдаланушылардың заңды және жер қойнауын пайдаланудың, оны қорғаудың белгiленген тәртiбiн сақтауын мемлекеттiк бақылау, жер қойнауы жай-күйiнiң мемлекеттiк есебiн жүргiзу және есеп берiп тұру.
      4. Өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi:
      Қазақстан Республикасы территориясының геологиялық зерделенуiнiң, экспорттық-импорттық жеткiзiлiмдердi ескере отырып, халық шаруашылығы салаларының минералды шикiзатпен қамтамасыз етiлуiнiң есебiн алу мен талдауды жүзеге асырады, жер қойнауын геологиялық зерделеу мен пайдалану стратегиясын анықтайды, осы мақсаттарға қажеттi инвестициялардың көлемiн негiздейдi;
      минералды шикiзат кешенiн министрлiктермен және кәсiпорындарымен бiрлесiп әзiрлейдi және минералды шикiзат базасын дамытудың, минералды ресурстарды ұтымды әрi кешендi пайдаланудың және жер қойнауын қорғаудың Мемлекеттiк бағдарламасын Қазақстан Республикасының Үкiметiне табыс етедi;
      геологиялық барлау жұмыстары мен жер қойнауы туралы ақпаратты лицензиялауды, пайдалы қазбаларды өндiруге және заңда көзделген басқа да мақсаттарға арналған кендi жер бөлiктерiне актi берудi жүзеге асырады;
      меншiктiң барлық нысанындағы жер қойнауын пайдаланушы кәсiпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге, сондай-ақ азаматтарға аттестация жүргiзедi;
      геологиялық зерделеу жөнiндегi республикалық және территориялық ақпарат жүйелерiн дамытуды, минералды шикiзат ресурстарының баланстарын жасауды қамтамасыз етедi, соның iшiнде ғылыми-редакциялық кеңес арқылы анықталған геологиялық және жинақы геологиялық карталар басып шығарады;
      ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды үйлестiредi, геологиялық-барлау жұмыстарының өндiрiстiк-өнеркәсiптiк инфрақұрылымын жасайды және ғылыми-техникалық жетiстiктердi таратады;
      Геологияминi кәсiпорындарының сыртқы экономикалық байланыстар саласындағы қызметiнiң геологиялық-зерттеулер мен жер қойнауын пайдалануға, ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты бөлiгiн үйлестiредi;
      минералды ресурстарды ұдайы дамыту мен жер қойнауын қорғау қорын қалыптастыру мен пайдалануды жүзеге асырады, бөлiнген қаржылардың ұтымды пайдалануын және мемлекеттiк бағдарламалардың орындалуын бақылайды;
      геологиялық-барлау жұмыстары мен жер қойнауын қорғау саласында жоспарлаудың, жобалаудың және қаржыландырудың нормативтi құжаттарын дайындайды әрi бекiтедi;
      геологиялық-барлау жұмыстары мен жер қойнауын қорғауға жұмсалған шығындарды өтеу ставкаларының мөлшерiн Мемэкономкоммен және мүдделi ұйымдармен бiрлесiп әзiрлейдi, оларды тиiстi органдардың бекiтуiне табыс етедi;
      Қазақстан Республикасының территориясында жер қойнауын геологиялық зерделеу жөнiндегi жүргiзудiң белгiленген тәртiбiн және пайдалы қазбалар өндiру мен жер асты суларын барлау кезiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа мақсаттарға жер қойнауын пайдалану кезiнде жер қойнауын қорғау мен ұтымды пайдалану ережелерi мен нормаларының сақталуын мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      қарамағындағы кәсiпорындарға арнап шет елдерде бiрлескен өндiрiстер құруға рұқсат бередi;
      өндiрiстiң барлық циклi бойынша жер қойнауының жай-күйiн мемлекеттiк есепке алуды жүргiзедi;
      жер қойнауына сарқынды суларды ағызуға және зиянды заттар мен өндiрiс қалдықтарын скважиндер арқылы терең қабаттарға көмуге келiсiм берiп, бақылау скважиндер жүйесiн орналастыру жөнiнде ұсыныс жасайды.
      5. Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгiнiң:
      өз құзыры шегiнде Қазақстан Республикасының территориясында барлық жер қойнауын пайдаланушылар мiндеттi түрде орындайтын бұйрықтар, қаулылар, нұсқаулар, методикалық нұсқамалар және басқа нормативтi актiлер шығаруға, қажет болған жағдайларда Қазақстан Республикасының басқа министрлiктерiмен және ведомстволарымен бiрлескен актiлер шығаруға;
      геологиялық зерделеу және жер қойнауын пайдалану, лицензияларда көзделген шарттарды, талаптар мен стандарттарды сақтау жөнiндегi жер қойнауын пайдаланушылардан белгiленген тәртiп бойынша ақпарат алуға;
      геологиялық зерделеу, жер қойнауын пайдалану мен қорғау ережелерiнiң бұзылуын жою жөнiнде белгiленген тәртiппен шаралар қолдануға, жер қойнауын пайдалану хұқын заңда белгiленген тәртiппен тоқтата тұруға немесе шектеуге;
      қарамағындағы кәсiпорындар мен ұйымдарды құруға, таратуға және қайта құруға, Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi функциясының Қазақстан Республикасы Бiртұтас мемлекеттiк жер қойнауы қорын, геологиялық зерделеу мен жер қойнауын қорғауды басқаруға қатысты бөлiгiн бере отырып, территориялық басқармалар құруға;
      қарамағындағы кәсiпорындардың пайдасынан жасалатын аударым есебiнен Министрлiк жанында саланы дамытудың орталықтандырылған қорын құруға;
      Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес саланың валюта қорын және коммерциялық инвестиция қорын қалыптастыруға;
      осы Ережеде көзделген Министрлiктiң функцияларын жүзеге асыруға қажет геологиялық зерделеу және жер қойнауын қорғау, минералды шикiзаттың қамтамасыз етiлуi мен пайдаланылуы жөнiндегi мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының министрлiктерiнен, ведомстволарынан, ғылыми мекемелерiнен және кәсiпорындарынан материалдар, ұсыныстар мен қорытындылар алуға;
      геология жер қойнауын қорғау және минералды шикiзатты пайдалану саласында консультация алысу, зерделеу мен проблемаларды шешу үшiн ғалымдарды, мамандарды және сарапшыларды контракт негiзiнде қатыстыруға хұқы бар.
      6. Министрлiктi Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тағайындалатын Министр басқарады.
      Министрдiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi тағайындайтын (босататын) орынбасарлары болады.
      7. Министрлiкте алқа құрылады, оның құрамына Министр (алқаның төрағасы), лауазымдарына қарай орынбасарлары және Министрлiктiң жетекшi бөлiмшелерiнiң басшылары кiредi. Алқа мүшелерiн Министрдiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
      Алқаның шешiмдерi Министрдiң бұйрықтары арқылы жүзеге асырылады.
      8. Министр:
      барлық мемлекеттiк органдарда, ұйымдар мен кәсiпорындарда Министрлiктiң мүдделерiн бiлдiредi, шарттар жасасады, банктерде есеп айырысу және басқа есеп шоттар ашады;
      Министрлiктiң орталық аппаратының құрылымын, штат кестесiн және жұмыс iстейтiн қызметкерлер мен мамандар санының нормалары мен ара қатысын есепке алмай аппарат мамандарының жалақысын бекiтедi, Министрлiктiң орталық аппаратына еңбекақы төлеуге бөлiнген бюджеттiк қаржы шегiнде үстемеақының, қосымша ақының, сыйлықтың және басқа ынталандыру сипатындағы төлемдердiң мөлшерiн дербес белгiлейдi;
      Геологияминiнiң құрылымдық-бөлiмшелерiнiң қызметiн ұйымдастырады, олардың жарғылары мен ережелерiн бекiтедi;
      Геологияминiнiң құрамына кiретiн кәсiпорындар мен ұйымдардың басшыларын, сондай-ақ аппарат қызметкерлерiн контракт негiзiнде қызметке тағайындайды және босатады.
      9. Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi:
      Қазақстан Республикасының Меммүлiккомитетi оған берген қарамағындағы бөлiмшелердiң мемлекеттiк меншiгiн иелену, пайдалану және басқару хұқын жүзеге асырады;
      заңды ұйым болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тiлдерiнде атауы жазылған мөрi, сондай-ақ фирмалық бланкiлерi, геологиялық барлау жұмыстарын тiркеуге, лицензия беруге және пайдалы қазбалар өндiру үшiн кендi жер бөлiктерiн ресiмдеуге арнайы нөмiрленген мөрлерi болады.
      10. Министрлiктi қайта құру және тарату белгiленген тәртiп бойынша жүргiзiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады