Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабы 5-тармағын, 51-бабы 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Қаулысы. 2003 жылғы 11 ақпан N 1.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелері Х.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.Есенжанов, А.К.Котов және Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:

      өтініш субъектісінің өкілі - Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Әбдірахмановтың,

      Республика Орталық сайлау комиссиясының мүшесі В.К.Фосовтың,

      Республика Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйішевтің,

      Республика Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,

      Республиканың Әділет вице-министрі Р.Ш.Шамсутдиновтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағын, 51-бабының 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі Қ.Ж.Балтабаевты, өтініш субъектісі өкілінің және отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:

      Республика Парламентінің бір топ депутаттары Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағын, 51-бабының 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгінді. Өтініш субъектісі мынадай мәселелерді түсіндіруді сұрайды:

      1) Конституцияда Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімінің басқадай тұрғыдан қарастырылмағандықтан, депутат өкілеттігінің мерзімін Республика Конституциясының 51-бабының 5-тармағына сәйкес депутаттыққа кандидат сайланған болып есептелетін кезден бастап есептеу керек пе.

      2) "кандидат сайланған болып есептеледі" деген тіркес, Республика Конституциясының 73-бабының 1-тармағына сәйкес тіркеу тоқтатыла тұратын жағдайды қоспағанда, сайлау қорытындылары шығарылғаннан кейін дереу тіркеу қажеттігін білдіре ме.

      3) Республика Конституциясының 50-бабының 5-тармағындағы Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл деген жазба депутаттардың кезекті сайлауын өткізгеннен кейінгі ғана өкілеттік мерзімінің мөлшерін білдіре ме. Конституция кезектен тыс сайлауда сайланған депутаттар үшін өкілеттік мерзімінің қысқа болуын көздей ме. Кезекті сайланым басында және оның барысында Республика Президенті тағайындаған Сенат депутаттары өкілеттігінің мерзімі қалай анықталуға тиіс.

      4) Республика Конституциясының 52-бабының 4-тармағында жазылған норма Парламент депутаты өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін депутаттың өкілеттік мерзімі кезінде жасаған әрекеттері үшін Палатаның келісімінсіз тиісті жауаптылыққа тартылуы мүмкін екендігін білдіре ме.

      5) Республика Конституциясының 52-бабының 5-тармағындағы "мандат" деген сөз сайлау қорытындыларының көрінісі және сайлаушылардың депутатқа тиісті өкілеттік беруі дегенді білдіре ме.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағын, 51-бабының 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын өтініште қойылған сұрақтарға қатысты түсіндірген кезде, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны ескерді.

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағы, Сенат депутаттары үшін - алты жыл, Мәжіліс депутаттары үшін - бес жыл өкілеттік мерзім белгілей отырып, депутат өкілеттігінің басталу мерзімін көрсетпейді.

      Бұл жағдайды шешкен кезде Конституцияның 49-бабының 4-тармағын басшылыққа алу керек, бұл бапқа сәйкес Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгіленеді.

      Конституцияның бұл нормасына сәйкес заң шығарушы "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 24-бабының 2-тармағында, Парламент депутатының өкілеттігі оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген сәттен басталады, деп белгілеген.

      "Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" Республика Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 14 шілдедегі қаулысында , Парламенттің алқалы мемлекеттік орган ретіндегі өкілеттігі өзінің ұзақтығы жағынан өз депутаттарының өкілеттіктерімен түгелдей сәйкес келмейді, деп белгіленген. Кеңес, Парламент депутатының өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы тіркеген сәттен басталады деп атап көрсетті. Бұл құқықтық позиция, сондай-ақ Конституцияның 73-бабының 1-тармағынан келіп шығады. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталады, ол сайлаудың қорытындылары бірінші сессиясы ашылған сәттен басталады, ол сайлаудың қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірілмей шақырылады.

      2. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заң Парламент депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды жариялау мерзімін ол өткізілгеннен кейін он күннен кешіктірмейтіндей етіп белгілейді, бірақ депутаттарды тіркеу мерзімін көрсетпейді. Заң шығарушының бұл мәселеге "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңдағы мұндай көзқарасы Орталық сайлау комиссиясына депутаттарды тіркеу уақытын белгілеуге негіз береді, ол өз құзыреті шегінде нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.11.2017 № 3 нормативтік қаулысымен.

      3. Конституцияның 50-бабымен белгіленген Республиканың ең жоғары өкілді органы депутаттарының өкілеттік мерзімі, кезекті де, кезектен тыс та сайлауда сайланған депутаттар үшін бірдей болып табылады.

      Конституцияның 63-бабының 1-тармағымен көзделген Республика Президентінің Парламентті таратуы кезектен тыс сайлау өткізуге негіз болуы мүмкін. Конституцияның 52-бабының 5-тармағына сай Парламенттің таратылуы депутаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына негіздердің бірі болып табылады.

      Парламент таратылған жағдайда, Сенат депутаттарының жартысы кезектен тыс сайлауда үш жыл мерзімге, ал екінші жартысы - алты жыл мерзімге сайлануға тиіс, бұл 50-баптың 5-тармағының, сондай-ақ Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отыруын көздейтін 51-баптың 2-тармағының нормаларынан келіп шығады.

      Шығып қалған депутаттың орнына депутат сайлаған кезде, мәселе былай шешіледі. Конституцияның 50-бабы Парламенттің өкілеттік мерзімін белгілемей, әр Палата депутаттарының өкілеттік мерзімі туралы ғана айтады (5-тармақ). Республика Конституциясының мұндай мазмұнын, Парламенттің әрбір депутаты, оның қашан - тиісті Палатаға өткізілген жалпы сайлау кезеңінде ме, әлде шығып қалған депутаттың орнына ма - сайланғанына қатыссыз, өз өкілеттігін Конституцияның 50-бабында көзделген бүкіл мерзім ішінде жүзеге асыруы мүмкін деп түсінуге болмайды. Депутаттардың өкілеттік мерзімі туралы конституциялық норманы бұлай түсіндіру Парламенттің ұйымдық бірлігіне және конституциялық өкілеттік мерзіміне, қос палаталы заң шығарушы орган ретінде Парламент пен оны құрайтын депутаттардың қарым-қатынасына сай келмес еді.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.11.2017 № 3 нормативтік қаулысымен.

      4. Республика Конституциясының 52-бабының 4-тармағына сәйкес Парламент депутаты "өзінің өкілеттік мерзімі ішінде" қол сұғылмаушылыққа ие. Бұл, өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін депутат жалпы негізде заңды жауаптылыққа тартылуы мүмкін дегенді білдіреді. Бұл орайда құқық бұзушылық жасау уақыты, - депутаттық өкілеттік мерзімі кезеңінде ме, ол тоқтатылғанға дейін немесе кейін бе, - маңызға ие емес.

      Өзінің өкілеттік мерзімі кезеңінде депутаттар толық көлемде және жалпы негізде азаматтық-құқықтық жауапкершілік арқалайды. Олардың сот тәртібінен тыс белгіленетін әкімшілік жауапкершілігі туралы мәселе де осылайша шешіледі.

      5. Конституцияның 52-бабының 5-тармағында Парламент депутаты белгілі бір жағдайлар туындаған кезде "өз мандатынан айрылады" делінеді.

      Мандат Парламент депутатының қайсы бір өңірдің немесе сайлау округының емес, халықтың өкілі ретіндегі өкілеттігі заңды екендігін куәландырады. Сайлаушылар заң жүзінде депутаттың позициясын айқындамайды.

      Осылайша, Конституцияның 52-бабының 5-тармағындағы "мандат" сөзін, Конституциямен және конституциялық заңдармен көзделген, Орталық сайлау комиссиясының тіркеуі арқылы заңды түрде ресімделген Парламент депутатының өкілеттігі деп түсінген жөн. Конституцияның бұл нормасының мәтініндегі "мандаттан айрылады" деген сөздер мағынасы бойынша "өкілеттіктен айрылады" деген сөздерге бара-бар.

      Баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4-тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 1-бабын , 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33-баптарын , 37-бабын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 4-тармағына сәйкес депутаттардың құқықтық жағдайы, олардың өкілеттік мерзімінің басталуын қосқанда, конституциялық заңмен регламенттеледі.

      "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 24-бабының 2-тармағына сәйкес Парламент депутатының өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты ретінде тіркеген сәттен басталады.

      2. Алып тасталды – ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.11.2017 № 3 нормативтік қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағында Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл деп белгіленген. Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары өкілеттігінің бұл шекті мерзімі кезектен тыс сайлауда сайланған депутаттар үшін де белгіленеді.

      Парламент таратылғаннан кейін өткізілген кезектен тыс сайлауда Сенат депутаттарының жартысы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабының 2-тармағына сәйкес, үш жыл мерзімге сайланады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.11.2017 № 3 нормативтік қаулысымен.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 4-тармағына сай депутат оның өкілеттік мерзімі ішінде ғана қол сұғылмаушылыққа ие, өкілеттік тоқтатылғаннан кейін ол жалпы негізде тиісті жауаптылыққа тартылады.

      5. Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 5-тармағындағы "мандат" сөзін, депутаттың Орталық сайлау комиссиясының тіркеуі арқылы заңды түрде ресімделген өкілеттігі деп түсінген жөн. Конституцияның бұл нормасының мәтініндегі "мандаттан айрылады" деген сөздер мағынасы бойынша "өкілеттіктен айрылады" деген сөздерге бара-бар.

      6. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді және шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескеріп, түпкілікті болып табылады.

      7. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің
Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады