ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Аппаратының басшысы А.О. Мухамеджановтың,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Сот әкімшілігі басшысының орынбасары А.С. Мусралиновтың,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Тергеу департаменті бастығының орынбасары О.М. Кайназаровтың,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Министрдің бірінші орынбасары М.Ш. Қожаевтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Б.Ш. Жақселекованың,
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі басшысының орынбасары А.К. Муратовтың,
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – Тергеу департаменті басшысының орынбасары К. Бағбанұлының,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ж.С. Тасболатовтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі А.А. Нуркееваның қатысуымен,
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің "Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 1-тармағын, 14-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын, 79-бабының 1-тармағын және 83-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысының қарар бөлігінің 6-тармағына түсіндірме беру туралы өтінішхатын қарады.
Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары С.Ф. Ударцевті, Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, сарапшы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы А.Н. Ахпановтың қорытындысын, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
"Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 60-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокуратураның сотта мемлекет мүдделерін білдіру жөніндегі айрықша құзыреті мәнмәтінінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) "Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 1-тармағын, 14-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын, 79-бабының 1-тармағын және 83-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысы) қарар бөлігінің 6-тармағына түсіндірме беру туралы өтінішхаты келіп түсті.
Өтініш субъектісі қолданыстағы қылмыстық-процестік заңнамада тергеу судьясының сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы белгілі бір шешімдері туралы ережелер бар екенін, оларды қабылдау кезінде прокурор сотта мемлекет мүдделерін білдірмейтінін атап өтеді. Мәселен, кепіл қолдануды, лауазымнан уақытша шеттетуді, мүлiкке тыйым салуды, жақындауға тыйым салуды, қарап-тексеруді, тінтуді, алуды, мәжбүрлеп куәландыруды, мәйітті эксгумациялауды, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді және оларды жүргізу мерзімдерін ұзартуды, жеке тінтуді, үлгілерді мәжбүрлеп алуды, күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптамалар жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруды санкциялау мәселелерін қарау кезінде тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орган берген материалдар негізінде прокурордың қатысуынсыз шешім қабылдайды.
Осылайша, тергеу судьясы бірқатар тергеу әрекеттері мен қылмыстық-процестік мәжбүрлеу шараларын санкциялау мәселелерін қараған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның лауазымды адамдарының пікірімен ғана шектеледі. Өздеріне қатысты осы іс-шаралар тағайындалатын адамдар бұл жөнінде хабардар етілмейді және тиісінше өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға, сондай-ақ сот арқылы қорғалуға (тергеу судьясы шешім қабылдаған кезде) конституциялық құқығын уақтылы іске асыра алмайды.
Бас Прокурордың өтінішхатын қарау және қаралып отырған Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысына түсіндірме беру кезінде өтінішхат нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 1-бабының 1-тармағына сәйкес "адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы болып табылады. Мемлекет мүдделерінің аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын ең қымбат конституциялық құндылықтарды қорғау мемлекеттік билік органдарының Конституцияда және осы органдар туралы заңнамада бекітілген құзырет мәселелері бойынша міндеттеріне жүктелген.
Конституцияның 83-бабының 1 және 4-тармақтарында "Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады" деп бекітілген, сондай-ақ прокуратураның құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңда белгіленеді деп көрсетілген.
Конституцияның 61-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламенті (бұдан әрі – Парламент) "аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін", атап айтқанда: "жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне" (1) тармақша); "мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне" (3) тармақша); "сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне" (6) тармақша) қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы". Бұл ретте Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиіс (Конституцияның 62-бабының 7-тармағы).
2. Прокуратура сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді деген конституциялық ереже Конституцияның бірінші редакциясында бекітіліп, өзгермей келеді. Сонымен қатар, Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысының қаралып отырған тармағына түсіндірме беру кезінде Конституциялық Сот прокуратура органдары қызметінің өзге де бағыттарын конституциялық реттеу эволюциясын ескереді.
Аталған нормативтік қаулыда "83-баптың 1-тармағындағы конституциялық нормадан мемлекет мүддесiн сотта прокурор (прокуратура) ғана қорғайды деген ұғым туады" деп белгіленген (қарар бөлігінің 6-тармағы). Мұндай шешімге уәжін айта отырып, Конституциялық Кеңес Конституцияның "Прокуратура сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді" деген нормасын (83-баптың 1-тармағы) конституциялық түрде айқындалған прокурор (прокуратура) қызметінің бағыты деп түсіну керек. Бұл ретте прокурордың сотта мемлекет мүдделерін білдіруді жүзеге асыру жөніндегі нақты өкілеттігі тиісті заңнамалық актіде бекітілген деп атап өтті. Мұндай қорытынды қаралып отырған нормативтік қаулыны Конституциялық Кеңес қабылдаған күні қолданыста болған Конституцияның 83-бабы 1-тармағының редакциясына негізделген.
Сол кезеңде қылмыстық істер бойынша анықтауды және алдын ала тергеп-тексеруді арнаулы органдар жүзеге асырғанын және бұлар сот пен прокуратурадан бөлек болғанын да ескеру керек (Конституцияның 84-бабының 1-тармағы).
Сонымен бірге, Конституциялық Кеңес өзінің нормативтік қаулысының уәжді бөлігінің 4-тармағында Конституцияның 14-бабының 1-тармағында жазылған норманы түсіндіре отырып, Конституцияның 83-бабының 1-тармағы прокурорға сотта мемлекет мүддесін білдіру міндетін жүктейді, бұл оның іс жүргізу өкілеттігі аясын кеңейтеді деп атап өткен болатын.
"Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен Конституцияның 84-бабы алып тасталды.
Негізгі Заңның сот және құқық қорғау жүйелері қызметін регламенттейтін нормаларының өзгеруіне байланысты Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІII Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің кейбір нормативтік қаулыларын қайта қарау туралы" 2007 жылғы 8 қарашадағы № 9 нормативтік қаулысында өзінің 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысына кейбір өзгерістерді енгізді, атап айтқанда, қарар бөлігінің 6-тармағындағы "тек қана" деген сөздерді алып тастады.
"Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңында Негізгі Заңның 83-бабының 1-тармағы жаңа редакцияда жазылды және ол бүгінгі күнде қолданыста: "1. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады".
Конституциялық Сот Конституцияның 83-бабы 1-тармағының қолданыстағы редакциясы прокуратураға мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыруды жүктейтініне назар аударады. Прокуратура қызметіндегі мұндай акцент сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында прокурор рөлін күшейту бөлігінде қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелерін заңнамалық реттеу кезінде міндетті түрде ескерілуге тиіс.
3. Халықаралық құқықтық құжаттарда әр мемлекетте заңдылықты, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің пәрменді тетіктерін жасау кезінде заңнамалық реттеудің негізгі бағдарларын айқындайтын бірқатар ережелер қамтылады.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық құқықтық актілерде (атап айтқанда, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1966 жылы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 7-бабы; 9-бабының 1, 2 және 5-тармақтары; 10-бабының 1 және 2-тармақтары; 17-бабының 1-тармағы) жазылған адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге мемлекеттік органдардың қатысу қажеттігіне жалпы көзқарастар, тұтастай алғанда, қылмыстық процесті регламенттейтін ұлттық заңнамада көрініс тапқан.
Прокуратура қызметінің сотта мемлекет мүдделерін білдіру жөніндегі Конституцияда айқындалған бағыты прокуратураның мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыруымен байланысты (Конституцияның 83-бабының 1-тармағы).
"Прокуратура туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заң) сәйкес Бас прокуратура мен прокурорлар шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда қылмыстық қудалау, активтерді қайтару мәселелері бойынша, шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша да мемлекет мүдделерін білдіреді (7-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы және 10-баптың 1-тармағының 29) тармақшасы), халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты қоса алғанда, активтерді қайтару жөніндегі қызметті мемлекет атынан және оның мүддесі үшін жүзеге асырады (11-1-баптың 1-тармағы).
Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады (Конституцияның 75-бабының 2-тармағы). 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заңның 22-бабына сәйкес прокуратура органдары "Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен сотта мемлекет мүддесін білдіреді" (1-тармақ). Бұдан басқа, прокуратура органдары "егер құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамның және азаматтың құқықтарын қорғау осыны талап етсе, сондай-ақ қоғамның немесе мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен (арызбен) жүгінуге құқылы" (2-тармақ).
Прокуратура қызметінің конституциялық тұрғыда айқындалған барлық бағыттары тап осы қылмыстық процесте тығыз үйлесімділікте көрінетінін айта кету керек. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 58-бабының бірінші бөлігінде прокурор өз құзыретi шегiнде жедел-iздестiру қызметiнің, анықтаудың, тергеудiң және сот шешiмдерiнiң заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ мемлекет атынан қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық қудалауды және Конституцияның 83-бабына және ҚПК-ге сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады деп айқындалған. Соттың қылмыстық iстi қарауына қатысатын прокурор айыптауды қолдау арқылы мемлекет мүдделерiн бiлдiредi және мемлекеттiк айыптаушы болып табылады.
ҚПК-нің 58-бабының екінші бөлігінде прокурор өз әрекеттері үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын тұлғаға өзiнiң дәрменсiз күйіне, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға тәуелдi болуына байланысты немесе өзге де себептер бойынша талап қою және оны қорғау құқығын өз бетiнше пайдалануға қабiлетсіз жәбiрленушiнiң (1) тармақ) немесе мемлекет мүдделерiн қорғап талап қоюға құқылы (2) тармақ) деп белгіленген.
Негіздер болған кезде және ҚПК-де белгіленген тәртіппен прокурор өз қаулысымен істерді өзінің іс жүргізуіне қабылдауға және бұл ретте, тергеушінің өкілеттігін пайдалана отырып, тергеп-тексеруді жеке өзі жүргізуге құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды осыған уәкілеттік берілген прокурор жүзеге асырады (58-баптың үшінші бөлігі).
Тергеу сотының енгізілуімен прокурордың сотта мемлекет мүдделерін заңда белгіленген нысандарда және шекте білдіру жөніндегі конституциялық функциясы тергеу сотының тергеп-тексеру процесіндегі қызметіне байланысты сатыда да жүзеге асырылады.
ҚПК-нің 193-бабы бірінші бөлігінің 14) тармағына сәйкес аталған Кодексте тергеу судьясының құзыретіне жатқызылған мәселелер қаралған кезде прокурор сот отырыстарына қатысады.
Заңдарда әртүрлі мемлекеттік органдардың, соттың және прокуратураның мемлекеттік мүдделердің сақталуын және ең қымбат конституциялық құндылықтарды, оның ішінде сотта және тергеп-тексеру процесінде қорғауды қамтамасыз етуге жан-жақты және көп қырлы бақылауы көзделген.
Конституцияның 3-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан өздеріне берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді.
Кез келген басқа мемлекеттік органның прокуратурадан айырмашылығы сотта тарап ретінде әрекет ете отырып, өз шешімінің, актісінің, әрекетінің (әрекетсіздігінің) негізділігін қорғайды немесе өзіне заңмен берілген өзге де әрекеттерді мемлекет атынан орындайды, яғни өз құзыреті шегінде мемлекет мүдделерін білдіреді.
Сот ісін жүргізуде прокуратура қызметінің конституциялық тұрғыда айқындалған бағыттарының ерекшелігі – ол мемлекет мүдделерін кешенді түрде білдіруді, оның ішінде мемлекеттік органдардың жекелеген лауазымды адамдарының қызметі салдарынан адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы ықтимал жағдайларда мемлекет мүдделерін білдіруді мақсат етіп қояды. Бұл ретте әртүрлі мемлекеттік органдар заңдарға, өз қызметінің саласына және құзыретіне сәйкес түрлі мемлекеттік мүдделерді білдіруге және іске асыруға қатысады, ал Конституция прокуратураға мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалау функциясын (соның шеңберінде оған басқа мемлекеттік органдардың, оның ішінде бақылау-қадағалау өкілеттігі бар мемлекеттік органдардың әрекеттері мен актілерінің заңдылығын тексеру құзыреті берілген), сондай-ақ сотта мемлекет мүдделерін білдіру және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру функцияларын тікелей жүктейді. Бұл прокуратураның соттағы, атап айтқанда қылмыстық процестің барлық сатыларындағы конституциялық тұрғыда бекітілген ерекше рөлін алдын ала айқындайды.
4. Конституциялық Cот ҚПК-нің 8-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесумен, оларды бейтараптықпен, тез және толық ашумен, тергеп-тексерумен, оларды жасаған адамдарды әшкерелеумен және қылмыстық жауаптылыққа тартумен, әділ сот талқылауымен және қылмыстық заңды дұрыс қолданумен, адамдарды, қоғамды және мемлекетті қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғаумен (бірінші бөлік) қатар адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау да және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру де қылмыстық процестің міндеттері болып табылады деп атап өтеді. Осы міндеттер ескеріле отырып, ҚПК-нің 8-бабының екінші бөлігінде "Қылмыстық істер бойынша іс жүргізудің заңда белгіленген тәртібі адамды және азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, оның құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, ал кінәсіз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда, оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға ықпал етуге тиіс" деп бекітілген. Қылмыстық процестің осы міндеттерін іске асыруда сот, прокурор және адвокат елеулі рөл атқарады.
Адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерінің көп қырлылығы ескеріле отырып, 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заңға сәйкес прокуратураның қызметі, оның ішінде қылмысқа қарсы күрес саласындағы қызметі мемлекеттің ең қымбат конституциялық құндылықтарын, басқа да мүдделерін қорғауға және прокуратураның алдында тұрған міндеттерге қол жеткізуіне бағытталған. 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заңның 4-бабында прокуратура аталған мақсаттарда: 1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді; 2) заңдылықтың бұзылуын, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарын анықтауды және жоюды; 3) құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді; 4) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де міндеттерді" жүзеге асырады деп бекітілген. Аталған міндеттерді шешу үшін сотта прокурор білдіретін мемлекет мүдделері шоғырланып көрініс табады.
Сот төрелігін жүзеге асыратын орган ретінде сот тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Конституцияның 76-бабының 1-тармағына сәйкес сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Сот билігінің осы конституциялық миссиясы қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде прокуратура қызметінің мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі конституциялық тұрғыда айқындалған бағытымен тығыз байланысты.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары жүзеге асыратын әрекеттер мен рәсімдерге сот бақылауын және жоғары қадағалауды регламенттейтін, заңдарда белгіленетін құқықтық нормалар мен институттар жиынтығы олардың заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Тергеу соты заңда белгіленген жағдайларда қандай да бір тергеу әрекеттері мен шешімдерін санкциялаған (келіскен) кезде қылмыстық процестің барлық сатыларында адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын сот шешімдерін қабылдау кезінде жеке адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сот кепілдіктерінің қажеттігін негізге алуға міндетті.
Прокурор қызметінің Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалаумен үйлесімділікте мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру жөніндегі конституциялық тұрғыда айқындалған бағыты, тұтастай алғанда, көптеген шет мемлекеттер прокуратураларының қылмыстық процестегі рөліне сәйкес келеді, онда прокурор сотқа дейінгі іс жүргізудің бастапқы сатыларынан бастап-ақ заңдылықты қамтамасыз етеді және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы мен нәтижелеріне негізгі жауапты болады. Шетел практикасында жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау рәсімдерін реттеудің алуан түрлілігіне қарамастан, онда прокурордың белсенді рөлі әрқашан көрініс табады.
5. Конституцияның 12-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Мемлекеттің осы конституциялық міндетті өз міндеті ретінде қабылдауы оны іске асыру үшін нақты тетіктер мен құралдарды айқындау, оның ішінде сот бақылауы және прокуратураның жоғары қадағалауы сияқты институттарды енгізу және олардың тиімділігін арттыру қажет екенін білдіреді.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган ретінде сот қылмыстық процеске қатысатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшін жағдай жасауға, қылмыстық процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыру мақсатында уақтылы шаралар қолдануға міндетті (ҚПК-нің 15-бабының бірінші бөлігі).
Соттың ҚПК-де көзделген жекелеген процестік мәжбүрлеу шаралары мен тергеу әрекеттерін санкциялауы бірінші сатыдағы сот сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында ең қымбат конституциялық құндылықтарды сақтау мақсатында жүзеге асыратын сот бақылауын білдіреді. Тергеу сотының тиісті тергеу әрекеттерін жүргізу немесе жекелеген процестік мәжбүрлеу шараларын таңдау негіздерін тексеруі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының әрекеттеріне берілген шағымдарды қарауы жеке адамның конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік берудің анағұрлым жоғары деңгейі болып табылады.
Судьяның қандай да бір істер мен мәселелерді алқалы түрде қарауымен қатар жеке-дара қарауы әртүрлі сот ісін жүргізу нысандарында көзделген. Осы жағдайлардың барлығында судья сот билігін жүзеге асырады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында прокурордың бірқатар мәселелер бойынша өкілеттігі тергеу судьясының өкілеттігімен тығыз байланысты. Бұл ретте Конституцияның 83-бабының 1-тармағында белгіленген прокуратура қызметінің сотта мемлекет мүдделерін білдіру жөніндегі бағыты тергеу сотының қарауындағы мәселелерге де толық көлемде қолданылады.
Негізгі Заңда прокуратураның сотта мемлекет мүдделерін білдіруді қалай жүзеге асыруға тиіс екендігі айқындалмайды. Прокуратура қызметінің осы конституциялық бағытының мазмұнын ашып көрсету мемлекеттік биліктің заң шығарушы тармағының құзырына жатады. Аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, сот ісін жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдарды қабылдау Негізгі Заңда Парламенттің өкілеттігіне жатқызылады (61-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы).
Конституциялық Сот қазіргі кезде прокуратураның тергеу сотында мемлекет мүдделерін білдіру жөніндегі қызметі заңнамалық тұрғыда жеткілікті регламенттелмегенін атап өтеді.
Адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, ең алдымен, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың бұзылу ықтималын болғызбауға бағытталған шаралар кешенін, оның ішінде заңнамалық сипаттағы шаралар кешенін әзірлеуді білдіреді.
Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің мүдделері Негізгі Заңда жария етілген ең қымбат құндылықтарды қорғаумен қатар Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі қағидаттарын және Конституцияның өзге де ережелерін іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігін қамтиды. Прокуратураға едәуір құзырет беріле отырып, Негізгі Заңда оған мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау функциясын жүзеге асыру жүктеледі. Қылмыстық сот ісін жүргізуде прокурор білдіретін мемлекет мүдделері, ең алдымен, қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде қылмыстық-процестегі заңдылық қағидатын қамтамасыз ету және қылмыстық процесс міндеттерін, атап айтқанда қылмыстық-процестік мәртебесіне қарамастан адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары сақталған кезде қылмыстық құқық бұзушылықтарды бейтарап, тез және толық ашу, тергеп-тексеру міндеттерін іске асыру болып табылады.
Құқық үстемдігін және азаматтардың конституциялық құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қылмыстық процесті жетілдіру қазіргі уақытта прокурордың рөлін едәуір арттыруға алып келді, ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары жинаған дәлелдемелерге ведомстводан тыс баға беруді жүзеге асырады, негізгі процестік шешімдерді қабылдайды, сондай-ақ сотта айып тағады және соны ұстанады. Прокурордың қылмыстық процеске қатысуын кеңейту және сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында сот бақылауын нығайту мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық ережелерді іске асырады (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы).
Қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысты Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттің ең қымбат қазынасын – адамды және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің толыққанды әрі тиімді заңнамалық тетіктерін жасауға ерекше мән беріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында аталған құндылықтар күдіктілерге (айыпталушыларға) ғана емес, тергеп-тексеру орбитасына іліккен өзге адамдарға да анағұрлым осал екенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының қандай да бір шешімдері мен әрекеттерін санкциялау мәселесін қарау кезінде дұрыс шешім қабылдау үшін толық және жеткілікті ақпарат (материалдар) алу бойынша соттың процестік мүмкіндіктерін кеңейтудің, сондай-ақ прокурордың сот санкциясына дейін кез келген бұзушылықтарға алдын ала ден қоюына құралдарды пайдаланудың маңызы зор.
Тергеу судьясының жекелеген процестік мәжбүрлеу шаралары мен тергеу әрекеттерін санкциялау рәсіміне байланысты ҚПК ережелеріне жүргізілген талдау кейбір ережелерде сәйкессіздіктің бар екенін көрсетеді, бұл жиынтығында мемлекеттік органдардың тергеу судьясының алдындағы тиісті мәселелерді сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастама жасау сатысында тиісінше сот бақылауын жүзеге асыруға және прокуратураның заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыруына кедергі келтіруі мүмкін.
Мәселен, тұрғын үй-жайды мәжбүрлеп қарап-тексеру, тінту, алу және басқа да тергеу әрекеттерін жүргізу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қаулы шығарады және оны тергеу судьясына тергеу әрекетін жүргізу қажеттігін растайтын қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелерін қоса бере отырып жібереді және бір мезгілде осы актінің көшірмесін прокурорға да жібереді. Прокурор ҚПК-нің 193-бабының ережелеріне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыра отырып, тергеушінің, анықтаушының, анықтау органының заңсыз қаулыларының күшін жояды. Бұл ретте сот бақылауын және тиісті қаулының заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыру үшін берілген уақытқа шек қойылмайды.
Бұдан басқа, Конституциялық Сот қылмыс жасады деп күдік келтірілген адамдардың ғана емес, олардың айналасындағы үшінші адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын жасырын тергеу әрекеттерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары жүргізген кезде прокуратураның Конституцияда өзіне жүктелген жоғары қадағалауды жүзеге асыру бойынша шектеулі мүмкіндіктеріне назар аударады. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулы шығарылғанынан кейін жиырма төрт сағат ішінде тергеу судьясына аталған тергеу әрекетін жүргізудің негізділігін растайтын материалдармен бірге ұсынылады. Бұл ретте қаулы көшірмесі прокурорға жіберілмейді, ол осылайша қаулы заңдылығына тексеру жүргізу және қажет болған жағдайда оның күшін жою мүмкіндігінен айырылады. Жасырын тергеу әрекеттерінің ерекшелігі ескеріле отырып, оларды ашық режимде жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, осы іс-шаралардың заңдылығына прокурорлық қадағалаудың аса маңызды екені даусыз болып табылады.
Конституциялық Сот қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажет болғанда тергеу судьясының санкциялау мәселесін шешуі үшін ақылға қонымды мерзім беру қажеттігіне де назар аударады.
Тергеу судьясының ҚПК-нің 234-бабы екінші бөлігінің ережелеріне сәйкес жасырын тергеу әрекеттерін санкциялауы барысында берілген ақпараттың анықтығына күмән болған кезде тергеу судьясы қаулыны санкциялай отырып, жиырма төрт сағат ішінде оның заңдылығын процестік прокурордың тексеруіне бастама жасауға құқылы. Процестік прокурор бес тәулік ішінде тиісті тексеруді жүргізуге және оның нәтижелері туралы тергеу судьясын хабардар етуге міндетті.
Конституциялық Соттың пікірінше, тергеу судьясының өзіне берілген ақпараттың анықтығына күмәні болған кезде жасырын тергеу әрекетін "уақытша" санкциялау рәсімі сот бақылауының мақсатына қайшы келеді. Тергеу судьясы қабылдайтын шешім күмәнге негізделмей, заңды және негізделген болуға тиіс.
Адамның құқықтары мен бостандықтарын шектейтін немесе шектеуі мүмкін сот шешімдерін қабылдау кезінде прокурордың сотта мемлекет мүдделерін міндетті түрде білдіру жағдайлары мен белгілі бір нысандарын заң деңгейінде бекітумен қатар прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңдылығының сақталуына жоғары қадағалауды уақтылы және тиімді жүзеге асыруы үшін процестік шарттарды жетілдіру қылмыстық процеске тартылған адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге ықпал ететін болады.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 99-бабының 2-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 55 – 58-баптарын, 60-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын, 2 және 3-тармақтарын, 62-бабын, 64-бабының 3-тармағын, 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын және 66-бабының 1-тармағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң "Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 1-тармағын, 14-бабының 1-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын, 79-бабының 1-тармағын және 83-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы" 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысының қарар бөлігінің 6-тармағын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысына қатысты прокуратура қызметінің конституциялық тұрғыда айқындалған бағыттарының жүйелі өзара байланысын назарға ала отырып, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектеуге байланысты тергеу әрекеттері мен қылмыстық-процестік мәжбүрлеу шараларын санкциялау туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары бастама жасаған мәселелерді қарау кезінде прокуратураның сотта мемлекет мүдделерін білдіру жөніндегі айрықша конституциялық функциясы деп түсіну керек.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Қазақстан Республикасының басқа да мүдделі мемлекеттік органдарымен бірлесіп, осы нормативтік қаулының 1-тармағында баяндалған түсіндіруді және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда тұжырымдалған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тергеу сотының қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру және сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында прокуратураның конституциялық функцияларын барынша толық іске асыруға қол жеткізу мәселелерін қарасын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |