Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы Болашақ үшін әріптестік шеңберіндегі іс-қимыл бағдарламасының жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы Болашақ үшін әріптестік шеңберіндегі іс-қимыл бағдарламасына қол қойсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2009 жылғы 7 мамырдағы
N 802 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы Болашақ үшін әріптестік шеңберіндегі іс-қимыл бағдарламасы
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы 2008 жылғы 3 қыркүйектегі Қазақстан-герман қатынастарына Болашақ үшін әріптестік туралы бірлескен мәлімдемемен берілген серпінді пайдалана отырып және сол арқылы 2007 жылғы 22 маусымдағы Еуропалық Одақ және Орталық Азия арасындағы Жаңа әріптестік стратегиясын және 2008 жылғы 29 тамыздағы Қазақстан Республикасының "Еуропаға жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға үлес қосуға ұмтыла отырып, басымдық ретінде мынадай жобаларды жүзеге асыруға ниеттенеді:
1. Саяси өзара қарым-қатынастар
2010 жылы Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төрағалық етуіне байланысты ашылатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, сыртқы істер министрліктері басшылығының деңгейінде саяси консультацияларды тұрақты өткізу;
Ынтымақтастықтың болашақ екіжақты және өңірлік жобалары үшін халықаралық-құқықтық негіз ретінде Дамуға жәрдемдесу саласындағы ынтымақтастық туралы жаңа шарт жасасу;
Қазақстанда Германияның демократияны, құқықтық мемлекетті және нарықтық экономиканы дамытуға жәрдемдесуі жөніндегі саяси қорларының бағдарламаларын іске асыру;
ЕҚЫҰ-ның қызметін зерттеу орталығында (СОRЕ) Литва Сыртқы істер министрлігінің 12 қызметкерімен бірге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 6 қызметкері үшін ЕҚЫҰ-ның тренингтер бағдарламасы шеңберінде 3-жобаны өткізу. Қазақстанға тиесілі шығындардың тең жартысын Тараптардың әрқайсысы көтереді;
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты қоғамдық сананы одан әрі дамыту үшін жұмыс семинарын өткізу.
2. Құқықтық мемлекет
Өңірдің экономикалық дамуы үшін құқықтық негіздемелік шарттарды жетілдіру мақсатында заң шығару процесі, заңнаманы енгізу, судьяларды оқыту және адвокатура институтын нығайту кезінде консультациялар беру;
Екі Тараптың әділет министрліктері арасында мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату: адам құқықтарын сақтау саласында, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарында халықаралық құқық пен халықаралық шарттардың жалпыға бірдей танылған нормаларын қолдану мәселелері бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ қылмыстық жазалардың орындалу мәселесі бойынша еуропалық тәжірибені зерделеу; сарапшылар алмасу, өзара тағылымдамаларды қамтамасыз ету, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және Қазақстан Республикасының заңнамасын талдау саласындағы ынтымақтастық үшін халықаралық конференциялар мен "дөңгелек үстелдер" ұйымдастыру және қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдау.
Қазақстандық судьяларға, прокурорлар мен әділет органдарының қызметкерлеріне Германияның құқықтық жүйесі ұйымдарында практикадан және тағылымдамадан өтуді ұсыну;
2008 жылғы Хельсинкидегі ЕҚЫҰ Министрлер кеңесінің тиісті шешімін іске асыру мақсатында және Орталық Азия үшін құқық үстемдігі жөніндегі Еуропалық Одақтың бастамасы шеңберінде ЕҚЫҰ елдерінің кеңістігінде құқықтық мемлекет жүйесін нығайту жөніндегі іс-шараларға екі Тараптың белсене қатысуы;
Омбудсмен институты мен оның әрекетке қабілеттілігін нығайту, әділет қызметкерлерін, атап айтқанда судьялар мен прокурорларды оқыту және іріктеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы сот реформасын қоса алғанда, құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру кезінде ең үздік практика алмасу үшін тренингтер мен семинарлар өткізу.
3. Экономика
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық жұмыс тобының жыл сайынғы кездесулерін өткізу. Келесі отырыс 2009 жылғы 22 маусымда Қазақстанда өтуі тиіс. Үкіметаралық жұмыс тобы, оның ішінде жекелеген отырыстардың арасындағы кезеңде Қазақстан-герман экономикалық өзара қарым-қатынастарын дамытуды ынталандыруға және бірінші кезекте мемлекет тарапынан жәрдемге мұқтаж нақты кәсіпкерлік жобаларды ілгерілетуге арналған. Бұдан басқа, Үкіметаралық жұмыс тобының отырыстарында 2008 жылғы 3 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасы Федералдық экономика және технологиялар министрлігі арасындағы 2011 жылға дейінгі кезеңге арналған инновациялық-инвестициялық әріптестікті қалыптастыру мақсатындағы ынтымақтастыққа қатысты ниеттер туралы бірлескен мәлімдеме шеңберінде бірлескен инновациялық және инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі мәселелер талқыланады;
Қазақстандағы герман экономикасының өкілдігін екіжақты Қазақстан-Германия сауда палатасы етіп құру үшін жағдай жасау;
Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы екі елдің экономикалық мүдделерін барынша толық іске асыру мақсатында Берлин қаласындағы Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдігінің қызметіне белсенді жәрдем көрсету саласындағы ынтымақтастық;
Германияның Федералдық Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қолдауымен экономика саласындағы менеджерлердің біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Германия Федеративтік Республикасының Федералдық экономика және технологиялар министрлігі қазақстандық тараптың Германия кәсіпорындарында тағылымдамадан өтіп жатқан Қазақстан менеджерлерінің санын көбейту туралы ұсынысын қарастырады.
Осы бағдарламаның тиімділігін одан әрі арттыру үшін Менеджерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі бағдарламаны ұйымдастырумен және іске асырумен айналысатын мекемелер арасындағы Ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемені жүзеге асыру. Орталық Азия елдері үшін "In Went" ұйымының өңірлік бюросын Астанада ашу жөніндегі мәселелерді қарау аяқталуда;
Статистика салалары бойынша екі Тараптың ұлттық статистика ведомстволары арасындағы, оның ішінде "айналы статистиканы" өткізуді ескере отырып, сыртқы сауда статистикасы саласындағы ынтымақтастық. Осы мақсатта 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі мен Германия Федеративтік Республикасы Федералдық статистика басқармасы арасында бірлескен қаржыландыру негізінде статистика салалары бойынша бірлескен ынтымақтастық жобаларын іске асыру басталады;
энергетика саясаты саласында екіжақты қатынастардың қарқындылығын арттыру мақсатында Астана қаласында энергетика саясаты жөніндегі екінші Қазақстан-герман форумын бірлесіп өткізу;
Сыртқы сауданың өсуі үшін қолайлы жағдай туғызу арқылы өңірлік экономикалық ынтымақтастықты қолдау;
Шағын және орта бизнесті қолдауға және дамытуға, сондай-ақ бірлескен семинарларды ұйымдастыру, статистикалық ақпарат алмасу жолымен екі елдің кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы тәжірибесімен, сондай-ақ осы тақырып бойынша ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасуға жауапты мемлекеттік органдар арасындағы тығыз байланыстарды дамыту және нығайту;
экономикаға қолдау көрсету үшін тиімді құрылымдарды құру кезінде консультациялар беру.
4. Қоршаған орта және климат
Германия Федеративтік Республикасы Федералдық сыртқы істер министрінің "Орталық Азия бойынша су бастамасы" шеңберінде "Орталық Азиядағы су ресурстарын трансшекаралық басқару" жобасын іске асыру ("Берлин процесі"). Бұл ретте қойылған мақсаттарға Қазақстанда жедел қол жеткізу жобалары да көзделген;
Қайта жаңартылатын энергия көздері және энергия тиімділігі, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу, көміртектің табиғи қоймаларын жасауды және сақтауды ынталандыру саласында іске асырылатын Германияның Федералдық Үкіметінің Климатты қорғау жөніндегі халықаралық бастамасы шеңберіндегі жобалар;
"Орталық Азия бойынша су бастамасының" элементі ретінде су саласындағы ғылыми ынтымақтастықты оңтайландыруды үндейтін "Өңірлік ғылыми-зерттеу желісі - Орталық Азиядағы су" жобасы шеңберінің жекелеген бөліктерін іске асыру. Бұл ретте су ресурстарына қатысты көпшіліктің қолжетімді дерекқорын құруда және өңірлік су ресурстарының қолжетімділігін көрсететін репрезентативті модельдерді әзірлеу мақсат болып табылады;
Қазақстан Республикасында қоршаған орта мен климатты қорғау жөніндегі технологиялар саласындағы Германия экономикасы жетістіктерінің көрме-көрсетілімі;
Табиғи ресурстарды, мысалы жайылымдық жерлерді, топырақты және ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскелерді пайдалануды жетілдіру жөніндегі өңірлік бағдарлама;
Шардара су электр станциясын қайта жаңартуға қолдау көрсету.
5. Білім және ғылыми зерттеулер
Екі Тараптың Алматы қаласындағы Қазақстан-неміс университетін дамыту жөніндегі одан әрі ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді шұғыл ратификациялауы;
Экологиялық білім және адамдар санасы саласындағы тұрақты дамуды қамтамасыз ететін қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды (энергетика, су) пайдалану тиімділігі саласындағы мамандықтар үшін Қазақстан-неміс университетінде оқу бағдарламаларын жасау. Болашақта Университеттің кеңейтілуіне орай, Тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Алматы қаласындағы Қазақстан-неміс университетін дамыту жөніндегі одан әрі ынтымақтастық туралы келісімнің 9-бабының ережелеріне сәйкес Хаттама туралы келіссөздерді таяу уақытта бастауға өздерінің ниеттерін мәлімдеді.
Германияда "Болашақ" бағдарламасын іске асыратын "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ өкілдігін ашу. Қызметінің бастапқы кезеңінде DААD Германия академиялық алмасулар қызметінің өкілдігі консультациялық қолдау көрсетуге әзір;
Қазақстан-герман жоғары оқу орындары арасындағы өзара қарым-қатынастарды одан әрі нығайту және "Болон процесі" үлгісі бойынша реформалар жүргізуде жоғары білім берудің қазақстандық жүйесіне қолдау керсету үшін 2009 жылғы II тоқсанда сарапшылардың Германия жоғары оқу орындары ректорларының конференциясы, DААD Германия академиялық алмасулар қызметі мен Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігі өкілдерімен кездесуін өткізу;
Кәсіби білім беру секторында реформалар жүргізу кезінде консультациялар беру, сондай-ақ студенттер, магистранттар, оқытушылар алмасу және білім беру арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы оқытуды қолдау;
Техникалық жарақтандыруда көмек көрсету, оқытушылардың біліктілігін арттыру және оқушылар алмасу арқылы "Мектептер: болашақ әріптестері" (РАSСН) бастамасын іске асыру шеңберінде әріптестік қатынастар мен ынтымақтастықты кеңейту;
"Электрондық оқыту" жобасы бойынша Орталық Азия университетімен ынтымақтастық.
6. Мәдениет
2009 жылы экономика, мәдениет, саясат және ғылым саласындағы іс-шараларды қамтитын Германиядағы Қазақстан жылын өткізу. Қазақстан жылын екі мемлекеттің басшылары ашты;
2010 жылы мәдениет, саясат, экономика, ғылым және инновация саласындағы іс-шараларды өткізе отырып, Қазақстанда Германия өзін қазіргі заманғы және болашаққа бағдарланған ел ретінде танытуға ниетті;
Гете институты өткізетін фотоөнер бойынша жұмыс семинарын өткізу;
1994 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы Мәдени ынтымақтастық туралы келісімнің негізіндегі одан әрі ынтымақтастық.
7. Жастар
2008 жылғы 27 наурыздағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасы Федералдық отбасы, қарт адамдар, әйелдер және жастар істері министрлігі арасындағы 2008 - 2009 жылдарға арналған жастар саясаты саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен хаттама шеңберінде жыл сайын жастар топтарының және балалар мен жастарға көмек көрсететін сарапшылардың 15-ке тарта іс-шаралары кездесулерін өткізуге қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда Қазақстан-герман алмасуына 10-ға жуық жастар ұйымы, бейінді бірлестіктер мен жастар істері жөніндегі жергілікті басқармалар қатысады. Алмасу шеңберінде екі елдегі ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде балаларға және жастарға көмек көрсету бойынша қоғамдық үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы мәселелеріне ерекше мән беріледі;
2009 жылғы қазанда Берлин қаласында жаңа қатысушыларды тарту есебінен алмасуды кеңейту мақсатында жастар бағдарламасын іске асыруға жауапты ұйымдардың қатысуымен бірінші Қазақстан-герман конференциясын өткізу.
8. Неміс азшылығы
Неміс азшылығы мәселелері жөніндегі Қазақстан-герман үкіметаралық консультацияларын тұрақты өткізу. Екіжақты келісім бойынша консультациялардың келесі раунды Германияда өтеді;
1996 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының неміс ұлты азаматтарын қолдау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің негізіндегі одан әрі ынтымақтастық;
Екі мемлекет арасындағы көпір ретінде неміс азшылығын тарту, оның ішінде Германия Федеративтік Республикасы Федералдық ішкі істер министрлігінің әріптестік жобаларын іске асыру арқылы тарту;
Герман тарапының неміс азшылығының жастарымен кездесулер өткізуіне жәрдемдесу;
Қазақстан-неміс университеті үшін Герман тарапының стипендиялар бағдарламалары;
Астана, Қарағанды, Қостанай және Көкшетау қалаларында әлеуметтік көмек бөлімшелеріне, соның ішінде көмекке мұқтаж адамдарды бағып-күтудің қазіргі заманғы жүйесін енгізу мақсатында герман тарапының ноу-хау трансферті арқылы жәрдемдесудегі ынтымақтастық.
9. Денсаулық сақтау
Тәжірибе алмасу үшін медицина кадрларын денсаулық сақтау ұйымдарына тағылымдамаға жіберу жолымен медициналық білім беру сапасын арттыру үшін екі елдің денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту. Бұл ынтымақтастық екі елдің денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы тікелей шарттар негізінде жүзеге асырылады;
Орталық Азиядағы денсаулық сақтау саласындағы өңірлік ынтымақтастық;
Қазақстан-неміс университетінде "Денсаулық сақтау мекемелеріндегі менеджмент" тақырыбы бойынша өтілі бар тәжірибелі адамдарға арналған дипломнан кейінгі магистрлік оқу курстарын ашу мүмкіндігін қарастыру.
10. Бңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау
Еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту және кеңейту;
Еңбек қызметін басқару, еңбекті қорғау, әлеуметтік және зейнеткерлік сақтандыру саласында, сондай-ақ кәсіптік даярлық, мүгедектер мен тең емес жағдайдағы басқа да топтарды әлеуметтік қорғау саласында ақпарат алмасу.
11. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы
Жаңа технологияларды енгізу және аграрлық өндіріс саласында білім беру арқылы ауыл шаруашылығы секторын дамыту бойынша Қазақстан Республикасын консультациялық қолдауды қамтамасыз етуге жәрдемдесетін "Қазақстан-германдық аграрлық саяси диалог" жобасын іске асыру;
Германияның ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші кәсіпорындарының Астанадағы бірлескен көрмесі;
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасы Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігі арасындағы Су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою.
12. Көші-қон
Сарапшылардың визалық мәселелер мен реадмиссия жөніндегі консультацияларын жалғастыру;
Визалық режимге жеңілдіктер енгізуге жәрдемдесу мақсатында реадмиссия туралы екіжақты келісім жасасу.
13. Қауіпсіздік
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасы Федералдық қорғаныс министрлігі арасындағы әскери қатынастардың жыл сайынғы бағдарламасы шеңберіндегі іс-шараларды іске асыруды жалғастыру;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметкерлерін Германия Федеративтік Республикасының әскери оқу орындарында даярлау саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру;
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Германия Федеративтік Республикасы Қарулы Күштерінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерге қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзиті туралы келісімді іске асыру жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыру.
Қажет болған жағдайда, Тараптардың келісімі бойынша осы Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2009 жылғы 7 мамырда Берлин қаласында әрқайсысы қазақ, неміс және орыс тілдерінде екі данада жасалды.
Бағдарламаның ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы Германия Федеративтік
үшін Республикасы үшін