Берлинде 2007 жылғы 1 ақпанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Германия Федеративтік Республикасы Қарулы Күштерінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-әрекеттерге қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзиті туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік
Республикасының Үкіметі арасындағы Германия Федеративтік
Республикасы Қарулы Күштерінің Ауғанстан Ислам Республикасын
тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-әрекеттерге
қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзиті туралы келісім
(2008 жылғы 11 қаңтарда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2008 ж., N 1, 3-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1368 (2001), 1373 (2001), 1386 (2001), 1444 (2002), 1510 (2003), 1536 (2004), 1589 (2005), 1623 (2005) және 1707 (2006) қарарларының ережелерін назарға ала отырып,
Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күштерге қолдау көрсету мақсатында
төмендегі туралы келісті:
1-бап
1. Осы Келісім Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күштерге қолдау көрсету мақсатында Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
2. Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті жүзеге асырудың егжей-тегжейлерін Тараптар жекелеген келісімдерде ескерулері мүмкін.
3. Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:
1) "әскери мүлік" - 1990 жылғы 19 қарашадағы Еуропадағы Қарапайым қарулы күштер туралы шартта бекітілген шектеулерді ескере отырып, Германия Федеративтік Республикасының жауапкершілігіне алынған қарудың әртүрлі түрлерінің және оның жауынгерлік қолдануын қамтамасыз ету құралдарының, оның ішінде жеткізу, бағыттау жүйелері, іске қосу, басқару құралдарының кешендері, сондай-ақ басқа да арнайы техникалық құралдар және қарулы күштерді жарақтандыруға арналған өзге де жүктер, оқ-дәрілер және олардың құрамдас бөліктері, қосалқы бөлшектер, приборлар және приборлардың жинақтаушы бұйымдары, қарулы күштердің жеке құрамының өміршеңдігін қамтамасыз ету жүйелері, жаппай қырып-жою қаруынан қорғанудың ұжымдық және жеке құралдары, жаппай қырып-жою қаруларын қолданудың алдын алу және салдарларын емдеу құралдары, арнайы тыл жабдықтары, әскери нысандық киім және оның айырым белгілері мен нышандары;
2) "персонал" - Германия Федеративтік Республикасының әскери және азаматтық қызметкерлері;
3) "транзит" - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген бағдарғылар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы темір жол/әуе көлігі түрлерімен жүріп өту/ұшу;
4) "әуе кемесі" - 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 16-қосымшасындағы 1-томның 2-тарауының күші қолданылатындарды қоса алғанда, Германия Федеративтік Республикасының әуе кемесі;
5) "өткізу пункті" - Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы әскери мүлікті және персоналды өткізудің және бақылаудың шекаралық және кедендік, ал қажет болғанда басқа да түрлері жүзеге асырылатын темір жол станциясы шегіндегі аумақ, сондай-ақ өзге де арнайы жабдықталған орын.
2-бап
1. Әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшулары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетін арнайы рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Тарабы осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген мақсаттарда транзиттік ұшуларға арналған жыл сайын жаңартылатын арнайы рұқсаттың бірыңғай жылдық нөмірін белгілейді.
3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға арнайы рұқсатты алу үшін Герман Тарабы Қазақстан Тарабына алдын ала дипломатиялық арналар бойынша тиісті сауал жібереді.
4. Арнайы рұқсат осы Келісімнің қолданысы тоқтаған жағдайда өздігінен жойылады.
5. Қазақстан Тарабы ұсынған әуе дәліздері бойынша әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының кеңістігін пайдалануы туралы Герман Тарабы жоспарланған ұшудан кемінде 24 сағат бұрын Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына (АFТN - UAAKZDKZ, UAAAZDKW) мынадай ұшу деректері көрсетілген ұшу жоспарын жіберу арқылы хабарлама береді:
- арнайы рұқсаттың бірыңғай жылдық нөмірі;
- әуе кемесінің үлгісі, тіркеу нөмірі және радиошақыруы;
- әуе кемесінің ұшып шығу және жету пункттері;
- тасымалдау жөніндегі жалпы мәліметтер (адамдар, жүк, қауіпті жүк);
- қозғалыс күні, толық бағдарғысы және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшу бағдарғысындағы авиатрассалар, кіру/шығу орындары міндетті түрде көрсетілген кестесі.
6. Қазақстан Республикасының әуе трассалары бойынша әуе кемелерінің ұшуы азаматтық әуе кемелерінің халықаралық ұшу ережелерін сақтаумен жүзеге асырылуы тиіс.
7. Қазақстан Тарабы әуе кемелеріне аэронавигациялық алымдарды өндіріп ала отырып, аэронавигациялық қызмет көрсетеді.
8. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшатын әуе кемелері мыналармен жабдықталуы тиіс:
1) аэронавигациялық қызмет көрсететін қызметпен, екіжақты радиобайланысты қамтамасыз ететін радиобайланыс аппаратурасымен;
2) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген тәртіпке сәйкес тиісті режимде жұмыс істейтін радиолокациялық қабылдау жауапберушімен (транспондер).
9. Әуе кемелері экипаждарының диспетчерлермен келіссөздері радиобайланыс фразеологиясының тек белгіленген тәртібі бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі.
3-бап
1. Әскери мүліктің темір жол көлігімен транзиті Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті органы беретін рұқсат негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Келісімнің мақсаттарында ғана жүзеге асырылады.
4-бап
1. Персонал транзиті, дипломатиялық, қызметтік немесе шетелдік паспорттар бар болған кезде визасыз негізде жүзеге асырылады.
2. Тараптар Қазақстан Республикасының аумағында персоналдың болуын қамтамасыз етуге байланысты барлық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
3. Герман Тарабы персоналдың темір жол көлігімен жоспарланған транзиті туралы Қазақстан Республикасының аумағына кіруден/келуден кемінде 72 сағат бұрын олардың паспорттық мәліметтері мен лауазымдары көрсетілген тізімін беру арқылы Қазақстан Тарабына ақпарат береді.
5-бап
1. Персонал Қазақстан Республикасының заңнамасын, оның ішінде кедендік және өзге де ережелерді сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі істеріне араласпауға міндетті.
2. Транзит кезінде персонал әскери киіммен жүре алады.
3. Транзит бағыты бойынша Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының рұқсатынсыз персонал, темір жол құрамын және әскери мүлікті техникалық тексеруді қоспағанда, темір жол құрамын тастап кете алмайды.
6-бап
1. Осы баптың 2-ші тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде персоналға Қазақстан Республикасының заңдық иелігі таралады.
2. Осы Келісімге байланысты Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде персоналға Қазақстан Республикасының заңдық иелігі таралмайды:
1) персонал Германия Федеративтік Республикасына, сондай-ақ персоналға немесе Германия Федеративтік Республикасына тиесілі мүлікке қатысты қылмыс немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасаған жағдайда;
2) персонал тікелей қызметтік міндетін атқару кезінде қылмыс немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасаған жағдайда.
7-бап
1. Әскери мүлік пен персонал осы Келісімге сәйкес транзит кезінде шекаралық, кедендік бақылауға, ал қажет болған жағдайда қазақстандық құзыретті органдардың шешімі бойынша бақылаудың басқа да түрлеріне және осы Келісім мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімдеуге жатады.
2. Өткізу пунктінде шекаралық және кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде әскери мүлік пен персоналды тексеру, сондай-ақ шекаралық және кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті қосымша құжаттар мен мәліметтерді талап ету және тексеру Қазақстан Республикасының шекаралық және кедендік органдарында көрсетілген мүлік транзитке рұқсат берілген мүлік емес деген болжау болған ерекше жағдайларда ғана жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзиті кедендік баждарды, кедендік ресімдеу үшін кедендік алымдарды және салықтарды өтеусіз жүзеге асырылады.
8-бап
Герман Тарабы (немесе ол уәкілеттеген ұйымдар) Қазақстан Тарабына және қазақстандық заңды тұлғаларға транзитке байланысты нақты қызметтері үшін шығыстарын өтейді.
9-бап
Бір Тараптың транзитке байланысты алатын ақпараты осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа берілмейді.
10-бап
1. Қасақана әрекеттің нәтижесінде болған өлімге, дене зақымына немесе материалдық залалға байланысты наразылықтарды қоспағанда, осы Келісімді орындау үшін жүзеге асыратын қызметіне байланысты Тараптар бір біріне наразылық білдірмейді және бір біріне қатысты азаматтық сот талқылауларын қозғамайды.
Авария салдарынан залал келісілген кезде наразылық аварияға кінәлі тарапқа ұсынылады.
2. Транзитті жүзеге асыру кезінде үшінші тұлғаларға Герман Тарабы кінәсінен залал келтірілген жағдайда Герман Тарабы оны өтеу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне міндеттеме алады.
11-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
12-бап
1. Осы Келісім Герман Тарабы Қазақстан Тарабынан оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады.
3. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оның қолданысы Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы өз ниетін білдірген хабарламасын жіберген күнінен 6 ай өткен соң тоқтатылады.
Берлин қаласында 2007 жылғы "1" ақпанда екі данада, әрқайсысы қазақ, неміс және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің де күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының | Германия Федеративтік |
Үкіметі үшін | Республикасының Үкіметі үшін |
Ұсынылатын бағдарғылар
1. AZABI/ITAKA A87/R227 AKTAU B363 KUNAS - сонан соң Өзбекстанның аумағын пайдалана отырып және бұдан әрі -- BORIS A480 GENDI A352 ARBOL B142 TOLE BI A355 RODAM //немесе// KALIN тікелей BASAN A355 TOLE BI B142 ARBOL A352 GENDI A480 BORIS -- сонан соң Өзбекстанның аумағын пайдалана отырып және бұдан әрі - KUNAS B363 AKTAU A87/R227 AZABI/ITAKA
2. АВЕКА A117 DODUR A118/A121 SHYMKENT B114 TOLE BI A355 RODAM, /немесе// KALIN тікелей BASAN A355 TOLE BI B114 SHYMKENT A118/A121 DODUR A117 ABEKA
3. OBATA G487 ATYRAU A356 TOLE BI A355 RODAM //немесе// KALIN тікелей BASAN A355 TOLE BI A356 ATYRAU G487 OBATA
4. OBATA G487 ATYRAU A356 KYZLORDA A352 GENDI R482 SHYMKENT A118/A121 DODUR A117 ABEKA //немесе// ABEKA A117 DODUR A118/A121 SHYMKENT R482 GENDI A352 KYZLORDA A356 ATYRAU G487 OBATA
5. BALUN-G155-MASAV-G155-DIVNO-G13-KZO-A356-TOLE BI-A355-RODAM //немесе// RODAM-A355-TOLE BI-A356-KZO-G13-DIVNO-G155-MASAV-G155-BALUN
6. BALUN-G155-MEDOL-B363-KUNAS //немесе// KUNAS-B363-MEDOL-G155-BALUN