ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Португалия Республикасы арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасы атынан Қазақстан Республикасы мен Португалия Республикасы арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісімге қол қойсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының
Президенті H. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 15 шілдедегі
№ 1026 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Португалия Республикасы арасындағы
Дипломаттық паспорттардың иелерін визалардан босату туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Португалия Республикасы,
екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды және ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
дипломаттық паспорттары бар өз азаматтарының сапарларын жеңілдетуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Мақсаттары
Осы Келісім Тараптардың дипломаттық паспорттары иелерін визалардан босату үшін құқықтық нормаларды белгілейді.
2-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде көрсетілген ережелер мыналарды білдіреді:
a) «жарамды паспорт» - Тараптардың бірінің аумағынан шыққан кезде кемінде үш ай мерзімге жарамды Тараптардың дипломаттық паспорты.
b) «отбасы мүшесі» - Тараптардың жарамды паспорттары иелерінің жұбайы/зайыбы, сондай-ақ балалары мен асырауындағы адамдар.
3-бап
Қысқа мерзімді болу
1. Қазақстан Республикасының жарамды паспорттары бар Қазақстан Республикасының азаматтары 1990 жылғы 19 маусымда қабылданған, 1985 жылғы 14 маусымдағы Шенген Келісімін қолдану туралы конвенцияға қатысушылар болып табылатын мемлекеттер құрған, еркін жүріп-тұру аймағының сыртқы шекарасын кесіп өткен алғашқы күннен бастап Португалия Республикасының аумағына өте алады және онда алты айлық кезең ішінде ең көп дегенде 90 (тоқсан) күнге дейін визасыз бола алады.
2. Португалия Республикасының жарамды паспорттары бар Португалия Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағына келе алады және онда алғашқы келген күннен бастап алты айлық кезең ішінде ең көп дегенде 90 (тоқсан) күнге дейін визасыз бола алады.
4-бап
Келу және болу
1. Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне, не Португалия Республикасындағы халықаралық ұйымға тағайындалған жарамды паспорттардың иелері, сондай-ақ жарамды паспорттары бар олардың отбасы мүшелері Португалия Республикасының аумағына келе алады және онда өздері тағайындалған кезеңде визасыз бола алады.
2. Португалия Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне не Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымға тағайындалған жарамды паспорттардың иелері, сондай-ақ жарамды паспорттары бар олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келе алады және онда өздері тағайындалған кезеңде визасыз бола алады.
3. Алдыңғы тармақтарда көрсетілген мақсаттар үшін Тараптардың әрқайсысы Тараптардың аумақтарындағы дипломатиялық өкілдікке немесе халықаралық ұйымға тағайындалған жарамды паспорттар иелерінің, сондай-ақ жарамды паспорттары бар олармен бірге жүретін отбасы мүшелерінің келетіні туралы жазбаша нысанда және дипломатиялық арналар арқылы олар екінші Тараптың аумағына келетін күнге дейін хабарлауға міндетті.
5-бап
Ұлттық заңнаманы сақтау
1. Визалардан босату осы Келісімде белгіленген ережелерге сәйкес жарамды паспорттар иелерінің болатын мемлекетке келуі, болуы және одан кетуі кезінде адамды Тараптардың ұлттық заңнамасын сақтау міндеттерінен босатпайды.
2. Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының құзыретті органдарының екінші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның азаматтарының келуінен немесе онда болуынан бас тарту құқығын жоққа шығармайды.
6-бап
Паспорттар туралы ақпарат
1. Осы Келісім күшіне енген күнінен кейін Тараптар 30 (отыз) күннен кешіктірмей жарамды паспорттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
2. Егер Тараптардың бірі жаңа дипломаттық паспорттарды енгізсе немесе оларды өзгертсе, онда оларды пайдалануды бастайтын күніне дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей ол жаңа немесе өзгерген паспорт үлгісін дипломатиялық арналар арқылы жолдау жолымен екінші Тарапқа хабарлауы тиіс.
7-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімді түсіндіру кезінде не пайдалану кезінде туындайтын кез келген дауларды Тараптар келіссөздер және дипломатиялық арналар арқылы шешеді.
8-бап
Қолданылуын тоқтата тұру
1. Тараптардың әрқайсысы қоғамдық тәртіпті, қоғамдық денсаулықты немесе ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата алады.
2. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатыла тұратыны туралы оны қолданғанға дейін 3 (үш) күннен кешіктірмей екінші Тарапқа жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы хабарланады.
9-бап
Өзгерістер
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімінің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
10-бап
Қолданылуы мерзімі және тоқтатылуы
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
2. Тараптардың кез келгені дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы кез келген уақытта осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады.
3. Осы Келісім осы баптың 2-тармағында көзделген жазбаша хабарлама алынғаннан кейін 3 (үш) ай өткен соң қолданылуын тоқтатады.
11-бап
Күшіне енуі
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейін 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
12-бап
Тіркеу
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Португалия Тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркеу үшін оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығына жолдайды және оның тіркеу нөмірі туралы Қазақстан Республикасына хабарлайды.
___________ қаласында 2010 жылғы "___" _________ әрқайсысы қазақ, португал, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасы үшін Португалия Республикасы үшін