Беларусь Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы меморандумам бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 12 ақпандағы № 479 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған 2023 жылғы 4 шілдеде Нью-Делиде жасалған Беларусь Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы меморандум бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 12 ақпандағы
№ 479 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Беларусь Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына
мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы
МЕМОРАНДУМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (бұдан әрі – ШЫҰ немесе Ұйым) және Беларусь Республикасы

      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясында (бұдан әрі - Хартия) бекітілген мақсаттар мен қағидаттарды және 2007 жылғы 16 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартының (бұдан әрі - Шарт), сондай-ақ ШЫҰ шеңберінде қабылданған басқа да халықаралық шарттар мен құжаттардың ережелерін ұстанатынын растай отырып,

      2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына жаңа мүшелерді қабылдау тәртібі туралы ережені (бұдан әрі - Ереже) және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің (бұдан әрі - МБК) Беларусь Республикасын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше етіп қабылдау рәсімін бастау туралы 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 7 шешімін негізге ала отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Меморандумның мәртебесі

      Осы Меморандум халықаралық шарт болып табылады және ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Беларусь Республикасы қабылдаған міндеттемелерді қамтиды.

2-бап

Беларусь Республикасының жалпы міндеттемелері

      Беларусь Республикасы Хартияның мақсаттары мен қағидаттарын, Шарттың ережелерін, сондай-ақ ШЫҰ шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен құжаттарды сақтауға міндеттенеді.

3-бап

Беларусь Республикасының ШЫҰ шеңберіндегі
халықаралық шарттарға қосылуы

      3.1. Беларусь Республикасы ШЫҰ шеңберінде қабылданған барлық халықаралық шарттар мен құжаттарға осы бапта көзделген мерзімдерде қосылуға міндеттенеді.

      3.2. Беларусь Республикасының осы Меморандумның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны ШЫҰ Хатшылығы алған күннен бастап 2023 жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірілмейтін мерзімде Беларусь Республикасы Хартияға, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына және оларға хаттамаларға қосылуға міндеттенеді.

      3.3. Осы баптың 3.2-тармағында көзделген рәсімдерді орындағаннан кейін Беларусь Республикасы осы Меморандумға 1-қосымшада көрсетілген ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға 2024 жылғы 15 қаңтардан кешіктірілмейтін мерзімде қосылуға міндеттенеді.

      3.4. Беларусь Республикасы осы баптың 3.2 және 3.3-тармақтарында аталған міндеттемелерді орындағаннан кейін және осы Меморандум күшіне енген жағдайда, Беларусь Республикасы осы Меморандумға 2-қосымшада көрсетілген халықаралық шарттарға қосылу құқығын алады. Беларусь Республикасы оларға 2024 жылғы 15 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде қосылуға міндеттенеді.

      3.5. ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға қосылу Беларусь Республикасы үшін осы баптың 3.2-тармағында және осы Меморандумға 1 және 2-қосымшаларда айтылған халықаралық шарттар күшіне енгеннен кейін орындалды деп есептеледі. Осыдан кейін МБК Ережеде белгіленген тәртіппен Беларусь Республикасына ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды.

      3.6. Беларусь Республикасы осы баптың 3.2-тармағында және осы Меморандумға 1 және 2-қосымшаларда айтылған халықаралық шарттарға қосылу мерзімдері бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда, Беларусь Республикасы ШЫҰ Хатшылығына қосылу мерзімдерін қайта қарау мүмкіндігі туралы өтінішпен бір рет қана жүгінуге құқылы. Бұл ретте Беларусь Республикасының ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға қосылуының жаңа мерзімдері осы Меморандумның 3.2, 3.3 және 3.5-тармақтарында белгіленген бастапқы мерзімдерден аспауға тиіс. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілер кеңесі Беларусь Республикасының өтініші бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесіне (бұдан әрі - СІМК) ұсыным дайындайды. СІМК-нің ұсынымы бойынша МБК осы мәселе бойынша тиісті шешім қабылдайды.

      3.7. Беларусь Республикасы Ұйымға кіргенге дейін қабылданған ШЫҰ органдарының шешімдері Беларусь Республикасы үшін осы баптың 3.5-тармағында аталған МБК шешімі қабылданған күннен бастап қолданылады.

4-бап

ШЫҰ-ға кірудің қаржылық аспектілері

      4.1. Беларусь Республикасының Ұйым бюджетіне жыл сайынғы жарнасының мөлшері ШЫҰ Хартиясында көзделген үлестік қатысу қағидаты негізінде және 2017 жылғы 1 желтоқсандағы ШЫҰ бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге сәйкес айқындалады.

      4.2. Беларусь Республикасының ШЫҰ бюджетіне үлестік жарнасы 5,8 пайызды құрайды. Осы Меморандум күшіне енгеннен кейін 2017 жылғы 1 желтоқсандағы ШЫҰ бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге қосымшаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

      4.3. Беларусь Республикасының Ұйым бюджетіне алғашқы үлестік жарнасы 2017 жылғы 1 желтоқсандағы ШЫҰ бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге осы баптың 4.2-тармағында айтылған өзгерістер мен толықтырулар күшіне енген жылдан кейінгі қаржы жылы ішінде жүзеге асырылады.

5-бап

ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін
органдарындағы квоталық лауазымдарға орналасу

      5.1. ШЫҰ бюджетіне үлестік жарнаның мөлшеріне сәйкес Беларусь Республикасына ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарында 4 штаттық лауазым (ШЫҰ Хатшылығында 2 штаттық бірлік және ШЫҰ-ның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетінде 2 штаттық бірлік) бөлінеді. Жаңа құрылым мен штат кестесі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары (премьер-министрлері) кеңесінің шешімімен бекітіледі.

      5.2. Беларусь Республикасы Ұйым бюджетіне жарналар төленгеннен кейін өз азаматтарын бекітілген штат кестесіне сәйкес ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарында квоталық лауазымдарға орналасу үшін жібереді.

6-бап

Меморандумның қолданылуын тоқтата түру немесе тоқтату

      6.1. Беларусь Республикасы Хартияның мақсаттары мен қағидаттарын сақтау міндеттемелерін бұзған немесе осы Меморандумда жазылған міндеттемелерді орындамаған жағдайда, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер және ШЫҰ СІМК-нің ұсынымы бойынша қабылданған МБК шешімінің негізінде осы Меморандумның қолданысын тоқтата тұруы немесе тоқтатуы мүмкін. Тиісті шешім қабылданған күннен бастап 15 күн ішінде ШЫҰ Хатшылығы осы шешім туралы Беларусь Республикасын жазбаша нысанда хабардар етеді. Осы Меморандум Беларусь Республикасына ШЫҰ Хатшылығынан жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап 30 күн өткен соң қолданысын тоқтата тұрады немесе күшін жояды.

      6.2. Осы Меморандум тоқтатыла тұрған жағдайда оның қолданысын қайта бастау туралы шешімді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер және ШЫҰ СІМК-нің ұсынымы бойынша қабылданған МБК шешімінің негізінде Беларусь Республикасының өтініші бойынша қабылдауы мүмкін. Тиісті шешім қабылданған күннен бастап 15 күн ішінде ШЫҰ Хатшылығы осы шешім туралы Беларусь Республикасын жазбаша нысанда хабардар етеді. Осы Меморандум Беларусь Республикасына ШЫҰ Хатшылығынан жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап 30 күн өткен соң қолданысын қайта бастайды.

7-бап

Қорытынды ережелер

      7.1. Осы Меморандум Беларусь Республикасы мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны ШЫҰ Хатшылығы алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді. ШЫҰ Хатшылығы мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы келіп түскен жазбаша хабарламалар туралы Тараптарды хабардар етеді.

      Осы Меморандумның 3-бабының 3.6-тармағында, сондай-ақ 4-бабының 4.2-тармағында, 5-бабының 5.1-тармағында көзделген жағдайды, 1 және 2-қосымшаларын қоспағанда, осы Меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмейді.

      7.2. Осы Меморандумды қолдануға және/немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар арқылы шешіледі.

      7.3. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер СІМК-нің ұсынымы бойынша қабылданған МБК шешімінің негізінде не Беларусь Республикасы, осы Меморандумның 6-бабында көзделген жағдайлардан басқа, болжамды тоқтату күніне дейін 90 күннен кешіктірмей, басқа Тараптарға жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Меморандумның қолданысын тоқтата алады.

      7.4. Осы Меморандумның қолданысы тоқтатылған жағдайда, Тараптар осы Меморандумда көзделген міндеттемелерді реттеуге міндеттенеді.

      2023 жылғы 4 шілдеде Нью-Дели қаласында әрқайсысы орыс және қытай тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Үндістан Республикасы үшін
      Қазақстан Республикасы үшін
      Қытай Халық Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін
      Пәкістан Ислам Республикасы үшін
      Ресей Федерациясы үшін
      Тәжікстан Республикасы үшін
      Өзбекстан Республикасы үшін
      Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы
      Беларусь Республикасы үшін

  Беларусь Республикасының
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет
мәртебесін алу мақсатындағы
міндеттемелері туралы
меморандумға
1-ҚОСЫМША

ШЫҰ шеңберінде қолданылатын халықаралық шарттардың тізбесі1

      1. 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы келісім (2003 жылғы 14 қарашада күшіне енді).

      2. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2003 жылғы 5 қыркүйектегі хаттама (2004 жылғы 1 қазанда күшіне енді).

      3. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық үйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы шеңберінде құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету туралы келісім (2015 жылғы 19 қарашада күшіне енді).

      4. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2007 жылғы 16 тамыздағы хаттама (2009 жылғы 25 маусымда күшіне енді).

      5. 2001 жылғы 14 қыркүйектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мақсаттары мен бағыттары және сауда мен инвестициялар саласында қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі процесті іске қосу туралы меморандум (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      6. 2001 жылғы 14 қыркүйектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мақсаттары мен бағыттары және сауда мен инвестициялар саласында қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі процесті іске қосу туралы меморандумға хаттама (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      7. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенция (2007 жылғы 4 қазанда күшіне енді).

      8. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім (2007 жылғы 16 тамызда күшіне енді).

      9. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының деректер банкі туралы келісімі (2007 жылғы 11 сәуірде күшіне енді).

      10. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық және қызметті үйлестіру туралы хаттама (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      11. 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумағына террористік, сепаратистік және экстремистік әрекетке қатысы бар адамдардың кіру арналарын анықтау және жабу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2008 жылғы 6 қарашада күшіне енді).

      12. 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды үйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісім (2009 жылғы 17 наурызда күшіне енді).

      13. 2008 жылғы 28 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісім (2013 жылғы 29 қарашада күшіне енді).

      14. 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2011 жылғы 2 маусымда күшіне енді).

      15. 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісім (2011 жылғы 13 қыркүйекте күшіне енді).

      16. 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясы (2012 жылғы 14 қаңтарда күшіне енді).

      17. 2017 жылғы 1 желтоқсандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісім (2018 жылғы 26 ақпанда күшіне енді).

      18. 2017 жылғы 9 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясы (2019 жылғы 10 мамырда күшіне енді).

      11-тізбеге 2002 жылғы 7 маусымдағы ШЫҰ Хартиясына, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына қатысушы мемлекеттердің қосылуы үшін ашық, сондай-ақ кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық ШЫҰ халықаралық шарттары енгізілген.

  Беларусь Республикасының
Шанхай ынтымақтастық
ұйымына мүше мемлекет
мәртебесін алу мақсатындағы
міндеттемелері туралы
меморандумға
2-ҚОСЫМША

ШЫҰ шеңберінде қолданылатын халықаралық шарттардың тізбесі2

      1. 2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі банкаралық ынтымақтастық (бірлестік) туралы келісім (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      2. 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымындағы ақпаратты техникалық қорғау туралы келісім (2015 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді).

      3. 2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезіндегі өзара іс-қимыл жасау туралы келісім (2007 жылғы 24 шілдеде күшіне енді).

      4. 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2008 жылғы 30 қаңтарда күшіне енді).

      5. 2007 жылғы 27 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісім (2018 жылғы 8 тамызда күшіне енді).

      6. 2007 жылғы 16 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2014 жылғы 24 сәуірде күшіне енді).

      7. 2007 жылғы 2 қарашадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім (2014 жылғы 24 сәуірде күшіне енді).

      8. 2007 жылғы 16 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарты (2012 жылғы 31 қазанда күшіне енді).

      9. 2008 жылғы 28 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім (2010 жылғы 3 мамырда күшіне енді).

      10. 2008 жылғы 30 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасындағы энергия ресурстарының өткізілуін бақылау саласында ақпарат алмасу туралы хаттама (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      11. 2009 жылғы 14 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасындағы кеден органдарының лауазымды адамдарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама (2017 жылғы 3 қарашада күшіне енді).

      12. 2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім (2012 жылғы 11 қаңтарда күшіне енді).

      13. 2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2014 жылғы 15 тамызда күшіне енді).

      14. 2011 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2020 жылғы 14 мамырда күшіне енді).

      15. 2014 жылғы 15 желтоқсандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің құқық қорғау саласындағы өзара іс-қимылы туралы хаттама (2017 жылғы 9 қаңтарда күшіне енді).

      16. 2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімге 2012 жылғы 5 желтоқсанда қол қойылған хаттама (2015 жылғы 14 наурызда күшіне енді).

      17. 2013 жылғы 13 қыркүйектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекетгердің үкіметтері арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім (2015 жылғы 20 қазанда күшіне енді).

      18. 2015 жылғы 18 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісім (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      19. 2015 жылғы 10 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы және өзара іс-қимылы туралы келісім (2016 жылғы 29 қазанда күшіне енді).

      20. 2018 жылғы 24 сәуірдегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісім (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      21. 2007 жылғы 27 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы 2019 жылғы 29 сәуірде қол қойылған хаттама (2021 жылғы 7 маусымда күшіне енді).

      22. 2019 жылғы 14 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      23. 2019 жылғы 14 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2021 жылғы 28 қарашада күшіне енді).

      24. 2021 жылғы 17 қыркүйектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы жастармен жұмыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      25. 2021 жылғы 17 қыркүйектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекетгердің үкіметтері арасындағы мәдени мұра объектілерін қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      26. 2022 жылғы 16 қыркүйектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (қол қойылған күнінен бастап күшіне енді).

      2 2-тізбеге ШЫҰ мүшесі болып табылатын кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық ШЫҰ халықаралық шарттары енгізілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады