Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрінің 2010.07.12 N 371 (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз) Бұйрығымен
Қолданушылардың назарына!!!
Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі бекітілсін.
2. Орта білім департаменті (М.Т. Санатова) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
3. Мыналардың:
1) "Білім беру ұйымдары үшін оқу әдебиеттерін дайындау және басып шығаруды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 24 мамырдағы N 454 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2883 тіркелген, "Заң" газетінің 2005 жылғы 12 тамыздағы N 76-77 жарияланған);
2) "Білім беру ұйымдары үшін оқу әдебиеттерін дайындау және басып шығаруды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 24 мамырдағы N 454 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2006 жылғы 31 қаңтардағы N 44 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4080 тіркелген, "Заң" газетінің 2006 жылғы 28 сәуірдегі N 76-77 (1056-1057) жарияланған);
3) "Білім беру ұйымдары үшін оқу әдебиеттерін дайындау және басып шығаруды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 24 мамырдағы N 454 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2006 жылғы 10 шілдедегі N 380 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4333 тіркелген, "Заң" газетінің 2006 жылғы 14 қыркүйектегі N 165 (1145) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі К.Н. Шәмшидиноваға жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің міндетін | |
атқарушы | Ф. Қуанғанов |
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 5 маусымдағы N 325 бұйрығымен бекітілген |
Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды
әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі
жұмысты ұйымдастыру
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 27-тармақшасына сәйкес әзірленген және барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары үшін оқу әдебиеттерін әзірлеу, оларға сараптама ұйымдастыру және басып шығару тәртібін анықтайды.
2. Осы ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) оқу-әдістемелік кешен - оқу-тәрбие процесінде қолданылатын және оқу бағдарламаларында көзделген білімді кеңейтуге, тереңдетуге және үздік меңгеруге арналған оқу құралы (хрестоматия, оқуға арналған кітап, оқу-әдістемелік құрал, тапсырмалар мен жаттығулар жинағы, дидактикалық материалдар, тест материалдары, аудиовизуалды және мультимедиалық құралдар, сыныптан тыс оқуға арналған қосымша әдебиеттер және басқалар);
2) оқулық - білім алушылардың білім беру оқу бағдарламасына сәйкес меңгеру үшін міндетті оқу материалы мен базалық білім жүйелі түрде мазмұндалған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына cәйкес нақты пән бойынша оқытуға арналған негізгі кітап;
3) оқу әдебиеті - оқытудың, тәрбиелеу мен дамытудың мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың жиынтығы;
4) оқу-әдістемелік құрал - білім беру оқу бағдарламаларында (әдістемелік басшылық, дәптерлер, сөздіктер, карталар) көзделген оқу материалын кеңейтуге, тереңдетуге және үздік меңгеруге арналған және оқу пәнін, оның жеке бөлімдерін немесе/және жекелеген бөліктерін оқыту және зерделеу әдістемесі бойынша материалдары бар оқу басылымы;
5) оқу әдебиетін әзірлеуші - әдебиеттердің және оқу әдебиетінің мазмұнын жоспарлаумен, жазумен және ресімдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
6) оқулықтарды, оқу әдебиетін, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды сараптау - мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, типтік оқу бағдарламаларына, білім беретін оқу бағдарламаларының деңгейін ескере отырып, ғылыми ұсыныстарға, санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарын ескере отырып, білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес оқу әдебиетінің құрылымына және әдістемелік мазмұнына қойылатын талаптарға оқу материалы мазмұнының сәйкестігін бағалау;
7) оқулықтардың, оқу әдебиетінің, оқу әдістемелік кешендер мен құралдардың макеті - белгіленген талаптарға сәйкес баспа тәсілімен шығарылған оқу әдебиетінің үлгісі.
3. Білім беру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) білім берудің әрбір деңгейі үшін оқу процесінде пайдалануға рұқсат етілген оқулықтардың, оқу әдебиетінің, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың тізбесін қалыптастырады.
2. Оқулықтарды, оқу әдебиеттерін оқу-әдістемелік
кешендерді және құралдарды әзірлеу тәртібі
4. Білім беру ұйымдары үшін оқулықтар, оқу әдебиеті, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, типтік оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес әзірленеді.
5. Оқу әдебиеттерін әзірлеуші уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) оқулықтың, оқу әдебиетінің, оқу-әдістемелік кешеннің немесе оқу құралының 4 дана макеті;
2) 3 рецензия:
ғылыми дәрежесі бар маманның;
әдіскердің;
бейіні бойынша мұғалімнің (оқытушының);
6. Уәкілетті орган ұсынылған материалдардың жиынтығын анықтайды. Материалдардың толық жиынтығы ұсынылмаған жағдайда уәкілетті орган әзірлеушіге жетпейтін материалдарын көрсетіп, өтініші мен оған қоса берген материалдарын кері қайтарады. Қайта ұсыну көрсетілген кемшіліктер мен ескертулерді жөндегеннен кейін жүргізілуі мүмкін.
7. Уәкілетті орган ұсынылған оқулықтардың, оқу әдебиетінің, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың үлгісін сараптамашыларға қарау үшін жібереді.
8. Оқулықтарды, оқу әдебиетін, оқу әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеуге байланысты барлық шығыстар әзірлеушінің қаражаттары есебінен болады (мемлекеттік тапсырыстан басқа).
3.Оқулықтарды, оқу әдебиетін, оқу-әдістемелік
кешендер мен құралдарды сараптамадан өткізу тәртібі
9. Уәкілетті орган оқулықтарға, оқу әдебиетіне, оқу-әдістемелік кешендер және құралдарға сараптама жасауды ұйымдастырады және сарапшылар тобын бекітеді.
10. Сараптаманы "Оқулық" республикалық ғылыми-практикалық орталығы, жоғары оқу орындарының және басқа да ұйымдардың аталған оқу әдебиетінің бейініне сәйкес келетін жетекші ғалымдары мен практиктерін тарта отырып жүргізеді.
11. Сараптама осы ереженің 5-тармағында көрсетілген сарапшыларға материалдарды ұсынған күнінен бастап отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде өткізіледі.
12. Сараптама жүргізу барысында сарапшылар:
1) оқулықтардың барлық параметрлері бойынша негізделген шешімдері бар дәлелді және объективті сараптама қорытындысын дайындайды;
2) ұсынылған материалдардың сараптамасы туралы мәліметтерді жарияламайды, сондай-ақ көпшілік бағалауынан қалыс қалады.
13. Сараптама аяқталғаннан кейін "Оқулық" республикалық ғылыми-практикалық орталығы уәкілетті органға сараптама қорытындысын ұсынады.
14. Уәкілетті орган сараптама қорытындылар туралы авторға хабарлайды.
15. Сараптау нәтижелерінің негізінде уәкілетті орган мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
"білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылсын";
"білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылмасын".
16. Теріс қорытынды алған оқулықтар, оқу әдебиеті мен оқу-әдістемелік кешендер қорытынды алған күннен бастап 6 (алты) айдан кейін қайта сараптамаға түсуі мүмкін.
4. Оқулықтарды, оқу әдебиетін, оқу-әдістемелік кешендер
мен құралдарды басып шығару тәртібі
17. Білім беру ұйымдарына пайдалануға рұқсат етілген оқулықтар, оқу әдебиеті, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеушінің есебінен басылып шығарылады (мемлекеттік тапсырыстан басқа).
18. Оқулықта, оқу әдебиетінде, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарда сарапшылардың деректері көрсетіледі.
19. Білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесі білім беру ұйымдарының таңдау мүмкіндігін көздейді. Осы ретте орта білім беру ұйымдары үшін бір пән бойынша бес оқулық, оқу әдебиеті, оқу-әдістемелік кешені мен құралдарынан артық болмайтындай оқу әдебиетін таңдау мүмкіндігін көздейді.
20. Уәкілетті орган бекіткен білім беру ұйымдарының барлық деңгейіне арналған оқулықтар, оқу әдебиеті, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың тізбесі меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық білім беру ұйымдарына пайдалануға міндетті болып саналады.