Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 12 шілдедегі № 371 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылы 9 тамызда N 6378 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 17 қарашадағы N 527 Бұйрығымен.

      Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2010.11.17 N 527 (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың сапасын арттыру мақсатында және «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі бекітілсін.
      2. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Н.Р. Аршабеков) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
      3. «Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2008 жылғы 5 маусымдағы № 325 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5248 тіркелген, «Заң» газетінің 2008 жылғы 26 қарашадағы № 180 (1580) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі М.Н. Сарыбековке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Ж. Түймебаев

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2010 жылғы 12 шілдедегі 
№ 371 бұйрығымен    
бекітілген       

Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 27) тармақшасына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдары үшін оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару тәртібін анықтайды.
      2. Осы ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) баспа – баспа өнімдерін әзірлеуді және басып шығаруды іске асыратын кәсіпорын;
      2) оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың макеті – баспа тәсілімен шығарылған оқу әдебиетінің үлгісі;
       3) оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеуші – оқулықтардың, оқу әдістемелік кешендер мен құралдардың мазмұнын жоспарлаумен, жазумен және ресімдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
      4) уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
      5) оқулық – білім алушылардың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына (бұдан әрі - МЖББС) және оқу бағдарламасына сәйкес игеру үшін міндетті оқу материалы жүйелі түрде мазмұндалған нақты пән бойынша оқытуға арналған негізгі кітап;
      6) оқу-әдістемелік кешен – оқу-тәрбие процесінде қолданылатын және оқу бағдарламаларында көзделген білімді кеңейтуге, тереңдетуге және үздік меңгеруге арналған оқу құралдарының кешені (хрестоматия, оқуға арналған кітап, оқу-әдістемелік құралдар, жұмыс дәптері, әдістемелік әзірленімдер, тапсырмалар мен жаттығулар жинақтары, диктанттар мен мазмұндамалар жинақтары, сөздіктер, дидактикалық материалдар, тест материалдары, аудиовизуалды және мультимедиалық құралдар, электронды оқулық, интерактивті тақтаға арналған электронды құрал, сыныптан тыс оқуға арналған қосымша әдебиеттер және басқалар);
      7) оқу әдебиеті – оқытудың, тәрбиелеу мен дамытудың мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің, құралдардың жиынтығы;
      8) оқу-әдістемелік құрал – оқу бағдарламаларында (әдістемелік басшылық, дәптерлер, сөздіктер, карталар және басқалар) көзделген оқу материалын кеңейтуге, тереңдетуге және үздік меңгеруге арналған және оқу пәнін, оның жеке бөлімдерін немесе/және жекелеген бөлімдерін оқыту мен зерделеу әдістемесі бойынша материалдары бар оқу басылымы;
      9) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды сараптау – оқу әдебиетінің құрылымына және әдістемелік аппаратына қойылатын талаптарға, білім берудің оқу бағдарламаларының деңгейлері есепке алынған қазіргі заманғы ғылыми ұстанымдарға, білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне оқу материалы мазмұнының сәйкестігін бағалау.

2. Оқулықтарды, оқу әдебиеттерін, оқу-әдістемелік кешендерді және құралдарды әзірлеу жұмысын ұйымдастыру тәртібі

      3. Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеуді оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың мазмұнын жоспарлаумен, жазумен және ресімдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға іске асырады.
      Әзірлеуші құрамына сала бойынша ғалымдар, әдіскерлер және практик-педагогтер кіретін авторлық ұжым құрады.
      4. Білім беру ұйымдары үшін оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар МЖББС-ға, оқу бағдарламаларына сәйкес білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктері есепке ала отырып әзірленеді.
      5. Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар комплектіде (хрестоматия, оқуға арналған кітап, оқу-әдістемелік құралдар, жұмыс дәптері, әдістемелік әзірленімдер, тапсырмалар мен жаттығулар жинақтары, диктанттар мен мазмұндамалар жинақтары, сөздіктер, дидактикалық материалдар, тест материалдары, аудиовизуалды және мультимедиалық құралдар, электронды оқулық, интерактивті тақтаға арналған электронды құрал, сыныптан тыс оқуға арналған қосымша әдебиеттер және басқалар) әзірленеді.
      6. Оқулықтар, оқу әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеу барысында әзірлеуші дәлелденген, негізделген қазіргі заманғы ғылыми ұстанымдарды негізге алады.
      7. Оқулықтар, оқу әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеу барысында әзірлеуші білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін есепке алады, материалды мазмұндаудың тиімді әдістерін және оқытудың технологияларын қолданады.
      8. Әзірлеуші оқытудың тиісті деңгейінде толық көлемде пәнді оқыту сабақтастығын (оқулықтың пәндік линиясының аяқталуы) және пәнаралық байланысты қамтамасыз етеді.
      9. Әзірлеуші оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әр 4 жыл сайын пысықтайды.
      10. Әзірлеуші оқулықтарда, оқу-әдістемелік кешендерде және құралдарда қолданылған материалдардың сапасын және шынайылығын қамтамасыз етеді.
      11. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеуге және өңдеуге байланысты барлық шығындарды әзірлеуші немесе баспа көтереді.
      12. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеу республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

3. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және құралдарды сараптау бойынша жұмысты ұйымдастыру тәртібі

      13. Уәкілетті орган оқулықтарды, оқу әдебиетін, оқу-әдістемелік кешендерді және құралдарды сараптауды ұйымдастырады.
      14. Сараптама оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал мазмұнының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, оқу бағдарламаларына сәйкестігіне, оқытудың тиісті деңгейінде толық көлемде пәнді оқыту сабақтастығының сақталуына (оқулықтың пәндік желісінің аяқталуы), оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал мазмұнының ғылыми негізділігін анықтауға, білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктері ескерілген материалды мазмұндау әдістемесіне, оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал құрылымына және аппаратына қойылатын дидактикалық талаптарға сәйкестігіне жүргізіледі.
      15. Сараптаманы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрі - «Оқулық» РҒПО) білім беру ұйымдарының және басқа да ұйымдардың оқу әдебиетінің бейініне сәйкес келетін жетекші ғалымдарын, әдіскерлерін және практиктерін тарта отырып жүргізеді.
      16. Оқу пәні бойынша типтік оқу бағдарламасының құрылымына және мазмұнына сәйкес МЖББС-тың, оның тармағының, бөлімінің компоненті ретінде оқу пәні мазмұнының жүйелі баяндалғанын қамтитын оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал сараптама объектісі болып табылады.
      17. Сараптама жүргізу үшін қаңтардан бастап қыркүйектің аяғына дейін әзірлеуші Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне төмендегілер көрсетілген өтініш жолдайды:
      МЖББС-тағы оқу пәнінің атына сәйкес оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал атауы, сынып, оқу әдебиетінің мұқабасына сәйкес автор(лар)дың инициалдары мен фамилиясы;
      сараптамаға ұсынылған даналардың саны;
      баспа атауы.
      Өтінішке:
      оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал немесе олардың макеттерінің 3 данасы;
      педагог-практиктің, әдіскердің, әдіскер-ғалымның немесе тиісті (аралас) сала бойынша ғылыми ұйымның, жоғары білім мамандығы бойынша оқу-әдістемелік секцияның 3 рецензиясы.
      18. Уәкілетті орган ұсынылған материалдардың жиынтығын осы Ереженің 17-тармағына сәйкес анықтайды және «Оқулық» РҒПО-ға сараптамаға жолдайды. Материалдардың толық жиынтығы ұсынылмаған жағдайда күнтізбелік 15 күннің ішінде уәкілетті орган әзірлеушіге материалдардың талаптарға сәйкессіздігі туралы хабарлайды.
      19. Бір оқу басылымының сараптамасы осы ереженің 17-тармағында көрсетілген материалдардың «Оқулық» РҒПО-ға сараптамаға түскен күнінен бастап алпыс күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде өткізіледі.
      20. Сараптамалық ұйымның шешімі «Оқулық» РҒПО-ның бланкісінде сараптамалық қорытынды түрінде ресімделеді, онда:
      сараптамалық қорытындының мерзімі және тіркеу нөмірі;
      оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал автор(лар)ының фамилиясы мен инициалдары;
      оқу әдебиетінің атауы;
      сынып;
      баспа атауы көрсетіледі.
      Сараптама қорытындысында осы Ереженің 14-тармағында мазмұндалған сараптама міндеттеріне оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал мазмұнының сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы дәлелді және объективті біржақты шешім болуы тиіс.
      21. Сараптамалық қорытындыға «Оқулық» РҒПО басшысының немесе басшының міндетін атқарушы тұлғаның қолы қойылады.
      Сараптамалық қорытынды қол қойылған күнінен кейін 3 жұмыс күнінің ішінде уәкілетті органға хатпен жіберіледі.
      22. Сараптама қорытындысының сапасы мен дұрыстығын сараптамалық ұйымның басшысы қамтамасыз етеді.
      23. Уәкілетті орган оқулықтың, оқу-әдістемелік кешен мен құралдың әзірлеушісін сараптау нәтижелері туралы лауазымды тұлғаға келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 15 күннің ішінде хабардар етеді.
      24. Сараптамаға ұсынылған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар қайтарылмайды.
      25. Оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарға бір жыл ішінде екі реттен көп теріс қорытынды алған және онымен келіспеген жағдайда әзірлеуші Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне сараптау нәтижесін қайта қарау туралы шағым бере алады.
      26. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 8-бабына сәйкес шағым күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады.
      27. Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың сараптамасы республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

4. Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың тізбесін қалыптастыру тәртібі

      28. Сараптау қорытындыларының негізінде уәкілетті орган мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      «білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылсын»,
      «білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылмасын».
      29. Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылмаған оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеуші пысықтайды, өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, қайта сараптамаға уәкілетті органға қорытынды алған күннен бастап кемінде 3 айдан кейін осы Ереженің 17-тармағына сәйкес жолдайды.
      30. Сараптау нәтижелерінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті орган Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың тізбесін қалыптастырады және бекітеді.
      Тізбе ҚР БҒМ-нің www.edu.gov.kz сайтында жарияланады.
      31. Тізбеге бір оқу пәні бойынша бес балама оқулық, оқу-әдістемелік кешені мен құралдан артық болмайтындай оқу әдебиеті енгізіледі. Тізбе білім беру ұйымдарының таңдау мүмкіндігін көздейді.
      32. Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеушінің есебінен басылып шығарылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады