Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 250 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 сәуірде № 10629 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):

      1) заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) Осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрі

Ә. Исекешев

"КЕЛІСІЛГЕН"


Қазақстан Республикасы


Денсаулық сақтау және


әлеуметтік даму министрі


______________ Т. Дүйсенова


2015 жылғы 27 наурыз



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрлігінің
2015 жылғы 27 ақпандағы
№ 250 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік
авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен
демалысын ұйымдастыру қағидасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 403 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасың Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-30) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары мен ұсынылған тәжірибесін есепке алып отырып азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымының авиациялық қағидаларына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру тәртібін анықтайды.

      Осы Қағидалар өз қолданасын әуе тасымалдарын және/немесе әуе жұмыстарын орындайтын Қазақстан Республикасындағы әуе кемелерінің барлық пайдаланушыларына қолданылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 423 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:

      1) аса шағын көлемді шашу - гектарына 5 (бес) литрден аз сұйық препараттарын жұмсау нормасы;

      2) әуе кемесі экипажының мүшесі - ұшуға арналған тапсырмаға енгізілген, белгілі бір қызметтік міндеттерді орындауға тағайындалған және қолданыстағы ұшу куәлігі бар авиациялық персоналының адамы;

      3) әуе кемесінің бортындағы демалу орны - экипаж мүшелерін әуе кемесінің бортында демалу немесе ұйықтау мүмкіндігімен қамтамасыз ететін жайлы жиналмалы кресло немесе ұйықтайтын орын:

      1-класты демалу орны – экипаж мүшелерін әуе кемесінің бортында ұйықтау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін тік күйінен 80 (сексен) және одан артық градусқа жататын, температура мен жарықтандыру деңгейін реттеу мүмкіндігі, сондай-ақ шу мен кедергілерден оқшаулау мүмкіндігін бар экипаж бен жолаушылар кабинасынан бөлінген және пердемен қалқаланған ұйықтайтын орын немесе кресло;

      2-класты демалу орны – тік күйден 45 (қырық бес) градусқа дейін жататын, ені 50 (елу) сантиметрден аспайтын, арқалық биіктігі 137,5 (жүз отыз жеті жарым) сантиметрден аспайтын, аяқ тіреуіші бар кресло. Орын жарықты жұтатын және жолаушылар салонынан келетін шуды азайтатын, сондай-ақ жолаушылар немесе экипаж мүшелерінен келуі мүмкін мазалау жағдайларын болдырмайтын перделермен бөлектенуі тиісті;

      3-класты демалу орны - тік жағдайдан жататын мүмкіндігі бар, аяқ тіреуіші бар және жолаушылар креслосымен соқтығыспайтын экипаж кабинасындағы немесе ұшақтың бизнес класы салонындағы кресло.

      Күшейтілген экипаждың қызмет көрсету персоналына арналған демалу орны - эконом-класы салонының соңғы қатарындағы кресло;

      4) бортсерік - ұшақтың салонында нақты міндеттерді орындау үшін пайдаланушы жалдайтын маман;

      5) ең көп жұмыс уақыты – көрсетілген кезеңдердегі жұмыс уақытының жиынтығын құрайтын тізбекті кез келген 7 (жеті) тәулікте (апта), тізбекті кез келген 28 (жиырма сегіз) тәулікте (ай), тізбекті кез келген 365 (үш жүз алпыс бес) тәулікте (жыл) сенімді кәсіптік қызмет үшін экипаждың (экипаж мүшесінің) психофизиологиялық функцияларының қажетті деңгейі сақталатын жалпы жұмыс кезеңі;

      6) бортсеріктердің күшейтілген бригадасы - бортсеріктердің ең аз санынан және оған қосымша екі бортсеріктен тұратын бортсеріктер бригадасы немесе мүшелерінің саны ұшақ салонында нақты міндеттерді орындау үшін қажетті ең аз саннан асатын және ондағы екі бортсерік ұшу кезінде демалу мақсатында басқа бортсеріктермен алмастырылуы мүмкін бортсеріктер бригадасы;

      7) бортсеріктердің ең аз санды бригадасы - әуе кемесінің 50 (елу) жолаушы креслосына бір бортсерік есебінен тұратын бортсеріктер саны.

      Жұмыс уақытының жекелеген кезеңдерін көрсететін және осы кезеңдер 8 (сегіз) сағаттан кем аралықтармен бөлінетін 2 (екі) немесе одан да көп кезең болған жағдайда, онда осы кезеңдердің алғашқысының басынан және олардың соңғысы аяқталғаннан басталатын уақыт 1 (бір) үздіксіз жұмыс уақыты кезеңін құраушы ретінде қарастырылады;

      8) бір тәулік, бір апта, бір ай және бір жыл үшін белгіленген нормалардан тыс жұмыс уақыты мен ұшу уақытын нормативтен тыс - (мерзімнен тыс) деп санау, өйткені белгіленген нормалардан тыс әрбір сағатпен экипаж мүшесіне түсетін психо-физиологиялық жүктеме елеулі түрде артады;

      9) биологиялық циркадты ырғақ циклындағы организмнің психо-физиологиялық функциялары (қолайсыз кезең) - таңертеңгі 2 (екі) сағат пен 5 (бес) сағат 59 (елу тоғыз) минут арасын қоса алғандағы уақыт аралығы, ол 3 (үш) сағаттық белдеулер шегінде негізгі әуежайдың жергілікті уақыты бойынша айқындалады;

      10) вахталық әдіс - қызметкерлерді тұрғылықты жеріне күн сайынғы қайтару қамтамасыз етілуі мүмкін емес, олардың тұрғылықты жерінен тыс еңбек процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны;

      11) демалыс - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес экипаж мүшесі өзінің кәсібіне байланысты кез келген міндеттерді орындаудан босатылатын уақыт кезеңі;

      12) демалыс күні – негізгі әуежайда немесе оның шегінен тысқары жерде демалу уақыты, ол жергілікті уақыт бойынша 2 (екі) түнді қамтиды және кемінде тізбекті 36 (отыз алты) демалыс сағатын құрайды;

      13) жұмыс уақыты - экипаждардың мүшелері қызметтік міндеттерін атқаратын уақыт. Ол ұшу кезіндегі жұмыс уақытынан және ұшуды орындауға тікелей байланысты емес жердегі жұмыс уақытынан құралады;

      14) жұмыс резерві - басқа экипаждың қажеттілігі кезінде уақтылы ауыстыру мақсатында кәсіби қызметін орындауға тұрақты дайындықта болатын экипаж мүшесінің жүйеленген тізімі;

      15) күшейтілген ұшу экипажы – мүшелерінің саны әуе кемесін басқару үшін ең төменгі қажеттіліктен асатын және ұшу экипажының әрбір мүшесі ұшу кезінде демалу мақсатында өзіне белгіленген жұмыс орнын тастап, ұшу экипажының әуе кемесін басқару кезіндегі лауазымдық міндеттерге сәйкес келетін біліктілігі бар басқа мүшесімен ауыса алатын ұшу экипажы;

      16) қос ұшу экипажы — олар ұшу уақыты ішінде кезекпен әуе кемесін басқаруды жүзеге асыру үшін бір уақытта тағайындалатын, 2 (екі) ұшу экипажынан тұратын экипаж; ұшу экипажы - ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты міндеттерді орындау жүктелетін авиация персоналына жататын, авиациялық персоналының қолданыстағы куәлігі бар адамдары;

      17) негізгі әуежай — пайдаланушының әуе кемелері тұрақты орналасатын әуежай немесе пайдаланушы айқындайтын өзге әуежай;

      18) пайдаланушы - азаматтық әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;

      19) резервтегі кезекшілік - экипаж кестеге сәйкес басқа экипаждың қажеттілігі кезінде уақтылы ауыстыру мақсатында кәсіби қызметін орындауға тұрақты дайындық кезінде талап етілетін орында болатын бөлінбейтін уақыт кезеңі;

      20) резервтегі кезекшілік уақыты - экипаж мүшесі жұмыс берушінің өкімі бойынша қызметтік міндеттерін орындамайтын, бірақ оларды орындау туралы өкім алуға дайын болуға тиіс және демалу уақытымен бөлінбейтін уақыт кезеңі;

      21) уақыт кезеңі - олардың шегінде пайдаланушы өз экипаждарының мүшелері үшін бағдарлама жасайтын және (немесе) олар шын мәнінде жүзеге асыратын қызметті ескеретін кез келген үздіксіз 24 (жиырма төрт) сағат, кез келген дәйекті 7 (жеті) тәулік, кез келген дәйекті 28 (жиырма сегіз) (29-31) (жиырма тоғыз - отыз бір) тәулік, сондай-ақ кез келген дәйекті тәуліктердің 12 (он екі) айы уақытының жиынтығы;

      22) ұшу алдындағы демалу уақыты – лауазымдық міндеттерін атқарғанға дейінгі үзіліссіз және белгілі бір уақыт кезеңі, онда ұшу экипажының немесе кабина экипажының мүшелері барлық лауазымдық міндеттерін атқарудан босатылады, ұшу алдындағы демалу уақыты ұшудан кейінгі демалу уақытымен сәйкес келуі немесе оның бір бөлігі болуы мүмкін;

      23) ұшу арасындағы демалу уақыты – лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінен кейінгі және оған дейінгі үзіліссіз және белгілі бір уақыт кезеңі, онда ұшу экипажының немесе кабина экипажының мүшелері барлық лауазымдық міндеттерін атқарудан босатылады;

      24) ұшатын жұмыс уақыты – экипаж мүшесі өзінің ұшуды немесе ұшулар сериясын орындауды қамтитын лауазымдық міндеттерін атқару үшін келген кезде басталатын және өзі экипаж мүшесі болып табылатын ұшу аяқталғаннан кейін әуе кемесі толықтай тоқтаған кезде аяқталатын уақыт кезеңі;

      25) ұшуға келу уақыты - пайдаланушының талабына сәйкес ұшу және кабиналық экипаждар мүшелері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау үшін келетін уақыт;

      26) ұшу уақыты: ұшақтар үшін – ұшып көтерілу мақсатында қалып жиналып, әуе кемесі қозғала бастаған сәттен бастап ұшу аяқталғаннан кейін ұшақ толықтай тоқтап, қалыптар орнатылған және барлық қозғалтқыштар немесе әуе бұрандаларының айналуы ажыратылған сәтке дейінгі жалпы уақыт; тікұшақтар үшін – ұшып көтерілу мақсатында тікұшақтың тірек бұрандаларының қалағы айнала бастаған және қозғала бастаған сәттен бастап ұшу аяқталғаннан кейін тікұшақ толықтай тоқтаған және тірек бұрандаларының айналуы тоқтаған сәтке дейінгі жалпы уақыт;

      27) ұшудан кейінгі демалу уақыты – лауазымдық міндеттер атқарылған кезеңнен кейінгі үзіліссіз және белгілі бір уақыт кезеңі, онда ұшу экипажының немесе кабина экипажының мүшелері барлық лауазымдық міндеттерін атқарудан босатылады, ұшудан кейінгі демалу уақыты ұшу алдындағы демалу уақытымен сәйкес келуі немесе оның бір бөлігі болуы мүмкін;

      28) үй резерві - экипаждың мүшесі жұмыс берушінің өкімі бойынша қызметтік міндеттерін орындамайтын, бірақ оларды орындау туралы өкім алуға дайын болуға тиіс негізгі әуежайдағы уақыт кезеңі;

      29) эстафеталық тасымалдау - пайдаланушының өкімі бойынша экипаж ұшатын жұмыс уақытын ескере отырып ұшуларды жалғастыратын экипажды (экипаж мүшесін) жолаушы ретінде тасымалдау;

      30) экипаждың (экипаж мүшесінің) жұмыс және ұшу уақытының нормасы - бұл тәулік немесе кез келген 24 (жиырма төрт) үздіксіз сағат үшін, апта үшін - кез келген дәйекті 7 (жеті) тәулік үшін есептелетін уақыт кезеңдері;

      31) эстафета (іссапар) уақыты - экипаж (экипаж мүшесі) жұмыс кестесіне немесе әуе көлігін пайдаланушының өкіміне сәйкес оның бойында негізгі әуежайдан тыс болатын уақыт кезеңі;

      32) пайдаланудағы болжанбаған мән-жайлар – жоспарлауға болмайтын оқиғалар, мысалы пайдаланушыға байланысты болмайтын алдын ала болжанбаған ауа райы жағдайы, жабдықтардың бұзылуы немесе әуе қозғалысының кідіруі;

      33) қолайлы үй-жай – ұшу экипажының және кабина экипажының қанағаттанарлықтай демалу мүмкіндігін қамтамасыз ететін жиһаздалған бөлме.

2-тарау. Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 403 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Параграф 1. Экипаждың (экипаж мүшесінің) тұрақты және тұрақты
емес әуе тасымалдарын орындау кезіндегі жұмыс уақытының және
демалу уақытының режимі

      3. Ұшу уақыты мен жұмыс уақытының режимін белгілеу шаршаудың ұшу экипажының денсаулығына және ұшу қауіпсіздігіне қолайсыз әсер ету ықтималдылығын азайту мақсатында жүзеге асырылады.

      4. Есепке алу уақыт кезеңі ішінде нормадан тыс белгіленген жұмыс уақыты мен ұшу уақыты мерзімнен тыс деп саналады, өйткені нормадан тыс белгіленген әрбір сағат сайын экипаж мүшесіне түсетін психо-физиологиялық жүктеме елеулі түрде артады. Мерзімнен тыс уақытқа Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес ақы төленеді.

      5. Пайдаланушы:

      1) ұшу алдындағы дайындықты жүзеге асыру, ұшуды орындау және әуе кемесінің ұшу арасында жерде тұру уақыты үшін қажетті уақытты ескере отырып ұшуларды жоспарлауды;

      2) Қағидаға сәйкес ұшуды жоспарлауды және жүзеге асыруды;

      3) экипаж мүшесімен келісім бойынша әрбір экипаж мүшесі үшін негізгі әуежайды белгілеуді;

      4) ұшу жиілігі мен ұшатын жұмыс уақытының және экипаждар мүшелерінің демалу уақытын белгілеу кезінде қажетті ең аз демалу уақытының жұмыс уақытының ұзақтығына әсерін есепке алуды;

      5) экипаждар мүшелерінің ұшатын жұмыс уақытын экипаждардың мүшелерінде ұшу қауіпсіздігі қатеріне әкеп соқтыруы мүмкін шамадан тыс шаршаудың туындауын болдырмайтындай түрде жоспарлауды;

      6) экипаждардың мүшелеріне арналған ұшу кестелерін алдын ала дайындауды және жариялауды;

      7) экипаждардың мүшелері үшін демалыс күндерін жоспарлауды, ол туралы оларды алдын ала хабардар етеді;

      8) экипаждардың мүшелеріне осы Қағидаға сәйкес демалу уақытын беруді қамтамасыз етеді.

      6. Экипаждың мүшесі:

      1) осы Қағидада көрсетілген жұмыс уақыты мен демалу уақытының барлық нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      2) оған өзінің қызметтік міндеттерін барынша үздік орындау үшін берілген демалу жағдайлары мен уақытын оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етеді.

      7. Экипаждың (экипаж мүшесінің) жердегі жұмыс уақытына мыналар кіреді:

      1) ұшу алдындағы дайындық уақыты кемінде 1 (бір) сағат;

      2) ұшу уақыты аяқталған сәттен бастап есептелетін кемінде 30 (отыз) минут ұшудан кейінгі жұмыс уақыты;

      3) ұзақтығы 2 (екі) сағаттан аспайтын демалуға және ас ішуге арналған үзіліс уақытын қоспағанда, әуежайларда (аралық және негізгі) тұру уақыты;

      4) қандай да бір себептер бойынша кешіккен жағдайда ұшуды күту уақыты;

      5) резервте кезекшілікте болған, ұшып кетуді күту кезінде қолайлы үй-жайларда өткізілген уақыт;

      6) үй резервінде болу уақытының 50 (елу) пайызы;

      7) эстафеталық тасымалдау уақыты;

      8) эстафета уақыты (негізгі әуежайдың күн тәртібіне сәйкес);

      9) бөлімшеде жұмыс істеу (ұшуларға алдын ала дайындық, ұшуларды талқылау, кәсіптік оқу), медициналық тексерулерден, дәрігерлік-ұшу сараптамалық комиссиясынан өту, сондай-ақ құжаттарды ресімдеу уақыты;

      10) әуе кемесінің ұшуға арнайы дайындығына, жүктер мен жабдықтарды тиеуге және түсіруге дайындалуға байланысты жұмыстарды орындауға, шекаралық және кедендік бақылаудан өтуге арналған уақыт;

      11) көшу уақытын қамтымайтын пайдаланушының өкімі бойынша экипаж мүшелерін тасымалдау (көшу уақыты экипаж мүшесінің тұрғылықты (уақытшы болу, демалу) орнынан (орнына дейін) келу орындарына (қызметтік міндеттерін орындау орындарына) дейін (орнынан) қозғалуға жұмсайтын уақыты;

      12) экипаж (экипаж мүшесі) тікелей тренажер кабинасында әуе кемесінің кешенді тренажеры пайдаланылатын жұмысқа жұмсаған уақыты ретінде айқындалады.

      8. Экипаж мүшесінің жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес белгіленеді.

      9. Экипаждың (экипаж мүшесінің) ұшу уақытына:

      1) ұшақтар үшін – ұшып көтерілу мақсатында қалып жиналып, әуе кемесі қозғала бастаған сәттен бастап ұшу аяқталғаннан кейін ұшақ толықтай тоқтап, қалыптар орнатылған және барлық қозғалтқыштар немесе әуе бұрандаларының айналуы ажыратылған сәтке дейінгі жалпы уақыт;

      2) тікұшақтар үшін – ұшып көтерілу мақсатында тікұшақтың тірек бұрандаларының қалағы айнала бастаған және қозғала бастаған сәттен бастап ұшу аяқталғаннан кейін тікұшақ толықтай тоқтаған және тірек бұрандаларының айналуы тоқтаған сәтке дейінгі жалпы уақыт.

      10. Коммерциялық әуе тасымалын орындау кезінде экипаж мүшесінің айына және жылына ұшу уақытының ең көп ұзақтығы осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес белгіленеді. Коммерциялық әуе тасымалын орындау кезінде экипаж мүшесінің айына және жылына ұшу уақытының ең көп ұзақтығы тізбекті кез келген 28 (жиырма сегіз) тәулік үшін 100 (жүз) сағат болып белгіленеді және экипаж мүшесінің жазбаша келісімімен тізбекті кез келген 365 (үш жүз алпыс бес) тәулік үшін 900 (тоғыз жүз) сағат.

      11. Ұзақтығы 4 (төрт) сағаттан аспайтын эстафеталық тасымалдаудан кейін белгіленген демалу уақыты берілмеген және ол жұмыс уақытының алдында болса, эстафеталық тасымалдау басталған сәттен бастап ол аяқталғанға дейінгі кезең жұмыс уақыты ретінде есептеледі. Бұл жағдайда жұмыс уақытының келесі ұзақтығы 8 (сегіз) сағаттан аспауға тиіс.

      12. Тәуліктік ұшатын жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы 3-тен (үштен) бастап әр ұшып шығу-қону үшін 30 (отыз) минутқа, бірақ 2 (екі) сағаттан аспайтын уақытқа азаяды.

      13. Экипаж мүшесінің ұшатын жұмыс уақытына:

      1) кемінде 1 (бір) сағат ұшу алдындағы дайындық уақыты;

      2) экипаж мүшесінің ұшатын уақыты;

      3) ұзақтығы 2 (екі) сағаттан аспайтын демалуға және ас ішуге арналған үзіліс уақытын қоспағанда, әуежайларда (аралық және базалық) тұру уақыты;

      4) қандай да бір себептер бойынша кешіккен жағдайда, ұшып шығуды күту уақыты;

      5) пайдаланушының нұсқауы бойынша кейіннен аралық демалыссыз ұшуды орындай отырып, экипаждың лауазымдық міндеттерін орындау орнына баруына жұмсалған уақыт кіреді.

      Экипаж мүшелері үшін ұшып бара жатқанда әуе кемесінің бортында демалу мүмкіндігі болса, экипаж құрамын қосқандағы экипаж мүшесінің ең көп ұшу жұмыс уақытының ұзақтығы созылуы мүмкін:

      1) күшейтілген экипаж үшін (бір қосымша экипаж мүшесі);

      3-класс демалу орны бар 14 (оң төрт) сағатқа дейін;

      2-класс демалу орны бар 15 (оң бес) сағатқа дейін;

      1-класс демалу орны бар 16 (оң алты) сағатқа дейін;

      2) қос экипаж үшін (екі қосымша экипаж мүшесі):

      3-класс демалу орны бар 15 (оң бес) сағатқа дейін;

      2-класс демалу орны бар 16 (оң алты) сағатқа дейін;

      1-класс демалу орны бар 17 (оң жеті) сағатқа дейін.

      14. Ұшатын жұмыс уақыты қолайсыз кезеңде басталатын, аяқталатын немесе оны тұтастай қамтитын жағдайларда, ұшатын жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы экипаж мүшесінің қолайсыз кезеңде болу уақытының мөлшеріне азайтылады, бірақ 2 (екі) сағаттан аспайды. Ұшу жұмысы уақыты қатарынан екі түн бойы қолайсыз кезеңнің 50 (елю) пайызға қамтыған жағдайда базадағы демалу уақытының ұзақтығы екінші түннен кейін 24 (жиырма төрт)сағаттан кем болмауы қажет.

      15. Пайдалануда болжанбаған мән-жайлар туындаған кезде пайдаланушы әуе кемесі және экипаж командирімен келісім бойынша ұшатын тәуліктік жұмыс уақытының ең көп ұзақтығын 1 (бір) сағатқа ұзарта алады.

      16. Пайдаланушының шешімі бойынша ұшатын ең көп жұмыс уақытын ұзарту жүргізілгені туралы пайдаланушы мұндай шешім қабылдаудың себептерін көрсетіп, ұзартқаннан кейін күнтізбелік 28 (жиырма сегіз) күннен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті ұйымды хабардар етеді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 403 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Ұшулар сериясы 6 (алты) немесе одан да көп ұшып шығу-қонуды қамтыған кездегі жағдайларда пайдаланушының ұшатын жұмыс уақытын ұзартуына жол берілмейді.

      18. Экипаж мүшесінің қолайсыз кезеңде болу уақыты 2 (екі) сағатқа дейінгіні құраған жағдайда, 4-тен (төрттен) көп емес ұшып шығу-қонуды қамтитын ұшулар сериясына қатысты ұшатын жұмыс уақытын ұзартуға жол беріледі. Экипаж мүшесінің қолайсыз кезеңде болу уақыты 2 (екі) сағаттан асатын жағдайда, 2-ден (екіден) аспайтын ұшып шығу-қонуды қамтитын ұшулар сериясына қатысты ұшатын жұмыс уақытын ұзартуға жол беріледі.

      19. Пайдаланушының шешімі бойынша ұшатын жұмыс уақытын апта ішінде 2 (екі) реттен көп емес ұзартуға жол беріледі.

      20. Ұшатын жұмыс уақыты пайдаланушының шешімі бойынша ұзартылған кезде ұшу алдындағы және ұшудан кейінгі уақыт 2 (екі) сағатқа ұлғайтылады не ұшудан кейінгі демалу уақыты 4 (төрт) сағатқа ұлғайтылады. Ұшатын жұмыс уақытының 2 (екі) ұшудан кейінгі кезеңдері, экипаж мүшелерінің 2 (екі) кезең аралығындағы ұшу алдындағы және ұшудан кейінгі демалуының ең аз уақыты ұзартылған кезде ұшатын жұмыс уақыты дәйектілікпен беріледі.

      21. Ұшуды немесе ұшулар серияларын орындауға жоспарланған бортсеріктер үшін ұшатын жұмыс уақытын пайдаланушы бортсеріктер үшін ұшуға келу уақыты мен ұшқыштардың ұшуға келу уақыты арасындағы айырма уақытқа, мұндай айырманың 1 (бір) сағаттан аспауы шартымен ұлғайтуы мүмкін.

      22. Ұшатын жұмыс уақытының ұзартылған кезеңі 22 (жиырма екі) сағаттан бастап 4 (төрт) сағат 59 (елу тоғыз) минутқа дейінгі аралықтан басталатын жағдайда ұшатын жұмыс уақыты 11 (он бір) сағат 45 (қырық бес) минутқа дейін қысқартылады.

      23. Ұшу кестесі ұшудың жоспарланатын уақыты рұқсат етілген ең көп ұшатын жұмыс уақытынан аспайтындай түрде жасалуға тиіс. Осы мақсатта пайдаланушы жоспарланатын ұшу кестесін өзгерту не экипажды жоспарлауды өзгерту бойынша дереу шаралар қабылдайды.

      Егер ұшу экипажы мүшесінің ұшу қауіпсіздігіне кері әсер ететіндей шамада шаршап тұрғаны белгілі болса немесе болжанса, пайдаланушы ұшу экипажының бұл мүшесіне әуе кемесін басқаруды тапсырмайды.

      24. Экипаждардың (экипаж мүшелерінің) шаршауын болдырмау мақсатында мынадай факторлар ескеріледі:

      1) әуе кемесінің түрі, оның жабдығы;

      2) экипаж мүшелерінің саны;

      3) ұшу уақытының бір кезеңі ішіндегі ұшып шығу мен қону саны;

      4) әуе қозғалысының жоғары тығыздығы кезіндегі жұмыс жүктемесі;

      5) экипажға (экипаж мүшесіне) демалыс берілуге тиіс жердегі демалу шарттары;

      6) міндеттерді орындау тәулігінің уақыты;

      7) ұшуы орындау үдерісіндегі кешігулер;

      8) авиациялық арнайы жұмыстардың түрлері;

      9) сағаттық белдеулердің ауысуы.

      25. Ұшу экипаждарын (экипаждардың мүшелерін) олардың кәсіптік қызметімен тікелей байланысты емес жұмыстарға тартуға жол берілмейдi.

      26. Экипаж мүшесінің қызметі ол ұшуы әр түрлі экипаждардың құрамында және (немесе) әр түрлі әуе кемелерінде кезекпен жасайтындай түрде жоспарланған жағдайда, ұшу және жұмыс уақыты барлық жағдайларда ұшу және жұмыс уақыттарын қосу жолымен ескеріледі.

      27. Әуе кемелерін пайдаланушылар ұсынылатын қызмет көрсету түріне сәйкес бортсеріктердің саны мен функцияларын айқындайды.

      28. Бортсеріктер мен бортоператорлары үшін ұшу және жұмыс уақыты нормалары ұшу құрамына ұқсас белгіленеді және оларға осы Қағидада жазылған еңбек және демалу жағдайларына қойылатын барлық талаптар қолданылады.

      29. Экипаж мүшелері - әйелдер мен әйел бортсеріктер жүктілігі туралы медициналық қорытындыға сәйкес бұрынғы жұмысы бойынша орташа айлық еңбек ақысы сақтала отырып, ауыр және қолайсыз өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауыстырылады.

      30. Тұрақты жиі трансмеридиандық ұшуларды орындау және экипаждың (экипаж мүшесінің) сағаттық белдеулердің жылжуы жағдайында болуы кезінде экипаж (экипаждың мүшесі) келген жердің сағаттық белдеуі бойынша күн тәртібін сақтайды.

      31. Бір ұшқыш құрамындағы экипаж бір ұшу мен келесі ұшу арасында кемінде 4 (төрт) сағаттың ішінде үздіксіз демалысты пайдаланатын 24 (жиырма төрт) сағаттық кезең ішінде ол жұмыс уақытының 10 (он) сағатқа дейінгі ең көп ұзақтығына ие бола алады.

      32. Экипаждың (экипаж мүшесінің) демалу уақыты:

      1) ұшу алдындағы, ұшу аралығындағы және ұшқаннан кейінгі демалу уақытын;

      2) демалыс күні үшін бөлінген уақытты;

      3) жыл сайынғы еңбек демалысын құрайтын уақытты;

      4) әуе кемесін ұшыру жөніндегі нақты міндеттерін орындау кезінде әуе кемесінің кабинасындағы жұмыс орнында ас ішетін уақыттан басқа, жерде ол үшін арнайы бөлінген орында ас ішу уақытын құрайды.

      33. Базалық әуежайда ұшу алдындағы демалудың ең аз уақыты, ұзақтығы жағынан қайсысы неғұрлым ұзағырақ болғанына байланысты алдыңғы жұмыс уақытына немесе 12 (он екі) сағатқа тең болуға тиіс.

      34. Базалық әуежайдан тыс жерде ұшу алдындағы демалудың ең аз уақыты, ұзақтығы жағынан қайсысы неғұрлым ұзағырақ болғанына байланысты алдыңғы жұмыс уақытына немесе 10 (он) сағатқа тең болуға тиіс.

      35. Негізгі әуежайдан тыс жерде ұшу алдындағы демалу уақыты кезінде Пайдаланушы экипаждардың мүшелеріне демалу орнына жеткізу уақытын ескерместен, 8 (сегіз) сағат ұйықтау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      36. Экипаж мүшелеріне аптасына бір демалыс күні беріледі, ол кемінде 36 (отыз алты) тізбекті демалыс сағатын құрайды және 2 (екі) түнді қамтуға тиіс, әрбір түн жергілікті уақыт бойынша сағат 22.00-ден 08.00-ге дейінгі аралықтағы 8 (сегіз) сағаттан тұратын кезеңді білдіреді. Демалыс күні демалыс күнінің аяқталуы мен келесі демалыс күнінің басталуының арасындағы кезең 168 (жүз алпыс сегіз) сағаттан аспайтындай түрде беріледі. Ұшу алдындағы және ұшудан кейінгі демалу кезеңі демалыс күнінің бір бөлігі болуы мүмкін.

      37. Әрбір күнтізбелік айдың ішінде экипаж мүшесінің 7 (жеті) демалыс күні болады, олардың 4-ін (төртін) ол базада алады. Экипаж мүшесінің қалауы бойынша базадан тыс демалыс күндері шектеусіз жоспарлануы мүмкін.

      38. Әрбір күнтізбелік жылдың ішінде экипаждың мүшесіне пайдаланушы зиянды жағдайларда жұмыс істеген уақыт кезеңіне теңбе-тең 36 (отыз алты) күнтізбелік күн мөлшерінде ақы төленетін қосымша еңбек демалысын береді.

      39. Экипаждар мүшелерінің ұшу аралығындағы демалуының ұзақтығы негізгіден тыс әуежайда болған кезде 10 (он) сағаттан кем болмауға тиіс.

      40. Негізгі әуежайдың белдеулік уақытынан батысқа 5 (бес) сағат шығысқа 3 (үш) сағат белдеулік уақыт айырмашылығы бар маршруттың соңғы әуежайларында экипаж мүшелеріне 14 (он төрт) сағаттан кем емес ұшу аралық демалыс беріледі.

      41. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы жағдайында күнделікті ұшуы орындау кезінде ұшудан кейінгі демалыс ұшу алдындағы демалыс болып табылады, бірақ 12 (он екі) сағаттан кем болмауға тиіс.

      42. Экипаж мүшесінің демалыс уақыты экипаждың алдыңғы қызметіне тікелей жұмсалған жұмыс уақыты аяқталған және барлық лауазымдық міндеттерін атқарудан босатылған сәттен бастап есептеледі.

      43. Пайдаланушы экипаж (экипаж мүшесі) үшін әдеттегі кестеге сәйкес салыстырмалы түрде ұзақ күту кезеңдері көзделген әуеайлақтардағы, межеленген пункттердің әуежайларындағы және аралық аялдама пункттеріндегі қолайлы үй-жайларда демалуды қамтамасыз етеді.

      44. Күшейтілген ұшу экипаждары басқарып ұшыратын әуе кемелері экипаж мүшелерінің әуе кемесінің бортында демалуы жағдайларымен қамтамасыз етілуге тиіс.

      45. Қос экипаждар басқарып ұшыратын әуе кемелері жатын орындарымен жарақтандырылуға тиіс.

      46. Ұшуды орындау кезінде ұшудың қауіпсіздігіне әсер ететін болжанбаған жағдаяттар туындаған жағдайда экипаждың барлық мүшелерінің келісімімен әуе кемесі командирінің шешімімен Қағидада белгіленген ұшу уақытының нормалары, ұшатын жұмыс уақыты және демалу уақыты өзгертілуі мүмкін.

      47. Пайдаланудағы болжанбаған мән-жайлар кезінде әуе кемесі командирінің шешімімен ұшатын жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы 2 (екі) сағаттан аспайтын, ал күшейтілген ұшу экипажы пайдаланылған жағдайда, 3 (үш) сағаттан аспайтын уақытқа ұзартылуы мүмкін.

      48. Экипаж мүшелерінің ұшатын жұмыс уақыты кезеңінен кейінгі демалу кезеңі әуе кемесі командирінің шешімімен Қағиданың 37-тармағында көзделгеннен төмен деңгейге дейін қысқартылуы мүмкін.

      49. Егер экипаж мүшелері ұшудың қауіпсіздігіне қатер төндіруге қабілетті шаршаңқылықты бастан кешірсе, әуе кемесі командирінің шешімімен экипаждың барлық мүшелерінің келісімімен ұшатын жұмыс уақыты қысқартылуы және (немесе) демалу уақыты ұлғайтылуы мүмкін.

      50. Әуе кемесінің командирі ұшатын жұмыс уақытының ұлғаюы немесе экипаж мүшелерінің демалу уақытының қысқартылуы фактісі туралы пайдаланушыға есеп береді.

      51. Егер ұшатын жұмыс уақытының ұлғайтылуы немесе экипаж мүшелерінің демалу уақытының қысқартылуы 1 (бір) сағаттан асып кетсе, пайдаланушы әуе кемесі командирі есебінің көшірмесін қоса беріп және қабылданған шешімнің себептерін көрсетіп, көрсетілген оқиғалар орын алған күннен бастап күнтізбелік 28 (жиырма сегіз) күннен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы уәкілетті ұйымды хабардар етеді.

      Ескерту. 51-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 17.06.2019 № 403 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      52. Жұмыс резервіндегі кезекшілік уақыты ұзақтығы 12 (он екі) сағаттық бір үздіксіз кезеңнен аспауға тиіс және үздіксіз 28 (жиырма сегіз) 29-31 (жиырма тоғыз - отыз бір) тәуліктің ішінде 3 реттен көп емес белгіленеді. Экипаж (экипаж мүшесі) ұшу тапсырмасын орындау үшін резервтегі кезекшіліктен шақыртылған жағдайда, резервте өткізген уақыт жұмыс уақыты ретінде ескеріледі, бірақ алдағы ұшудың жұмыс уақытына қосылмайды, ал ай ішінде жеке ескеріледі және мерзімнен тыс жұмысқа жатқызылмайды.

      53. Үй резервіндегі кезекшілік уақыты ұзақтығы 12 (он екі) сағат болатын үзіліссіз бір кезеңнен аспауы тиіс. Үй резервтерінің саны шектелмейді. Ұшу тапсырмасын орындау үшін экипаж (экипаж мүшесі) үй резервіндегі кезекшіліктен шақырылып алынған жағдайда, үй резервінде өткізілген уақыт жұмыс уақыты болып есептеледі, бірақ алдағы ұшатын жұмыс уақытына қосылмайды, бір ай үшін жеке есептеледі және үстеме жұмысқа жатқызылмайды.

      54. Жұмыс резервіндегі кезекшілік уақыты экипаж мүшесінің келген сәтінен бастап резерв ретінде белгіленген кезеңнің аяғына дейін есептеледі.

      55. Пайдаланушы экипаждардың мүшелерін резервтегі кезекшіліктің басталған және аяқталған уақытымен, экипаж мүшесінің резервтегі кезекшіліктен өзге жерде болуының ең көп жол берілетін уақытымен, сондай-ақ резервке тағайындалуына байланысты алда тұрған қызметтік міндеттерімен алдын ала таныстыруды қамтамасыз етеді.

      56. Пайдаланушы жұмыс резервіндегі экипаж мүшелерін демалу және ұшуды күту үшін арнайы жабдықталған оқшауландырылған үй-жаймен қамтамасыз етеді.

      57. Ұшуды орындау кезінде экипаждардың мүшелеріне ұшу қауіпсіздігіне әсер етуге қабілетті жұмыс қабылетінің төмендеуін болдырмау үшін тамақтану және сусын ішу мүмкіндігі берілуге тиіс.

      58. Пайдаланушы әрбір экипаж мүшесіне және экипаждардың мүшелері өз-өздеріне қатысты:

      1) ұшу уақытын;

      2) әрбір жұмыс уақыты кезеңін және ұшатын жұмыс уақытының басталуы, ұзақтығы және аяқталуы уақытын;

      3) демалу уақытын және ұшуды орындаудан бос күндерді (ұшуды орындаудан бос күн деп қызметтік міндеттерді орындаудан бос және алдағы және кейінгі күндерді қамтитын күн саналады);

      4) резервтегі кезекшілік уақытын есепке алуды қамтамасыз етеді.

      59. Пайдаланушы мен экипаждың мүшесі олардың сұратулары бойынша бір-біріне жүргізілген есеп жазбаларының көшірмелерін береді.

      60. Осы Қағидада көзделген шарттарға қарамастан, егер экипаж (экипаждың мүшелері) шаршауды бастан кешіруде немесе алдағы ұшудың жағдайларын ескере отырып осы ұшу барысында шаршауды бастан кешіретін болады деп санауға қандай да бір негіздер болса, экипаж (экипаж мүшелері) ұшпайды, ал пайдаланушы ұшуды талап етпейді.

      61. Оқу және (немесе) жаттығу ұшуларын орындау кезінде ұшатын жұмыс уақытының ұзақтығы, ұшу уақыты және қонуға бет алу саны бойынша мынадай шектеулер белгіленеді:

      1) ұшатын жұмыс уақытының ұзақтығы 10 (он) сағаттан аспайды;

      2) ұшатын жұмыс уақытындағы ұшу уақыты 6 (алты) сағаттан аспайды;

      3) қонуға бет алу саны 25 (жиырма бес) реттен аспайды;

      4) сертификатталған ең ауыр ұшып көтерілу салмағы бес мың жеті жүз килограмнан аз ұшақтар мен сертификатталған ең ауыр ұшып көтерілу салмағына қарамастан тікұшақтар үшін қонуға бет алу саны 40 (қырық) реттен аспайды.

      62. Әскери қимылдар жүргізу жағдайларында, дүлей апаттар мен авариялық жағдайларда экипаждың (экипаж мүшесінің) жұмыс және ұшу уақытының нормаларын уәкілетті орган айқындайды.

      63. Жұмыс уақытын осы Қағидада белгіленген ең көп шектерден тыс ұлғайтуға мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етумен байланысты жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ авариялардың немесе табиғи зілзаланың салдарларын жою кезінде жол беріледі, ол туралы ұшуға арналған тапсырмада уәкілетті тұлғаның қол қоюымен тиісті жазба орындалуға (немесе радиограмма қоса берілуге) тиіс.

Параграф 2. Әуе кемелері экипаждарының (экипаждар мүшелерінің) авиациялық жұмыстарды орындау кезіндегі жұмыс уақыты мен демалу режимі

      64. Әуе кемесі тұрақты орналасатын орындардан тысқары жерде авиациялық жұмыстарды орындаумен айналысатын ұшу және техникалық құрам үшін тәулік ішінде 10 (он) сағатқа дейін жұмыс уақытының ұзақтығы белгіленеді. Авиациялық жұмыстарды орындау кезінде барынша жол берілетін жұмыс және ұшу уақытының нормалары осы Қағидаға 4-қосымшада белгіленген.

      65. Авиациялық жұмыстарды орындау кезінде ұшу экипажының мүшелері үшін ұшатын жұмыс уақыты ішінде қонудың мынадай шекті саны белгіленеді:

      1) ұшақта – 45 (қырық бес) қону;

      2) тікұшақта – 55 (елю бес) қону.

      66. Пайдаланушы дәрігерлік-ұшу сараптық комиссиясымен келісім бойынша жұмыс уақытының ұзақтығы тәулік үшін 12 (он екі) сағатқа дейін белгілеуі мүмкін, бұл ретте жұмыс күндерінің арасындағы түскі ас ішу үзілісімен бірге демалу ұзақтығының демалыс алдындағы жұмыс күніндегі жұмыс уақытының екі есе ұзақтығынан кем емес демалу ұзақтығы сақталуға тиіс.

      67. Ұшу алдындағы және ұшудан кейінгі демалудың ең аз ұзақтығы әрбір демалу кезеңі бойынша кемінде 12 (он екі) сағатты құрауға тиіс. Күнделікті ұшуларды орындау кезінде ұшудан кейінгі демалу ұшу алдындағы демалу болып табылады және 12 (он екі) сағаттан кем болмауға тиіс.

      68. Қауіптілігі жоғары химиялық заттармен жұмыс істеу кезінде осы Қағидаға 3-қосымшада көрсетілген авиациялық жұмыстарды орындау кезінде 2 адамнан тұратын ұшу экипажы үшін ең ұзақ үздіксіз ұшу уақыты 20 (жиырма) пайызға азайтылады.

      69. Қауіптілігі шамалы химиялық заттармен жұмыс істеу кезінде осы Қағидаға 3-қосымшада көрсетілген авиациялық жұмыстарды орындау кезінде 2 адамнан тұратын ұшу экипажы үшін ең ұзақ үздіксіз ұшу уақыты 10 (он) пайызға азайтылады.

      70. Авиациялық жұмыстардың барлық түрлерін орындау кезінде 1 (бір) тәулік, 1 (бір) ай және 1 (бір) жыл ішінде ұшу уақыты нормаларынан асыруға тыйым салынады, мыналардан басқа:

      1) авиациялық-химиялық жұмыстар кезінде, жұмыстарды жұмыс күнінің ішінде аяқтау үшін экипаж мүшелерінің келісімімен әуе кемесінің командиріне төтенше және қауіптілігі жоғары пестицидтермен жұмыс істеу кезінде ұшу уақытының ұзақтығын 30 (отыз) минутқа, ал қалған препараттармен жұмыс істеу кезінде 60 (алпыс) минутқа ұлғайту құқығы беріледі. Бұл ретте жүктеменің ұлғаюы осы Қағиданың 68-тармағының талаптарына сәйкес демалумен өтеледі;

      2) жоғары ендіктегі экспедицияларға қызмет көрсету, теңіз кемелерін алып жүру, мұздарды барлау және алаңдар бойынша аэрофото түсіру жөніндегі ұшуларды орындау кезінде тәулік ішіндегі ұшу уақыты осы Қағидаға 3-қосымшада белгіленген авиациялық жұмыстарды орындау кезінде 2 адамнан тұратын ұшу экипажы үшін ең ұзақ үздіксіз ұшу уақыты нормалардан тыс ұлғайтылуы мүмкін және осы Қағиданың 44-тармағының талаптарына сәйкес демалумен өтелуге тиіс;

      3) сертификатталған ең ауыр ұшу массасы 5700 (бес мың жеті жүз) кем ұшақтар мен барлық үлгідегі тікұшактардың экипаждары үшін жұмыс уақытын 12 (он екі) сағатқа дейін ұлғайтумен 10 (он) сағатқа дейін;

      4) сертификатталған ең ауыр ұшып көтерілу салмағы 5 700 (бес мың жеті жүз) килограмм және одан жоғары ұшақтардың экипаждары үшін – жұмыс уақытының 13 (он үш) сағат 00 (нөл нөл) минутқа дейінгі ұзақтығымен 11 (он бір) сағатқа дейін.

      1 (бір) тәулікте ұшу уақытын белгіленген нормадан тыс арттыруға 1 (бір) жылдың ішінде 3 (үш) айдан артық жол берілмейді. Бір ай ішіндегі ұшу уақытының ұзақтығы авиациялық жұмыстарды орындайтын экипаждың жазбаша келісімімен 100 сағатқа дейін, бірақ бір жыл ішіндегі ұшу уақытының жалпы ұзақтығы осы Қағидаға 4-қосымшада белгіленген авиациялық жұмыстарды орындау кезінде жұмыс және ұшу уақытының рұқсат етілетін ең көп нормалардан (сағат) асып кетпеуі үшін жылына үш реттен асырмай ұзартылуы мүмкін.

      71. Еңбекті ұйымдастырудың вахталық әдісі кезінде әуе кемесінің экипаждары жұмысының ұзақтығы экипаждың барлық мүшелерінің пікірлері мен денсаулық жағдайларын ескере отырып және жұмыс уақыты мен демалу уақыты нормалары сақталған кезде 28 (жиырма сегіз) күнтізбелік күн ішінде 15 (он бес) күннен аспауға тиіс. Вахталық әдіс кезінде әуе кемесінің экипаждары жұмысының ұзақтығы экипаж мүшелерінің жазбаша келісімімен күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Ескерту.

      72. Ағаштарды сыртқы аспамен тасып шығару және ток жүретін өткізгіштердің оралымын жазу кезінде тәулік ішіндегі ұшу уақытының нормасы 5 (бес) сағаттан аспауға тиіс. Бір ұшудың ұзақтығы рейстердің санына қарамастан 60 (алпыс) минуттан аспауға тиіс. Ұшудың арасында демалу үшін 10 (он) минутқа дейін үзілістер белгіленуге тиіс.

      73. Теңіз айдындарын аэрогравиметриялық түсіруді орындау кезінде, гравиметриялық нүктенің үстінде ілініп тұрып түсіру учаскесінде тікелей түсіруді орындау кезінде тікұшақтармен ұшу ұзақтығы 90 (тоқсан) минуттан аспауға тиіс. Гравиметриялық нүктенің үстіндегі ілінулердің саны 11 (он бірден) аспауға тиіс, бұл ретте 6 (алты) ілінуді орындағаннан кейін экипаж түсіруді тоқтатуға және 10 (он) минуттың ішінде 100 (жүз) метрден кем емес биіктікте көлденең ұшуды орындауға, содан соң түсіруді жалғастыруға тиіс.

      74. Авиациялық-химиялық жұмыстарда ұшақтармен және тікұшақтармен ұшулар сериясын орындау кезінде 10-12 (он - он екі) қонудан кейін (немесе жұмыстың әрбір 90 (тоқсан) минуты сайын) экипаждардың демалуы үшін 15 (он бес) минутқа дейін үзілістер белгілеу қажет, олар жұмыс уақыты ретінде ескеріледі, ал ұшу уақытының 3 (үш) сағатынан немесе 25-30 (жиырма бес - отыз) қонудан кейін - демалуға арналған үзілістің ұзақтығы 1 (бір) сағаттан кем болмауға тиіс, ол тамақтануға арналған үзіліспен үйлестірілуі мүмкін және жұмыс уақыты деп саналмайды.

      75. Ультра шағын мөлшердегі бүркуді және бір гектарға 10 (он) килограммға (литрге) дейінгі препарат жұмсау нормасымен басқа да жұмыстарды орындау кезінде ұшудың ұзақтығы 90 (тоқсан) минуттан аспауға тиіс.

      76. Тәулік ішінде бір қауіптілік сыныбындағы препараттармен жұмыс істеу бойынша жұмыстың толық еместігі кезінде ұшу құрамына жалпы ұшу уақытының әр түрлі қауіптілік сыныбындағы препараттармен жұмыс істеу кезінде белгіленген ұшу уақыты нормаларынан аспауы шартымен әр түрлі қауіптілік сыныбындағы препараттармен жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

      77. Аралас препараттармен жұмыс істеу кезінде тәулік ішіндегі ұшу уақытының нормасы неғұрлым жоғары қауіптілік сыныбындағы препарат бойынша айқындалады.

      78. Ұшақтар мен тікұшақтарда бір ұшудағы кері айналымдардың саны 20 (жиырма) аспауға тиіс, бұл ретте ұшулардың арасындағы демалу уақыты 15 (он бес) минуттан кем болмауға тиіс.

      79. Авиациялық жұмыстарда ұшу және техникалық құрам үшін бөліктерге бөлінген жұмыс күні белгіленуі мүмкін - арасында кемінде 2 (екі) сағат үзіліс кезінде ертеңгілік жұмыс және кешкі жұмыс. Ертеңгі және кешкі жұмыстың арасындағы үзіліс жұмыс уақытына қосылмайды. Бұл жағдайда жұмыс уақытының жиынтық ұзақтығы 10 (он) сағаттан аспауға тиіс.

      80. Техникалық құрамның жұмыс уақытына:

      1) техникалық қызмет көрсету уақыты;

      2) әуеайлақта әуе кемесін күту уақыты;

      3) жылдың суық кезеңінде жылыну үшін регламенттелген үзілістер уақыты;

      4) басқа орналасу орнына ұшып бару уақыты;

      5) техникалық оқу, талқылау, медициналық тексерулерден өту уақыты қосылмайды.

      81. Ұшу және техникалық құрамның жедел нүктеде ауысуы бір жарым айдан аспайтын уақытта жүргізіледі, бұл ретте экипажға әрбір жұмыс істеген 2 (екі) апта үшін 1 (бір) тәулік есебінен ақы төленетін қосымша демалыс беріледі.

      82. Ауаны баптау және сүзу жүйесімен жабдықталмаған әуе кемесінде төтенше және қауіптілігі жоғары пестицидтермен (қауіптіліктің 1-2 сыныбы) ұшуды орындауға жол берілмейдi.

  Қазақстан Республикасының
азаматтық және эксперименттік
авиациясы әуе кемелерінің
экипаж мүшелерінің жұмыс
уақыты мен демалысын
ұйымдастыру қағидаларына
1-қосымша

Экипаж мүшесінің жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2017 № 423 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Уақыт кезеңі

Сағаттар

Тәулік
Апта

13 сағат
60 сағат

Ай

190 сағат

  Қазақстан Республикасының азаматтық
және эксперименттік авиациясы әуе
кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс
уақыты мен демалысын ұйымдастыру
қағидасына 2-қосымша

Коммерциялық әуе тасымалдарын орындау кезінде экипаж мүшесінің айына және жылына ұшу уақытының ең көп ұзақтығы

Әуе кемелері

Ұшу уақыты (сағат)

28 (жиырма сегіз) тізбекті тәулік

365 (үш жүз алпыс бес) тізбекті тәулік

Ұшақтар үшін

100 сағат

800 сағат

900 сағат (экипаж мүшесінің келісімімен)

Тікұшақтар үшін

80 сағат

90 сағат (экипаж мүшесінің келісімімен)

800 сағат

  Қазақстан Республикасының азаматтық
және эксперименттік авиациясы әуе
кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс
уақыты мен демалысын ұйымдастыру
қағидасына 3-қосымша

Авиациялық жұмыстарды орындау кезінде 2 адамнан тұратын ұшу экипажы үшін ең ұзақ үздіксіз ұшу уақыты

Ұшуға келу уақыты

Ең ұзақ үздіксіз ұшу уақыты

07:00-13:59

10

14:00-17:59

9

18:00-06:59

8

  Қазақстан Республикасының азаматтық
және эксперименттік авиациясы әуе
кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс
уақыты мен демалысын ұйымдастыру
қағидасына 4-қосымша

Авиациялық жұмыстарды орындау кезінде жұмыс және ұшу уақытының рұқсат етілетін ең көп нормалары (сағат)

Әуе кемесінің түрі

Жұмыс уақыты

Ұшу уақыты

тәулік

ай

жыл

тәулік

ай

жыл

1 пилоты бар ұшақты пайдалану

10

190

1470

7

80

700

2 пилоты бар ұшақты пайдалану

10

190

1470

8

90

800

1 пилоты бар тікұштақты пайдалану

10

190

1470

7

80

700

Бортоператорларға арналған 2 пилоты бар тікұшақты пайдалану

10

190

1470

8

90

800


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады