"Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.02.2023 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жолдануын;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтын 2) және 3)-тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | В. Школьник |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрі
_____________________ Ә. Исекешев
2015 жылғы 6 мамыр
"КЕЛІСІЛДI"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрі
_____________________ Б. Сұлтанов
2015 жылғы 11 мамыр
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 276 бұйрығымен бекітілген |
Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 20.12.2024 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) графиктен үзінді көшірмелер – жөнелтушілерге, операторға, мұнай тасымалдау ұйымдарына, мұнай өнімдерін өндірушіге және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (бұдан әрі – Комитет) жөнелтушілер магистральдық мұнай құбыр саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы мұнай тасымалдауға қағаз және электрондық түрде ай сайын уәкілетті орган жіберетін ақпарат;
2) мұнай жөнелтуші (бұдан әрі – жөнелтуші) – мұнай өндіруші болып табылатын тұлға немесе оны заңды негіздерде сатып алған тұлға не олар уәкілеттік берген, мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарт негізінде магистральдық құбырмен тасымалдау үшін мұнайды ұсынатын тұлға;
3) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктері – Қазақстан Республикасының аумағында тұтыну үшін қажетті мұнай көлемі;
4) магистральдық мұнай құбыры – мұнайды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін желілік бөліктен және объектілерден тұратын, техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес келетін бірыңғай өндірістік-технологиялық кешен;
5) мұнайды тасымалдау графигі – уәкілетті орган бекіткен мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен және (немесе) басқа көлік түрімен тасымалдау графигі;
6) мұнай тасымалдаушы ұйым – мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсететін магистральдық құбырдың және (немесе) басқа көлік түрінің меншік иесі;
7) оператор – мұнайды магистральдық мұнай құбырымен тасымалдауды және (немесе) оны пайдалануды жүзеге асыратын магистральдық мұнай құбырының меншік иесі немесе магистральдық мұнай құбырына өзге де заңды негізде иелік ететін заңды тұлға не олар уәкілеттік берген, операторлық қызметтер көрсететін ұйым;
8) тасымалдауға арналған өтiнiм (бұдан әрі – өтiнiм) – осы Қағидаларға қосымша сәйкес нысаны бойынша уәкілетті органға қағаз және (немесе) электрондық түрде ақпараттық жүйе арқылы жіберілетін мұнайды магистральдық мұнай құбырымен тасымалдауға арналған өтінім (айлық);
9) уәкілетті орган – магистральдық құбыр саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
10) магистральдық мұнай құбыр саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) – мұнайды магистральдық мұнай құбыры арқылы тасымалдау графигін әзірлеу үшін ақпаратты жинауға, сақтауға, талдауға және өңдеуге арналған мұнайды жеткізуді басқару бойынша магистральдық мұнай құбыр саласындағы уәкілетті органның жүйесі.
2-тарау. Мұнайды магистральдық мұнай құбырымен тасымалдау графигін қалыптастыру тәртібі
3. Мұнайды магистральдық мұнай құбыры арқылы тасымалдау графигі (бұдан әрі – график) магистральдық мұнай құбырының меншік иесінің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес негіздерде не магистральдық мұнай құбырына өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның немесе олардың атынан осындай қызметтер көрсетуге уәкілетті оператордың және жөнелтушінің арасындағы тиісті шарттар ескеріле отырып әзірленеді.
4. Графикті әзірлеу кезінде мынадай факторлар:
"Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 18-бабына сәйкес уәкілетті органы айқындайтын көлемдердегі Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктері;
магистральдық мұнай құбырларының қолданыстағы техникалық өткізу қабілеті;
стандартты емес жағдайлар (хлорорганикалық қосылыстардың мөлшері бойынша рұқсат етілген мәндерден асып кету, отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы авариялық жағдайлар, мұнай өңдеу зауыттарын жоспардан тыс жөндеуге тоқтату, электр энергиясының ажыратылуы, экспорттық бағдарлардағы штаттан тыс жағдайлар, оның ішінде мұнай тасымалдауды шектеу);
жер қойнауын пайдаланушылардың мұнай өндіруінің жалпы көлемі;
еңсерілмейтін күш мән-жайлары ескеріледі.
5. Мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отандық мұнай өңдеу зауыттарын мұнай өнімдерімен ішкі нарықты шикізатпен толық жүктеу және осы Қағидалардың 4-тармағында айқындалатын көлемдерді ішкі нарыққа бөлу кезінде жөнелтушілерге мөлшерлес жүктемені ұстап тұру арқылы өңірлер бойынша жыл сайынғы пайыздық жүктеме (жинақтаушы) ескеріледі.
Өңірлер бойынша пайыздық жүктеменің өзгерістерін өңірдегі жөнелтушілердің мұнай өндіру деңгейіне байланысты, бірақ ұлғаю немесе азаю жағына қарай он пайыздан (жинақтаушы жүктеме) аспайтын өзгерістерді уәкілетті орган енгізеді.
Негізгі өтінімдерге енгізілетін толықтыруларға сәйкес жөнелтушілер өздерінің экспорттық көлемін ішкі нарыққа, оның ішінде жөнелтушінің ресурстық базасының жалпы көлемінің жүз пайызына дейін қайта бағыттайды.
6. Уәкілетті орган графикті әзірлеу кезінде, оның ішінде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген жағдайларда бекітілген графикке өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде ресурстық база көлемдерін жедел бөлуге ауысады.
7. Графикті қалыптастыру үшін жөнелтуші ай сайын есепті айдың алдындағы, айдың оныншы күніне дейін уәкілетті органға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпараттық жүйе арқылы электрондық түрде және (немесе) қағаз түрінде жоспарланған айға өтінімді жіберіледі.
Жөнелтуші өтінімді қағаз және (немесе) электрондық түрде ұсынбаған жағдайда уәкілетті орган осы Қағидалардың 3, 4, 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптарды ескере отырып, графикке енгізуге жататын мұнай көлемін айқындайды.
Ақпараттық жүйе техникалық ақаулықтар және (немесе) істен шыққан жағдайларда жоспарланған айға арналған өтінім уәкілетті органға есепті айдың алдындағы, айдың оныншы күніне дейін қағаз түрінде жіберіледі.
Осы Қағидаларда белгіленген нысанға сәйкес келмейтін, ұсыну мерзімі өткеннен кейін ақпараттық жүйе арқылы электрондық түрде және (немесе) қағаз түріндегі жіберілген өтінім ақпараттық жүйеде қабылданбайды және (немесе) уәкілетті органда тіркеуге жатпайды.
8. Жөнелтушілер уәкілетті органға өтінім берген кезде пайыздық жүктемені ескере отырып өздерінің ресурстық базасын заңды тұлғалар тобы шеңберінде бөледі.
9. Бұл ретте өтінім еншілес ұйымдардың жазбаша келісімі болған кезде жөнелтушінің құрылтайшыларының (қатысушыларының) атынан уәкілетті органға беріледі.
Өзінің заңды тұлғалар тобы шеңберінде жөнелтушінің құрылтайшыларының (қатысушыларының) атынан уәкілетті органға график қалыптастыру үшін өтінім берілген жағдайда жөнелтушінің құрылтайшылары (қатысушылары) уәкілетті органды өзінің ресурстық базасын өзінің заңды тұлғалар тобы шеңберінде бөлу жөніндегі ниеттері туралы, бірақ алты айда кемінде бір рет хабардар етеді.
10. Ақпараттық жүйе арқылы графикті қалыптастыру үшін оператор ай сайын есепті айдың алдындағы айдың онына дейін магистральдық құбырлардың техникалық өткізу қабілетінің болуын растайды.
Ақпараттық жүйе арқылы берілген көрсеткіштер өзгерген, төмендеген және (немесе) асып кеткен кезде оператор осындай өзгерістер туралы негіздемемен ақпараттық жүйеде түсініктеме береді.
11. Графиктер ай сайын, есепті айдың алдындағы айдың жиырмасынан кешіктірмей қалыптастырылады және бекітіледі.
Бұл ретте графиктер келесі реттілікпен әзірленеді. Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін көлемдерді бөлу, бұдан әрі қалдық қағидаты бойынша экспорттық бағыттарға көлемдерді бөлу.
Графиктер ақпараттық жүйе арқылы мұнайды қабылдау-тапсыру пункттері бойынша магистральдық мұнай құбырлары жүйесіне бөлу арқылы қалыптастырылады.
12. Графиктен үзінді көшірме график қалыптастырылғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде қағаз түрінде операторға, мұнай тасымалдау ұйымдарына, мұнай өнімдерін өндірушіге орындау үшін, сондай-ақ Комитетке жіберіледі.
Операторға (нетто салмағы бойынша), мұнай тасымалдау ұйымдарына, сондай-ақ Комитетке (брутто салмағы бойынша) жолданатын графиктен үзінді көшірмеде жөнелтушінің экспорт үшін және Қазақстан Республикасы аумағынан шығаруға жататын басқа оператордың магистральдық мұнай құбырлары жүйесіне беру (ауыстырып құю) үшін, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу (беру) үшін мұнайды қабылдау-тапсыру пунктінен қарастырылған мұнай мөлшері, сондай-ақ келісімшарттың нөмірі және жөнелту бағдары көрсетіледі.
Мұнайдың брутто массасы балласт массасын қосқанда мұнайдың жалпы массасы ретінде айқындалады. Балласт массасы мұнайдағы судың, хлорлы тұздардың және механикалық қоспалардың жалпы массасы ретінде айқындалады.
Мұнайдың нетто массасын мұнайдың брутто массасы мен балласт массасының айырымы ретінде айқындайды.
Бұл ретте әрбір мұнай қабылдау-тапсыру пунктін жөнелтуші көрсете отырып, графиктен үзінді көшірме операторға және мұнай тасымалдау ұйымдарына ақпараттық жүйе арқылы электрондық түрде жіберіледі.
13. Графикке өзгерістер мен толықтырулар ақпараттық жүйе арқылы мұнайды қабылдау-тапсыру пункттері бойынша магистральдық мұнай құбырлары жүйесіне бөлу арқылы қалыптастырылады және мұнай тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге оператордың техникалық қабілеттілігіне растауы болған кезде бекітіледі.
Жөнелтушінің жоспарланған ай шеңберінде уәкілетті органға ақпараттық жүйе арқылы электрондық түрде және (немесе) қағаз түрінде түзету үшін жіберген графикке өзгерістер мен толықтыруларды уәкілетті орган қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Графиктен үзінді көшірмелер графикке өзгерістер мен толықтыруларды қарау нәтижесінде жөнелтушіге, операторға орындау үшін және Комитетке (мұнай экспорты кезінде) жіберіледі.
14. Мұнай тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге мүмкіндік болмаған жағдайда уәкілетті орган бұл туралы жөнелтушіні хабардар етеді.
15. Уәкілетті орган өтінімді қабылдау, графикті қалыптастыру, сондай-ақ графиктен үзінді көшірмелерді 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін қағаз түрде жүзеге асырады.
Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру қағидаларына қосымша |
|
Нысан |
Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен жоспарланатын айда тасымалдауға арналған өтінім
Компанияның атауы: | Есепті ай: | Жоспарланатын айы: | |||
№ | Көрсеткіштер | Есепті ай (нетто) | Жоспарланатын айға өтінім | ||
план | факт | Нетто** | Брутто*** | ||
1. | Барлық ресурстар: (1.1.+1.2.+1.3.): | ||||
1.1. | Келісімшарттар және келісімшарттық аумақтардың атауы бөлінісінде мұнай өндіру: | ||||
1.2. | Басқа көзден алынған мұнай* | ||||
1.3. | Келісімшарттар, келісімшарттық аумақтардың атауы және басқа да көздерден алынған мұнай бөлінісінде айдың басындағы ауысатын қалдық | ||||
2. | Операторға тапсыру | ||||
2.1. | Оператордың қабылдау-тапсыру пунктіне тапсыруы | ||||
2.2. | Басқа қабылдау-тапсыру пунктіне тапсыруы | ||||
3. | Ресурстарды тарату (3.1.+3.2.+3.3.+3.4.+3.5.): | ||||
3.1. | Мұнайды мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу:, оның ішінде (3.1.1.+3.1.2.+3.1.3.): | ||||
3.1.1. | Атырау мұнай өңдеу зауыты | ||||
3.1.2. | Павлодар мұнай-химия зауыты | ||||
3.1.3. | ПетроҚазақстан ойл продактс | ||||
3.1.4. | Ақтау қаласындағы битум зауыты | ||||
3.1.5. | "Конденсат" акционерлік қоғамы | ||||
3.1.6. | Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан басқа да мұнай өңдеу зауыттары | ||||
3.2. | Роялти тапсыру | ||||
3.3. | Каспий Құбыр Консорциумы (келісімшарттар бойынша) | ||||
3.4. | Атырау-Самара (келісімшарттар бойынша), оның ішінде: (3.4.1.+3.4.2.): | ||||
3.4.1. | Экспорт | ||||
3.4.2. | Туймазы-Омбы-Новосибирск 2 | ||||
3.5. | Орынбор газ өңдеу зауыты | ||||
3.6. | Атасу – Алашанькоу | ||||
3.7. | Транзит | ||||
4. | Ай соңына ауысатын қалдық |
Ескертпе:
* оның ішінде мұнайдың шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттардың көшірмелерін міндетті түрде көрсете отырып, бөгде заңды және (немесе) жеке тұлғалардан сатып алынған;
** мұнайдың нетто массасын мұнайдың брутто массасы мен балласт массасының айырмасы ретінде айқындайды;
*** мұнайдың брутто массасы балласт массасын қосқанда мұнайдың жалпы массасы ретінде айқындалады.
Бірінші басшы: _________________
Қолы: __________________