Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әскери басқарудың жергілікті органдары туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы:
1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдасын;
2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жолдасын;
3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми веб-сайтына орналастырсын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланылған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Қорғаныс министрі | И. Тасмағамбетов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Сәрінжіпов
2016 жылғы 28 қаңтар
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы
генерал-майор
А. Күреңбеков
2016 жылғы 8 қаңтар
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы "Сырбар"
Сыртқы барлау қызметінің директоры
генерал-майор
Ғ. Байжанов
2015 жылғы 29 желтоқсан
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
төрағасы ұлттық қауіпсіздік
генерал-лейтенанты
В. Жұмақанов
2015 жылғы 14 қаңтар
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Е. Досаев
2016 жылғы 9 ақпан
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
полиция генерал-полковнигі
Қ. Қасымов
2015 жылғы 25 желтоқсан
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 24 желтоқсандағы № 733 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының әскери басқарудың
жергілікті органдары туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының әскери басқарудың жергілікті органдары туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) әскери басқарудың жергілікті органдарының міндеттерін, функциялары мен құқықтарын айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын әскери басқарудың жергілікті органдары – бұл Қазақстан Республикасы облыстарының, қалалары мен аудандарының аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын іске асыруды қамтамасыз ететін әскери басқару органдары жүйесі.
Әскери басқарудың жергілікті органдары әкімшілік-аумақтық бірлік шекаралары шегінде құрылады.
Әскери басқарудың жергілікті органдарының жүйесін қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер құрайды.
Аумақ алаңын, тұрғындарсанын және жұмылдыру ресурсының ауқымын негізге алып, "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ережені бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы республикалық мемлекеттік мекемелер тізбесіне сәйкес бірнеше әкімшілік-аумақтық бірліктердің қорғаныс істері жөніндегі біріктірілгенбасқармалары, бөлімдері құрылады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қорғаныс министрінің 18.09.2023 № 905 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Әскери басқарудың жергілікті органдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) республикалық мемлекеттік мекемелері болып табылады, өз атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары болады, сондай-ақ қазынашылық органдарында шоттар ашады.
Әскери басқарудың жергілікті органдарының қызметіне жалпы басшылық жасауды Министрлік жүзеге асырады.
4. Әскери басқару жергілікті органдарының штат санын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.
5. Әскери басқарудың жергілікті органдарының лауазымдарын әскери қызметшілермен және азаматтық персоналмен жасақтау штаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Облыстар, Астана және Алматы қалалары қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бірінші басшыларын "Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын немесе оның келісуімен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де басшы лауазымды адамдардың тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі тағайындайды.
Әскери қызметшілерді лауазымдарға тағайындау және ауыстыру Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Әскери басқарудың жергілікті органдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бұйрықтарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
7. Әскери басқарудың жергілікті органдары өкілеттіктері шегінде қабылдайтын шешімдер қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер бастықтарының бұйрықтарымен ресімделеді.
2. Әскери басқарудың жергілікті органдарының
негізгі міндеттері мен функциялары
8. Әскери басқарудың жергілікті органдарына мынадай міндеттерді шешу жүктеледі:
1) әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасының қорғаныс саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын іске асыруды қамтамасыз ету;
2) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын, арнаулы мемлекеттік органдарын, жергілікті атқарушы органдарының аумақтық қорғаныс құралымдарын және арнаулы құралымдарын жұмылдыра даярлау және жұмылдыра өрістету іс-шараларын жүргізу;
3) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері шегінде өткізілетін аумақтық қорғаныс іс-шараларына қатысу;
4) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді, азаматтарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына мерзімді әскери қызметке шақыруды, запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыруды және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдауды өткізу;
5) қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану салдарынан халықты және аумақтарды қорғау жөніндегі, сондай-ақ төтенше жағдайлардан сақтандыру және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешу кезінде азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасау;
6) Қазақстан Республикасында әскери-көлік міндеттілігі іс-шараларының орындалуын үйлестіру;
7) жергілікті атқарушы органдармен, Қазақстан Республикасының басқа да мүдделі мемлекеттік органдарымен бірлесіп, бейбіт және соғыс уақытында азаматтарды әскери қызметке даярлау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру.
9. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының қорғаныс істері жөніндегі департаменттері мынадай функцияларды орындайды:
1) облыс, республикалық маңызы бар қала және астана аумағында адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізу жоспарын әзірлейді;
2) облыс орталығы, республикалық маңызы бар қала және астана шегінде бағынысындағы қорғаныс істері жөніндегі басқармаларды, бөлімдерді, сондай-ақ жергілікті өкілдік және атқарушы органдарды, Қазақстан Республикасы Ұлттық кауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің аумақтық органдарын жұмылдыру туралы хабардар етеді;
3) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әзірленген жоспарларға сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала және астана аумағында адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізеді;
4) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрамаларын, әскери бөлімдері мен мекемелерін, арнаулы мемлекеттік органдарын, жерілікті атқарушы органдарының аумақтық қорғаныс құралымдарын және арнаулы құралымдарын жұмылдыру ресурстарымен қамтамасыз етеді;
5) соғыс жағдайы іс-қимылы кезеңінде жергілікті атқарушы органдар шешімдерінің негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының нұсқамасы бойынша қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға қатысады;
6) әскерге шақыруға жататын азаматтарды хабардар етуге және жеткізуге, техниканы жиын пункттеріне немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери бөлімдеріне, арнаулы мемлекеттік органдарына, жергілікті атқарушы органдарының аумақтық қорғаныс құралымдарына және арнаулы құралымдарына жеткізуге жұмылдыру тапсырмасын бағынысты қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер арасында бөледі және олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
7) бейбіт уақытта жергілікті атқарушы органдарға аудандар, қалалар аудандары мен облыс қалалары, республикалық маңызы бар қала аудандары мен астана бойынша бөлу үшін көлік құралдарын алу лимитін ұсынады;
8) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары құрамаларының, әскери бөлімдері мен мекемелерінің, арнаулы мемлекеттік органдарының, жергілікті атқарушы органдары аумақтық қорғаныс құралымдарының және арнаулы құралымдарының жұмылдыру қажеттілігін қанағаттандыру мәселелері бойынша, сондай-ақ жұмылдыра өрістету базасын жетілдіру бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар енгізеді;
9) аймақтың аумақтық қорғаныс жоспарын әзірлеуге және нақтылауға қатысады, аумақтық қорғаныс күштерімен және құралдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
10) облыс, республикалық маңызы бар қала және астана аумағында аумақтық қорғаныс іс-шараларына қатысуға халықты дайындайды;
11) соғыс уақытында әскери даярлығы жоқ азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқытып-үйретуді ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана аумағында жалпыға бірдей міндетті әскери оқытып-үйретудің оқу-жаттығу пункттерін құру жөніндегі іс-шараларды жоспарлайды және өткізеді;
12) қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану салдарынан халықты және аумақты қорғау жөніндегі, сондай-ақ төтенше жағдайлардан сақтандыру және олардың салдарын жою жөніндегі міндеттерді шешу кезінде азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесімен өзара іс-қимыл жасайды;
13) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әскери міндеттілерін, әскерге шақырылушыларын, көлік құралдарын әскери есепке алуды жүргізуді, сондай-ақ әскери-экономикалық әлеуетінің есебін жүргізуді қамтамасыз етеді;
14) облыс, республикалық маңызы бар қала және астана аумағында әскери көлік міндеттілігі іс-шараларының орындалуын үйлестіреді;
15) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді, азаматтарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды, запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыруды, әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыруды және Қарулы Күштерге келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдауды өткізеді;
16) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери бөлімдері мен мекемелерінде қызмет өткеруге қойылатын талаптарға сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақыру үшін азаматтарды іріктеуді қамтамасыз етеді;
17) запастағы офицерлерге, сержанттар мен сарбаздарға әскери билеттер (әскери билеттер орнына уақытша куәліктер), Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, интернационалист-жауынгерлерге, Чернобыль атом электр станциясындағы авария салдарын жоюға қатысушыларға куәліктер жазып береді;
18) бағынысты қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдердің әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды толық және сапалы жүргізуін бақылайды;
19) бағынысты қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдердің жұмылдыру кезеңіне және соғыс уақытына әскери міндеттілерді бекітіп қою жөніндегі жұмысын қамтамасыз етеді және бақылайды;
20) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жастарды патриоттық тәрбиелеуді қамтамасыз ету бойынша әскери басқарудың жергілікті және білім беру органдарының қызметін тексеруді жоспарлайды;
21) білім беру ұйымдарында бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді;
22) әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау үшін Министрліктің мамандандырылған ұйымдарын азаматтармен жасақтауды ұйымдастырады;
23) бағынысты қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде әскери есепке қоюға, әскери қызметке шақыруға жататын және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарға әскери-кәсіптік бағдар беру, оларды кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізуді ұйымдастырады және бақылайды;
24) Министрліктің, сондай-ақ халықаралық келісімдерге сәйкес басқа да мемлекеттердің әскери оқу орындарына түсу үшін азаматтарды іріктеуді ұйымдастырады;
25) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскерге шақыру және әскери қызметке кіру жөніндегі ақпараттық-насихаттау жұмысын ұйымдастырады;
26) Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің аумағында жауынгерлік іс-қимылдарға, төтенше жағдайлар аймақтарындағы авариялар мен апаттар салдарын жоюға қатысқан азаматтарды есепке алуды, оларға Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің наградаларын тапсыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
27) әскери қызметтен шығарылған азаматтарға және өзге де адамдарға олардың немесе олардың отбасы мүшелерінің Ұлы Отан соғысына, өзге де жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқанын растайтын мұрағаттық құжаттарды, сондай-ақ жараланудың, контузия алудың, мертігудің немесе науқастанудың әскери қызмет өткерумен себепті байланысын анықтау туралы мәселелерді шешу үшін қажетті құжаттарды іздестіруде көмек көрсетеді және тиісті анықтамалар береді;
28) бағынысты жеке құраммен тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастырады және жүргізеді;
29) бағынысты қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдердің әскери қызметке шақырудан жалтарған, әскери бөлімдерді өз бетімен тастап кеткен азаматтарды есепке алуды толық жүргізуін, тиісті шаралар қабылдау үшін көрсетілген адамдарға қатысты ақпарат пен материалдарды құқық қорғау органдарына ұсынуды қамтамасыз етеді;
30) бағынысты қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде әскери міндеттілік, әскери қызмет және қорғаныс саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі жұмысты бақылайды;
31) қорғаныс істері жөніндегі департаментті соғыс уақытының штатына дейін толық жасақтау үшін тағайындалатын және күшейту аппаратына тартылатын әскери міндеттілермен, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен, сондай-ақ жұмылдыру іс-шараларын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке даярлау, оларды әскерге шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызметке ерікті түрде кіруін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа тартылатын маман дәрігерлермен, орта медициналық персоналмен, есепке алу және техникалық қызметкерлермен практикалық сабақтар өткізеді;
32) бағынысты қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдердің жұмылдыру әзірлігінің және қызметтік істерінің жай-күйіне тексеру жүргізеді;
33) бейбіт және соғыс уақытындағы шұғыл жеткізілімдер табельдеріне сәйкес жұмылдыру әзірлігі және қызметтік істер мәселелері жөніндегі жеткізілімдер мен есеп берулерді жинайды, талдайды, қорытындылайды және ұсынады.
10. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма, бөлім мынадай функцияларды орындайды:
1) қала, аудан аумағында адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізу жоспарын әзірлейді;
2) қала, аудан шегінде жергілікті өкілдік және атқарушы органдарды, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық органдарын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары құрамаларының, әскери бөлімдерінің командирлерін, мекемелерінің, арнаулы мемлекеттік органдарының, жергілікті атқарушы органдары аумақтық қорғаныс құралымдарының және арнаулы құралымдарының бастықтарын, гарнизондардың, әскери типтегі автомобиль лектерінің бастықтарын, әскерлерге (күштерге) тіркелген әскери міндеттілер мен көлік құралдарын жеткізушілерді, сондай-ақ соғыс уақытына арналған жұмылдыру тапсырмасы бар ұйымдардың басшыларын жұмылдыру туралы хабардар етеді;
3) әзірленген жоспарларға сәйкес жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қала, аудан аумағында адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізеді;
4) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын, арнаулы мемлекеттік органдарын, жергілікті атқарушы органдарының аумақтық қорғаныс құралымдарын және арнаулы құралымдарын жасақтауды қамтамасыз ету мақсатында жұмылдыру жоспарына сәйкес жасақтау аудандарында адам және көлік ресурстарын шоғырландыруды жүргізеді;
5) соғыс жағдайы іс-қимылы кезеңінде жергілікті атқарушы органдар шешімдерінің негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының нұсқамасы бойынша қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға қатысады;
6) әскерге шақыруға жататын азаматтарды хабардар етуге және жеткізуге, техниканы жиын пункттеріне немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери бөлімдеріне, арнаулы мемлекеттік органдарына, жергілікті атқарушы органдарының аумақтық қорғаныс құралымдарына және арнаулы құралымдарына жеткізуге жұмылдыру тапсырмасын кенттердің, селолардың және ауылдық округтердің арасында бөледі және олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
7) бейбіт уақытта жергілікті атқарушы органдарға қаланың, ауданның заңды тұлғалары бойынша бөлу үшін көлік құралдарын алу лимитін ұсынады;
8) әскери үлгідегі автомобиль лектерінің Қарулы Күштерге беруге әзірлігін бақылайды;
9) әскери бөлімдер мен мекемелердің өкілдерімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын, арнаулы мемлекеттік органдарын, жергілікті атқарушы органдарының аумақтық қорғаныс құралымдарын және арнаулы құралымдарын жасақтауға тағайындалған әскери міндеттілер мен көлік құралдарын іріктеуді, тіркеуді жүзеге асырады және қамтамасыз етеді;
10) тағайындалған әскери міндеттілерге жұмылдыру нұсқамаларын тапсырады;
11) балансында көлік құралдары бар ұйымдардың басшыларына тағайындалған көлік құралдарын жеткізуге жұмылдыру нұсқамалары мен жұмылдыру тапсырмаларын тапсырады;
12) заңды және жеке тұлғалардың жұмылдыру бойынша әскерлерге жеткізуге тағайындалған көлік құралдарының жұмылдыру әзірлігін тексереді;
13) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары құрамаларының, әскери бөлімдері мен мекемелерінің, арнаулы мемлекеттік органдарының, жергілікті атқарушы органдары аумақтық қорғаныс құралымдарының және арнаулы құралымдарының жұмылдыру қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселелері жөнінде, сондай-ақ жұмылдыра өрістету базасын жетілдіру жөнінде жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар енгізеді;
14) аумақтық қорғаныс күштерімен және құралдарымен өзара
іс-қимылды жүзеге асырады;
15) қала, аудан аумағында халықты аумақтық қорғаныс іс-шараларына қатысуға дайындайды;
16) соғыс уақытында әскери даярлығы жоқ азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқытып-үйретуді ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, қала, аудан аумағында жалпыға бірдей міндетті әскери оқытып-үйретудің оқу-жаттығу пункттерін құру жөніндегі іс-шараларды жоспарлайды және жүргізеді;
17) кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтер мен ұйымдардың хабардар ету штабтарының адамды хабардар етуге, жинауға, әскерлерге жеткізуге және көлік ресурстарын жеткізуге әзірлігін тексереді;
18) қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану салдарынан халықты және аумақтарды қорғау жөніндегі, сондай-ақ төтенше жағдайлардан сақтандыру және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешу кезінде азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасайды;
19) әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың сандық және сапалық есебін, сондай-ақ қаланың, ауданның әскери-әлеуметтік әлеуетінің есебін жүргізеді;
20) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 39/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19982 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарына "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсетеді;
21) қала, аудан аумағында әскери-көлік міндеттілігі іс-шараларын орындауды үйлестіреді;
22) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді, азаматтарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды, запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыруды, әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыруды және келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдауды өткізеді;
23) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери бөлімдері мен мекемелерінде қызмет өткеруге қойылатын талаптарға сәйкес мерзімді әскери қызметке шақыру үшін азаматтарды іріктеуді жүзеге асырады;
24) Қазақстан Республикасының азаматтарына әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруды есепке алуды жүргізеді;
25) әскерге шақыру учаскесіне тіркелген азаматтарға әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәліктерді және осы куәліктерді жоғалтқан жағдайда әскерге шақырылушыларға олардың телнұсқаларын жазып береді;
26) кенттерде, ауылдар мен ауылдық округтерде әскери міндеттілерді, әскерге шақырылушыларды және көлік құралдарын әскери есепке алуды жүргізуді қамтамасыз етеді;
27) заңды тұлғалардың және білім беру ұйымдарының әскери міндеттілерді әскери есепке алуды және оларды бекітіп қоюды ұйымдастыруы мен жүргізуіне бақылауды жүзеге асырады;
28) бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жастарды патриоттық тәрбиелеуді қамтамасыз ету жөніндегі білім беру ұйымдарының қызметін бақылайды;
29) білім беру ұйымдарында бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыруда жәрдем көрсетеді;
30) әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарын азаматтармен жасақтайды;
31) әскери есепке қойылуға, әскери қызметке шақырылуға жататын және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарға әскери-кәсіптік бағдар беру, кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
32) Министрліктің, сондай-ақ халықаралық келісімдерге сәйкес басқа да мемлекеттердің әскери оқу орындарына түсу үшін азаматтарды іріктеуді жүргізеді;
33) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскерге шақыру және олардың әскери қызметке ерікті түрде кіруі жөніндегі ақпараттық-насихаттау жұмысын жүргізеді;
34) Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің аумағында жауынгерлік іс-қимылдарға, төтенше жағдайлар аймағындағы авариялар мен апаттар салдарын жоюға қатысқан азаматтардың есебін жүргізеді, оларға Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің наградаларын беруді тапсыруды ұйымдастырады;
35) әскери қызметтен шығарылған азаматтарға және өзге де адамдарға олардың немесе олардың отбасы мүшелерінің Ұлы Отан соғысына, өзге де жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқанын растайтын мұрағаттық құжаттарды, сондай-ақ жараланудың, контузия алудың, мертігудің немесе науқастанудың әскери қызмет өткерумен себепті байланысын анықтау туралы мәселелерді шешу үшін қажетті құжаттарды іздестіруде көмек көрсетеді және тиісті анықтамалар береді;
36) әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларын немесе туған-туыстарын хабардар етеді;
37) оларды жерлеу кезінде құрметті эскорт тағайындалатын адамдарды жерлеуді ұйымдастыруда жәрдем көрсетеді;
38) бағынысты жеке құраммен тәрбие, және әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастырады және жүргізеді;
39) әскери қызметке шақырудан жалтарған, әскери бөлімдерді өз бетімен тастап кеткен азаматтарды есепке алуды жүргізеді, тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына көрсетілген адамдарға қатысты ақпарат пен материалдар ұсынады;
40) 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 642-652-баптарына сәйкес әскери міндеттілік, әскери қызмет және қорғаныс саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі жұмысты жүргізеді;
41) басқарманы, бөлімді соғыс уақытының штатына дейін толық жасақтау үшін тағайындалған және күшейту аппаратына тартылатын әскери міндеттілермен, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың кадр және әскери-есепке алу органдарының қызметкерлерімен, сондай-ақ жұмылдыру іс-шараларын, Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке даярлау, оларды әскерге шақыру және олардың келісімшарт бойынша әскери қызметке ерікті түрде кіруін қамтамасыз етуге тартылатын маман дәрігерлермен, орта медициналық персоналмен, есепке алу және техникалық қызметкерлермен практикалық сабақтар өткізеді;
42) бейбіт және соғыс уақытындағы шұғыл жеткізілімдер табельдеріне сәйкес жұмылдыру әзірлігі мен қызметтік істер мәселелері жөніндегі жеткізілімдер мен есеп берулерді жинайды, талдайды, қорытындылайды және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының қорғаныс істері жөніндегі департаменттеріне ұсынады.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қорғаныс министрінің 18.09.2023 № 905 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.11. Әскери басқарудың жергілікті органдары негізгі міндеттерді іске асыру мақсатында:
1) жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан олардың құзыретіне қатысты мәселелер бойынша ақпаратты және мәліметтерді сұратуға және алуға;
2) Қазақстан Республикасының әскери міндеттілік, әскери қызмет және қорғаныс туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде, сондай-ақ әскери басқарудың жергілікті органдарының штаттық құрылымдарын қайта ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
3) қорғаныс мәселелері бойынша жергілікті өкілдік және атқарушы органдардың отырыстарына қатысуға;
4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер жергілікті өкілдік және атқарушы органдарының қарауына есепке алу, әскерге шақыру және жұмылдыру жұмысы мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізуге;
5) тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін әскери қызметтен шығарылған әскери қызметшілер мен азаматтардың тізімдерін жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй комиссияларына ұсынуға құқылы.
3. Әскери басқарудың жергілікті органдарының мүлкі
12. Әскери басқарудың жергілікті органдарының мүлкі Министрліктің және Қазақстан Республикасы жергілікті атқарушы органдарының мүлкі есебінен қалыптастырылады.
13. Мүлік әскери басқарудың жергілікті органына бекітіліп беріледі және мемлекеттің меншігі болып табылады.
14. Әскери басқарудың жергілікті органы оған бекітіліп берілген мүлікке қатысты жедел басқару құқығын жүзеге асырады.
15. Мүлікті есептен шығару Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Әскери басқарудың жергілікті органдарын материалдық,
техникалық, тылдық, қаржылық және басқа да қамтамасыз ету
түрлері
16. Әскери басқарудың жергілікті органдарын материалдық, техникалық, тылдық, қаржылық және басқа да қамтамасыз ету түрлерін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
Министрлік штаттық-табельдік қажеттілік ауқымында орналасқан орны бойынша Министрліктің жабдықталым қызметтері арқылы әскери басқарудың жергілікті органдарын қару-жарақпен, оқ-дәрілермен, әскери, арнайы техникамен және аппаратурамен, әскери қызметшілерді ақшалай қаражатпен және заттай мүлікпен, азаматтық персоналдың еңбегіне ақы төлеумен, жабдықталымның басқа да түрлерімен және материалдық құралдармен қамтамасыз етеді.
5. Әскери басқарудың жергілікті органдарын
қайта ұйымдастыру және тарату
17. Әскери басқарудың жергілікті органдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.