Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 28.02.2018 № 06-400 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңының 17-бабының 7) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 18 наурыздағы "Астана қаласының Мәдениет басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2015 жылдың 10 сәуірінде № 897 болып тіркелген, 2015 жылғы 16 сәуірдегі № 40 "Вечерняя Астана" және "Астана ақшамы" газеттерінде жарияланған) № 105-381 қаулысының және Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы "Астана қаласының Мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2015 жылдың 20 ақпанында № 880 болып тіркелген, 2015 жылғы 26 ақпанда № 22 "Астана ақшамы" және "Вечерняя Астана" газеттерінде жарияланған) № 193-84 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. "Астана қаласының Мәдениет басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Мажағұлов Болат Бауыржанұлына осы қаулыны, әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және қала әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары Аманшаев Ермек Әмірханұлына жүктелсін.
5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Астана қаласының әкімі | Ә. Жақсыбеков |
Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 18 қыркүйектегі № 105-1643 қаулысымен бекітілген қосымша |
"Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама
басқармасы" мемлекеттік мекемесінің
Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. "Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Астана қаласының аумағында мәдениет, өнер, мұрағат ісі және ісжүргізу саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индекс 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, № 11.
10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Басқарма миссиясы: Астана қаласының халқына сапалы және қолжетімді қызмет ұсынуға және мұрағат ісі саласын қоса алғанда мәдениеттің қайта түлеуін, сақталуын, қорғалуын, дамуы мен таралуын, пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты құрады және тиімді іске асырады.
15. Міндеттері:
1) Астана қаласының аумағында мәдениет мұрағат ісі мен құжат жасау саласындағы мемлекет саясатты іске асыру;
2) Астана қаласының аумағында Қазақстан Республикасы халқының мәдениетін қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға және таратуға, мұрағат қорын пайдалануға және қалыптастыруға бағытталған шаралар қабылдау;
3) ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына баулу арқылы азаматтарды отаншылдыққа және эстетикалық тәрбиелеуге жағдайлар жасау;
4) мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік мәдениет ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту;
6) дарынды тұлғаларды қолдауды қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының нормаларын сақтау;
8) гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру;
9) қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және қызметі өсуі кезінде гендерлік теңдік нормаларын сақтау;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
16. Функциялары:
1) Астана қаласының әкімдігіне (бұдан әрі – әкімдік) театр, музыка, цирк және киноөнер, мәдени-демалыс қызметі, кітапхана мен мұражай ісі, мұрағат ісі және ісжүргізу саласындағы елорданың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құру, қайта құру және тарату жөнінде ұсыныстар енгізу, сондай-ақ олардың қызметін үйлестіру;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елорданың мемлекеттік мәдени ұйымдарына, мұрағат ісі және ісжүргізуге қатысты өкілеттіктерді жүзеге асыру;
3) халықаралық, республикалық және қалалық деңгейдегі мәдени-бұқаралық, ойын-сауық іс-шараларын дайындау және өткізу бойынша ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асыру, сонымен қатар жүргізілетін іс-шаралар шеңберінде қаланы сыртқы безендіру;
4) дарынды жастар мен келешегі бар өнер ұжымдарын іздеу мен қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;
5) мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу бойынша ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асыру;
6) тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, тарихи, ұлттық және мәдени салт-дәстүрлердің дамуына ат салысу;
7) Астана қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі қалалық комиссиясының, Астана қаласының мемлекеттік мәдениет ұйымдарының аттестациялық комиссиясының, қалалық сараптау-тексеру комиссиясының және қалалық құпия сараптау-тексеру комиссиясының жұмысын ұйымдастыру;
8) мәдени құндылықтарды уақытша әкету бойынша сараптамалық комиссия құру және оның ережесін бекіту;
9) "Мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік беру", "Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге келісім беру" және "Мұрағаттық анықтамалар беру" мемлекеттік қызметті көрсету;
10) тиісті аумақтарда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылу және күтіп-ұстау тәртібін, сондай-ақ археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының орындалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
11) елорданың материалдық және рухани мәдениетін, тарихи және мәдени мұра объектілері мен тарихи және мәдени ескерткіштерін анықтау, есепке алу, қорғау, консервациялау, пайдалану мен реставрациялау, сондай-ақ елдің танымал мәдениет қайраткерлерін мәңгілік есте сақтау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
12) Басқарма теңгеріміндегі елорданың тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету;
13) тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау міндеттемелерін рәсімдеу және оларды меншік иелері мен пайдаланушылардың орындауын бақылау;
14) Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мен пайдалану заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде өтініш жасау;
15) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және тарихи-мәдени сараптаманың қорытындысы негізінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру туралы құжаттарды дайындау және жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығару;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Басқарма қызметін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алуларды жүргізу;
17) жалпыға міндетті құқықтық оқыту бойынша іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу;
18) Астана қаласының аумағындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры (бұдан әрі – Қор) құжаттарын жинақтау, сақтау және есепке алу жөнінде ұйымдастыру іс-шараларды жүзеге асыру, "Астана қаласының Мемлекеттік мұрағаты" мемлекеттік мекемесіне құжаттарды берудің белгіленген тәртібін сақтауды қамтамасыз ету және оны мемлекеттік емес құрылымдардың ұйымдары мен азаматтардың меншігіндегі тарих және мәдениеттің деректі ескерткіштерімен толықтыру;
19) электрондық құжат айналымы мен электрондық мұрағаттар жүйелерін енгізуі мен жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асыру;
20) "Әкімдіктің электрондық мұрағаты" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің екінші кезеңін әзірлеуге, келісу мен іске асыруға қатысу;
21) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан, ұйымдардан және олардың басшыларынан, азаматтардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қойылған мақсаттарды орындау үшін қажетті ақпаратты сұрату және алу;
2) жан-жақты халықаралық мәдени байланыстарды дамыту;
3) халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар фестивальдар өткізуге және шетелде өткізілетін фестивальдарға қатысуға, кәсіби және әуесқой шығармашылық күндерін, көркем өнер ұжымдары мен орындаушылар сайыстарын, байқаулар және Астана қаласының мәдениеті мен өнер жетістіктерін көрсетуге байланысты басқа да іс-шараларды ұйымдастыру;
4) ведомстволық бағынысты кәсіпорындар қызметінің мәні мен мақсатын анықтау;
5) мәдениет, мұрағат ісі мен ісжүргізу саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;
6) Астана қаласының аумағында Қазақстан Республикасының мәдениет және мұрағат ісі мен құжаттама саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
7) осы Ережемен айқындалған өз құзыреті шегінде барлық ведомствалық бағынысты ұйымдарға орындауға міндетті нұсқаулар беру, бұйрықтар шығару;
8) сот қарауында талапкер немесе жауапкер ретінде әрекет ету;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы Басқармаға басшылық етеді.
19. Басқарманың басшысын Астана қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
21. Басқарма басшысының өкілеттігі:
1) өз орынбасарлары мен Басқарма бөлімдері басшыларының, ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларының, басшылардың орынбасарларының және бас есепшілерінің міндеттерін анықтайды және жауапкершілік деңгейін белгілейді;
2) Басқарма басшысының орынбасарларын, қызметкерлерін және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын, басшылардың орынбасарларын және бас есепшілерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
3) Басқарма басшысының орынбасарларына, қызметкерлеріне, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларына, басшылардың орынбасарларына және бас есепшілеріне заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жаза қолданады;
4) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері үшін орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіреді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4. Басқарманың мүлкі
23. Басқарманың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
24. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
25. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
1) Астана қаласы әкімдігінің "Астана қаласының көңілді тапқырлар театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
2) Астана қаласы әкімдігінің "Астаналық концерт компаниясы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
3) Астана қаласы әкімдігінің "Астаналық цирк" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
4) Астана қаласының әкімдігінің "Атамекен" Қазақстан картасы" этно-мемориалдық кешені" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
5) Астана қаласы әкімдігінің "Бейбітшілік және келісім сарайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
6) Астана қаласы әкімдігінің "Жастар" сарайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
7) Астана қаласы әкімдігінің "Жастар театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
8) Астана қаласы әкімдігінің "Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
9) Астана қаласы әкімдігінің "Қуыршақ театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
10) Астана қаласы әкімдігінің "Қазақстан" орталық концерт залы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
11) Астана қаласы әкімдігінің "Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
12) Астана қаласы әкімдігінің "Мемлекеттік академиялық филармония" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
13) Астана қаласы әкімдігінің "М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
14) Астана қаласы әкімдігінің "Наз" мемлекеттік би театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
15) Астана қаласы әкімдігінің "Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешені" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
16) Астана қаласы әкімдігінің "Сәкен Сейфуллин мұражайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
17) Астана қаласы әкімдігінің "Тәуелсіздік сарайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
18) Астана қаласы әкімдігінің "Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
19) "Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты" мемлекеттік мекемесі.