Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы әкімдігінің 04.12.2017 № 286 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Маңғыстау облысында коммуналдық қызмет көрсету ережесі бекітілсін.
2. "Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі (С.Х. Аманбеков) осы қаулының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын, Маңғыстау облысы әкімдігінің интернет- ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Т. Алдашевқа жүктелсін.
4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | А. Айдарбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
"Маңғыстау облысының энергетика
және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық басқармасы"
мемлекеттік мекемесінің басшысы
С.Х. Аманбеков
31 желтоқсан 2015 жыл.
Маңғыстау облысы әкімдігінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 410 қаулысымен бекітілген |
Маңғыстау облысында коммуналдық қызмет көрсету ережесi 1. Жалпы ереже
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес әзірленді және коммуналдық қызметтер көрсету (бұдан әрі - қызмет көрсету) тәртiбiн, шарттарын және ақысын төлеуді белгiлейдi.
2. Осы Ережеде мынадай анықтамалар қолданылады:
коммуналдық қызметтер - электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру (бұдан әрі - энергожабдықтау), пәтерлердегі, жеке тұрғын үйлердегi азаматтарға қоқысты әкету және лифт бойынша қызмет көрсету, сондай-ақ үй-жай маңайындағы учаскелер, гараждар мұқтаждықтары үшiн тұрғылықты жерлерi бойынша жеке кәсiпкерлiкпен айналысатын азаматтарға және кондоминиум объектiлерiне қызмет көрсету;
қызмет көрсетуші - электрмен жабдықтаумен, жылумен жабдықтаумен, сумен жабдықтаумен, су бұрумен (бұдан әрі - энергиямен жабдықтайтын ұйым) сондай-ақ, қоқысты әкету және лифт бойынша қызмет көрсету, абоненттер мен кондоминиум объектілері үшін - жылу және электр энергиясын жеткiзу қызметтерін көрсетумен айналысатын заңды және жеке тұлғалар;
тұтынушы - коммуналдық қызметтi пайдаланатын азамат немесе кондоминиум объектісі;
қызмет көрсетудiң режимi - көрсетiлетiн қызметтiң әрбiр түрі үшiн белгiленген мiндеттi нормалар жүйесi;
энергиямен жабдықтау - тұтынушыларға электр энергиясын, жылу энергиясын, суды (бұдан әрі - энергия) жеткiзу және сату;
энергиямен жабдықтаушы ұйым - өндiрiлген немесе сатып алынған электр энергиясын, жылу энергиясын, суды тұтынушыларға жеткiзудi (өз бетімен немесе энергияны берушi ұйыммен жасалған шарт бойынша) және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;
энергия берушi ұйым - энергия берудi және (немесе) бөлудi жүзеге асыратын ұйым;
энергия - энергия нарығында тауар болып табылатын электр және жылу энергиясы, су;
кондоминиум объектісін басқару органы - кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
3. Тұтынушыларды энергиямен жабдықтау, қоқысты әкету және лифт бойынша қызмет көрсетумен байланысты осы Ережеде айтылмаған мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледi.
4. Газбен жабдықтау жөнiндегi коммуналдық қызметтердің көрсетiлуімен байланысты мәселелер жекелеген нормативтiк құқықтық актілермен реттеледi.
2. Қызмет көрсетудi ұсыну тәртiбi мен шарттары
5. Қызмет көрсету Қызмет көрсетуші мен Тұтынушы арасындағы жеке шарттың (бұдан әрі - Шарт) негiзiнде жүргізiледi.
Тұтынушылар кондоминиум объектілерін басқару органына немесе жеке немесе заңды тұлғаға шарт жасасу жөнiндегі өз құқықтарын заңдарда белгiленген тәртiппен табыстауға құқылы.
Шарт осы Ережеге қайшы келмеуi, ал оның мәтiнi қажет болған жағдайда аумақтық монополияға қарсы органдармен келiсiлуi тиiс.
Шарт айқын емес мерзiмге жасалған деп есептеледi (егер тараптардың келiсiмiмен басқаша көзделмесе) және осы Ережеде көзделген негiздемелер бойынша өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.
6. Қызмет көрсетудiң тұтынушылық сипаты мен режимi нормативтiк-техникалық құжаттармен белгiленген талаптарға:
1) жылумен жабдықтау бойынша - тұрғын бөлмелердегi жылыту маусымы бойы тәулiктiк ауа температурасын айқындайтын санитарлық нормаларға;
2) электрмен жабдықтау бойынша - жыл бойы тәулiктiк қолданылып жүрген стандарттар жөнiндегi электр энергиясының параметрлерiне;
3) суық және ыстық сумен жабдықтау бойынша жыл бойы тәулiктiк берiлетiн судың құрамы, қасиетi мен ысытылу температурасы жөнiнде гигиеналық талаптарға, сондай-ақ тарату нүктесiндегi судың есептелген шығынына;
4) су бұру бойынша - жыл бойы ағынды судың толық ағып кетуiн қамтамасыз етуге;
5) лифтiмен қызмет көрсету бойынша - жыл бойы тәуліктiк немесе шарттың негізiнде лифтінi қауiпсiз пайдалануға;
6) қоқыс шығару жөнiнде - санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға жауап беретiндей қоқыстың толықтай шығарылуына сәйкес келуi тиiс.
7. Коммуналдық мақсаттағы негiзгi қорлардың қуатын, құрамын, төзiмдiлiгiн, климаттық және басқа да жергiлiктi жағдайлары ескерiле отырып қызмет көрсетудің режимi мен тұтынудың кепiлдi деңгейi Шартпен белгiленедi.
8. Қызмет көрсетудің режимiнен мүмкiн болуы ауытқулар мiндеттi түрде Шарт қарастырылуы тиiс.
3. Тараптардың жауапкершiлiгi
9. Үйге ортақ энергия желiлерiн, сондай-ақ есептеу құралдарын техникалық жағдайда ұстау және олардың қауiпсiздiгін қамтамасыз ету энергиямен жабдықтаушы ұйымның мiндетi болып табылады және кондоминиум объектілерін басқару органымен немесе Тұтынушының өкiлеттi тұлғасымен жасалған жекелеген шарт негізiнде жүзеге асырылады.
Энергиямен жабдықтаушы ұйым қызмет көрсетудi өз алдына жеке және (немесе) энергия берушi немесе осындай қызмет түрiне лицензиясы бар мамандандырылған ұйыммен жасалған шарт бойынша жүргiзе алады. Мамандандырылған ұйымдарды тарту тендерлiк негiзде жүргiзiледi.
Пәтерлердегi, жекелеген үйлердегi, үй-жай маңайындағы учаскелердегі, гараждардағы және сол сияқты жерлердегi құбырлардың, энергия өткiзгіштердiң, энергия жабдықтарының техникалық жағдайы мен пайдаланылуы үшiн, сондай-ақ энергияны пайдалану кезiндегi техника қауiпсiздiгi үшiн жауапкершiлiк Тұтынушыға жүктеледi.
10. Есептеу құралдарын қондыру мiндеттемелерi энергия берушi ұйыммен алынады және орнатылады.
Есепке алудың есептеу құралдарын қондыруды қаржыландыру энергия берушi ұйымның жеке немесе қарызға алған қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Тұтынушы энергия берушi ұйымның сатып алынған және қондырылған есептеу құралы үшiн кеткен шығынын энергиямен жабдықтауға жасалған шарт бойынша энергияға белгiленген тариф арқылы өтейді.
11. Тұтынушы жеке есептеу құралдарын өз бетiмен сатып алуға және орнатуға құқылы. Мұндай тұтынушылар үшiн энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың шығындарын тариф арқылы өтеу шартқа сәйкес есептеу құралдарын орнату үшiн ғана жүргізіледі.
12. Есептеу құралдары баспалдақтағы торларға, үйлердiң дәлiздерi мен жекеленген пәтерлерге орнатылады.
Есептеу құралдарына өту еркін болуы тиiс.
13. Тұтынушы өзiнiң пәтерiнде немесе жеке үйiнде орнатылған есептеу құралдарының сақталуына және бүтiндiгiне жауап бередi. Баспалдақтағы жайларда тұтынушылардың (пәтер иелерiнiң) есептеу құралдарын орнату кезiндегi олардың сақталуы мен бүтiндiгi үшiн қарамағына сол үй кiретiн кондоминиум объектілерін басқару органы жауапкершiлiк арқалайды.
14. Тұтынушылардың (пәтер иелерiнiң) баспалдақ жайларында орнатылған есептеу құралдарын белгiсiз бiреулер ұрлап немесе сындырып кеткен жағдайда Тұтынушы немесе сол үй кiретін кондоминиум объектілерін басқару органы егер де тараптардың келiсiмiнде басқаша көзделмесе, бiр ай мерзiм iшiнде қалпына келтiруi тиiс. Есепке алу құралы қалпына келтiрiлгенге дейiн Тұтынушы (пәтер иесi) оны энергия желiсiне қосуды талап етуге құқылы. Мұндай уақытша қосу үшiн ақы алынбайды.
15. Тараптардың пайдалану жауапкершiлiгiн бөлу шекарасы желiлердiң тиiстi түрi үшiн былайша айқындалады:
1) жылу - басқару торабының соңғы ысырмасының бөлу фланцы бойынша;
2) ыстық сумен жабдықтау - ыстық сумен жабдықтау жүйесiнiң соңғы ысырмасының бөлу фланцы бойынша;
3) суық сумен жабдықтау - басқару торабының соңғы ысырмасының бөлу фланцы бойынша;
4) су бұру - тұтынушы қосылатын жердегi құдық көшедегi су бұру желiсінің шекарасы, ал ауладағы су бұру желісінің шекарасы - ғимараттан желiге қосылатын құдық болып табылады;
5) электр энергиясы - ғимаратқа кiретiн сым ұшында.
16. Шарт бойынша мiндеттемелер орындалмаса немесе орындалуы ойдағыдай болмай шықса, Қызмет берушi мен Тұтынушы Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнің талаптарына сәйкес келтiрiлген нақты зардаптың орнын толтыруы тиiс.
17. Энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушының алдында энергия жеткiзушi параметрлерiнiң төмендеуі және форс-мажорлық жағдайлардан (стихиялық құбылыстар, әскери iс-қимылдар және т.с.с.) туындайтын энергияның жетiспеушiлiгi үшiн Тұтынушы алдында материалдық жауапкершiлiкте болмайды.
4. Қызмет ақысын төлеу тәртiбi
18. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуге жататын қызметтер ақысын төлеу белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган бекiткен тарифтер бойынша жүргізiледi.
19. Тұтынушы төлемдi есептiк айдан 25 жұлдызынан кешiктiрмей немесе Тұтынушы мен Қызмет көрсетушi арасындағы келiсiм бойынша Шартта ескерiлген мерзiмде жасауы тиiс.
20. Төлем мерзiмiн өткiзiп алған жағдайда Тұтынушы шартпен белгiленген айыппұлды төлейдi.
21. Егер Тұтынушы пайдаланылған энергияға төлем жасамағаны үшiн белгiленген тәртiппен ағытылған болса, онда оны қайта қосу борыш өтелгеннен кейін жүргiзiледi. Бiрнеше рет ағыту кезiнде оны қосу борышты өтегеннен және қосқаны үшiн төлем жасағаннан кейiн жүргiзiледi, қызмет көрсетудiң осы түрi бойынша тарифi белгiленген тәртiппен аумақтық монополияға қарсы органдармен келiсiледi.
22. Жұмсалған энергия үшiн есеп айырысу есептеу құралдарының көрсеткiшi негiзiнде энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жазып берген есеп бойынша жүргiзiледi.
23. Есеп жүргiзу құралдарының көрсеткiшiн алу мен энергия үшiн есептеулердi жазуды пәтерлерге бару кезiнде қызметтiк куәлiктерiн көрсетуге мiндеттi энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өкiлдерi жүргiзедi.
Есеп Тұтынушыға, ал ол болмай қалған жағдайда онымен бiр пәтерде тұратын Тұтынушы отбасының кәмелеттiк жасқа толған мүшесiне тапсырылады.
Екi есептiк кезең iшiнде Тұтынушының кiнәсiнен пәтердегi немесе жеке үйдегi есептеу құралдарының көрсеткiштерiн алу мүмкiн болмаған кезде, Тұтынушының өзi энергиямен жабдықтаушы ұйымға өзiнiң жұмсаған энергиясының саны туралы мәлiмет бермесе, энергиямен жабдықтаушы ұйым белгiленген тәртiппен оның берiлуiн тоқтатуға құқылы.
24. Тараптардың келiсуi бойынша есептеу құралдарынан көрсеткiштi алу мен төлем құжаттарын толтыру кезiнде Тұтынушыға өзiне өзi қызмет көрсетуiне жол берiледi. Бұл кезде төлем құжатын жазуды және төлеудi Тұтынушының өзi жүргiзедi. Төлем құжаттарын жазу және төлеу кезiнде Тұтынушының жiберген қателерi талаптардың ескiру мерзiмi шегiнде олардың анықталу шамасына қарай энергиямен жабдықтаушы ұйымда есепке алынады.
25. Абоненттiң кiнәсi бойынша болмаған есептiң уақытша бұзылуы кезiнде электр энергиясы үшiн есеп айырысу егер шартта электр энергиясының аз саны көрсетiлмесе, алдыңғы есептiк кезеңнiң орта тәулiктiк шығысы бойынша жүргiзiледi.
Электр энергиясының орта тәулiктiк есептiк кезеңi бiр айдан аспауы тиiс, бұл кезде есеп айырысу есебi толық көлемде қалпына келтiрiлуi керек.
Егер есеп айырысу есебiн көрсетiлген мерзiмде қалпына келтiру мүмкiн болмаса, абонентке жіберілген электр энергиясына есеп айырысу және есепті қалпына келтiру мерзімі абоненттің және энергиямен жабдықтаушы ұйымның келiсiмiмен белгiленуi тиiс.
26. Тұтынушының есептеу құралының сызбасына өзгерiс енгiзгенi, оның бүлiнгенi, пломбасының жұлынуы, дискiнiң жасанды тоқтатылуы және басқа бұзылушылықтар ашылған кезде немесе егер Тұтынушы энергияны қымқыру мақсатында жасырын сым өткiзгенiн немесе есептеу құралының көрсеткiшiн бұрмалайтын тетiк орнатқанын энергиямен жабдықтаушы органның өкiлдерi бұрынғы баруларында табуға мүмкiн болмаған жағдайда Тұтынушыға энергиямен жабдықтаушы ұйым белгiленген тәртiппен соңғы тексеру өткiзiлген сәттен бастап, алайда энергияны пайдаланғаны үшiн талаптың ескiру мерзiмiнен аспайтын қайта есептеудi жүргiзедi.
Қайта есептеу:
1) жарықтандырғыш ток қабылдағыштардың қуаты және олардың пайдалану сағаттарының саны бойынша;
2) Тұтынушыда штепсельдi розеткалар болған жағдайда (олардың санына қарамастан) - бiр розетканың 600 Вт қуаттың тәулiгiне 24 сағат пайдалануы есебiнен, ал 600 Вт қуаттан артық жылыту құралдары немесе басқа электр жабдықтары табылған жағдайда - Тұтынушының пайдалануындағы жабдықтың оның нақты қуатының тәулiгiне 24 сағат пайдалануы есебiнен жүргiзiледi.
27. Өтінiш берiлген және растайтын құжатты (емдеу мекемесiнен, жұмыс орнынан анықтама, санаторий жолдамасының түбiршегi, уақытша тұрған жерi бойынша тiркеулi туралы анықтама, қонақ үйде тұрғаны үшiн төлемi туралы түбiршек, және т.б.) ұсынған кезде пәтерде тұратын адамдардың (бiреуiнiң немесе бiрнешеуiнiң) уақытша кетуi, есептеу құралдары жоқ жағдайда бiр адамға есептелiнген қызмет көрсетулер үшiн ақы төлеу олардың болмаған уақытына жүргізiлмейдi.
Төлемдi қайта есептеуге әкелiп соққан барлық өзгерiстер Тұтынушының энергиямен жабдықтаушы ұйымға өтiнiш берген сәтiнен бастап жүзеге асырылады.
28. Есептеу құралдары уақытша болмаған жағдайда бiр адамға есептелiнетiн қызмет көрсетулер үшiн төлемдер тұрушылардың нақты саны бойынша алынады.
29. Кондоминиум объектілерiн басқару органдары жалпы үйлерін мұқтаждарына жұмсалатын энергия үшiн белгіленген тәртiппен бекiтiлген тариф бойынша, пайдалану жауапкершiлiгі шекарасында орнатылған есептеу құралдары бойынша есеп айырысады.
30. Есептеу құралдарын тараптардың пайдалану жауапкершiлiктерiнiң бөлiну шекарасынан тыс жерде орнатылуы кезiнде, бөлiну шекарасынан бастап есептеу құралдарын орнату орындарына дейiн желi учаскесiндегі шығындар көрсетiлген желi учаскесi баланста тұрған иесiне шарт негiзiнде жатқызылады.
31. Лифтiнi пайдаланғаны үшiн төлем 1-шi және 2-шi қабаттағы тұрғындардан басқаларының бәрiнен алынады.
32. Жылумен қамтамасыз еткенi үшiн төлем Қызмет көрсетушiнің Тұтынушымен келiсiмі бойынша жыл iшiнде бiрқалыпты не осы қызмет түрiн ұсыну кезеңiнде жүргiзiледi және Шартпен анықталады.
33. Қызмет көрсетушi мен Тұтынушы арасындағы төленбеген қарыздарға байланысты барлық даулы мәселелер сотта шешiледi.
5. Келіспеушіліктерді шешу тәртібі
34. Қызмет көрсетушінің диспетчерлік қызмет журналында кейін қажетті (тиісті) сапамен қызмет көрсетуді қалпына келтіру уақыты (күні, сағаты) көрсетіліп, қызмет көрсетулердің тоқтатылған уақыты, сондай-ақ олардың сапасының нормативтік-техникалық құжаттамалар талаптарына сәйкес келмеуінің уақыты (күні, сағаты) көрсетіліп белгіленуі тиіс.
35. Қызмет көрсетілмеген, қызмет көрсету тиісті сапада немесе толық көлемде болмаған жағдайда Тұтынушы бұл туралы Қызмет көрсетушіге Тұтынушының өзі (арызбен) немесе телефонограммамен міндетті түрде оның берілу уақытын, күнін және берген және оны қабылдаған адамның тегін көрсету арқылы хабардар етуі тиіс. Телефонограммада: қызмет көрсетудің нашарлауының (болмауының) басталу уақыты, нашарлау сипаты және Қызмет көрсетуші өкілінің болу қажеттігі (егер қызмет көрсетудің нашарлауы немесе оның тоқтатылуы Қызмет көрсетушінің журналында тіркелмесе) көрсетіледі.
Тұтынушының өзі келген жағдайда өтініш көшірмесі болуы тиіс, онда оның келіп түскендігі тіркеу сәтінде тіркеу нөмірі, өтініштің берілген күні және уақыты, оны қабылдаған Қызмет көрсетуші өкілінің қолы қойылады.
Қызмет көрсетуші журналдағы қызмет көрсету сапасының өтініште (телефонограммада) көрсетілген нормадан ауытқу (үзілісі) белгілерін салыстырады және келіспеушілік болмаған жағдайда оның нақты тұтынуына сәйкес қызмет көрсетудің құнына қайта есептеуді орындайды.
36. Қызмет көрсетуші қызмет көрсетпегені немесе төмен сапалы қызмет көрсеткені туралы фактіні растаудан бас тартқан жағдайда Тұтынушы:
1) қызмет көрсетуден бас тартуының (ағытып тастау) немесе оның сапасыз жеткізілуінің басталу уақыты;
2) қызмет көрсету сапасының нашарлау сипаты;
3) өтініштің берілу уақыты мен тіркеу нөмірі (Қызмет көрсетушінің журналы бойынша);
4) қызмет көрсетудің қалпына келтірілген (оның сапасының қалыпқа келуі) уақыты;
5) қызмет көрсетудің (сапасы нашарлауының) болмау кезеңін көрсете отырып жазбаша өтініш жазуға құқылы.
Актіге Тұтынушы, кондоминиум объектілерін басқару органдарының уәкілетті мүшесі немесе тұлғасы, қызмет көрсетуші ұйымның не тәуелсіз екі куәгер қол қояды және Қызмет көрсетушіге жіберіледі. Тараптардың келісімі бойынша даулар реттелмеген жағдайда Тұтынушы 10-күндік мерзім ішінде сотқа талап арыз түсіреді.
37. Қызмет көрсетулер кезінде Тұтынушының жіберген бұзушылықтары Қызмет көрсетуші мен Тұтынушы уәкілдерінің екі жақты актісімен екі данада ресімделіп, оның біреуі Тұтынушыға тапсырылады.
Акті Тұтынушы қол қоюдан бас тартқан жағдайда да, бірақ оны Қызмет көрсетушінің комиссиясы немесе құрамында кем дегенде үш адамы бар кондоминиум объектілерін басқару органдары ресімдеген жағдайда, күші бар деп есептелінеді.
38. Акті негізінде Қызмет көрсетуші есептелінбеген энергияның санын анықтайды және Тұтынушыға қосымша төлем сомасы негізімен сотқа дейінгі талапты жібереді.
Тараптардың келісімі бойынша даулар реттелмеген жағдайда Қызмет көрсетуші 10 күндік мерзім ішінде Тұтынушыдан берілген соманы мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алу туралы сотқа талап арыз береді және белгіленген тәртіппен шарттың орындалуын тоқтата тұруға құқылы.
6. Осы Ереженің орындалуын бақылау құқығы
39. Осы Ереженің орындалуын бақылауды осыған уәкілетті органдар өз құзыреттерінің шегінде жүзеге асырады.