Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қорғаныс министрінің 05.06.2017 № 265 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 4-тармағының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидалары 50-тармағының талаптарына сәйкес офицерлер құрамының лауазымдарын сапалы жасақтауды қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің қызметте өсуін ынталандыру және офицерлер корпусының мәртебесі мен беделін арттыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін немесе азаматтық персонал адамдарын тиісті құрамның лауазымдарына тағайындау (оның ішінде уақытша) қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің бастығы:
1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдасын;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялауға мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жолдасын;
3) ресми жарияланғаннан кейін бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастырсын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынсын.
3. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.
4. Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Қорғаныс министрі | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 17 мамырдағы № 242 бұйрығымен бекітілген |
Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның
әскери міндеттілерін немесе азаматтық персонал адамдарын тиісті
құрамның лауазымдарына тағайындау (оның ішінде уақытша)
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) тиісті құрамның әскери лауазымдарын төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерімен, тиісті құрамның әскери міндеттілерімен немесе азаматтық персонал адамдарымен жасақтау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
тиісті құрамның лауазымдары – офицерлер құрамының лауазымдары;
тиісті құрамның әскери қызметшілері – офицерлер құрамының әскери қызметшілері;
төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері – сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамдарының әскери қызметшілері;
тиісті құрамның әскери міндеттілері – запастағы офицерлер;
азаматтық персонал – Қарулы Күштерде мемлекеттік қызметте болатын немесе еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары.
2. Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін тиісті құрамның
лауазымдарына тағайындау тәртібі
3. Офицерлер құрамының әскери лауазымдарына тиісті құрамның әскери қызметшілерін тағайындау мүмкін болмаған кезде оларға әскери қызмет өткеретін және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде кемінде 5 жыл үздіксіз еңбек сіңірген, жоғары білімі және тиісті әскери мамандықтың бейініне жақын мамандығы бар төмен тұрған құрамның келісімшарт бойынша әскери қызметшілері тек "аға лейтенант" – "капитан" штаттық-лауазымдық санатындағы бос лауазымдарға тағайындалады. "Капитан" штаттық-лауазымдық санатындағы лауазымдарға тағайындау кезінде олардың бағынысында офицерлер болмайтын шарт сақталады.
4. Мамандықтар бойынша офицерлер құрамының лауазымдарына төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін тағайындау әскери оқу орындарын бітірушілерді бөлгеннен кейін жылына бір рет (тамыз – қыркүйек айында) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен жүргізіледі.
5. Офицерлермен жасақталуы тиіс лауазымдарға тағайындауға ұсынылған төмен тұрған құрамның келісімшарт бойынша әскери қызметшілері лауазымдарға тағайындалар алдында әскери қызметке жарамдылығы мәніне медициналық тексеруден өтеді, әскери оқу орнының не оқу орталығының жанында мынадай пәндер бойынша сынақтар мен тестілеу тапсырады:
1) тактикалық даярлық;
2) арнайы даярлық;
3) атыс дайындығы;
4) саптық даярлық;
5) жалпыәскери жарғылар;
6) дене дайындығы.
Одан басқа, әскери қызметшілер психологиялық тестілеу тапсырады.
6. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қажеттілігіне сүйене отырып, жылына бір рет Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне офицерлер құрамының лауазымдарына тағайындауға ұсынылған төмен тұрған құрам әскери қызметшілерінің сынақтар мен тестілеу тапсыруы жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы құқықтық актінің жобасын ұсынады.
Сынақтар қабылдауды және тестілеуді мыналар ұйымдастырады және өткізеді:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Жауынгерлік даярлық департаменті – тактикалық, арнайы, атыс, саптық даярлық және жалпыәскери жарғылар;
2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті – психологиялық тестілеу;
3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы – дене дайындығы;
4) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасы – медициналық тексеру.
Сынақтар қабылдау мен тестілеу жөніндегі комиссияның төрағасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасарлары қатарынан тағайындалады.
Сынақтар тапсыру және тестілеу қорытындылары бойынша бағалау ведомостарын, психологиялық тестілеу нәтижелерін қоса берумен хаттама жасалады, ол он күн мерзімде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаментіне жолданады.
Барлық сынақтар мен тестілерді табысты тапсырған әскери қызметшілер белгіленген тәртіппен офицерлер құрамының лауазымдарына тағайындалады.
7. Офицерлер құрамының лауазымдарына тағайындауға (оның ішінде уақытша) мыналар:
1) емдік дене шынықтыру (ЕДШ) тобындағы немесе медициналық комиссиялардың қорытындысы бойынша "әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды" деп танылған әскери қызметшілер;
2) оларға дене жүктемелері бойынша шектеулер ұсынылған медициналық тексеру қорытындысының нәтижелері бойынша жүкті болу дәйегі белгіленген кезде төмен тұрған құрамның келісімшарт бойынша әскери қызметші әйелдері, сондай-ақ азаматтық әйел персонал ұсыныла алмайды және тағайындалмайды.
8. Офицерлер лауазымдарына тағайындау кезінде әскери қызметшілерді тағайындауға ұсынған әскери бөлім (мекеме) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаментіне Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес құжаттар тізбесін жолдайды.
3. Тиісті құрамның әскери міндеттілерін, төмен тұрған құрамның
әскери қызметшілерін немесе азаматтық персонал адамдарын тиісті
құрамның лауазымдарына уақытша тағайындау тәртібі
9. Офицерлер құрамының бос әскери лауазымдары болған жағдайда және оларға әскери қызметшілер тағайындалғанға дейін оларға Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде кемінде 3 жыл үздіксіз еңбек сіңірген, жоғары білімі және тиісті әскери мамандықтың бейініне жақын мамандығы бар тиісті құрамның әскери міндеттілері, төмен тұрған құрамның келісімшарт бойынша әскери қызметшілері, сондай-ақ жоғары білімі мен тиісті әскери мамандықтың бейініне жақын мамандығы және мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі бар азаматтық персонал адамдары уақытша тағайындалады.
10. Офицерлер құрамының әскери лауазымдарына тиісті құрамның әскери міндеттілерін, төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, азаматтық персонал адамдарын уақытша тағайындау әскери бөлімдер мен мекемелер командирлерінің (бастықтарының) бұйрықтарымен жүргізіледі.
11. Офицерлер құрамының әскери лауазымдарына төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін уақытша тағайындау тікелей бастығының баянаты бойынша, ал тиісті құрамның әскери міндеттілерін және азаматтық персонал адамдарын тағайындау олар әскери бөлімнің (мекеменің) кадр органына Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес құжаттар тізбесін ұсынғаннан кейін жүргізіледі.
Уақытша тағайындау кезінде мынадай шарттар сақталады:
1) тиісті құрам әскери міндеттілерінің бағынысында олардан әскери атағы бойынша үлкен адамдар болмауы тиіс;
2) төмен тұрған құрам әскери қызметшілерінің бағынысында офицерлер болмауы тиіс;
3) азаматтық персоналдың бағынысында әскери қызметшілер болмауы тиіс.
Олар бала күтімі бойынша демалыста болу кезеңінде офицерлер құрамының бос емес лауазымдарына жоғары білімі мен тиісті әскери мамандықтың бейініне жақын мамандығы және жұмыс тәжірибесі бар запастағы әскери міндеттілерді уақытша тағайындауға рұқсат етіледі.
12. Тиісті құрамның лауазымына әскери қызметші тағайындалған жағдайда осы лауазымға уақытша тағайындалған төмен тұрған құрамның әскери қызметшісі ол бұрын атқарған лауазымнан төмен емес лауазымға тағайындалады.
Тиісті құрамның лауазымдарына төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін немесе азаматтық персонал адамдарын тағайындау (оның ішінде уақытша) қағидаларына 1-қосымша |
Офицерлер лауазымдарына тағайындау үшін ұсынылатын сарбаздар
(матростар) және сержанттар (старшиналар) құрамының келісімшарт
бойынша әскери қызметшілеріне құжаттар тізбесі
Офицерлер лауазымдарына тағайындау үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
1) мемлекеттік және орыс тілдеріндегі белгіленген үлгідегі ұсыным (келісімшарт, рұқсатнама және жаңа лауазым бойынша қандай көзделгенін көрсете отырып);
2) қызметтік мінездеме;
3) нотариат куәландырған қосымшасымен дипломның көшірмесі;
4) жоғары оқу орнынан архивтік анықтамасы;
5) әскери бөлім (мекеме) куәландырған қызметтік карточканың көшірмесі;
6) әскери-дәрігерлік комиссияның медициналық куәландыру туралы анықтамасы;
7) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен әкімшілік құқық бұзушылықтарының жоқ екені туралы анықтама;
8) жергілікті әскери полиция бөлімінің жоғары лауазымға тағайындау үшін қайшы келетін мәліметтердің жоқ екені туралы анықтамасы.
Тиісті құрамның лауазымдарына төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін немесе азаматтық персонал адамдарын тағайындау (оның ішінде уақытша) қағидаларына 1-қосымша |
Офицерлер лауазымдарына уақытша тағайындалатын тиісті құрамның
әскери міндеттілеріне және азаматтық персоналға құжаттар
тізбесі
Офицерлер лауазымдарына тағайындау үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
1) ұсыным;
2) тиісті командирдің (бастықтың) қолдаухаты немесе баянаты;
3) еңбек шарты;
4) Қазақстан Республикасы азаматы жеке куәлігінің көшірмесі;
5) нотариат куәландырған қосымшасымен дипломның көшірмесі;
6) жоғары оқу орнынан архивтік анықтамасы;
7) нотариат куәландырған еңбек кітапшасының көшірмесі (еңбек өтілі болған жағдайда);
8) табысы туралы декларацияны тапсырғаны туралы анықтама;
9) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен әкімшілік құқық бұзушылықтарының жоқ екені туралы анықтама;
10) медициналық куәландырудан өткені туралы құжат.