Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Алға аудандық мәслихатының 17.06.2020 № 391 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
"Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы Заңының 10-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 15) тармақшасына сәйкес, Алға аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Алға ауданында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібі қосымша реттелсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихаттың сессия төрағасы |
Қ. Нұрғалиев |
Аудандық мәслихаттың хатшысы | Б. Жұмабаев |
Алға аудандық мәслихатының 2016 жылғы 12 сәуірдегі № 15 шешіміне қосымша |
Алға ауданында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қосымша тәртібі
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Алға аудандық мәслихатының 15.05.2019 № 268 шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар, сондай-ақ оларға қатысушылардың сөз сөйлеуі өтініште көрсетілген мақсатқа сәйкес, белгіленген мерзімде және келісілген жерде өткізіледі.
2. Митингілер және жиналыстар өткізілетін орын:
Жеңіс көшесі бойында орналасқан, Алға қалалық саябағының алаңы.
3. Шерулер мен демонстрациялар мына маршрут бойынша өтеді:
Жәдігер көшесінің "Мәңгілік алау" алаңынан бастап, Мәдениет үйіне, содан оңға бұрылып, Жеңіс көшесіндегі Алға қалалық саябағындағы орналасқан алаңға дейін.
4. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді, демонстрацияларды өткізу кезінде уәкілдер, (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтайды.
5. Шараларды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың:
1) көліктің және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасауына;
2) елді-мекеннің инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруіне;
3) ауданның жергілікті атқарушы органының келісімінсіз киіз үйлер, шатырлар, өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;
4) шараны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші мемлекеттік органдар өкілдерінің қызметіне кез келген нысанда араласуына;
5) жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтіруіне;
6) өзімен бірге суық қаруды, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық залал келтіруіне үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы жасалған немесе бейімделген заттарды алып жүруіне;
7) егер жиналысты, митингіні, шеруді, пикет қоюды немесе демонстрацияны өткізудің мақсаты, нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік араздықты, діни төзімсіздікті, тектiк астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік актілердің басқа ережелерін бұзу болса, немесе оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса;
8) алкогольдік немесе есірткімен масаю жағдайында қатысуға жол берілмейді.
6. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізілетін жерлерде алкогольдік ішімдіктер ішуге, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың үйлестіктерін, прекурсорларды пайдалануға, қоғамдық тәртіпті бұзуға, қоғамға қарсы мінез-құлыққа және басқа құқық бұзушылыққа шақыратын транспаранттар, ұрандар басқа да материалдар пайдалануға (визуалды, аудио/видео), сондай-ақ көпшілік алдындағы сөздерге жол берілмейді.
7. Пикеттер өтініште көрсетілген мақсаттарға сәйкес өткізіледі.
8. Пикет өткізу кезінде:
1) пикет өткізу объектісінің жанында тұруға, отыруға;
2) көрнекі үгіт құралдарын пайдалануға;
3) пикеттің тақырыбы бойынша сөздер, қысқа ұрандар айтуға жол беріледі.
9. Пикетті өзге түрде жалғастыру үшін (митинг/жиналыс/шеру) белгіленген тәртіппен ауданның жергілікті атқарушы органының рұқсатын алу қажет.
10. Егер: өтiнiш берiлмеген болса, тыйым салу туралы шешiм шығарылса, өткiзу кезiнде көзделген тәртiп бұзылған жағдайда, сондай-ақ азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнетiн, қоғамдық тәртiп бұзылатын жағдайда жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ауданның жергілікті атқарушы органы өкiлiнiң талап етуi бойынша тоқтатылады.
11. Ауданның жергілікті атқарушы органы өкілінің талабын орындаудан бас тартылған жағдайда оның нұсқауы бойынша ішкі істер органдары тарапынан жиналысты, митингіні, шеруді, пикетті және демонстрацияны тоқтату бойынша қажетті шаралар қабылданады.