Қордай ауданының елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облыстық мәслихатының 2017 жылғы 3 сәуірдегі № 10-11 шешімі. Жамбыл облысы Әділет департаментінде 2017 жылғы 11 мамырда № 3429 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 52-7 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы мәслихатының 11.12.2020 № 52-7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2 тармағына және "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңына сәйкес Жамбыл облыстық маслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Қордай ауданының елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау Қағидасы бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Жамбыл облыстық маслихаттың агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Облыстық мәслихаттың Облыстық мәслихаттың
      сессия төрағасы хатшысы
      Б. Сауранбаев Б. Қарашолақов

      Жамбыл облыстық мәслихатының 2017 жылғы 3 сәуірдегі "Қордай ауданының елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау Қағидаларын бекіту туралы" №10-11 шешіміне келісім парағы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Ауыл

      шаруашылығы министрлігі

      Ветеринариялық бақылау және

      қадағалау комитетінің Жамбыл

      облыстық аумақтық инспекциясының

      басшысы

      С.Н.Солтанбеков

      2017 жыл

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Ұлттық

      экономика министрлігі Тұтынушылардың

      құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл

      облысы тұтынушылардың құқықтарын

      қорғау департаменті басшысының орынбасары

      Г.Қ.Мырзабекова

      2017 жыл

  Жамбыл облыстық мәслихатының
2017 жылғы "03" сәуірдегі
№ 10-11 шешімімен бекітілген

Қордай ауданының елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау Қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Қордай ауданының елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау Қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі-Кодекс), "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы және "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес (бұдан әрі - Заң), аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адамдар мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау мақсатында әзірленді. Қағидалар жануарларды асырау, өсіру және ауыл шаруашылығы жануарларын жаю тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай түсініктер қолданылады:

      1) жануарлар – фаунаға жататын биологиялық объектілер: ауыл шаруашылығы, үй және жабайы жануарлар;

      2) ветеринариялық іс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;

      3) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;

      4) ветеринариялық құжаттар – уәкілетті орган бекіткен тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары беретін ветеринариялық сертификат; мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер беретін ветеринариялық-санитариялық қорытынды; тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы эпизоотиялық ахуал туралы, жануарға, жануарлардан алынатын өнімге және шикізатқа жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы, сондай-ақ жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімнің және шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін айқындау жөнінде өндірістік бақылау бөлімшесінің аттестатталған ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық анықтама;

      5) ветеринариялық паспорт – уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануарлардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы көрсетіледі;

      6) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар - мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық) талаптарды белгілейтін, сондай-ақ ветеринариялық нормативтердің негізінде ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайтын, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылатын нормативтік құқықтық акт;

      7) ветеринариялық-санитариялық сараптама – жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешенi арқылы айқындау;

      8) дезинфекция-инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;

      9) дезинсекция - жәндіктер мен басқа да буынаяқтыларды жою жөніндегі іс-шаралар кешені;

      10) дератизация – кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар кешені;

      11) ветеринария саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ветеринария саласындағы басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттігі шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2. Жануарларды тіркеу тәртібі

      3. Жануарларды тіркеу бірдейлендіру жолымен адам мен жануарларға ортақ қауіпті жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу, адамдарды

      жануардың жарақаттауы немесе басқалай залалын болдырмау, жоғалып кеткен жануарларды іздестіру және жануарлардың санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады.

      4. Меншік түріне және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан, жеке және заңды тұлғаларға тиесілі барлық ауыл шаруашылығы, үй, жабайы, иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін жыртқыш және улы жануарлар ауылдар мен ауылдық округтердің әкімі аппараттарында міндетті есепке алуға және тіркеуге жатады.

      5. Жануарларды тіркеу және қайта тіркеу кезінде олардың иелері келесі мәліметтерді тапсырады: иесінің жеке басын куәландыратын құжат, мекен-жайы туралы мәлімет, байланыс телефонының нөмірі, жануардың түрі және тұқымы, жынысы, аты, туған жылы, түсі, ерекше белгілері немесе сипаттамасы.

      6. Әрбір тіркелген жануарға сәйкестендіру нөмірі мен жануардың бүкіл өмір бойына жарамды ветеринариялық паспорт беріледі. Жануарлардың

      сәйкестік нөмірін беру құлақ сырғаларын салу, микрочиптеу немесе таңбалау арқылы іске асырылады.

      7. Тіркеу кезінде жануарлардың иесі осы Қағидамен танысуы міндетті. Танысу дерегі жануар иесінің тіркеу кітабындағы қолымен расталады.

      8. Сатып алғанда немесе иесі мекен-жайын ауыстырғанда жануарлар иесінің жаңа мекен-жайы бойынша екі апта мерзім ішінде тіркеледі.

      9. Жануар мерт болған және ауыл шаруашылығы жануары сойылған жағдайда ветеринариялық паспорты мен сәйкестендіру нөмірі бұрын сол жануар тіркелген органға немесе мекемеге тапсырылады.

      10. Тіркеу органына жануардың қолдан кетуі (сату, жоғалу, сойылу, мерт болуы, басқа тұлғаға беру) туралы оны есептен шығару немесе қайта тіркеу үшін екі апта мерзімінде хабарланады.

3. Жануарларды сатып алу, сату және тасымалдау

      11. Белгіленбеген орындарда және ветеринариялық құжаттарынсыз жануарларды сатуға тыйым салынады.

      12. Жануарларды аудан аумағынан тыс жерге тасымалдау аудандық жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар берген ветеринариялық паспорты мен ветеринариялық өңдеулер жүргізілгендігі туралы белгісі бар белгіленген үлгідегі ветеринариялық анықтамасы болған жағдайда жүзеге асырылады.

      13. Ауданның аумағына шет мемлекеттерден жануарларды алып келу, алып кету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринария саласындағы уәкілетті органның рұқсаты болғанда жүзеге асырылады.

4. Жануарларды асырау тәртібі

      14. Ауыл шаруашылығы жануарларын тұрғын үйлерден, пәтерлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, саябақтардан, хайуанаттар бақатарынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру, сауда, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарынан, көпшілік демалыс орындарынан, балаларды сауықтыру лагерлерінен, демалыс үйлерінен, шипажайлардан, жасанды су қоймаларынан, артезиан құдықтарынан және өзен жағалауы мен оның салаларынан қашықтықта орналасқан арнайы жабдықталған (жабық) орындарда, "Өндірістік объектілердің санитариялық-қорғаныш аймағын белгілеу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 237 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11124 болып тіркелген) ұсталуы керек.

      15. Ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтау барысында жеке аулаларда ауыл шаруашылығы жануарларын арнайы жабдықталған орындарда асырауға жол беріледі. 

      16. Санитарлық, су қорғау аймақтарында, көшелерде, алаңдарда, гүлзарларда, ауыл шаруашылық жерлерінде, басқа қоғамдық көпшілік пайдаланатын орындарда қараушысыз жүрген жануарлар, қараусыз жануарлар болып есептеледі және селоның, ауылдың, ауылдық округтің әкімімен белгіленген, уақытша асырау үшін арнайы жабдықталған орынға иесі анықталғанға дейін қамалуы тиіс. 

      17. Егер жануарлардың меншік иесінің тұрған жерi белгiсiз болса, жануарларды ұстап алған адам осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына және селоның, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне мәлiмдейді, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.

      18. Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде, жануарларды, оларды ұстап алған адамның өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдырылуы немесе арнайы жабдықталған орынға уақытша тапсыруға тиіс. 

      19. Егер ірі малды (мүйізді ірі қара, жылқы, түйе) ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы

      туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi. Бұл адам бағуында болған жануарларды меншiгiне алудан бас тартқан жағдайда олар коммуналдық меншiкке түседi.

      20. Жануарлар басқа адамның меншігіне көшкеннен кейін олардың бұрынғы меншік иесі келген ретте, ұстап алынған қараусыз жануарларды иесіне қайтару тәртібі және иелерінің жауапкершілігі Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің 246-бабымен анықталады.

      21. Ауданның, селоның және ауылдық округтердің тұрғын үй қорының пәтерлерінде (көп пәтерлі тұрғын үйлер) ауыл шаруашылығы және жабайы жануарларды асырауға жол берілмейді.

      22. Мектепке дейінгі мекемелердегі, мектептердегі және басқа ұйымдар мен мекемелердегі зоологиялық бұрыштарда жануарлар мен құстарды асырауға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша жол беріледі.

      23. Асыл тұқымды жануарларды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы, үй және жабайы жануарларды молықтырумен, өсірумен, көбейтумен, асыраумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар:

      1) ауыл шаруашылығы, үй және асыл тұқымды жануарларды уақытылы бірдейлендіруді;

      2) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы, үй және асыл тұқымды жануарларға уақтылы вакцина егуді және диагностикадан өткізуді;

      3) оның түріне, жасына және физиологиясына сәйкес жануарлардың денсаулығына, әл-ауқатына қамқорлықты және пайдалануды;

      4) айналадағы адамдардың және жануарлардың, сондай-ақ жануарлардың зиян келтіруінен мүліктің қауіпсіздігін;

      5) уақытша оқшаулауды және биостерилизациялауды қолдану жолымен жануарларда қажетсіз тұқымның пайда болуының алдын алу бойынша шаралар қолдануды;

      6) жануарлармен көлік жолдарының жанынан және одан өту кезінде олардың мінез-құлқын тікелей бақылау арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауды;

      7) санитариялық-гигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) нормалар мен қағидалардың талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді.

      24. Жануарлардың иелері:

      1) жануарлардың ауруларының алдын алуды және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ветеринария саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген,

      ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды сақтай отыра, ветеринариялық және әкімшілік-шаруашылық іс-шараларды жүзеге асыруы;

      2) хайуанаттар бақтарындағы, цирктердегі, омарталардағы, аквариумдардағы жануарларды қоса алғанда, жануарларды асырауды, өсiруді және пайдалануды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес жүзеге асыруы;

      3) қоршаған ортаның ластануына жол бермей, аумақты, мал шаруашылығы жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған ғимараттарды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстауы;

      4) асыраумен, өсірумен, пайдаланумен, өндірумен, дайындаумен (союмен), сақтаумен, өңдеу және өткізумен, сондай-ақ орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдаумен (орнын ауыстыруға) байланысты, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру кезінде ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды сақтауы;

      5) ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына:

      жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны мен өткізілгені туралы;

      өлген, бiрнеше жануарлар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауы және ауруға күдіктену кезінде жануарларды ветеринария саласындағы мамандар келгенге дейін оқшаулап асырауға шаралар қабылдауы;

      6) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді ветеринариялық тексеру үшiн мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларға, мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлерге кедергiсiз беруі; 

      7) мемлекеттік ветеринариялық – санитариялық инспекторлардың, мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлердің актілерін орындауы;

      8) союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей жануарларды өткiзу үшiн союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол бермеуі;

      9) жануарларды карантиндеуді жүргізуі қажет.

      25. Кеміргіштермен күрес бойынша алдын алу іс-шаралары кеміргіштердің жемшөп, тіршілік ету және көбею орындарына жетуіне кедергі келтіретін жағдайлар жасаудан тұрады.

      26. Жануарларды асырау қызметі процесінде пайда болатын биологиялық қалдықтар, "Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 16-07/307 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11003 болып тіркелген) жойылуға жатады.

      27. Санитариялық және су қорғау аймақтарының шекараларында ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау, өсіру және бағу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының шарттарына сәйкес белгіленеді.

5. Ауыл шаруашылығы жануарларын бағуды ұйымдастыру

      28. Жергілікті қоғамдастық жиынының хаттамасы негізінде село, ауыл, ауылдық округ әкімдері шешім шығарады және елді мекен жерлерінде жеке сектордың ауыл шаруашылығы малдарын бағуды ұйымдастырады. 

      29. Ауыл шаруашылығы пайдаланымындағы жерлерде малдарды бағу жүктемесі, "Жеке қосалқы шаруашылықтарда елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстау және ауыл шаруашылығы пайдаланымындағы елді мекенді жерлерде малдарды бағу жүктемесінің ветеринарлық нормативтерін бекіту" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2008 жылғы 24 қаңтардағы № 28 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5145 болып тіркелген) сәйкес қолданылады.

      30. Көшелерде, алаңдарда, гүлзарларда, темір жол және автомобиль жолдары иелігіндегі аймақтарда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, сондай-ақ басқа да ортақ қолданылатын жерлерде ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейді.

6. Қорытынды ережелер

      31. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін, жануардың иесі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады