РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3 т. қараңыз.
Қазақстан Республикасының 2008 жылдың 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 116-бабының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарының бухгалтерлік есепті жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдарын сертификаттау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаменті (А.Т. Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін оның қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 21 қыркүйектегі № 840 бұйрығымен бекітілген |
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарының бухгалтерлік есепті жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдарын сертификаттау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарының бухгалтерлік есепті жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдарын сертификаттау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 116-бабы 7-тармағына сәйкес әзiрлендi және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарының бухгалтерлік есепті жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдарын сертификаттау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган – бюджетті атқару, республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң есебi негiзiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) емтихан жұмысы – кандидат тапсырған емтиханның нәтижесі;
3) емтихан модулі (бұдан әрі – модуль) – осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген әрбір пән бойынша жауап нұсқалары бар тест сұрақтарынан және ахуалдық тапсырмалардан тұратын тапсырмалар көлемі;
4) кандидат – сертификат алуға үміткер республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органының бухгалтерлік есепті жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамы;
5) қадағалаушылар – емтихан өткізу тәртібінің сақталуын қадағалайтын мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, жоғары оқу орындары оқытушыларының тәуелсіз сыртқы өкілдері;
6) сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – СН) – білімді растаушы ұйым әрбір кандидатқа беретін жеке нөмірі;
7) сертификаттау – кандидаттардың білімін және кәсіби, іскерлік қасиеттері мен әлеуетті мүмкіндіктерінің объективтік сипаттамаларын растау арқылы кандидаттың сертификат алу мақсатында емтихандар тапсыру рәсімі;
8) ұйым – жарғылық қызметінде бухгалтерлік есеп бойынша біліктілікті арттыру көзделген және бухгалтерлік есеп бойынша біліктілікті арттыру саласында үш жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар ұйым.
2-тарау. Сертификаттауды өткізу тәртібі
3. Ұйым бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзірлеген және оның www.minfin.gov.kz интернет-ресурсында орналастырған оқу бағдарламалары бойынша оқыту жүргізеді.
4. Ұйым Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы заңнамасын ескере отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде модульдер әзірлейді және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келіседі.
Емтихан кандидаттардың таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде тапсырылады.
5. Кандидаттар мынадай пәндер бойынша емтихан тапсырады:
1) қоғамдық сектор үшін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті жасау;
2) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес квазимемлекеттік секторда бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті жасау.
6. Кандидаттар білімін растау үшін мынадай құжаттарды ұсынады:
1) пәндердің атауларын көрсете отырып, емтихандарға жіберу туралы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 35-тармағында көзделген құжаттар;
4) осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар.
7. Ұсынылған құжаттар пакеті осы Қағидалардың 6 белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда өтініш қабылданбайды.
8. Бухгалтерлік есеп және аудит саласында ұлттық және (немесе) халықаралық кәсіби біліктілікке ие кандидаттар сертификаттау пәндері бойынша жекелеген емтихандар тапсырудан мынадай тәртіппен босатылады:
1) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес Мемлекеттік аудиторды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия берген "Мемлекеттік аудитор" сертификаты және (немесе) Сertificate in International Public Sector Financial Reporting (Serf IPSER), The Chartered Institute of Public Finance & Accountancy (CIPFA) халықаралық сертификаттары бар кандидаттар "Қоғамдық сектор үшін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті жасау" пәні бойынша емтихандарды тапсырудан босатылады.
2) "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы Заңына сәйкес аккредиттелген ұйым берген "Кәсіби бухгалтер" сертификаты және (немесе) Заңға сәйкес Мемлекеттік аудиторды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия берген "Мемлекеттік аудитор" сертификаты және (немесе) "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 20 қарашадағы Заңына сәйкес аттестатталған Біліктілік комиссиясы берген "Аудитор" біліктілік куәлігі және (немесе) Diploma in the International Financial Reporting (DipIFR ACCA) халықаралық сертификаты бар кандидаттар "Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес квазимемлекеттік секторда бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті жасау" пәні бойынша емтихандар тапсырудан босатылады.
9. Емтихан өткізуге арналған үй-жай бейне тіркеу құралдарымен жарақтандырылады.
10. Емтихан комиссиясын ұйым әрбір пән бойынша тақ санда (кемінде үш адам) комиссия төрағасы сайланатын мамандар санынан қалыптастырады.
11. Ұйымның емтихан өткізуі кезінде байқаушылар қатысады.
12. Емтиханның ұзақтығы үш сағатты (180 минут) құрайды.
13. Емтихан тапсыру үшін жалпы жиынтық балл ("өту" балы) ықтимал жүз (100) балдан кемінде елу (50) балды құрайды.
14. Балдардың саны мен емтиханның ұзақтығы олардың күрделілігіне қарай тест сұрақтары және (немесе) ахуалдық тапсырмалар бойынша әрбір модуль бөлінісінде белгіленеді.
15. Емтихан жұмыстарына емтихан аяқталған соң СН беріледі, олар кейіннен емтихан комиссиясына жіберіледі.
16. Емтихан комиссиясы кандидаттардың емтихан жұмыстарын күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде тексеріп бағалайды және мынадай шешімдердің бірін шығарады:
кандидат тапсырған пән бойынша жинақталған "өту балына" қол жеткізсе, емтиханнан өтті (оң нәтиже);
кандидат тапсырған пән бойынша жинақталған "өту балына" қол жеткізе алмаса, емтиханнан өте алмады (теріс нәтиже).
Емтихан нәтижелері комиссия төрағасы мен оның барлық мүшелерінің қолы қойылып емтихан комиссиясының хаттамасымен ресімделеді.
Оң нәтиже алған кандидаттарға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарының бухгалтерлік есепті жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдардың оқығаны және емтиханнан өткені туралы сертификат беріледі.
17. Емтиханнан өте алмаған кандидаттар теріс нәтиже алған күннен бастап бір айдан кейін оны қайта тапсыра алады.
__________________________________
ұйымның атауы
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарының бухгалтерлік есепті жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдардың оқығаны және емтиханнан өткені туралы СЕРТИФИКАТ
№ _____
______________________________________________________________ берілді
(тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса))
Емтихан комиссиясының төрағасы ________ ____________________________
(қолы) (қолды таратып жазу)
Ұйымның басшысы _________________ ________________________________
(қолы) (қолды таратып жазу)
______ № _______________________
(күні) (сәйкестендіру нөмірі)
___________________
(қаланы көрсету)