Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн–өзi басқару туралы" Заңының 6 бабына және 39–3 бабының 3-1 тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" бұйрығына ( нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 тіркелген) сәйкес Алға аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Алға аудандық мәслихатының 10.11.2021 № 94 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).1. Қоса беріліп отырған Алға ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламенті бекітілсін.
2. Осы шешім халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округтер үшін оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға таралады, халық саны екі мың адам және одан аз ауыл, ауылдық округтер үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихат сессиясының төрайымы |
Л. Ю |
Аудандық мәслихаттың хатшысы |
Б. Жұмабаев |
Алға аудандық мәслихатының 2018 жылғы 6 маусымдағы № 176 шешімімен бекітілген |
Алға ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламенті
Ескерту. Регламент жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Алға аудандық мәслихатының 10.11.2021 № 94 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Алға ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1 тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 тіркелген) сәйкес әзірленді.
2. Осы Регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін–өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік–аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;
3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес тиісті әкімшілік–аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округ қызметінің мәселелері;
4) жергілікті өзін–өзі басқару – халық тікелей, сондай–ақ мәслихат және басқа да жергілікті өзін–өзі басқару органдары арқылы жүзеге асыратын Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;
5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.
3. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамы төрт жыл мерзімге жергілікті қоғамдастық жиынымен айқындалады және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.
Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:
1) 10 мыңға дейін халық – жиналыстың 5-10 мүшесі;
2) 10-15 мың халық – жиналыстың 11-15 мүшесі;
3) 15-20 мың халық – жиналыстың 16-20 мүшесі;
4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.
3-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына пропорционалды айқындалады.
3-2. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы Регламенттің 3-1-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі
4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есебін келісу;
аудандық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;
аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;
аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ бюджетінің орындалуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округтің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік - құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.
Ескерту. 4 тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Алға аудандық мәслихатының 21.04.2023 № 10 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).5. Жиналыс аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер әкімдерімен дербес немесе жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.
Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды.
Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.
6. Заңның 39-3-бабы 3-тармағының 4-3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.
Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.
7. Жиналысты шақыру алдында әкім аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді жүргізеді, оның нәтижелерін әкім немесе жиналысты шақыру алдында ол уәкілеттік берген адам жариялайды және шақырылымның өткізілетін орны мен уақыты көрсетіле отырып, жиналыстың хаттамасына енгізіледі.
Жиналыс мүшелерінің кемінде жартысы қатысқан кезде жиналыс шақырылды деп есептеледі.
8. Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.
Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.
9. Жиналыстың күн тәртібін ауылдық округ әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.
Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдердің орындалу барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер енгізіледі.
Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.
Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.
Күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
10. Жиналысты шақыруға аудан әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ жиналысты шақыруда мәселелері қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай-ақ жиналыс шақыруда аудан мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған тұлғалар жиналыс мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.
11. Жиналысты шақыруда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөздер сөйлеу үшін және жиналысты шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақыруға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің өтініштері, түсіндірме және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеу сөз сөйлеу деп есептелмейді.
Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақыруда жарияланады.
Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.
Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.
3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі
12. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік дауысымен шешімдер қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілетін күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) көрсетілген тізімі;
4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);
5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттама ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.
Ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде Алға аудандық мәслихатының қарауына беріледі.
13. Жиналыста қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі қарайды және ауылдық округ әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.
14. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспеген жағдайда, осы мәселелер Регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.
Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім шешеді.
Ауылдық округ әкімі екі жұмыс күн ішінде жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жоғары тұрған әкімнің және аудандық мәслихаттың атына келіспеушілік тудырған мәселелерді жергілікті қоғамдастық жиналысы қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.
Заңның 11 бабында көзделген тәртіппен аудандық мәслихаттың алдағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін жоғары тұрған әкім бес жұмыс күн ішінде шешім қабылдайды.
15. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды тұлғалар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және ауылдық округ әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
16. Жиналыс шақырылымда қабылданған шешімдерді ауылдық округ әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары немесе өзге де тәсілдер арқылы таратады.
4-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналыстарының шешімдерінің орындалуын бақылау
17. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты тұлғалардың ақпараттары тыңдалады.
18. Шешімдер орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыс төрағасы аудан әкіміне немесе жиналыс шешімін орындауға жауапты лауазымды тұлғаның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.
Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс аудан әкімі немесе тиісті лауазымды тұлғалардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселеге бастамашылық жасайды.