Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 30.09.2022 № 175 (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-2 тармағына сәйкес, VI сайланған Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Алматы қаласында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Алматы қаласы Мәслихатының аппараты осы шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, оны кейіннен ресми мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде және ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
4. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихатының кәсіпкерлікті дамыту және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы К.В. Авершинге жүктелсін.
5. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
VІ сайланған Алматы қаласы мәслихаты XXVІІ сессиясының төрағасы |
К. Матыжанов |
VІ сайланған Алматы қаласы мәслихатының хатшысы |
Қ. Қазанбаев |
Алматы қаласы мәслихатының 2018 жылғы 17 сәуірдегі № 223 шешіміне 1 - қосымша |
Алматы қаласында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Алматы қаласында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне және 2002 жылғы 10 шілдедегі "Ветеринария туралы" Заңына сәйкес әзірленді.
2. Қағида Алматы қаласында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету тәртібін реттейді.
3. Қағида мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) жануарларға ізгілікпен қарау;
2) жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау;
3) жануарлардың санын ізгілік әдістермен есепке алу және реттеу;
4) ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтау және қалада қолайлы эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуалды қамтамасыз ету.
2. Иттер мен мысықтарды асырау тәртібі
4. Қағида иттер мен мысықтардың барлық иелеріне қолданылады.
5. Тіркелген иттер мен мысықтар иесінің меншігі болып табылады және кез келген меншік ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалады.
6. Алматы қаласының аумағында асыраланатын барлық иттер мен мысықтар Алматы қаласының иттері мен мысықтарын Бірыңғай бірдейлендіру базасында тіркеледі.
7. Үй иттері мен мысықтарын есепке алу мына мақсаттарда жүргізіледі:
1) қаладағы жануарларды бірыңғай тіркеу, оның ішінде жоғалған жануарларды іздестіруді және оларды иелеріне қайтаруды ұйымдастыру;
2) қараусыз қалған жануарлардың санын бақылау;
3) қаладағы эпизоотиялық саламаттылықты қамтамасыз ету.
8. Иттер мен мысықтардың Бірыңғай бірдейлендіру базасына тіркеу және чип енгізу рәсімін ветеринарлық тіркеу куәліктерін алған мамандандырылған кәсіпорындар мен ветеринарлық емханалар жүргізеді. Бұл рәсім бір рет жүргізіледі және жануардың бүкіл өмір бойына жарамды болып саналады.
Чип енгізу рәсімі ұсынымдық сипатқа ие.
9. Иттерді және/немесе мысықтарды тіркеу кезінде иесіне ветеринарлық паспорт беріледі. Егер тіркеу кезінде жануардың ветеринарлық паспорты болса, жаңа ветеринарлық паспорт берудің қажеті жоқ.
10. Иттің және/немесе мысықтың иесі тіркеуші органға Алматы қаласының иттер мен мысықтардың Бірыңғай бірдейлендіру базасынан есептен шығару немесе қайта тіркеу үшін жануардың әкетілуі (сатылу, жоғалу, көшу, басқа бір адамға тапсырылу және өлу) туралы хабарлайды.
11. Иттерді және/немесе мысықтарды эвтаназиялау және/немесе өлген кезде ветеринарлық паспорт бұрын жануар тіркеуде болған ұйымға немесе иттер мен мысықтардың Бірыңғай бірдейлендіру базасына рұқсаты бар кез келген ұйымға оны жою үшін беріледі.
12. Санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және осы Қағиданың келесі шарттары сақталған жағдайда иттерді және/немесе мысықтарды асырауға рұқсат етіледі:
1) бірнеше отбасыдан тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзіне тиесілі тұрғын алаңында (жатақханадағы көршілердің жазбаша келісімімен);
2) итті кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, азаматтардың бау-бақша шаруашылықтары мен коммерциялық емес саяжайлар бірлестіктерінің аумағында, демалыс орындарында, жеке ауладағы және оған іргелес аумақтағы адамдардың қауіпсіздік нормалары сақталған жағдайда аталған аумақта;
3) балалар және жасөспірімдер мекемелерінде, жазғы және қысқы сауықтыру санаториялық-курорттық мекемелерде (санаторийлер, Демалыс үйлері, пансионаттар) уәкілетті органның рұқсатымен;
4) иесі қонақ үйде тұрақтаған жағдайда, жануарды әкімшіліктің келісімі бойынша.
13. Иттер, жануардың қашуын, адамдарға және/немесе басқа жануарларға шабуылдауын және/немесе қауып алуын болдырмайтын аумақта асыралуы қажет.
14. Иттер күзететін аймақтарда "Абайлаңыз қабаған ит!" жазуы бар, ескерту тақтайшалары болуы қажет.
15. Жануарды тиісінше күтіп-асырамаған, көршілерге мазасыздық туғызған жағдайда (үнемі шу, үру, пәтерде, үйде жағымсыз иістің болуы, жануарларға қатыгездікпен қарау, жануарларды бақылаусыз өсіру) жануарды асырауға тиым салу немесе жануарды алып қою соттың шешімі бойынша жүргізіледі.
16. Иттің және/немесе мысықтың иелеріне тоқсанына кемінде бір рет жануарларды тері паразиттері және гельминттерінен профилактикалық өңдеуден өткізу ұсынылады.
17. Иттер мен мысықтардың иелері құтыруға қарсы вакцинацияны жасына қарай өтуін қамтамасыз етеді.
18. Адамды тістеп алған, жарақаттаған жағдайда иттің және/немесе мысықтың иесіне жануарды тексеру үшін ветеринарлық емханаға әкелу қажет. Жануарды ветеринарлық емханаға әкелу мүмкін болмаған жағдайда иесі ветеринар дәрігерді үйге шақыра алады. Жануар кемінде 10 (он) күнтізбелік күн мерзімге бақылауға алынады. Бақылау мерзімі өткен соң ветеринар дәрігер жануардың денсаулық жағдайы туралы анықтама жазып береді. Иесі жапа шеккен адамға жануардың денсаулық жағдайы туралы анықтама береді.
19. Мамандандырылған кәсіпорындардан ветеринарлық-алдын алу іс-шараларын өткізу туралы ақпараттың түсуіне қарай (бұқаралық ақпарат құралдары, сайтта хабарландыру орналастыру) иттердің және/немесе мысықтардың иелеріне егер жануар вакцинация рәсімінен өтпеген жағдайда өз жануарларын тексеру, диагностикалық тексеру және емдеу-алдын алу өңдеулерінен өту үшін аталған орындарға кедергісіз әкелу қажет.
20. Иттер және/немесе мысықтардың жұқпалы аурумен ауырғанына күдіктенген жағдайда иесіне мамандандырылған кәсіпорындарға, не ветеринарлық емханаға жүгіну және зерттеу нәтижелері бойынша ветеринар маманның нұсқауларын қатаң сақтау қажет.
21. Иттер және/немесе мысықтардың қатысуымен өтетін көрмелер, жарыстар және басқа да бұқаралық іс-шараларда зоогигеналық, ветеринариялық-санитариялық нормалар мен қағидалар сақталған жағдайда жүргізіледі.
22. Иттердің және мысықтардың өлекселері әрі қарай жою және тиісті құжаттарды алу үшін қаңғыбас иттерді және мысықтарды аулау және жоюмен айналысатын мамандандырылған кәсіпорындарға беріледі.
23. Алматы қаласының аумағында мыналарға рұқсат етілмейді:
1) тұрғын үйлерде иттер және мысықтарға арналған паналар, қонақ үйлер және питомниктер ұйымдастыру;
2) иттерді және/немесе мысықтарды жалпы пайдаланымдағы орындарда (баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырдың асты, іргелес балкондар немесе лоджиялар, және жалпы пайдаланымдағы басқа да қосалқы үй-жайлар) және үйдің маңындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтарынан басқа), жатақханалардың асханаларында және дәліздерінде ұстау;
3) жануарларды саяжай және бау-бақша бірлестіктерінің аумақтарында тиісті қараусыз және күтімсіз қалдыру;
4) иттерді және мысықтарды бақылаусыз өсіру;
5) иттерді және мысықтарды олардың терісін және етін әрі қарай пайдалану, сату, қайта өңдеу және тұтыну мақсатында асырау, аулау;
6) зорлық көрсету (ұрып-соғу, жарақаттау, өлтіру);
7) иттерді адамдарға немесе жануарларға айдап салу.
8) иттердің айқасын ұйымдастыру және өткізу.
3. Иттерді серуендету тәртібі
24. Иттерді және/немесе мысықтарды серуенге шығарған кезде иелері мына талаптарды сақтауы қажет:
1) үш айлық жасқа дейінгі күшіктер және шоқтығындағы бойы 25 сантиметрге дейінгі декоративтік иттерді, сонымен бірге тұмылдырықсыз серуендетуге шығаруға болатын брахицефал-иттерді (қысқа тұмсықты тұқымдағы иттер) қоспағанда, жалпы пайдаланымдағы орындарға қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен шығару;
2) серуенге шығарғанда айналасындағыларға мазасыздық және кедергі келтірмеу;
3) аулаларды, кіреберістерді, баспалдақ алаңдарын, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуарларды, гүлзарларды, саябақтары, демалу орындарын ластамау. Серуендету орындарында иттердің және/немесе мысықтардың табиғи физиологиялық мұқтаждықтарын қанағаттандырған жағдайда, иелері өз иттерінің экскременттерін жинауды қамтамасыз етеді.
4) иттің иесі көшеден өткен немесе магистральдарға жақын жерлерде жол-көлік оқиғаларын және жол бойында иттің өлімін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауы қажет;
5) иттің иесіне итті белгілі бір уақытқа қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен дүкендердің немесе басқа да мекемелердің алдына байлаулы қалдыруға рұқсат етіледі. Бірақ, ит адамдардың және автокөліктің жүруіне кедергі келтірмеуі тиіс.
25. Қала аумағында рұқсат етілмейді:
1) алкогольмен және есірткімен мас күйіндегі адамдарға қоғамдық орындарда итті серуендетуге және көлікте алып жүруге;
2) иттерді ауладағы балалар ойнайтын және спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және оқу орындарының аумақтарында, емдеу мекемелерінде, тыйым салынған ескерту белгілері орнатылған жерлерде серуендетуге;
3) иттерді жағажайда серуендетуге, қоғамдық шомылу орындарында, тоғандарда, су бұрқақтарда және су айдындарында жануарларды шомылдыруға және жуындыруға;
4) жануарды жабық жүк салу бөліктерінде тасымалдауға, сондай-ақ терезесі тығыз жабылған автокөліктертің салонында қараусыз қалдыруға.
4. Қағида талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік
26. Осы Қағида талаптарын бұзғаны үшін, жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапты болады.
Алматы қаласы мәслихатының 2018 жылғы 17 сәуірдегі № 223 шешіміне 2 - қосымша |
Алматы қаласы мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізімі
1. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХІХ сессиясының 2013 жылғы 28 тамыздағы № 157 "Алматы қаласында мысықтарды ұстау және серуендету Қағидасын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 1003 болып тіркелген, 2013 жылғы 12 қазандағы № 124 "Алматы ақшамы" және № 128 "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);
2. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХІХ сессиясының 2013 жылғы 28 тамыздағы № 158 "Алматы қаласында иттерді ұстау және серуендету Қағидасын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 1002 болып тіркелген, 2013 жылғы 12 қазандағы № 126 "Алматы ақшамы" және № 128 "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);
3. VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының V сессиясының 2016 жылғы 18 мамырдағы № 17 "Алматы қаласында мысықтарды ұстау Қағидасын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 1291 болып тіркелген, 2016 жылғы 25 маусымдағы № 76 "Алматы ақшамы" және № 77 "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);
4. VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының V сессиясының 2016 жылғы 18 мамырдағы № 18 "Алматы қаласында иттерді ұстау Қағидасын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 1292 болып тіркелген, 2016 жылғы 25 маусымдағы № 76 "Алматы ақшамы" және № 77 "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған).