"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 12-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қызылорда облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті 48-сессиясының төрағасы | Б. Махашов |
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы | К. Бисенов |
Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 21 қазаны № 475 шешешіміне қосымша |
Ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшері
1. Әлеуметтік қолдау ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа кемінде 5 (бес) жыл мерзімге жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне (бұдан әрі - қызметкер) бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін бір жолғы көмек болып табылады және еңбек шартын жасасқаннан кейін қызметкердің жеке шотына аудару жолымен төленеді.
2. Әлеуметтік қолдауды көрсету "Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - уәкілетті орган) арқылы жүзеге асырылады.
3. Әлеуметтік қолдау ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа уәкілетті орган жіберген және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын денсаулық сақтау ұйымдарымен (бұдан әрі - жұмыс беруші) еңбек шартын жасасқан, жоғары медициналық білімі, тиісті маман сертификаты бар қызметкерге төленеді.
4. Уәкілетті органның жолдамасы бойынша жұмыс беруші 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес қызметкермен еңбек шартын жасасады.
5. Өндiрiстiк қажеттiлiкке байланысты ауылдық жерде және кенттерде, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа орналасқан, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын облыс аумағында бір медициналық ұйымнан басқа ұйымға ауыстырған жағдайда, қызметкерге берілген әлеуметтік қолдау сақталады.
6. Қызметкермен еңбек шарты бұзылған жағдайда, жұмыс беруші бұл туралы уәкілетті органға 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.
7. Еңбек қатынастары мерзімінен бұрын бұзылған кезде бұрын төленген ақшалай қаражатты қайтару еңбек шартында көзделеді.
8. Әлеуметтік қолдау көрсетудің мөлшері бес жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айқындалады.