Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 299-бабының 5-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Көміртегі бірліктерін сату қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалауы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. |
С. Брекешев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және Интеграция Министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 29 маусымдағы № 221 бұйрығымен бекітілген |
Көміртегі бірліктерін сату ережелері
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы көміртегі бірліктерімен сауда жасау қағидалары (бұдан әрі - қағидалар) Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 299-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасындағы көміртегі нарығына қатысушылар жүзеге асыратын көміртегі бірліктерімен сауда жасау тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қайталама көміртегі нарығы-квоталау субъектілерінің не көміртегі офсеттерін өткізуге қатысатын жеке және заңды тұлғалардың бастамасы бойынша тікелей мәміле немесе тауар биржасы арқылы жүзеге асырылатын көміртегі бірліктерін сатып алу-сату;
2) лот-шарт бойынша сатылатын немесе жеткізілетін және аукционға шығарылатын көміртегі квотасы бірліктерінің немесе офсеттік бірліктердің партиясы;
3) көміртегі бірліктерімен сауда жүйесінің операторы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның парниктік газдар шығарындыларын реттеу жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымы, ол парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы мемлекеттік реттеуді және халықаралық ынтымақтастықты техникалық және сараптамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;
4) бастапқы көміртегі нарығы - көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының көміртегі квоталары Ұлттық жоспары резервінің тиісті санатынан көміртегі квотасы бірліктерін көміртегі нарығының субъектілеріне (қатысушыларына) аукцион шарттарында сатуы;
5) сауда күні-биржалық сауда-саттық өткізілетін сауда-саттықты ұйымдастырушының жұмыс күні;
6) көміртегі бірлігі-көміртегі диоксидінің бір тоннасына тең көміртегі квотасының немесе көміртегі офсетінің есептік бірлігі;
7) көміртегі нарығына қатысушылар - квоталау субъектілері, көміртегі офсеттерін өткізуге қатысатын жеке және заңды тұлғалар, көміртегі бірліктерін сату жүйесінің операторы.
3. Шет мемлекеттің көміртегі нарығында Қазақстан Республикасында айналымға шығарылған көміртегі бірліктерінің саудасы, сондай-ақ шет мемлекетте айналымға шығарылған көміртегі бірліктерінің Қазақстан Республикасының көміртегі нарығында саудасы қағидалары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
2 тарау. Көміртегі бірліктерін сату тәртібі
4. Көміртегі бірлігі Кодекстің 299-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы көміртегі нарығы субъектілерінің арасындағы айналым үшін рұқсат етілген тауар болып табылады.
5. Көміртегі нарығының субъектілері:
1) квоталау субъектілері;
2) көміртегі офсеттерін өткізуге қатысатын жеке және заңды тұлғалар;
3) көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы.
6. Қазақстан Республикасындағы көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі бастапқы және қайталама көміртегі нарықтарынан тұрады:
1) бастапқы көміртегі нарығында көміртегі бірліктерін сату жүйесінің операторы көміртегі нарығы субъектілеріне көміртегі квоталарының Ұлттық жоспары резервінің тиісті санатынан көміртегі квотасының бірліктерін аукцион шарттарында сатуды жүзеге асырады;
2) қайталама көміртегі нарығында көміртегі нарығының субъектілері тікелей мәміле арқылы немесе тауар биржасы арқылы көміртегі бірліктерін сатып алу-сатуды өзара жүзеге асырады.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша күші жойылған, өтелген, айналыстан алынған немесе айналыстан шығарылған көміртегі бірліктері осы Қағидалар мен Кодекске сәйкес сауда объектісі болып табылмайды.
8. Көміртегі бірліктерін сату және сатып алу көміртегі бірліктерін сату жүйесі операторының тауар биржасы арқылы жүзеге асырылады. Көміртегі бірлігі тауар биржасы айналымына рұқсат берген биржалық тауар болып табылады.
9. Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерімен сауда жасау оларды сатушының шотынан есептен шығару және Қазақстан Республикасы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде сатып алушының шотына есепке алу арқылы жүргізіледі.
10. Көміртегі бірліктерімен сауда жүзеге асырылатын тауар биржасын Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Кодекстің 299-бабына және осы Қағидаларға сәйкес көміртегі бірліктерімен биржалық сауданы қамтамасыз етуге қабілетті өтініш берушілер арасынан конкурстық негізде айқындайды.
11. Тауар биржасында көміртегі бірліктерімен сауда жасау тәртібі "Биржа саудасының үлгі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы 2015 жылғы 30 наурыздағы № 280 бұйрығына (бұдан әрі – үлгі қағидалар) сәйкес айқындалады.
12. Квоталарды бастапқы және қайталама сату бойынша сауда-саттыққа қызмет көрсету, клиринг пен есеп айырысуды қамтамасыз ету, сондай-ақ көміртегі бірліктерін жеткізуді қамтамасыз ету үшін көміртегі бірліктерімен сауда-саттық жүзеге асырылатын тауар биржасы көміртегі бірліктерін сату жүйесінің операторымен клиринг пен есеп айырысу процесінде өзара іс-қимыл және электрондық құжат айналымын жүзеге асыру регламенті туралы шарт жасасады.
13. Көміртегі бірліктерінің бағалары бойынша дұрыс ақпарат алу мақсатында қалыптасқан нарық конъюнктурасын ескере отырып, тауар биржасындағы көміртегі бірліктерінің бағаларына баға белгілеу жүргізіледі.
14. Көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке бағалардың биржалық белгіленімін тауар биржасы Үлгі қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
15. Биржалық баға белгіленімінің бағасы анықтамалық сипатта болады және биржалық саудаға қатысушылар үшін бағдарлы болып табылады.
16. Мәміле жасалған күні тауар биржасында көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке бағалардың биржалық баға белгіленімі болмаған кезде баға көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке бағалардың соңғы қолжетімді баға белгіленімі бойынша айқындалады.
3 тарау. Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі бірліктерін сату тәртібі
17. Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі квотасының бірліктерін сатуды көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы оларды өткізудің жыл сайынғы күнтізбесіне сәйкес тауар биржасында аукциондар ұйымдастыру және өткізу арқылы жүргізеді. Сауда-саттықты өткізу режимін тауар биржасы Үлгі қағидаларға сәйкес айқындайды.
18. Аукциондар өткізудің жыл сайынғы күнтізбесін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы бекітеді және ол алдыңғы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей оның интернет-ресурсында жарияланады.
19. Жыл сайынғы күнтізбеде көзделген аукционның жоспарланған күнін неғұрлым кеш мерзімге ауыстыруды көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы аукционға өтінім берген квоталау субъектілерін бұл туралы хабардар ете отырып, 4 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге жүзеге асырады.
20. Жыл сайынғы күнтізбеде көзделмеген қосымша аукциондарды көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы оларды өткізудің жоспарланған күніне дейін күнтізбелік 20 (жиырма) күннен кешіктірмей олардың әлеуетті қатысушыларын хабардар ете отырып, әрбір жылдың желтоқсанында ұйымдастыруы мүмкін.
21. Жоспарлы аукционда сатылуға жататын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі тиісті жылы аукцион шарттарында сату үшін көзделген квоталардың жалпы санының жиырма бес пайызынан аспайды.
22. Аукционға сатуға арналған әрбір лоттың ең аз мөлшерін көміртегі қос тотығының баламасында жүз тоннаға еселік көлемде көміртегі бірліктерін сату жүйесінің операторы белгілейді.
23. Көміртегі бірліктерімен сауда жүйесінің операторы бір сауда сессиясы шеңберінде бір квоталау субъектісі сатып алатын лоттар санына лимит белгілейді.
24. Көміртегі бірліктерімен сауда жасау жүйесінің операторы аукцион өткізудің жоспарланған күніне дейін күнтізбелік 7 (жеті) күннен кешіктірмей оны жариялай отырып, көміртегі квотасының бірлігі үшін ең төменгі жол берілетін бағаны айқындайды.
25. Ең төменгі рұқсат етілген бағадан аз жарияланған бағасы бар өтінімдер қарауға қабылданбайды.
26. Көміртегі бірліктерін сату жүйесінің операторы кепілдік қамтамасыз ету ретінде оның басқаруындағы көміртегі квотасының бірліктерін пайдаланады.
4 тарау. Көміртегі бірліктерінің қайталама көміртегі нарығында сауда жасау тәртібі
27. Қайталама көміртегі нарығында көміртегі бірліктерін сатуды оның қатысушылары олардың арасында тікелей мәміле жасау арқылы немесе тауар биржасы арқылы жүзеге асырады.
28. Тауар биржасында көміртегі бірліктерімен сауда жасау Үлгі қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
29. Көміртегі бірліктері бойынша тікелей мәмілені көміртегі нарығына қатысушылар көміртегі квотасы бірлігінің және офсеттік бірліктің мәміле жасалған күнгі биржалық белгіленім деңгейінен төмен емес баға бойынша сатып алу-сату шартының негізінде жасайды.
30. Мәміле жасалған күні тауар биржасында көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке бағалардың биржалық баға белгіленімі болмаған кезде баға көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке бағалардың соңғы қолжетімді баға белгіленімі бойынша айқындалады.
31. Көміртегі бірліктерін сатып алушы көміртегі бірліктері бойынша тікелей мәміле жасаған жағдайда көміртегі бірліктері бойынша биржадан тыс мәмілелер бағасының индикаторын қалыптастыру және оларды көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында көміртегі бірліктері саудасы жүйесінің операторына сатып алу-сату шартының үшінші данасы беріледі.
32. Көміртегі бірліктерімен сауда жасау жүйесінің операторы ай сайынғы негізде осы Қағидалардың 31-тармағына сәйкес көміртегі бірліктерін сатып алушы ұсынған ақпарат негізінде жасалған биржадан тыс мәмілелер бағасының индикаторын жариялайды.
33. Көміртегі бірліктерін сату жүйесінің операторы сатып алынған көміртегі бірліктерін көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде сатушының шотынан сатып алушының шотына оған тиісті сатып алу-сату шарты ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аударады.