Ескерту. Күші жойылды - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 16.05.2024 № 3 (08.06.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 191-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қаржы нарықтары және өзге салалар департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Төраға | С. Жумангарин |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі |
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы 2022 жылғы 26 сәуірдегі № 11 Бұйрығымен бекітілген |
Тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 191-1-бабына сәйкес әзірленді және тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастыру тәртібін айқындайды.
2. Тауар деп Кодекстің 196-1-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес осы Қағидалардағы азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет түсініледі.
3. Нарық субъектісі тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген тәртіппен орналастыруды қамтамасыз етеді.
2-тарау. Тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастыру тәртібі
4. Ақпаратты орналастыру оны нарық субъектісінің интернет-ресурсында жариялау арқылы қамтамасыз етіледі.
Интернет-ресурс болмаған кезде ақпарат тауарды өткізу орнына еркін қолжетімділікте орналастырылады.
5. Орналастырылуы тиіс ақпараттың (бұдан әрі – ақпарат) тізбесі:
1) тауардың атауы;
2) техникалық, экономикалық және өзге де сипаттамаларды қоса алғанда, тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы мәліметтер;
3) тауардың массасы, көлемі, саны, мерзімі және өзге де өлшенетін сипаттамалары;
4) тауардың құны;
5) тауар құнының жеңілдіктері мен өзге де азаюы, оларды ұсыну шарттары;
6) тауар құнына енгізілмеген, бірақ тауарды сатып алу кезінде қажетті қосымша үстемеақылар мен өзге де төлемдер;
7) тауарды сатып алу шарттары;
8) кепілдік мерзімінің болуы (болмауы), оны ұсыну шарттары;
9) тауардың дайындалған күні мен орны, шығарылған елі;
10) тауардың қызмет ету мерзімі және (немесе) жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі;
11) сатушының (дайындаушының, орындаушының) атауы (фирмалық атауы), орналасқан жері (заңды мекенжайы), дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің) орналасқан жері;
12) тауар берушінің ұқсас тауарды басқа берушілермен үлестес болуы;
13) тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету және оны тұтынушылардың тауарды саналы түрде таңдауын қалыптастыру үшін қажетті өзге де мәліметтер.
6. Тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпараттың тізбесіне сондай-ақ шартты бұзу талаптары, тәртібі жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақпарат нарық субъектісі мен тұтынушы арасындағы шартта көзделуге тиіс.
7. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын ақпарат орналастыруға жатпайды.
3-тарау. Қорытынды ережелер
8. Тауар сатушыны (берушіні) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастырмау Кодекстің 191-1-бабына сәйкес тауар сатушыны (берушіні) ауыстыру кедергісін құру болып табылады.
Тауар сатушыны (берушіні) ауыстыру кедергісін құру Кодекстің 177-бабына сәйкес жосықсыз бәсекелестікке жатады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.