"Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 4-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған мамандандырылған зертханаларға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
Е. Карашукеев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
министрлігі
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі 2023 жылғы 27 қаңтардағы № 38 бұйрығымен бекітілген |
Мамандандырылған зертханаларға қойылатын біліктілік талаптары
1. Осы мамандандырылған зертханаларға қойылатын біліктілік талаптары (бұдан әрі – біліктілік талаптары) "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 4-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және мамандандырылған зертханаларға қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды.
2. Осы біліктілік талаптарында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) мамандандырылған зертхана – аккредиттелген заңды тұлға немесе оның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі, сондай-ақ заңды тұлғаның молекулярлық генетикалық сараптаманы жүзеге асыратын аккредиттелген құрылымдық бөлімшесі;
2) молекулалық генетикалық сараптама – жануардың шығу тегінің дұрыстығын бағалау және (немесе) генетикалық ауытқуларды анықтау мақсатында жүзеге асырылатын оның биологиялық материалын зерттеу;
3. Мамандандырылған зертханаларға мынадай біліктілік талаптары қойылады:
1) "Cәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және МЕМСТ ISO/IEC 17025 "Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар" мемлекетаралық стандартына сәйкес молекулалық генетикалық сараптама жүргізуге мамандандырылған зертхананың құзыреттілігін куәландыратын аккредиттеу жөніндегі орган берген аккредиттеу аттестатының болуы;
2) басшылар мен мамандардың мынадай білікті құрамының болуы: "Биология", "Биотехнология", "Ветеринария", "Денсаулық сақтау" мамандықтары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, мамандығы бойынша кемінде 3 (үш) жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар басшы және "Биология", "Биотехнология", "Ветеринария" және "Денсаулық сақтау" мамандықтары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, мамандығы бойынша кемінде 1 (бір) жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар мамандар (кемінде 3 (үш) адам).