"Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ішкі істер органдарының қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық оларға қатысты бөлігінде лауазымды адамдарға жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі |
М. Ахметжанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 283 Бұйрыққа қосымша |
Ішкі істер органдарының қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік қорғау туралы заң) 1-бабын іске асыру мақсатында әзірленді және ішкі істер органдарының қылмыстық процеске қатысушы адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Ішкі істер органдары Мемлекеттік қорғау туралы заңның 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану арқылы қылмыстық процеске қатысушы адамдарға, олардың отбасы мүшелеріне және жақын туыстарына және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қылмыстық сот ісін жүргізудің өзге де қатысушыларына (бұдан әрі - қорғалатын адам) қатысты қауіпсіздік шараларын қолданады.
2 тарау. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру тәртібі
3. Мемлекеттік қорғау туралы заңның 21-бабына сәйкес қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган шығарған дәлелді қаулы белгіленген тәртіпте келіп түскен кезде қауіпсіздік шараларын өз құзыреті шегінде дербес жүзеге асыратын бөлініс Мемлекеттік қорғау туралы заңның 7-бабында көзделген қажетті қауіпсіздік шараларын дербес таңдайды.
4. Қорғалатын адамның жеке күзетін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, тактикасы, нысандары мен әдістері қорғалатын адам туралы мәліметтер негізінде осы мақсаттар үшін тартылған бөліністердің құзыреті шегінде айқындалады.
5. Қауіпсіздік шаралары қорғалатын адам және оған қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтердің (Мемлекеттік қорғау туралы заңның 9, 11, 12 және 17-баптарында көзделген) құпиялылығын сақтай отырып жүзеге асырылады
6. Қорғалатын адамның тұрғынжайы мен мүлкін қорғауды қамтамасыз етуді оларды жоюдың немесе бүлдірудің нақты қатері болған кезде мемлекеттік қорғау функциялары жүктелген бөлініс қамтамасыз етеді, сондай-ақ көрсетілген бөліністерде күштер мен құралдар жеткіліксіз болған жағдайда қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс басшысының шешімі бойынша қорғалатын адамның тұрғынжайы мен мүлкін қорғауды қамтамасыз етуге қорғалатын адам туралы мәліметтердің құпиялылығын сақтай отырып осы органның өзге де бөліністері (қызметтері) тартылуы мүмкін.
Қажет болған жағдайда қорғалатын адамның тұрғынжайын орталықтандырылған бақылау пультіне қоса отырып, күзет-өрт және дабыл сигнализациясы құралдарымен бірінші кезекте жарақтандыру шараларын қабылдайды.
Орталықтандырылған күзетті ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі болмаған жағдайда қорғалатын адамның тұрғынжайы дербес сигнал беру құралдарымен жабдықталады. Қорғалатын адамның тұрғынжайын күзет-өрт және дабыл сигнализациясы құралдарымен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдау үшін аталған қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдар тартылуы мүмкін.
Мемлекеттік қорғау функцияларын жүзеге асыратын бөлініс қорғалатын адамның тұрғынжайы мен мүлкін қорғау жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету кезінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөліністін басшылығына аталған тұрғынжай мен мүлікке қатысты әрбір қауіп төнген немесе құқыққа қарсы іс-қимылдарды жүзеге асыру әрекеті туралы дереу хабарлайды.
Қорғалатын адамның тұрғын үйі мен мүлкін техникалық бақылау құралдарымен жабдықтауды қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс қамтамасыз етеді.
7. Қорғалатын адамның өзін-өзі қорғауы мен жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс қажет болған жағдайда қорғалатын адамға жеке қорғанудың, байланыстың және қауіп туралы хабарлаудың арнайы құралдарын береді.
Арнайы құралдар ретінде қорғалатын адамға оқ өтпейтін жилет, электрошокер құрылғысы, тітіркендіргіш құрамы бар аэрозольді бүріккіш берілуі мүмкін.
Қорғалатын адамды байланыс және қауіп туралы хабарлау құралдарымен қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс қажет болған жағдайда қорғалатын адамға тасымалданатын портативті радио құрылғысын, тұрақты немесе ұялы байланыс телефонын береді.
Қорғалатын адамға жеке қорғанудың, байланыстың және қауіп туралы хабарлаудың арнайы құралдарын беру "Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес жүргізіледі.
Қорғалатын адамға байланыс және қауіп туралы хабарлау, арнайы және жеке қорғаныс құралдарын қолдану, алып жүру, сақтау және пайдалану бойынша нұсқама мен оқу-жаттығу жүргізу бойынша тиісті акт жасалады.
8. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс жеке қорғанудың, байланыстың және қауіп туралы хабарлаудың, арнайы құралдарын сақтау, алып жүру және қолдану қағидалары бөлігінде қорғалатын адамды оқытуды немесе нұсқама беруді жүргізеді, сондай-ақ қорғалатын адамның көрсетілген құралдармен жұмыс істеу қағидаларын сақтауын бақылауды жүзеге асырады.
9. Жеке қорғанудың, байланыстың және қауіп туралы хабарлаудың арнайы құралдарын алған қорғалатын адам жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыратын бөлініспен жасалатын адамның қауіпсіздік шараларын қолдану шарттары туралы шартқа сәйкес олардың тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз етеді
Қауіпсіздік шаралары жойылған кезде қорғалатын адамға берілетін жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдары, қауіп туралы хабарлау және техникалық құралдар акт бойынша қайтарылуға жатады.
10. Қорғалатын адамның тегін, атын, әкесінің атын және ол туралы басқа да мәліметтерді өзгертуге байланысты жеке басын куәландыратын құжаттарды, өзге де құжаттарды ауыстыру, сондай-ақ қорғалатын адамның сыртқы түрін өзгерту Мемлекеттік қорғау туралы заңның 7-бабының 2-тармағына сәйкес ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша жүзеге асырылады және Мемлекеттік қорғау туралы заңның 7-бабына сәйкес егер қорғалатын адамның қауіпсіздігін оған қатысты басқа да қауіпсіздік шараларын қолдану арқылы қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады.
Құжаттарды ауыстыру және (немесе) қорғалатын адамның сыртқы келбетін өзгерту туралы шешім қабылдаған кезде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс қорғалатын адаммен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзара міндеттемелер және өзара жауапкершілік туралы жазбаша нысанда шарт жасаса алады.
Жеке басын куәландыратын құжаттарды және басқа құжаттарды ауыстыру уақытша немесе тұрақты болуы мүмкін.
Ауыстыруға жататын құжаттардың тізбесін қорғалатын адамға қауіп төндіретін мән-жайлар мен қауіптілік дәрежесіне қарай қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс айқындайды.
Қорғалатын адамның құжаттарын ауыстырған кезде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс ауыстырылатын құжаттардың түпнұсқалығын белгілеуді қамтамасыз етуге міндетті. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін - өзі басқару органдарына және құжаттарды ауыстыруға және беруге жауапты ұйымдарға (бұдан әрі-құжаттарды ауыстыруға және беруге жауапты ұйымдар) ұсынылатын қорғалатын адам туралы мәліметтердің дұрыстығына, сондай-ақ қорғалатын адам туралы мәліметтердің құпиялылығын сақтауға жауапты болады.
Қауіпсіздік шарасын қолдану туралы қаулы аталған құжаттарды қорғалатын адамға тапсыруға немесе ауыстыруға негіз болып табылады.
Қорғалатын адамға жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыру және беру "Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысында белгіленген мерзімдер шегінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган айқындайтын мерзімдерде жүргізіледі.
Жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыру және беру қорғалатын адамның тұрғылықты жері бойынша да, тұрған жері немесе нақты тұрғылықты жері бойынша да жүргізіледі.
Жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстырған кезде қорғалатын адам өз құжаттарын қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініске сақтауға береді. Қорғалатын адамның ауыстырылған құжаттарын есепке алуды және сақтауды қауіпсіздік шараларын қолданудың барлық кезеңі ішінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлімшесі қамтамасыз етеді. Оларды сақтау және қорғалатын тұлға туралы мәліметтердің құпиялылығын сақтауды қамтамасыз ету тәртібін қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс айқындайды.
11. Қорғалатын адамтуралы мәліметтердің құпиялылығын сақтау мақсатында қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлімше жеке басын куәландыратын құжаттарды және өзге де құжаттарды ауыстыруға және беруге жауапты ұйымдардың лауазымды адамдарына қорғалатын адамға қатысты тиісті қауіпсіздік шарасын қолдануға байланысты өздеріне сеніп тапсырылған немесе белгілі болған мәліметтерді жария етпеу туралы ескерту жолдайды. Жеке басын куәландыратын құжаттарды және өзге де құжаттарды ауыстыру және беру туралы мәліметтерді есепке алу ақпараттың құпиялылығын сақтай отырып жүргізіледі.
12. Қорғалатын адамның сыртқы түрін өзгерту – бұл ерекше қауіпсіздік шарасы болып табылады. Аталған қауіпсіздік шарасы уақытша және тұрақты (тері-пластикалық хирургияны қолдана отырып) сипатта болуы мүмкін.
Ерекше жағдайларда, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын ішкі істер органы мен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның көмегімен тері-пластикалық хирургияны жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық мекеме арасында жазбаша нысанда жасалатын шарт негізінде осы қауіпсіздік шарасының тиімділігін қамтамасыз ететін шектерде сыртқы түрін өзгерту бойынша операция жасалуы мүмкін
13. Қорғалатын адамның жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын өзгертуді қауіпсіздік шарасы ретінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс қорғалатын адамның өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша қолданады.
Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс халықты жұмыспен қамту органдарын, білім беру саласындағы басқаруды жүзеге асыратын органдарды және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тарта отырып, бұрынғыға ұқсас уақытша немесе тұрақты (қорғалатын адамға лайықты) жұмыс (қызмет) немесе оқу орнына іріктеуге және орналастыруға жәрдем көрсетеді.
Жұмыс (қызмет) орнын өзгерту Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес зейнетақыға құқық беретін сақтандыру (еңбек) өтілі сақтала отырып, мамандығы бойынша баламалы лауазым не өзге де лауазым беріле отырып жүзеге асырылады. Оқу орнын өзгерту Қазақстан Республикасының Білім туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қорғалатын адамды уақытша жұмыс (қызмет) немесе оқу орнына орналастырған кезде оның бұрынғы немесе ұқсас жұмыс (қызмет) немесе оқу орны бойынша қалпына келтіру мүмкіндігі сақталады.
Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс тиісті ұйымдардың басшыларына оларға сеніп тапсырылған немесе қорғалатын адамға қатысты белгілі болған мәліметтерді жария етпеу туралы жазбаша ескертеді.
14. Қорғалатын адамның бұрынғы қызмет немесе оқу орнын қалпына келтіру туралы өтініші жазбаша нысанда беріледі және оны қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс тіркейді. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын бөлініс мекеменің кадр органының алдына қорғалатын адамды тең бос орынға не оның келісімі бойынша төменгі лауазымға тағайындау туралы өтініш жасайды.
3 тарау. Қауіпсіздік шараларын тоқтату
15. Мемлекеттік қорғау туралы Заңның 24-бабына сәйкес қауіпсіздік шаралары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның уәкілетті лауазымды адамының дәлелді қаулысымен немесе сот үкімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және Мемлекеттік қорғау туралы заңда көзделген тәртіпте жойылады.
16. Қауіпсіздік шараларын тоқтату Мемлекеттік қорғау туралы заңның 4-бабына сәйкес оларды қолдану үшін негіздер жойылса, сондай-ақ қорғалатын адам осы шараларды жүзеге асыру үшін қажетті шарттарды бұзуы салдарынан оларды одан әрі қолдану мүмкін болмаған жағдайда жүзеге асырылады.
____________________________