Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 3 шiлдедегi № 448 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 4 шiлдеде № 33023 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі туралы Ережеге сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңға тәуелді актілер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Бұйрықтың орындалуын бақылау тиісті бағытқа жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
А. Ескараев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2023 жылғы 3 шілдедегі
№ 448 бұйрығымен
бекітілген

Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі туралы Ережеге сәйкес әзірленді және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мен келісу тәртібін айқындайды.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулылары (бұдан әрі – қаулылардың жобалары);

      3) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары, Қазақстан Республикасы министрлерiнің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;

      4) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының жобаларын әзірлеу, келісу және қол қоюға ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауын дайындау және іске асыру, актілерімен және тапсырмаларымен жұмыс істеу және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру, нормативтік құқықтық жарлықтарға мониторинг жүргізу қағидаларында айқындалады.

      4. Осы Қағидалардың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу тәртібі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларында айқындалады.

      5. Құпиялылық белгілері немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгілері бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының ерекшеліктері ескеріле отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Қаулылардың жобаларын әзірлеу

      6. Қаулылардың жобаларын әзірлеу Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңнамалық актiлер, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актiлерi негiзiнде және оларды орындау үшiн жүзеге асырылады.

      7. Қаулылардың жобаларын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өз бастамалары немесе жоғары тұрған мемлекеттiк органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзiрлейдi.

      Егер қаулының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі қаулының жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар нормативтік құқықтық актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.

      Қаулылардың жобаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты (бұдан әрі – Аппарат) Басшысының тапсырмасы бойынша Аппарат әзiрлеуi мүмкiн.

      8. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өзінің құрылымдық бөлімшелеріне тапсырады.

      Қаулы жобаларын әзірлеуде әзірлеуші органның заң қызметі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.

      Қаулылардың жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, коммерциялық емес және өзге де ұйымдардың өкілдері тартылуы мүмкін.

      9. Қаулылардың жобаларын әзірлеудің сапасын, әдеби тiл нормаларының, заң терминологиясы мен заң техникасының сақталуын, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығын әзірлеуші мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қаулылардың жобаларының мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалу сапасы, олардың теңтүпнұсқалылық қағидаларының сақталуы үшін жауапты болады.

      10. Әзiрленген қаулылардың жобалары түсiндiрме жазбаларымен және салыстырма кестелерімен (қолданыстағы қаулыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда) бірге қазақ және орыс тiлдерiнде жария талқылау үшін нормативтік құқықтық актілердің ашық интернет-порталына, сондай-ақ әзірлеуші мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастырылады.

      11. Әлеуметтiк маңызы бар қаулы жобасы бойынша интернет-ресурста (веб-сайтта) қазақ және орыс тiлдерiнде, қажет болған жағдайда – өзге де тілдерде, баспасөз релизі қосымша орналастырылады.

      Әлеуметтік маңызы бар қаулы жобасы деп адамның және тұтас қоғамның құқықтары мен мүдделерiн тікелей немесе жанама түрде қозғайтын қаулы жобасын түсiнген жөн.

      12. "Құқықтық актілер туралы" Заңның (бұдан әрі – Заң) 20-бабының талаптарына сәйкес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қаулы жобалары бойынша қоғамдық кеңестің ұсынымдары қажет.

      13. Заңның 19-бабының талаптарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың жобалары бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестердің (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) сараптамалық қорытындыларын алу қажет.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысымен келіскен кезде қаулы жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      Сараптама қорытындысымен келіспеген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы қорытындыны берген сараптама кеңесінің мүшесіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіспеу себептерін негіздеп жауап жібереді. Мұндай жауап қаулы қабылданғанға дейін оның жобасына міндетті қосымша болып табылады.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырғаны туралы хабарламаны сараптама кеңестерге, қоғамдық кеңестерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.

      14. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың жобаларына қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) белгіленген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.

      Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.

      15. Іске асырылуы қоршаған ортаға келеңсіз әсер етуге әкеп соғуы мүмкін қаулылардың жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.

      16. Қаулылардың жобалары бойынша ғылыми сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізіледі.

3-тарау. Қаулылардың жобаларын келісу

      17. Қаулылардың жобалары заңнамада белгіленген құзыреттеріне орай мүдделі мемлекеттік органдармен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісудің ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ЖКАЖ) электрондық құжаттар нысанында келiсiледi, бұл ретте қаулы жобасын келiсудегi мұндай мүдделiлiк қаулы жобасында қаралатын мәселелердің нысанасы негізге алына отырып, сондай-ақ қаулы жобасында мемлекеттiк органдардың немесе олардың басшыларының атына тапсырмалар болған кезде белгiленедi.

      18. Қаулы жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заң қызметі басшысының (не оның міндетін атқаратын тұлғаның) және мемлекеттік органның бірінші басшысының немесе ол уәкілеттік берген лауазымды тұлғаның мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – ЭЦҚ) қолданылып куәландырылған қаулы жобасын, оған түсіндірме жазбаны және басқа да қажетті құжаттарды ЖКАЖ-да электрондық құжаттар нысанында орналастырады және ЖКАЖ арқылы тиісті мемлекеттік органдарға келісуге жібереді.

      Қаулы жобасын қағаз түрінде қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, норма шығармашылық процестің жекелеген субъектілеріне мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларымен айқындалған тәртіппен расталған электрондық құжаттың қағаз нұсқасын келісуге жіберілуге болады.

      19. Аппаратқа енгізу алдында қаулылардың жобалары:

      1) Конституцияға, заңнамалық актілерге, Президенттің, Үкіметтің және Премьер-Министрдің актілеріне сәйкестігі тұрғысынан заңдық сараптама жүргізуге жауапты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен (бұдан әрі – Әділет министрлігі);

      2) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен (бұдан әрі – Қаржы министрлігі);

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен (бұдан әрі – Ұлттық экономика министрлігі) келісілуге тиіс.

      Әділет, және (немесе) Ұлттық экономика, және (немесе) Қаржы министрліктерінің жобаларды келісу міндеттілігі кадр мәселелері жөніндегі (мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын тағайындау және босату бөлігінде) жөніндегі жобаларға қолданылмайды.

      20. Қаулы жобасының мәтiнiне республикалық бюджет кiрiстерін қысқартуға немесе шығыстарын ұлғайтуға әкелетiн өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, қаулы жобасы Қаржы министрлiгiмен қайта келiсудi және Республикалық бюджет комиссиясының оң хаттамалық шешiмiн алуды қажет етедi.

      21. Мемлекеттік органдар Аппаратқа енгізетін, мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған қаулылардың жобаларында мыналар қамтылуға тиіс:

      1) ілеспе хат, оның ішінде келісуші мемлекеттік органдардың ескертулері көрсетілген;

      2) қаулы жобасы;

      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Yкiметiнің регламентіне (бұдан әрі – Регламент) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көлемі 2 (екі) беттен, ал күрделі мәселелер бойынша 3 (үш) беттен аспайтын түсіндірме жазба;

      4) қолданыстағы құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін қаулы жобасы бойынша Регламентке 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың, оның ішінде туынды құқықтық актілердің тиісті дәлелді негіздемесімен бірге қаулының (қаулылардың) бұрынғы және жаңа редакциялардың әрбір абзацқа қатысты салыстырма кестесі;

      5) егер қаулы жобасы кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын болса, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сараптамалық кеңестер мүшелерінің сараптамалық қорытындылары.

      Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасына түсіндірме жазбада сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс;

      6) "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік органда қоғамдық кеңес құру көзделмеген жағдайларды қоспағанда, егер қаулы жобасы азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын болса, қоғамдық кеңестің ұсынымдары.

      Ұсынымдармен келіспеген жағдайда жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасына түсіндірме жазбада келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қоғамдық кеңестің ұсынымдары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда олар қоса берілмейді;

      7) қаулы жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылуға тиіс болса, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жобаны жария талқылаудың аяқталуы туралы есеп;

      8) Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап қолданылмайтын қаулыларының жобаларын қоспағанда, қаулы жобасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасының қорытындысы.

      Әзірлеуші сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысымен бірге Аппаратқа қаулы жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүзеге асырған тұлғаның немесе ұйымның атына ұсынымдарды қабылдамау себептерінің негіздемелері жазылған өз жауабының көшірмесін енгізеді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындылары;

      10) орындау үшін қаулы жобасы әзірленген тапсырмалардың (хаттамалардың және т.б.) көшірмелері;

      11) егер жоба бойынша Кодекске сәйкес реттеушілік әсерді талдау жүргізілсе, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімі және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның реттеуші мемлекеттік органдардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытындысы, сондай-ақ реттеушілік әсерді талдау нәтижелері.

      Рdf форматында қалыптастырылатын келісу парақтарынан, ғылыми сараптамалардың нәтижелері бойынша қорытындылардан, өзге мемлекеттік органдардың қорытындыларынан, тапсырмалардан, мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін атқарушы тұлғаларға міндеттерді жүктеу туралы (беру туралы) бұйрықтардан басқа, қаулылар жобаларының мазмұндық бөлігі docх форматында ғана қалыптастырылады және 6 файлдан аспауға тиіс. Өзге форматтарды пайдалануға, сондай-ақ құжаттың ұсынылатын электрондық нұсқаларын архивтеуге жол берілмейді.

      22. Қаулы жобасын келісуге алған кезде мемлекеттік органдар басқа мемлекеттік органдармен оны алдын ала келісуді талап етпеуге, формальды және өзге де негізсіз себептермен жобаны келісуден бас тартпауға тиіс.

      23. Қаулы жобасын қарау қорытындысы бойынша келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға ЭЦҚ пайдалана отырып, ЖКАЖ-да жауап нұсқаларының бірін таңдайды:

      1) ескертулерсіз келісілді;

      2) қоса беріліп отырған ескертулермен келісілді;

      3) келісуден бас тартылды. Бұл ретте келісуші мемлекеттік орган келісуден бас тартуды дәлелді уәждеп, келісуден бас тарту туралы белгі қояды.

      Қаулы жобасын ескертулермен келіскен кезде келісуші мемлекеттік орган ЖКАЖ-ға орын алған ескертулер бойынша дәлелді негіздемелерді салады.

      24. Жобаларды 5 (бес) жұмыс күні ішінде келісетін Әділет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерін қоспағанда, мемлекеттік органдар қаулылардың жобаларын (Парламент Мәжілісінің қарауына заңнамалық актілердің жобаларын енгізуді көздейтін қаулылардан басқа) 3 (үш) жұмыс күні ішінде келіседі.

      Қаулы жобасы мемлекеттік органда 3 (үш) жұмыс күнінен (Әділет, Қаржы, және Ұлттық экономика министрліктерінде 5 (бес) жұмыс күнінен) артық келісуде болған және олар бойынша жауап ұсынылмаған жағдайда мұндай жоба әдепкі қалпы бойынша "келісілді" деп есептеледі.

      25. Қаулы жобасын келісу кезінде мемлекеттік органдар арасында келіспеушіліктер болған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган өзара қолайлы шешім іздеу мақсатында оны келісуші органдармен талқылауды қамтамасыз етеді.

      Өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган келісуші органдармен бірлесіп ескертулерді ресімдейді, оларға мемлекеттік органдардың бірінші басшылары немесе олар уәкілеттік берген лауазымды тұлғалар қол қояды.

      Ескертулер жоба Аппаратта тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мәселенің мәні бойынша нақты шешімдер қабылдау үшін Премьер-Министрде немесе оның орынбасарларында өтетін кеңесте қаралады.

      26. Аппаратқа Әділет және (немесе) Қаржы министрліктерінің тұжырымдамалық ескертулерімен қаулы жобасын енгізуге тыйым салынады.

      27. Мемлекеттік органдарға мемлекеттік органның жаңа бірінші басшысын тағайындауға байланысты қаулылардың жобаларын қайта келісуге жіберуге тыйым салынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады