ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19697 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптарда:
4, 5, 7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Шарттың жалпы талаптарында мыналар қамтылады:
1) шарт жасасқан күн;
2) ұйымының атауы және қарыз алушы (қоса қарыз алушы) – жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болса) немесе қарыз алушы (қоса қарыз алушы) – заңды тұлғаның атауы;
3) микрокредиттің сомасы (микрокредиттің мәні), кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – микрокредиттің жалпы сомасы (микрокредиттің мәні), микрокредит бойынша артық төлем сомасы, микрокредитті пайдалану мақсаты туралы мәліметтер (бар болса), бұл ретте микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төлем сомасы, микрокредиттің мәні) туралы ақпарат шарттың бірінші бетінде көрсетіледі;
4) микрокредитті өтеу мерзімдері, кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – шарттың жалпы мерзімі;
5) шарт жасалған күнгі жағдай бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен көрсетілген мөлшері, сондай-ақ Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құнының) мөлшері;
6) микрокредитті өтеу тәсілі: бір уақытта не бөліктермен, қолма-қол ақшамен – касса не электронды терминалдар арқылы, қолма-қол ақшасыз тәсілмен – ұйымның банктік шотының деректемелерін көрсете отырып;
7) микрокредитті өтеу әдісі (аннуитеттік, дифференциалды немесе микрокредиттерді беру қағидаларына сәйкес басқа әдіс);
8) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
9) негізгі борыштың уақтылы өтелмегені және сыйақының төленбегені үшін айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және мөлшері;
10) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерді (ол бар болса) орындауын қамтамасыз ету;
11) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда ұйым қабылдайтын шаралар, сондай-ақ төлем мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушымен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) шарт шеңберінде ұйыммен міндеттемелермен байланысты үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасаудың мыналарды көздейтін талаптары:
жұмыс күні сағат 9.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде бір реттен артық емес телефонмен сөйлесу арқылы, оның ішінде ұйымның бастамасы бойынша интернет желісінде қоңырау шалу үшін қосымшаларды пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасау;
әрбір өзара іс-қимыл жасау кезінде:
ұйымның атауын;
ұйымның орналасқан жерін;
өзара іс-қимылды жүзеге асыратын адамның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), лауазымын;
берешектің, шартта көзделген негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомалары қалдығының құрылымдарын;
қарыз алушының шартта, Заңда көзделген жауапкершілігі және өзге де міндеттемелері, сондай-ақ шартта көзделген міндеттемелерді орындамау немесе тиісінше орындамау салдары туралы хабарлау.
Көрсетілген шаралар шеңберінде өзара іс-қимыл жасаған кезде мыналарға:
осы тармақшаның екінші және үшінші абзацтарында көзделмеген тәсілдермен және кезеңде өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
осы тармақшаның екінші және үшінші абзацтарында көзделген тәсілдермен және кезеңде, сондай-ақ ұйымның атауын, оның орналасқан жерін, өзара іс-қимылды жүзеге асыратын адамның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), лауазымын хабарлаған кезде, мерзімі өткен берешекті реттеу және (немесе) өтеу үшін қарыз алушының орналасқан жері және (немесе) байланыс деректері белгіленген жағдайларды қоспағанда, шарт шеңберінде ұйыммен міндеттемелермен байланысты емес үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасауға;
мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыға және (немесе) оның өкіліне және (немесе) үшінші тұлғаға ұйым қызметкерінің шындыққа сәйкес келмейтін, анық емес тегі және (немесе) аты және (немесе) әкесінің аты (ол болған кезде), сондай-ақ жұмыс орны және (немесе) лауазымы туралы мәліметтерді хабарлауға;
мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыны және (немесе) оның өкілін және (немесе) шарт шеңберіндегі ұйыммен міндеттемелермен байланысты үшінші тұлғаны берешектің мөлшеріне, сипатына және пайда болу негіздеріне қатысты жаңылыстыруға;
өзара іс-қимыл жүзеге асырылатын адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға не осы адамның мүдделеріне мүліктік зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жария етуге шектеулер сақталады;
12) шарттың қолданыс мерзімі;
13) ұйымның пошталық және электрондық мекенжайы туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы (ол бар болса) туралы деректер;
14) қарыз алушы – жеке тұлғаның тіркелген жерінің не тұрғылықты жерінің мекенжайы, қарыз алушы – заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органының тіркелген жерінің не орналасқан жерінің мекенжайы;
15) ұйым шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатынын көздейтін талап.
5. Қарыз алушының құқықтары мынадай мүмкіндіктерді көздейді:
1) микрокредиттер беру қағидаларымен, микрокредиттер беру бойынша ұйымның тарифтерімен танысу;
2) шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен алынған микрокредитке иелік ету;
3) егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түссе, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны айыпақы (айыппұл, өсімпұл) төлеместен одан кейінгі жұмыс күні төлеу;
4) шарт бойынша берілген микрокредит сомаларын ұйымға мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтару;
5) қарыз алушы – жеке тұлғаның шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі өте бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұйымға баруы және (немесе) жазбаша нысанда, сондай-ақ микроқаржы ұйымына "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген идентификаттау құралдарын қолдану арқылы қарыз алушыны идентификаттауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпараттандыру объектілері (бұдан әрі – ақпараттандыру объектілері) арқылы не шартта көзделген тәсілмен шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өту себептері, кірістері және оның шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне негіз болатын басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын өтініш ұсынуы, оның ішінде мыналармен байланысты:
шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;
микрокредит мерзімін өзгерту;
мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, микрокредит бойынша айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жою;
тараптардың келісімінде белгіленген мерзімдерде ипотека мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің дербес сатуы;
ұйымға кепілге салынған мүлікті беру жолымен шарт бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін ұсыну;
сатып алушыға шарт бойынша міндеттемені бере отырып, ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату;
6) қарыз алушы – жеке тұлғаның Талаптардың 7-тармағы 4) тармақшасының төртінші абзацында көзделген ұйымның шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде немесе Заңның 9-2-бабы 3-тармағының үшінші бөлігінде көзделген мерзімде шарт талаптарының өзгергені туралы өзара тиімді шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, бірмезгілде ұйымға хабарлай отырып, микроқаржы омбудсманына жүгінуі;
7) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде ұйымға жазбаша жүгіну.";
"7. Ұйымның міндеттерінде мыналар көзделеді:
1) ұйым құқығының (талабының) үшінші тұлғаға шарт бойынша ауысу талаптарын қамтитын шартты (бұдан әрі – талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасасу кезінде қарыз алушыға (немесе оның уәкілетті өкіліне):
басқаға беру шарты жасалғанға дейін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес шарт бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаны көрсетілген шарт бойынша кредитордың құқықтарын (талаптарын) үшінші тұлғаға берудің жоспарланып отырғаны туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерін өңдеу (беру) туралы шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы хабардар ету;
шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы шарт бойынша құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға шарт бойынша одан әрі төлемдерді (шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаның не шарт бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда – сервистік компанияның атауын, орналасқан жерін және банктік деректемелерін) жүзеге асыру қажеттілігін, шарт бойынша берілген құқықтардың (талаптардың) көлемін, шарт бойынша берешектің мөлшері мен құрылымын (негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) және төленуге жататын басқа да сомаларды көрсете отырып, шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде талап ету құқықтарының (талаптарының) өтуі туралы;
2) қарыз алушыны борышкерлермен байланысу үшін коллекторлық агенттіктің атауын, орналасқан жерін, коллекторлық агенттіктің телефон нөмірлерін көрсете отырып, шартта көзделген тәсілмен, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және реттеуге берген күні хабардар ету;
3) қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен және мерзімдерде, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы, бірақ:
шарт бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алудың туындауы және хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы;
қарыз алушы – жеке тұлғаның шарт бойынша Заңның 9-2-бабының 2-тармағында көзделген өтінішпен ұйымға жүгіну құқығы туралы;
қарыз алушының шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар ету.
Шартта хабарлама, егер ол борышкерге шартта көзделген мынадай тәсілдердің бірімен:
шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;
шартта көрсетілген тұрғылықты жері бойынша тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен, оның ішінде көрсетілген мекенжай бойынша тұратын отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірі алған жағдайда;
жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберілген болса, оның жеткізілген болып есептелетіні туралы талап қамтылады;
4) қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістерді жазбаша нысанда, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы не шартта көзделген тәсілмен қарау қарыз алушы – жеке тұлғаға мынадай шешімдердің бірі туралы хабарлайды:
шарт талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісу туралы;
шарт талаптарын өзгерту бойынша өзінің ұсынысы туралы;
осындай бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы;
5) ұйым шартта көзделген тәртіппен жақсартатын талаптарды қолданған кезде шарт талаптарының өзгергені туралы қарыз алушыны хабардар ету;
6) тараптар қол қойған микрокредитті өтеу кестесінің шартына қосымша.
Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соғатын микрокредит шарттары өзгерген кезде ұйым жаңа талаптарды ескере отырып, микрокредитті өтеудің жаңа кестесін жасайды және қарыз алушыға береді.
Осы тармақшаның талаптары кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімге, сондай-ақ микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылатын шартқа қолданылмайды;
7) Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген өзге де міндеттер.
8. Ұйымға қойылатын шектеулер:
1) сыйақы мөлшерлемелерін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредитті өтеу әдісі мен тәсілін біржақты тәртіппен өзгертуге;
2) Заңның 7-бабының 3-тармағы 1-1) тармақшасының екінші бөлігінде көзделген ерекше жағдайларды ескере отырып, банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғаға микрокредит беруге;
3) микрокредит бойынша сыйақы мен айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеуге және қарыз алушыдан алуға;
4) ол бойынша негізгі борыш сомасы тіркеуге жататын кепіл мүлкімен, және (немесе) оны жасасу күніне ақша кепілімен толық қамтамасыз етілген шартты қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес қарыз алушы-жеке тұлғаның микрокредиті бойынша негізгі борыштың және (немесе) сыйақының сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімі өткен қатарынан күнтізбелік тоқсан күн өткеннен кейін есептелген сыйақыны, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге;
5) жылжымайтын мүлік кепілінің ипотекасымен қамтамасыз етілген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес қарыз алушы-жеке тұлғаның микрокредиті бойынша негізгі борыштың және (немесе) сыйақының сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімі өткен қатарынан күнтізбелік жүз сексен күн өткеннен кейін есептелген сыйақыны, сондай-ақ айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге;
6) қарыз алушыдан шарт бойынша борыш сомасын өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларымен ынтымақтастықты көздейтін шарттар жасасуға, сондай-ақ "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабының 2-тармағына және (немесе) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабының 1-тармағына сәйкес микроқаржы ұйымының үлестес тұлғасы болып табылатын жеке сот орындаушысымен атқарушылық құжатты орындау талаптары туралы келісім (шарт) жасасуға;
7) жеке тұлғамен оның келісімінсіз және микрокредит беру туралы шарттың талаптарын сақтауды не жақсартуды қамтамасыз етпейтін талаптарда жасалған микрокредит беру туралы шарттың қолданыс мерзімін ұлғайтуға;
8) ұйымға микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) және басқа да төлемдерді талап етуге;
9) шарт бойынша микрокредит сомасын ұлғайтуға;
10) егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, айыпақы (айыппұл, өсімпұл) алуға және негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеу одан кейінгі келесі жұмыс күнінде жүргізіледі;
11) кез келген валюта баламасына байланыстыра отырып, теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеуге тыйым салуды көздейді;
12) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті өндіріп алу үшін атқарушылық жазба жасау туралы өтінішті борышкердің шартта көрсетілген мекенжайы бойынша нотариус қызмет ететін аумаққа сәйкес емес нотариусқа, сондай-ақ "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабының 2-тармағына және (немесе) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабының 1-тармағына сәйкес микроқаржы ұйымының үлестес тұлғасы болып табылатын нотариусқа беруге.".
2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы, 2025 жылғы 28 ақпанға дейін қолданысын тоқтата тұратын осы қаулының 1-тармағының он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзацтар мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленеді:
"11) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған кезде ұйым қабылдайтын шаралар;".
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |