Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың басшы қызметкерлері лауазымына кандидатураларды келісу Қағидалары

Күшін жойған

Қаулы Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы 1998 жылғы 13 тамыз N 11. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1998 жылғы 12 қарашада тіркелді. Тіркеу N 643. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 20 желтоқсандағы N 538 ~V011750 қаулысымен.

     Инвестициялық активтерді басқару жөніндегі компаниялардың қызметін реттеуді жетілдіру мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының (бұдан әрі "Ұлттық комиссия" деп аталады) нормативтік құқықтық актілерін "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы заңына сәйкестендіру мақсатында Ұлттық комиссия

                         Қаулы етеді:

      1. Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың мәселелері бойынша мынадай нормативтік құқықтық актілер бекітілсін (қоса беріліп отыр):
      1) "Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың инвестициялық қызметті жүзеге асыру қағидалары";
      2) "Мемлекеттік зейнетақы жинақтау қорының инвестициялық қызметті жүзеге асыру қағидалары";
      3) "Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың басшы қызметкерлері лауазымына кандидатураларды келісу қағидалары".
      2. Жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актілерді тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жіберілсін.
      3. Жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелген сәттен бастап күшіне енгізілсін.
      4. Жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне тіркелген сәттен бастап Ұлттық комиссияның мынадай нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылған деп танылсын:
      1) Ұлттық комиссияның 1997 жылғы 29 тамыздағы N 133 қаулысымен бекітілген "Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың инвестициялық қызметі туралы ереже" (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1997 жылғы 09 қыркүйекте 362 V970362_ нөмірмен тіркелген);
      2) Ұлттық комиссияның 1997 жылғы 29 тамыздағы N 133 қаулысымен бекітілген "Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың басшы лауазымдарына үміткерлерді келісу тәртібі туралы ереже" (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1997 жылғы 09 қыркүйекте 364 нөмірмен V970364_ тіркелген);
      3) Ұлттық комиссияның 1997 жылғы 29 тамыздағы N 133 қаулысымен бекітілген "Мемлекеттік зейнетақы жинақтау қорының инвестициялық қызметі туралы ереже" (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1997 жылғы 16 қыркүйекте 402 нөмірмен V970402_ тіркелген).
      5. Ұлттық комиссия орталық аппаратының Лицензиялау және қадағалау

басқармасы:
     1) осы Қаулыны және онымен бекітілген нормативтік құқықтық актілерді 
зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың, Мемлекеттік 
зейнетақы жинақтау қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, 
"Қазақстан қор биржасы" ЖАҚ-ның және бағалы қағаздар рыногы кәсіпқой 
қатысушылары қауымдастығының назарына жеткізсін;
     2) осы Қаулының орындалысына бақылау жасасын.
     
     Ұлттық комиссияның Төрағасы
     Ұлттық комиссияның мүшелері
     
     
                               Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар
                               жөніндегі ұлттық комиссиясының 1998 жылғы
                                   13 тамыздағы N 11 қаулысымен 
                                          бекітілген
     
          Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың 
          басшы қызметкерлері лауазымына кандидатураларды келісу
                          ҚАҒИДАЛАРЫ 

     Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру 
туралы"  

Z970136_

  Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы 

Заңына, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Z970077_ Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 наурыздағы Заңына сәйкес әзірленді және зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың (бұдан әрі "Компаниялар" деп аталады) басшы қызметкерлер лауазымына кандидатураларды Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясымен (бұдан әрі - "Ұлттық комиссия" деп аталады) келісу тәртібін белгілейді.

                 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мыналар:
      1) Компанияның бірінші басшысы (алқалы атқарушы органның басшысы немесе атқарушы органның функциясын жеке өзі жүзеге асыратын тұлға) және оның орынбасарлары;
      2) Компанияның бас бухгалтері және оның орынбасарлары;
      3) Компания филиалдарының басшылары және бас бухгалтерлері Компанияның басшы қызметкерлері болып танылады.
      2. Компанияның басшы қызметкерлері өз лауазымына Ұлттық комиссиямен алдын ала немесе кейіннен келісу бойынша сайланады.
      Басшы қызметкерлер лауазымына кандидатураларды Ұлттық комиссиямен келісу кандидаттардың кәсіби жарамдылықтарын айқындау мақсатында жүргізіледі және барлық Компаниялар үшін міндетті.
      3. Компанияның кандидатурасы Ұлттық комиссиямен келісілгенге дейін өз лауазымына сайланған басшы қызметкері келісу кезеңі ішінде қол қою құқығымен өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға құқылы, бірақ осы лауазымға сайланған күннен бастап 60 жұмыс күнінен аспау керек.
      Аталған мерзім аяқталғаннан кейін бағалы қағаздар рыногының қатысушыларына осындай тұлға қол қойған құжаттарды орындау үшін қабылдауға тыйым салынады.
      4. Ұлттық комиссия онымен кандидатуралары келісілген Компанияның басшы қызметкерлерінің тізілімін жүргізеді.
      Осы тізілімді қалыптастыру және оған енгізілген Компанияның басшы қызметкерлері туралы мәліметтерді тексеру үшін Ұлттық комиссия құқық қорғау және өзге мемлекеттік органдардан, аудиторлардан, екінші деңгейдегі банктердің қауымдастығынан және бағалы қағаздар рыногының кәсіпқой қатысушыларынан және өзге ұйымдардан қажетті ақпарат сұрауға құқылы.

                  2-тарау. Біліктілік комиссиясы

      5. Басшы қызметкерлер лауазымына кандидатураларды келісу үшін Ұлттық комиссия Төрағасының бұйрығымен тағайындалатын, құрамы жеті адамнан тұратын Біліктілік комиссиясын құрады. Ұлттық комиссияның Ұлттық комиссия орталық аппаратының Лицензиялау және қадағалау басқармасына жетекшілік ететін атқарушы директоры (лауазым бойынша) Біліктілік комиссиясының төрағасы болып табылады.
      6. Біліктілік комиссиясының отырыстары қажеттілігіне орай жүргізіледі. Егер Біліктілік комиссиясының кемінде бес мүшесі (Біліктілік комиссиясының төрағасын қоса отырып) қатысса, онда оның отырысы өкілетті болып табылады. Біліктілік комиссиясының шешімдері оның отырысқа қатысқан мүшелерінің көпшілік жай дауыстарымен қабылданады. Дауыстар тең болғанда Біліктілік комиссиясы төрағасының даусы шешуші болып табылады.
      7. Осы Қағидалардың 17-тармағында айқындалған барлық құжаттары ұсынылған басшы қызметкерлер лауазымына кандидатуралар ғана Біліктілік комиссиясының отырысында қаралуға жатады.
      Біліктілік комиссиясының отырысы осы Қағидалардың 18-тармағында белгіленген мерзім ішінде жүргізіледі.
      8. Біліктілік комиссиясы отырысының күнін оның төрағасы Ұлттық комиссия орталық аппаратының Лицензиялау және қадағалау басқармасының ұсынысы бойынша айқындайды.
      Біліктілік комиссиясының отырысы туралы Біліктілік комиссиясының осы отырысында басшы қызметкерлер лауазымына кандидатуралары қаралатын Компанияларға үш жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарланады.
      9. Егер кандидат біліктілік комиссиясының мүшелеріне банктердегі, бағалы қағаздар рыногының кәсіпқой қатысушылары-ұйымдардағы, зейнетақы жинақтау қорларындағы, басқа Компаниялардағы немесе қаржы құралдары рыногында тұрақты қызметті жүзеге асыратын өзге ұйымдардағы өзінің бұрынғы жұмыстарымен белгілі тұлға болып табылса, Біліктілік комиссиясының төрағасы кандидатты Біліктілік комиссиясының отырысына шақырусыз Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидатураны қарау туралы шешімді қабылдауға құқылы.
      10. Біліктілік комиссиясының отырысына шақырылған Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидаттар оған қатысуға міндетті.
      11. Біліктілік комиссиясының шешімі Біліктілік комиссиясының отырысы өткен күні жасалған хаттамамен ресімделеді. Егер Біліктілік комиссиясы мүшесінің Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидатура туралы ерекше пікірі болса, хаттамада тиісті жазба жасалуы керек.
      Мазмұнында Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидатқа қатысты шешімі бар Біліктілік комиссиясы отырысының үзінді-көшірмені осы Компанияға Біліктілік комиссиясының отырысынан кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.

          3-тарау. Компанияның басшы қызметкерлеріне қойылатын
                              талаптар

      12. Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидаттың жоғары білімі және бағалы қағаздар рыногындағы кәсіби қызметке тікелей байланысты жұмыс стажы немесе банктегі немесе қаржы құралдары рыногындағы тұрақты қызметті жүзеге асыратын өзге ұйымдағы жұмыс стажы болу керек:
      1) Компанияның бірінші басшысы немесе оның бас бухгалтері лауазымына - кемінде үш жыл;
      2) Компанияның бірінші басшысының орынбасары, Компанияның бас бухгалтерінің орынбасары, Компания филиалының басшысы немесе бас бухгалтері лауазымына - кемінде екі жыл.
      13. Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидаттар Ұлттық комиссия берген біліктілік куәліктерін иелену керек:
      1) Компанияның бас бухгалтері, оның орынбасары және Компания филиалының бас бухгалтері лауазымына - бірінші санатты (бағалы қағаздармен мәмілелер жасау жөніндегі жұмыстарды орындауға рұқсат ету құқығымен); <*>
      2) Компанияның бас бухгалтері, оның орынбасары және Компания филиалының бас бухгалтері лауазымдарынан басқа өзге лауазымдарға - екінші санатты (бағалы қағаздар портфелін басқару жөніндегі орындауға рұқсат ету құқығымен). <*>
      ЕСКЕРТУ. 13-тармақ өзгертілді - ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық
               комиссиясының 1999.04.20. N 30 V990782_ қаулысымен.

      14. Компанияның басшы қызметкері лауазымына Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмайтын шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар болып табылатын кандидаттардың:
      1) тиісті құжаттармен расталған, шетелдік қаржы рыноктарындағы активтерді басқару жөніндегі кемінде бес жылдық жұмыс тәжірибесі;
      2) тиісті құжаттармен расталған, Қазақстан Республикасының ұйымдары- бағалы қағаздар рыногының кәсіпқой қатысушыларындағы немесе банктердегі немесе қаржы құралдары рыногындағы тұрақты қызметті жүзеге асыратын өзге ұйымдағы кемінде бір жылдық жұмыс тәжірибесі болу керек.
      15. Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидаттардың:
      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының (Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ тұлғалардың) - банктерде немесе қаржы құралдары рыногында тұрақты қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда басшы лауазымды атқаратын кемінде екі тұлғаның оң ұсыныстамасы;
      2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмайтын шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ тұлғалардың - қаржы рыноктарындағы активтерді басқару саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда басшы лауазымды атқаратын кемінде екі тұлғаның оң ұсыныстамасы болуы керек.
      Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидаттарды ұсынушылар компанияның басшылары немесе өзге қызметкерлері және лауазымды тұлғалы болмаулары керек және кандидаттармен туысқандық қатынастармен байланысты болмауы керек.
      Ұсыныстамада ұсынушылардың лауазымдары, жұмыс орындары және аты-жөндері, ұсынушылардың жұмыс берушілері - ұйымдардың мекен-жайлары және ұсынушылардың телефондарының нөмірлері туралы мәліметтер міндетті түрде болу керек.
      16. Компанияның басшы қызметкері лауазымына:
      1) осы Қағидалардың 12-15-тармақтарының талаптарына сәйкес келмейтін;
      2) қолданылып жүрген заңдармен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы бар;
      3) бұрынырақ төменде аталған лауазымдармен шұғылданған уақытта банкрот болып танылған немесе конверсиялауға, санацияға немесе ықтиярсыз таратылуға ұшыраған ұйымдардың басшы қызметкері (ол осы Қағидалардың 1-тармағында айқындалғандай) немесе бақылау кеңесінің (директорлар кеңесінің) мүшесі болып табылған;
      4) Біліктілік комиссиясының отырысында Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидатурасы келісілмеген тұлға сәйкес емес болып танылады.

                  4-тарау. Кандидатураларды келісу

      17. Компания өзінің басшы қызметкері лауазымына кандидатураларды келісу үшін Ұлттық комиссияға мынадай құжаттарды ұсыну керек:
      1) еркін үлгіде жазылған өтініш;
      2) тұлға Компанияның басшы қызметкері лауазымына оның кандидатурасын Ұлттық комиссиямен келіскенге дейін сайланған (тағайындалған) жағдайда - Компанияның тиісті органының басшы қызметкер лауазымына сайлау (тағайындау) туралы шешімі;
      3) Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидаттың жеке куәлігінің (төлқұжатының) көшірмесі;
      4) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың еңбек кітапшасының (бұрынғы жұмыстары туралы мәліметтерді растайтын өзге құжаттардың) соңғы екі жылғы (Компанияның бірінші басшы және оның бас бухгалтері лауазымына - үш жылғы) жұмыстарының нотариалды куәландырылған үзінді-көшірмесі;
      5) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі (жоғары білімін растайтын өзге құжаттар);
      6) Ұлттық комиссия берген, осы Қағидалардың 13-тармағында айқындалған біліктілік куәлігінің көшірмесі;
      7) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың осы Ережелердің 1- қосымшасындағы үлгі бойынша сауалнамасы. Ұлттық комиссия және оның қызметкерлері басшы қызметкер лауазымына кандидаттың сауалнамасының 5-8, 15 және 1-тармақтарында келтірілген мәліметтерді, осы мәліметтерді өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес мемлекеттік органдарға не сауалнамаға енгізілген мәліметтердің нақтылығын тексеру мақсатында өзге ұйымдарға берген жағдайларды қоспағанда жариялауға, үшінші тұлғаларға беруге немесе өзге тәсілдермен таратуға құқылы емес;
      8) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың соңғы жұмыс орнынан алған, жұмыс беруші-ұйымның бірінші басшы (ол осы Қағидалардың 1-тармағында айқындалғандай) немесе оны ауыстыратын тұлға қол қойған немесе оның алқалы атқарушы органының шешімі түрінде ресімделген (егер мінездемені осы орган бекітсе) және жұмыс беруші-ұйымның мөрімен куәландырылған мінездеме;
      9) осы Қағидалардың 15-тармағында айқындалған ұсыныстамалар;
      10) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығының басшы қызметкер лауазымына кандидаттың сотталмағандығы немесе одан сотталғандығы алып тасталғандық туралы анықтама (хат);
      11) шетелдік азаматтарды және азаматтығы жоқ тұлғаларды жалдаған жағдайда - шетелдік мамандарды және білікті жұмысшыларды жұмысқа тартуға (жұмысқа қабылдау) лицензияның көшірмесі.
      18. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы жоқ Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидаттары туралы құжаттар Ұлттық комиссияға осы лицензияны алу үшін ұсынылған құжаттармен бірге ұсынылады және Біліктілік комиссиясы зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін ұсынылған құжаттарды қарау үшін қолданылып жүрген заңдармен белгіленген мерзім ішінде қарайды.
      Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар Компанияның басшы қызметкері лауазымына сайланған (тағайындалған) тұлға туралы құжаттар осы тұлға басшы лауазымға сайланған (тағайындалған) күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде Ұлттық комиссияға ұсынылады. Бұл ретте Компания сайланған (тағайындалған) күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тиісті бұйрықтың (шешімнің) күнін және нөмірін көрсете отырып осы тұлғаның басшы лауазымға сайланғандығы (тағайындалғандығы) туралы Ұлттық комиссияны жазбаша ескертуге міндетті. Осындай тұлға немесе Компанияның басшы лауазымына сайлауға (тағайындауға) жорамалдаған тұлғасы туралы құжаттарды Біліктілік комиссиясы соңғы ұсынылған құжаттар алынғаннан кейінгі күннен бастап 20 күн ішінде қарайды.
      19. Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидатураларды келісу үшін Ұлттық комиссияға қайтадан құжаттар ұсынылған жағдайда лауазымдық міндеттерді уақытша атқарудың осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген мерзімі ұзартылмайды.
      20. Ұлттық комиссияның Компанияның басшы қызметкері лауазымына кандидатураларды келісуден бас тарту туралы шешімі жөнінде Компания немесе кандидатурасын келісуден бас тартылған тұлға сот тәртібімен шағым жасай алады.

      Ұлттық комиссиясының Төрағасы
                                                 Қазақстан Республикасы    

Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының 1998 жылғы 13 тамыздағы N 11 қаулысымен бекітілген

                                              Зейнетақы активтерін басқару 

жөніндегі компаниялардың басшы қызметкерлері лауазымына кандидатураларды келісу қағидаларына 1-Қосымша


           Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың
               басшы қызметкерлері лауазымына кандидаттың
                           САУАЛНАМАСЫ

      1. Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияның атауы (оны Мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлікке толық сәйкес түрде).
      2. Кандидаттың аты-жөні (төлқұжатына (жеке куәлігіне) толық сәйкес түрде).
      3. Кандидаттың туған күні және жері.
      4. Кандидаттың азаматтығы; төлқұжаттың (жеке куәліктің) нөмірі және берілген күні, төлқұжатты (жеке куәлікті) берген органның атауы, төлқұжаттың (жеке куәліктің) қолданылу мерзімі.
      5. Кандидаттың толық (байланыс бөлімшесінің индексін көрсете отырып) мекен-жайы (тұратын жері) (шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін - Қазақстан Республикасынан тысқары тұрақты мекен-жайы (тұратын жері) және Қазақстан Республикасындағы мекен-жайы (тұратын жері)); кандидаттың үйдегі және жұмыс телефондарының нөмірлері (халықаралық және қалааралық байланыс кодтарын көрсете отырып).
      6. Кандидаттың соңғы бес жыл ішіндегі бұрынғы мекен-жайлары (тұрған жерлері)(байланыс бөлімшесінің индекстерін көрсете отырып кері хронологиялық тәртіппен).
      7. Аты-жөнін, жасын және жұмыс (оқу) орындарын көрсете отырып кандидаттың жақын туыстары (әкесі, шешесі, аға-інілері, апа-қарындастары, зайыбы (жұбайы, балалары) туралы мәліметтер.
      8. Өзгертудің және қолданудың уақыты мен себептерін көрсете отырып кандидаттың бұрынғы және басқа аты-жөні туралы мәліметтер.
      9. Кандидаттың білімі (оқу орындарының және курстардың атауы, оқу мерзімдері, алған мамандығы) туралы мәліметтер.
      10. Еңбек жолы басталғаннан бері бұрынғы жұмысы туралы мәліметтер (жұмыс беруші ұйымдардың атауы мен орналасқан жерлерін, атқарған лауазымдарын, жұмыс мерзімдерін, негізгі лауазымдық міндеттерін және кандидаттың немесе зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияның пікірі бойынша өзге де маңызды мәліметтерді көрсете отырып кері хронологиялық тәртіппен жеке парақта).
      11. Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияның кандидат ұсынылып отырған басшы қызметкер лауазымы.
      12. Кандидаттың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниядағы қазіргі лауазымы.
      13. Ұсынушылар туралы мәліметтер (ұсынушылардың лауазымдары, жұмыс орындары және аты-жөні, олардың жұмыс беруші-ұйымдарының мекен-жайлары, телефон нөмірлері).
      14. Кандидат бұрын банкрот болып танылған немесе конверсиялауға, санацияға немесе ықтиярсыз таратылуға ұшыраған ұйымдардың басшы қызметкері немесе бақылау кеңесінің (директорлар кеңесінің) мүшесі болып табылған ұйымдардағы ірі қаржы проблемалары (осы проблемалардың шығу себептерін көрсете отырып) туралы мәліметтер.
      15. Кредиторлардың атауын (аты-жөнін) және орналасқан жерін (тұратын жерлерін) көрсете отырып кандидат өтемеген (ағымдағы және өтіп кеткен өтеу мерзімдерімен) ссудалар (несиелер), өтелмеген ссудалардың (несиелердің) мөлшерлері және өтеу мерзімдері (бастапқы белгіленген және нақты) туралы мәліметтер.
      16. Кандидаттың қызметі, ғылыми және өзге қызмет түрлері туралы қосымша мәліметтер (кандидат немесе зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компания айқындаған көлемде).
      17. Кандидаттың әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылғандығы туралы мәліметтер (тартылу негіздерін көрсете отырып).
      18. Кандидаттың және зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияның аффилиирленгендігі туралы нақты мәліметтер.
      19. Кандидаттың жеке өзі немесе аффилиирленген тұлғаларымен бірге акциялардың (үлестердің, пайлардың) бес және одан да көп процентін иеленген акционер (қатысушы) ретінде басқа ұйымдарға, осындай ұйымдардың атауын және орналасқан жерін, осындай ұйымдардың негізгі қызметін және осындай ұйымдардағы акциялардың (үлестердің, пайлардың) жалпы санындағы кандидаттың үлесін көрсете отырып, қатысуы туралы мәліметтер.
      20. Кандидаттың және зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияның пікірі бойынша кандидаттың кәсіби жарамдылығын айқындау үшін маңызды болып саналатын өзге мәліметтер.
      21. "Осы сауалнамада келтірілген мәліметтерді мен мұқият тексердім және нақты және толық болып табылатындығын растаймын. Осы сауалнаманың мәліметтеріндегі бұрмалаушылықтар мен қателер анықталған жағдайда бұл мені қызметке тағайындаудан бас тарту үшін негіз болатындығын және маған қатысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаралар қолдануға әкеп соғатындығын мойындаймын. Мен жоғарыда аталған зейнетақы активтерін

басқару жөніндегі компанияда жұмыс істеген мерзім ішінде осы сауалнаманың 
мәліметтерінің барлық өзгерістері туралы Қазақстан Республикасының Бағалы 
қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясын ескертуге міндеттенемін және осы 
міндеттеменің орындалмауы маған қатысты Қазақстан Республикасының 
заңдарына сәйкес шаралар қолдануға әкеп соғатындығын мойындаймын" деген 
жазба. 
    22. Кандидаттың қолы және сауалнама толтырылған күн.
     
     Оқығандар:     
          Багарова Ж.А.
          Икебаева А.Ж.
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады