Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № 80-VII ҚРЗ.

      2021 жылғы 12 шілдеде Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар)

      қалыптасқан өзара достық қарым-қатынастарды және әскери саладағы ынтымақтастықты күшейтуге ниет білдіре отырып,

      1999 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,

      Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін нығайту мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Тарапы Тәжікстан Тарапына әскери мүлікті өтеусіз беру түрінде әскери-техникалық жәрдем көрсетеді.

      Әскери мүліктің атаулары мен көлемін осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 2 ай мерзімде Тараптардың уәкілетті органдары дипломатиялық арналар арқылы келіседі.

      Тәжікстан Тарапы Қазақстан Тарапынан алған әскери мүлікті тек осы Келісім мақсатында пайдаланады және үшінші тарапқа бермейді.

2-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Тәжікстан Тарапынан - Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.

      Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.


3-бап

      Қазақстан Тарапы әскери мүлікті Қазақстан Республикасының аумағынан ("Отар" станциясы, Жамбыл облысы) Тәжікстан Республикасының аумағына ("Рохати" станциясы, Душанбе қаласы) дейін теміржол көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді, онда Тараптардың уәкілетті органдары тағайындаған өкілдер оны тиісті түрде қабылдауды және беруді жүргізеді.

      Әскери мүлікті тасымалдау мәселелері Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын әскери тасымалдар саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес реттеледі.

      Әскери мүлікті Душанбе қаласының "Рохати" станциясына дейін жеткізуге байланысты шығыстарды Қазақстан Тарапы көтереді.

      Берілетін әскери мүлікті кедендік тазарту және декларациялау Қазақстан Республикасында Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Берілетін әскери мүлік баждардың, салықтар мен алымдардың барлық түрлерін алудан босатылады.

      Тәжікстан Тарапы Тәжікстан Республикасында кедендік рәсімдерді ресімдеу үшін шығыстарды өзі көтереді және жауапты болады.

4-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамалармен ресімделеді.

5-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

6-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Қазақстан Тарапының жазбаша хабарламасын

      Тәжікстан Тарапы дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім Тәжікстан Тарапына осы Келісімге сәйкес берілетін әскери мүлік толық берілген кезден бастап өз қолданысын тоқтатады, оны Тараптар дипломатиялық арналар арқылы растайды.

      2021 жылғы "12" шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Тәжікстан РеспубликасыңыңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады