Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 5 маусымдағы № 7-VIII ҚРЗ.

      2021 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтардың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Армения Республикасының Үкіметі және Армения Республикасының Орталық банкі, Беларусь Республикасының Үкіметі және Беларусь Республикасының Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті және Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Ресей Федерациясының Орталық банкі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты басшылыққа ала отырып,

      қаржы нарықтарында тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау мақсатында, сондай-ақ кредиттік тәуекелдерді барынша азайту үшін

      тұтынушылардың және қаржылық көрсетілетін қызметтерді жеткізушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ұмтылсын білдіре отырып,

      Қаржы нарықтары саласындағы интеграциялық процестерді тереңдету және Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мақсатында кредиттік тарихтардың құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібін айқындау және осы ақпаратты пайдалану қажеттігін тани отырып,

      Тараптар қолданатын ақпаратты қорғау тәсілдері мен деңгейін балама және барабар деп тани отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "сәйкестендіру деректері" - Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген, кредиттік тарих субъектісін және (немесе) кредиттік тарихты пайдаланушыны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер;

      "кредиттік тарихты қалыптастыру көзі" - кредиттік тарихтардың құрамына кіретін мәліметтерді Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес беретін тұлға;

      "кредиттік тарих" - құрамы Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сэйкес айқындалатын кредиттік тарих субъектісі және оның міндеттемелері туралы мәліметтер;

      "кредиттік қатынастар" - Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кредиттік тарих субъектісінің кредиттік тарихты қалыптастыру көзінің алдында міндеттемелері туындайтын қатынастар;

      "кредиттік есеп" - Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген, кредиттік тарихтың құрамына кіретін, Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында олармен трансшекаралық алмасуға тыйым салынбаған мәліметтер қамтылған құжат;

      "кредиттік тарихты пайдаланушы" - Одаққа мүше мемлекеттің аумағында тіркелген, кредиттік қатынастарды ресімдеу және (немесе) ресімделген кредиттік қатынастарды мониторингтеу мақсатында кредиттік тарих субъектісінің келісімін алған ұйым (заңды тұлға);

      "кредиттік тарих субъектісінің келісімі" - кредиттік тарих субъектісінің кредиттік тарихты пайдаланушыға кредиттік есепті беруге рұқсаты;

      "кредиттік тарих субъектісі" - өзіне қатысты кредиттік тарих қалыптастырылатын немесе кредиттік есеп беру туралы сұрау салу жіберілген жеке немесе заңды тұлға;

      "уәкілетті ұйым" - кредиттік тарихты жинауды, өңдеуді, сақтауды және Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кредиттік есептерді беруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      "уәкілетті орган" - Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы мемлекеттің уәкілетті ұйымдар қызметін нормативтік-құқықтық реттеуді және (немесе) олардың қызметіне қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктерге ие органы.

2-бап

      Осы Келісім кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтерді Одақ шеңберінде және осы Келісімде көзделген өзге ақпаратты алмасу (бұдан әрі - трансшекаралық алмасу) тәртібін айқындайды.

3-бап

      1. Трансшекаралық алмасу уәкілетті ұйымдардың арасында жасалған шарттарда көзделген тәртіппен және талаптармен олардың өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылады. Егер бүл Одаққа мүше мемлекеттің (бұдан әрі - мүше мемлекет) заңнамасында көзделсе, мұндай шарттардың жобалары уәкілетті органмен келісуге жатады.

      Трансшекаралық алмасу кезінде пайдаланылатын стандарттарға, техникалық хаттамаларға, нормативтік-анықтамалық ақпаратқа, берілетін деректердің форматтары мен құрылымдарына қойылатын, осындай шарттарға енгізілетін талаптарды Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) уәкілетті органдармен бірлесіп әзірлейді және оны Комиссия Кеңесі бекітеді.

      2. Уәкілетті органдар ретінде мыналар түсініледі:

      Армения Республикасы үшін - Армения Республикасының заңнамасына сәйкес кредиттік бюроның қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғалар;

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті ұйымдардың функцияларын жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кредиттік тарихты қалыптастыруды және кредиттік есептерді беруді жүзеге асыратын ұйымдар;

      Қырғыз Республикасы үшін - кредиттік бюроның тізіліміне енгізілген, Қырғыз Республикасы уәкілетті органының "Интернет" ақпараттық- телекоммуникациялық желісіндегі ресми сайтында орналастырылған заңды тұлғалар;

      Ресей Федерациясы үшін - кредиттік тарих бюросының мемлекеттік тізіліміне енгізілген, Ресей Федерациясы уәкілетті органының "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі ресми сайтында орналастырылған заңды тұлғалар.

      3. Трансшекаралық алмасуды ұйымдастыру мақсатында уәкілетті органдар трансшекаралық алмасуға қатысатын уәкілетті ұйымдар туралы бір-біріне және Комиссияға осы Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей ресми түрде хабарлайды.

      Уәкілетті ұйымдар өзгерген жағдайда уәкілетті органдар осындай өзгерістер туралы бір-біріне және Комиссияға осындай өзгерістер күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей ресми түрде хабарлайды.

      4. Комиссия осы баптың 3-тармағында көрсетілген ақпаратты алған күннен бастап күнтізбелік 5 бес күн ішінде оны Одақтың ресми сайтында орналастыруды қамтамасыз етеді.

      5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттарда трансшекаралық алмасуды жүзеге асырудың мынадай талаптары қамтылуға тиіс:

      1) уәкілетті ұйымдардың ақпараттық өзара іс-қимыл қағидалары мен регламенттері;

      2) ақпарат қалыптастырылатын және берілетін тіл;

      3) электрондық құжаттар мен мәліметтердің форматтары мен құрылымдарының сипаты;

      4) сәйкестендіру деректерінің тізбесі (құрамы);

      5) дауларды реттеу тәртібі, оның ішінде кредиттік тарих субъектісінің кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтерді даулау тәртібі;

      6) ақпарат берудің қаржылық талаптары;

      7) ақпаратты қорғаудың ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етілуіне қойылатын талаптар;

      8) трансшекаралық алмасуды жүзеге асыруға қажетті басқа да талаптар.

4-бап

      1. Трансшекаралық алмасу жүзеге асырылатын мәліметтер мен өзге ақпарат мыналарды:

      1) кредиттік есеп беру туралы сұрау салуды;

      2) кредиттік тарих субъектісінің келісімін немесе уәкілетті ұйымына кредиттік есепті беру туралы сұрау салу жіберілетін мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осындай келісімнің бар екені туралы ақпаратты;

      3) кредиттік есепті;

      4) кредиттік тарихтардың құрамына кіретін мәліметтерді даулауға қатысты құжаттарды қамтиды.

      2. Кредиттік тарихты пайдаланушылар тізбесі уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады және оны Комиссия Кеңесі бекітеді.

      3. Осы Келісімді іске асыру мақсатында кредиттік есеп кредиттік тарихты пайдаланушының сұрау салуы бойынша беріледі және оның ішінде кредиттік тарих субъектісінің сәйкестендіру деректерін және оның міндеттемелері туралы мәліметтерді қамтиды.

      4. Бір мүше мемлекеттің кредиттік тарих субъектісі басқа мүше мемлекеттің кредиттік тарихын пайдаланушыға өтініш жасаған жағдайда, көрсетілген пайдаланушының кредиттік тарих субъектісінің келісімі болған жағдайда кредиттік тарих субъектісі туралы кредиттік есепті алуға құқығы бар.

      5. Кредиттік тарихты пайдаланушы өзінің мүше мемлекетінің уәкілетті ұйымының (бұдан әрі - сұрау салушы уәкілетті ұйым) мекенжайына кредиттік тарих субъектісі туралы кредиттік есепті беру туралы сұрау салуды (бұдан әрі - сұрау салу) жібереді.

      6. Сұрау салушы уәкілетті ұйым сұрау салуды басқа мүше мемлекеттің уәкілетті ұйымының (бұдан әрі - сұрау салынатын уәкілетті ұйым) атына жібереді. Сұрау салуда кредиттік тарих субъектісінің сәйкестендіру деректері, кредиттік тарих субъектісі келісімінің бар екені, кредиттік тарих субъектісінің келісімін ресімдеу күні және сұрау салудың мақсаты туралы ақпарат қамтылуға тиіс. Сұрау салудың мақсаты ретінде кредиттік қатынастарды ресімдеу туралы өтінішті қарау немесе ресімделген кредиттік қатынастардың мониторингі көрсетіледі.

      7. Сұрау салынатын уәкілетті ұйым сұрау салуды алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей сұрау салушы уәкілетті ұйымның атына кредиттік есепті немесе кредиттік тарихтың жоқ екені туралы хабарлама жібереді.

      8. Егер сұрау салу осы Келісімнің ережелерін бұза отырып жасалса, сұрау салынатын уәкілетті ұйым оны орындаудан бас тартады.

      9. Егер сұрау салуды орындау мүмкін болмаса, сұрау салынатын уәкілетті ұйым бүл туралы сұрау салушы уәкілетті ұйымды сұрау салуды алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей (себептерін көрсете отырып) хабардар етеді.

      10. Кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтерді даулау кезінде кредиттік тарих субъектісі сұрау салушы уәкілетті ұйымға не сұрау салынатын уәкілетті ұйымға өтінішпен жүгінуге құқылы.

      Кредиттік тарих субъектісі сұрау салушы уәкілетті ұйымға жүгінген жағдайда ол кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтерді даулау туралы өтінішті алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей өтінішті сұрау салынатын уәкілетті ұйымның атына жібереді.

      Мұндай даулау тәртібі сұрау салынатын уәкілетті ұйымның мүше мемлекеттінің заңнамасында белгіленеді.

      11. Кредиттік тарихты пайдаланушы кредиттік тарих субъектісінің талабы бойынша кредиттік қатынастарды ресімдеу туралы шарт жасасудан бас тартқан жағдайда, кредиттік тарихты пайдаланушы оған трансшекаралық алмасу шеңберінде алынған тиісті кредиттік есептің (ондай есеп болған жағдайда) мазмұнымен танысуға мүмкіндік береді.

5-бап

      1. Кредиттік тарих субъектісінің келісімі ол берілген мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде ресімделуі мүмкін. Сұрау салынатын уәкілетті ұйым кредиттік тарих субъектісі келісімінің орыс тіліне куәландырылған аудармасын ұсынуды талап етуге құқылы.

      2. Кредиттік тарих субъектісінің келісімінде кредиттік тарихты пайдаланушының және кредиттік тарих субъектісінің сәйкестендіру деректері, берілу мақсаты (кредиттік қатынастарды ресімдеу және (немесе) олардың мониторингі), ресімдеу күні және кредиттік тарих субъектісінің қолы қамтылуға тиіс.

      3. Кредиттік тарих субъектісінің келісімі жазбаша нысанда немесе өзге де тәсілмен, оның ішінде мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кредиттік тарихтың осы субъектісін сәйкестендіруді қамтамасыз ету қажеттігі ескеріле отырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен (электрондық қолтаңбамен) қол қойылған (куәландырылған) электрондық құжат нысанында ресімделеді. Келісімге кредиттік тарих субъектісі өз қолымен немесе мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес өз қолымен қол қоюға теңестірілген өзге тәсілмен қол қоюға тиіс.

      4. Трансшекаралық алмасу шеңберінде алынған кредиттік тарих субъектісінің келісімі ол берілген күннен бастап 6 ай ішінде жарамды. Егер көрсетілген мерзім ішінде кредиттік қатынастарды ресімдеу туралы шарт жасалса, кредиттік тарих субъектісінің келісімі көрсетілген шарттың қолданылу мерзімі ішінде жарамды болады.

      5. Кредиттік тарих субъектісі келісімінің төлнұсқа данасы кредиттік тарихты пайдаланушыда осындай келісімнің қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап кемінде 3 жыл сақталады.

      6. Трансшекаралық алмасу шеңберінде сұрау салынатын уәкілетті ұйым кредиттік тарих субъектісінің келісімін сақтау мерзімі ішінде сұрау салушы уәкілетті ұйымнан кредиттік тарих субъектісінің келісімін немесе сұрау салынатын уәкілетті ұйымға мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес осындай келісімнің бар екені туралы ақпаратты сұратуға құқылы.

6-бап

      1. Уәкілетті органдар, уәкілетті ұйымдар және кредиттік тарихты пайдаланушылар оған қатысты трансшекаралық алмасу жүзеге асырылатын ақпаратты осы Келісімге, Одақ құқығына кіретін халықаралық шарттар мен актілерге және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өңдеу, сақтау және беру кезінде оны қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Оған қатысты трансшекаралық алмасу жүзеге асырылатын ақпаратты қорғаудың талаптары мен тәртібін реттейтін мүше мемлекеттің нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізілген жағдайда, осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті . органдары мен Комиссияға осы өзгерістер туралы осындай өзгерістер күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей хабарлайды.

      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, осы Келісімнің қолданысы кезеңінде трансшекаралық алмасу кезінде алынған ақпаратқа қатысты Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес оңы алған Тарап мемлекетінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтерге қатысты қабылданатын шараларға ұқсас оны қорғау жөніндегі шараларды, сондай-ақ көрсетілген ақпаратты осы Келісімнің 7-бабында көзделгеннен өзгеше мақсаттарда пайдалануға жол бермеу жөніндегі шараларды осындай ақпаратты сақтаудың бүкіл мерзімі ішінде қабылдайды.

7-бап

      Трансшекаралық алмасу кезінде алынған ақпаратты кредиттік қатынастарды ресімдеу және (немесе) ресімделген кредиттік қатынастарды мониторингтеу мақсатында ғана пайдалануға болады.

8-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес осы Келісімде көзделген ақпаратты трансшекаралық алмасу тәртібін бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу үшін, сондай-ақ осындай бұзушылықтардың кез келген жағдайын тергеп-тексеру үшін қажетті шаралар қабылдайды. Бұзушылыққа жол берген тұлға өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес жауапты болады.

9-бап

      Осы Келісімді қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес шешіледі.

10-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақ құқығына кіреді.

      2021 жылғы "21" желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Армения Республикасының Үкіметі үшін
      Армения Республикасының Орталық банкі үшін
      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының Ұлттық банкі үшін
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үшін
      Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі үшін
      Ресей Федерациясының Орталық банкі үшін

      Осы арқылы бұл мәтіннің 2021 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімнің толық және түпнұсқалық көшірмесі болып табылатындығын растаймын:

      Армения Республикасының Үкіметі үшін - Армения Республикасының Премьер-министрі Н.В. Пашинян;

      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін - Беларусь Республикасының Премьер-министрі Р.А. Головченко;

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ү. Мамин;

      Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті үшін – Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы - Қырғыз Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы А.У. Жапаров;

      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін - Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы М.В. Мишустин;

      Армения Республикасының Орталық банкі үшін – Армения Республикасы Орталық банкінің Төрағасы М.А. Галстян;

      Беларусь Республикасының Ұлттық банкі үшін – Беларусь Республикасының Ұлттық банкі Басқармасының Төрағасы П.В. Каллаур;

      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үшін - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы М.Е.Әбілқасымова;

      Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі үшін - Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің Төрағасы К.К. Боконтаев;

      Ресей Федерациясының Орталық банкі үшін - Ресей Федерациясы Орталық банкінің Төрағасы Э.С. Набиуллина.

      Түпнұсқа көшірмесі Еуразиялық экономикалық комиссиясында сақталады.

      Еуразиялық экономикалық комиссиясы
Құқықтық департаментінің
директоры      В.И. Тараскин

  Бейресми аударма орыс тіліндегі
мәтінге сәйкес

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады